ДАНАЙ ҚЫЗДАРЫ
Негiзiнен Эсхилдiң «Қорғаныш сұрап жалбарынушылар» трагедиясы бойынша баяндалған.
Зевс пен Ионың ұлы Эпафтың Бел деген ер баласы болды, ал оның Египт пен Данай атты ұлдары бар едi. Нәрлi Нiл суландыратын бүкiл елдi Египт биледi, ел де өзiнiң атын соның есiмiмен атады. Ал Данай Ливияда билiк жүргiздi. Құдайлар Египтке елу ұл, Данайға елу сұлу қыз бердi. Египттiң ұлдары Данайдың сұлу қыздарына ғашық болып, олармен некеге отырғысы келдi. Бiрақ Данай мен оның қыздары ұсынысты қабылдамай қойды. Египттiң ұлдары үлкен әскер жинап, Данайға қарсы соғысқа аттанды. Өзiнiң немере iнiлерiнен жеңiлiп қалған Данай бас сауғалап қаша жәнелдi. Әйел құдай Афина-Палладаның көмегiмен Данай алғашқы елу ескектi кеме жасады да, өзiнiң қыздарын алып шуылдап жататын шексiз теңiзбен жүзе жөнелдi.
Данайдың кемесi толқынды теңiзде ұзақ уақыт жүздi де, ақыры Родос аралына келiп жеттi. Данай осы жерде тоқтадыө ол қыздарымен бiрге жағалауға шығып, өзiнiң қамқоршысы әйел құдай Афинаға ғибадатхана орнатты да, оған аста-төк құрбанды бердi. Данас Родоста қалып қойған жоқ. Египттiң ұлдарының қуғындауынан қорыққан ол қыздарымен бiрге одан әрi, Грекияның жағалауларына қарай, Ионың елi Арголиданы63 бетке алып сапар шектi. Кеменiң иесiн шалқар теңiздегi қауiптi сапарында Зевстiң өзi қорғады. Ұзақ сапардан кейiн кеме Арголиданың шұрайлы жағалауына келiп тоқтады. Данай мен оның қыздары өздерi жек көрiп, некелесуге қарсы болған Египт ұлдарынан осы жерде пана табуға үмiттендi.
Данай қыздары жағаға шықты. Айнала төңiректе ешкiм жоқ едi. Ақырында алыстан будақтаған шаң көрiндi. Ол жедел жақындап келе жатты. Мiне, будақтаған шаңның арасынан қалқандардың, дулығалар мен найзалардың жарқылы көзге шалынды. Соғысқа мiнiп шығатын қос доңғалақты арбалардың шуылы естiлдi. Бұл жақындап келе жатқан Палехтонның ұлы, Арголида патшасы Пеласгтiң әскерi едi. Кеменiң келетiнiнен хабар алған Пеласг теңiз жағалауына өз әскерiмен келiп жеткен болатын. Ол бұл жерден дұшпанды емес, қарт Данай мен оның елу сұлу қызын кездестiрдi. Олар қолдарына зәйтүн бұтақтарды ұстап, Пеласгты өздерiне пана болса екен деп жалбарынып қарсы алды. Көздерi жасқа толы, қолдарын созған Данайдың сұлу қыздары Египтiң өркөкiрек ұлдарынан қорғауды жалына өтiндi. Данай қыздарды жалбарынушылардың қуатты қорғаушысы Зевстiң атын ауызға алып, Пеласгтен өздерiн ұстап бермеудi сұрады. Олар Арголидаға жат адамдар емес-тi – бұл олардың ұлы әжесi Ионың елi болатын.
Пеласг әлi де болса қобалжулы, ол Египтiң қуатты билеушiлерiмен соғысу қаупiнен қорқып та тұр. Оған не iстеу керек? Бiрақ өзiне жалбарынып тұрғандарды итерiп тастап, Зевс заңдарын бұзайын десе, бәрiнен де бұрын ол бас құдайдың қаҺарынан қорқады. Ақырында Пеласг Данайдың өзiне Аргосқа барып, михрабқа зәйтүн бұтағын қойып, қорғауын сұрап құдайларға жалбарынуға кеңес бередi. Ал өзi халықты жинап, ақыл-кеңес сұрауды ұйғарған. Пеласг Данайдың қыздарына Аргос азаматтарын көмек көрсетуге көндiру үшiн бар ынтажiгерiн жұмсаймын деп уәде бередi.
Пеласг кетiп қалады. Данай қыздары халық жиналысының шешiмiн тағатсыздана күтедi. Олар Египт ұлдарының айтқанынан қайтпайтын қандай бiрбет екенiн, шайқаста қалай қамырқанатын қаҺарлы екенiн жақсы бiледiө Арголида жағалауларына египеттiктер кемелерi келiп тоқтай қалса, өздерiне нендей қатер төнетiнiн де бiледi. Егер Аргос тұрғындары өздерiн паналатпай, көмек беруден бас тартатын болса, онда қорғансыз қыздар не iстемек? Ал қауiп-қатер жақын-ақ. Мiне, Египт ұлдарының жаушысы да келiп жеттi. Ол Данай қыздарын кемеге сап күшпен алып кетемiн деп қорқытады. Ол Данайдың бiр қызын қолынан ұстай алып, шабармандарына басқа қыздарды да ұстаңдар деп бұйрық бередi. Бiрақ осы кезде тағы да IIеласг патша келiп қалады. Ол Данай қыздарын өз қорғауына алады. Египт ұлдары жаушысының өзiне қарсы соғыс ашамын деген қоқанлоққысынан да қорықпайды.
Данай мен оның қыздарын қорғау туралы шешiм Пеласг пен Арголида тұрғындарына ажал әкелдi. Қанды шайқаста жеңiлiске ұшыраған Пеласг өзiнiң байтақ патшалығының қиыр солтүстiгiне қашып бас сауғалады. Рас, Данайды Аргос патшасы етiп сайлады, бiрақ Египт ұлдарымен бiтiм жасау үшiн оларға өзiнiң сұлу қыздарын әйелдiкке беруге тиiс болды.
Египт ұлдары Данай қыздарымен үйлену тойларын сән-салтанатпен өткiздi. Бiрақ олар бұл некенiң өздерiне қандай апат әкелетiнiн бiлген жоқ. У-шуға, дабыра-дуға толы үйлену тойы аяқталдыө той жыры да шырқалып бiттi, той шырақтары сөндiрiлдi, Аргос түн қараңғылығына бөлендi. Ұйқыға шомған қалада тыныштық орнады. Кенет осы тыныштықтың iшiнде жантәсiлiм алдындағы ауыр ыңырсыған үн естiледi. Одан кейiн осындай ыңыраныстар тағы да, тағы да үдеп, құлақ тұндырды. Данай қыздары түн қараңғылығын жамылып, сұмдық жауыздық жасайды. Ерлерiнiң көзi ұйқыға кете салысымен-ақ әкесi берген қанжарлармен олар күйеулерiн жарып тастады. Египт ұлдары осылайша мерт болды. Олардың iшiнен тек бiреуi – сұлу Линкей ғана аман қалды. Данайдың жас қызы Гипермнестра оны аяды. Ол өз ерiнiң кеудесiне қанжар сұғуға бата алмады. Күйеуiн оятты да, ешкiмге бiлдiрмей, сарайдан шығарып жiбердi.
Әмiрiн Гипермнестра орындамағанын естiгенде Данай терiсiне симай қатты ашуланды. Ол өз қызын ауыр шынжырмен бұғаулап, зынданға тастады. Әкесiн тыңдамаған Гипермнестраны соттау үшiн Аргон ақсақалдарының соты бас қосты. Данай өз қызын өлiм жазасына бұйырғысы келiп едi. Бiрақ сотқа махаббаттың әйел құдайы, алтын шашты Афродитаның өзi келдi. Ол Гипермнестраны қорғап, аса ауыр жазадан құтқарып қалды. Данайдың мейiрбан, махаббатқа адал қызы Линкейдiң жары болды. Құдайлар бұл некеге өздерiнiң батасын берiп, ол екеуiнен көптеген ұлы қаҺармандар ұрпағы тарады. Грекияның мәңгi жасайтын батыры Гераклдiң өзi осы тектен шыққан едi.
Зевс Данайдың басқа қыздарының да өлiмiн қалаған жоқ. Оның әмiрi бойынша Афина мен Гермес Данай қыздарының кiсi өлтiрген кiнәсын кештi. Данай патша олимпиялық құдайлардың құрметiне ұлан-асыр ойынсауық ұйымдастырды. Бұл ойындарда жеңiп шыққандар сыйлық ретiнде әйелдiкке Данайдың қыздарын алды.
Дегенмен де Данай қыздары өздерi iстеген зұлымдықтары үшiн жазадан қашып құтыла алмады. Олар бұл жазаны өздерi өлгеннен кейiн Аидты қара түнек патшалығында тартып келедi. Данай қыздары түбi жоқ орасан зор ыдысқа су құйып тұруға тиiс. Олар мәңгi-бақи жер асты өзенiнен су тасып, оны әлгi ыдысқа құяды. Мiне, ыдыс толып та қалған сияқты, бiрақ су ағып кетедi де, ол қайтадан бос қалады. Данай қыздары жұмысқа қайтадан кiрiсiп, қайтадан су тасып, түбi жоқ ыдысқа құюмен болады. Олардың берекесiз жұмысы осылай ұшы-қиырсыз созыла бередi.