Бұл қалай?
Бақытжан Қаратаев қаласында төрт-бестей-ақ үй қалды, өзге қазақ көшіп кетті деген біз хат алдық. Қаратаевты тастап кеткен қазақ жері мұжыққа беріліп, енді Бақытжан хохолға ақсақал болды дейді. Жымпиты, Шілдертіге бас болып Бақытжан 1910 жылы 15-тен жер алғанда бұларға (Бақытжан қаласына) таңдама жақсы жер, өзгеден артық енші берді деп еді. Жер аяулы жақсы болса, Бақытжан қаласынан бар қазақ неге үрікті. Бұл хабар рас болса, Бақытжаннан ауған қазақ қайда кепі? Осыны біздің «Қазаққа» жазатын тілші табылар ма?
Мұсылман сиезі
Өткен 6–10 декабрьде Петроградта мұсылман сиезі болып тарқады.
Бұл сиезді бастаған Петроград мешітінің комитеті, Нашир Мағараев жамиғаты, жамиғат хайыр ие. Шақырғаны орыс қол астындағы мұсылман жамиғаттарының өкілдері, іздегені мұсылман болып көзге көрінерліктей қылып соғысқа көмек қылмақ. Осымен Петроградқа 35-тей өкіл жиналды. Біздің қазақтың мұнда екі өкілі болғанын өткен нөмірде жазып едік. Біздің қазақта көзге көрінерлік жамиғат жоқ. Жоғарыда айтылған Түркістаннан барған екі қазақ телеграмм арқылы біз баруға бола ма деп сұрап, рұхсат алғаннан кейін кешітіңкіреп барған.
Бұл сиезге қазақтан бірлі-жарым шақырылған кісі бар еді. Бірақ айтқан шартты іске айналдыру қиын болатын жағынан тартынып бармай қалып еді. Өткен мұсылман сиезі біздің қазақ тілегі орыс патшалығы қол астындағы басқа мұсылмандар тілегімен де бірге екендігін көрсетті. Саясат ісі бірлікпен орнына барады. Біздің қазақ өкілдері мұсылман болып бірге іс қылайық дескен. Мұны біздің жұрт та теріс демес. Бұлай болса, өзге мұсылмандар мұсылман атынан саясат жолымен іс бастап, талап қылғанда, бізге кіріспеске болмайды. Айтуға сөз оңай, сөзді іске айналдыру қиын жұмыс, мұны қиын деп бас тартса, қатардан қалып масқара болып қалды деген осы болады. Мына мұсылман сиезі мұсылман атынан істейміз деп байлау қылған іске қазақ болып бірігу тиіс.
Мұсылман сиезінің байлауы мынау: үкіметтен рұхсат алып, жұрт ортасынан комитет ашпақ. Осы комитет кісілері соғысқа көмек беруге тиісті жолмен жұрттан қазына жимақ. Қай жолмен қалай комитет сайлайтыны кезінде жазылар. Бұл үлгілі саясат жолында жұрт адамына білім, тағылым жол көрсететін іс, бұған қазақ жігіті кірсе, саясат жолынан тағылым алады, күндердің күнінде қазақ жұртына керек болатын іс атқарады. Жұртқа пайдалы іс қыламын деген қазақ бұған кірісіп іс қылу зор мақсұт!
Бала тəрбиесі
Адам баласы басқа мақұлықтардан қандай ақылды, өнерлі болса, сондай осал, төзімсіз. Басқа жəндіктер еш бір жəрдемсіз, қарусыз жортып жүретін ыстық я суықта адам баласы киім киіп, үй салып басын қорғайды. Тауықтың балапаны туысымен тамақ іздеп шауып кетсе, адам баласы берген тамақты əрең ішеді. Сондықтан адамның адам болуына көп күтім, көп тəрбие керек. Басқа жəндіктерге тəрбие бек аз һəм тəн тəрбиесі ғана керек. Адам балаларына, жаратушы Аллаға, ұлтына һəм өзінен кейін өсіп-өнетін ұрпақтарына міндеті көп болғандықтан, тəн тəрбиесі қанша керек болса, жан тəрбиесі сонша керек. Адамның аштан, отқа күйіп, суға түсіп өлмей адам болуына туған сағаттан бастап тəн тəрбиесін жасау керек болса, жан тəрбиесін де сол мезгілден бастау керек. «Баланы жастан, қатынды бастан» деген қазақ мақалы осы туралы айтылса керек. Бала тəрбиелеудің керектігін жұрт баяғыда білген. Бірақ əр халық əр уақытта əр түрлі себептермен түрлі-түрлі түсінген. Мəселе, Мысыр халқы баланың шаруаға шеберленуін мақсұт қылған. Спарта халқы бала тəрбиелеуден мақсұт баланы өжет, жауынгер қылу деп түсінген. Бірқатар халық бала тəрбиелеуді патшалыққа беретін сажырт орнына жүргізген. Біздің қазақ халқы да балаға тəрбиенің керектігін көп заманнан түсінулі. «Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» деген ескі мақал. Бірақ біздің халықтың бала тəрбиелеудің негізін анық түсінбегендігі даусыз. Түсініп, дұрыстап орындаған болса, біз мұндай болмас едік.
Біздің халықта бала тəрбиелеудің негізі «Бетегеден биік, жусаннан аласа бол» һəм «Көм бойыңды, жасыр ойыңды» болған. Дүниедегі адамнан басқа жəндіктер бір пайдаға асумен, қаруымен құрметтеледі (Ат мініс берумен, сиыр сүт берумен деген сияқты). Адам баласы тек адам болғаны үшін ғана құрметтеледі (Қазіргі біздің сауда-сату заманында олай болмаса да, түбінде бір адам болған жердің құны бірдей болар…), Құтырған жан басқа бір себеппен пайдасыздыққа шыққан мақұлықты атып өлтірсе, жұрт қуанады. Пайдасыздыққа шыққан кісіні атып өлтірсе, жұрт аяйды, өлтіруші одан азабын тартады. Мұның себебін тағы айтайын, адамның адамдығы. Яғни басқа нəрселер тек мақсұтқа жеткізетін құрал болғанда адамның өзінің мақсұт болғандығы əңгіме адамның жанында, рухында болғандығы. Олай болса, адамның тəрбиесі тек тəн тəрбиесі (көжеге тойғызу) болмай, жан тəрбиесі де болу керек. Жан тəрбиесі бір дүздеме болмай, нағыз екі бет болу.
Бұл бала тəрбиелеу хақында біз бүгін əңгіме қылып отырмыз. Грек халқы бұдан екі мың жылдай бұрын түсініп, педагогия дейтін ғылым шығарып, қолданып көрген. Бұл біздің көп кенже қалған ғылымдарымыздың бірі ғой. Бала ақыл тоқтатып, есеймей тұрып-ақ көргенін істей бастайды. Үйінде намаз оқушылар болса, намаз оқиды, насыбай атушы болса, қол насыбай қылып атады, шылым тартушы болса, шөпті шылым қылып тартады. Домбыра тартушы болса, қолына түскенін домбыра қылады. Жақсы істесе, жақсы, жаман істесе, жаман істейді. Бұлай болса, бала тəрбиелеудің негізі ата-анасында. Бірінші шарты атаанасының балаға мүмкін қадір жақсы үлгі көрсетуге тырысуы. «Баланың жаны кірсіз тақтай, не жазсаң соны оқырсың» деп бұрынғы даналар жұлдыз қылып белгілеп кеткен. Сондықтан ата-анаға қолдан келгенше «ұлы, қызы жақсымен ауылдас болып, жаманнан жиркендіріп, жақсыға қызықтыру парыз. Екінші шарты мезгілі жеткен (7 жасар) баласын бай жалшылармен бірге мал бақтырмай, кедей 8 айға сомға жалдап, шай алып ішіп, ішін сипап үйде жатпай, өстіп құдайдан, баласынан, кейінгі ұрпағынан қарғыс алмай, баланы молдаға дін ғылымын үйренуге, ордаға дүние ғылымын үйренуге беру. Бастапқысынан құдайын танып, иманын біліп, соңғысынан құдайдың жаратқан заттарын танып, ыждақатын күшейтіп, шын мұсылман, шын адам, ұлттың шын баласы болсын. Молдалар мен мұғалімдерге де бұрынғыдай «аюды үйреткен таяқ» деп балаларды сабап, арқасын қанатып, сонан соң «молданың соққан жері отқа күймейді» деп жұбатуды қоюға керек. Таяқ аюды-айуанды үйретеді, ақыл иесі адам баласын ыза қылып, арландырып шамадан шығарады. Дін үйретуші пайғамбарлар ешкімді сабамаған көрінеді. Мұғалім «ғұннасын» шығар деп таяқ жұмсаса, учитель «ударение» қайда деп құлағын бұраса, Бұл бала тəрбиелеу болмайды. Яғни баланың тауын қайыру, баланы бұзу, баланың кірсіз-ақ қағаздай жанын ыластау болады.
Адам баласы барлық білікті сыртқы 5 мүшесімен алады. Көзбен көріп, құлақпен естіп, мұрынмен иіскеп, тілмен татып, денемен сезіп.
Сондықтан баланы оқытқан уақытта бұл 5 мүшелердің барлығын бірдей тəрбиелеу керек. Бір қатары тəрбиеленіп, бір қатары тəрбиеленбей қалса, ол балаға зор кемшілік келтіреді. Адам балалары бір нəрсені білуде түрлітүрлі болады: Біреу есіткенін ұмытпайды, біреу көргенін ұмытпайды, біреу татқан дəмін ұмытпайды. Кейбіреу осылардың бəрін ұмытпайды. Бірақ ондай адам сирек болады. Бір медреседе, бір класта оқып жүрген балалардың біреуінің олай, біреуінің бұлай болуы осыдан. Сондықтан оқытушылардың бұл 5 мүшені бірдей тəрбиелеуге ыждаһат қылулары тиіс. Мəселе, кітаптың ішінде «қызғалдақ» деген сөз ұшырайды. Оқытушы қызғалдақ деген қызыл жапырақ деп өте шықса, ертеңге шейін тек есіткенін ұмытпайтын балалардың ғана қатарында қалады. Басқасы ұмытады. Егерде қызғалдақ деген мынадай жапырақ деп көрсетсе, өзі жеңіл һəм жұмсақ деп ұстатса, исі жақсы деп искетсе, дəмі ащы деп жалатса, балалардың біреуі де ұмытпайды.
Сонымен баланы оқытқанда жеңіл жолмен бар мүшелерін бірдей тəрбиелеп, əзір білімді баланың кішкентай басына тыға бермей, жетелеп өзіне іздетіп, ақылын кəмілдеп, ізгілікке жетелеп, жүрегін адалдап, жақсыға қызығатын, жаманнан жиіркенетін қылып, табиғатын жіңішкертіп шығару мақсұт.
Бұл газета бетіне жазылған қысқа ғана ой. Қалың кітаптар маңызды, тауыса сөйленетін бұл туралы сөздер ардақты ғылым иесі адамдардың жұмысы.
М. Жаңа Байбақты