АРЕТИАДА АРАЛЫ ЖӘНЕ КОЛХИДАҒА КЕЛУ
Аргонавтар Эвксен Понты жағаларымен ұзақ уақыт бойы жүздi. Көп елдерден өтiп, көптеген халықтарды көрдi. Ақыры алыстан бiр арал көрiндi. «Арго» аралға жеделдете жақындап келедi, жаға да ендi алыс емес едi. Кенет аралдан қанаттары күн нұрына шағылыса жарқылдап, үлкен бiр құс аспанға көтерiлдi. Ол «Аргоның» төбесiнен ұшып өте берiп, батырлардың үстi-басына қауырсынын түсiрiп кеттi. Қауырсын Силейдiң иығына жебедей қадалып, қан саулап қоя бердi, жаралы батырдың қолындағы ескегi түсiп кеттi. Силейдiң жолдастары қауырсынды қадалған жерiнен суырып алғанда, таң-тамаша қалды – қауырсын жез және оқтай үшкiр де өткiр едi. Мiне, аралдан тағы бiр құс көтерiлiп, «Аргога» қарай ұшып келедi, бiрақ оны садағын тосып Клитий күзетiп тұр. Құс «Аргоға» жақындап келе бергенде Клитий көздей атып қалды да, өлген құс теңiзге құлап түстi. Жез қауырсынды құсты көрген бойда аргонавтар бұл құстар стимфалидтер, ал олар мекендеген арал Аретиада екенiн түсiндi. Амфидамант батырларға сауыт киiп, қалқан ұстауға кеңес бердi. Жағаға тоқтамастан бұрын аргонавтар улап-шулап, семсерлерi мен найзаларын сартылдатып қалқандарға ұра бастады. Қалың құс нөпiрi арал үстiне самғай көтерiлiп, «Арго» төбесiнен биiктеп батырларға қауырсын оқ-жебенi жаңбырдай жаудырды. Батырлар қалқандарын тосып, қорғануға мәжбүр болды. Құстар «Аргоның» үстiнен бiр айналып өттi де, көкжиектен әрi ұшып көзден таса болды. Аргонавтар жағаға түсiп, ендi дем алуға ыңғайлана бергенде алдарынан төрт жас жiгiт шықты. Жiгiттер сiңiрi шыға жүдеген, алба-жұлба киiмдерi денелерiн әзер бұркеп тұр. Бұлар Фрикстiң ұлдары едi. Олар Орхоменге оралу үшiн Колхиданы тастап шыққан екен, бiрақ түлей түн iшiнде кемелерi апатқа ұшырап, жiгiттердiң бақытына қарай оларды толқын айдап Аретиаданың жағалауына шығарып тастапты. Ендi мiне аргонавтармен табысып тұр. Бұл кездесуге батырлар әбден қуанды, әсiресе Ясон қатты шаттанды. Өйткенi бұл жiгiттер оның туыстары едi. Аргонавтар оларды тамақтандырды, жаңа киiмдер кигiздi, сонан соң өздерiнiң алтын жабағыны алуға Эет патшалығына бара жатқанын айтты. Жiгiттердiң бас көтерерi Аргос бұларға көмектесуге уәде бердi, әйткенмен Гелиостың ұлы Эет патша аса әлеуеттi, қатал екендiгiн, ешкiмге де кешiрiм жасауды бiлмейтiнiн ескерттi. Әйтсе де алтын жабағыны алмай қоймауға бекем бел буған аргонавтарды шешiмiнен ешкiм де қайтара алмайтын едi.
Келесi күнi таңертең аргонавтар тағы да әрi қарай жолға шықты. Тағы да ұзақ жүздi. Ақыры, алыстан көкжиекке үйiрiлген бұлт тәрiздi Қапқаз шыңдары көгiлдiр тартты. Ендi Колхида да қашық емес едi.
Бiр қалыппен тартылған ескектер «Аргоны» жедеқабыл зымыратып келедi. Күн де еңкейiп, теңiзге қонақтағалы барады. Толқын бетiн көлеңке жаба бастады.
«Арго» үстiнен, биiктен құс қанатының суылы естiлдi. Бұл алып Прометей бұғауланған жартасқа қарай ұшып бара жатқан дәу бүркiт едi. Бүркiттiң көш құлаш қанаттарының қағысынан теңiз бетiнде жел тұрды. Ол алыстап барды да көзден ғайып болды. Аргонавтарды бiр түрлi мұңға бөлеп Прометейдiң ауыр ыңқылы естiлдi.
Жағалауға да алыс қалған жоқ. Мiне, Фазис сағасы. Аргонавтар ескегiн есе отырып, ағынмен жоғары көтерiлдi де, өзеннiң қалың ну қамыс өскен шығанағына барып зәкiр тастады. Ясон құдайларға елжiрей алғыс айтып, Колхида тәңiрiлерiн өлген батырлар рухын осы қатерлi жорығында желеп-жөбеуге шақырды. «Арго» батырлары тып-тыныш ұйқыға кеттi. Олар мақсаттарына жеттi, Колхидада – Эет патша астанасының iргесiнде тұр. Алайда алдарында әлi де көптеген қауiп-қатерлер бар едi.