Ардақты басқарма, төмендегі сөзіме «Сарыарқадан» орын берсеңіз екен

Ардақты басқарма, төмендегі сөзіме «Сарыарқадан» орын берсеңіз екен
Семейде шығатын «Халық сөзі» газетінің 7 нөмерінде Ғидалахалық Мүминов Аягөзи мен туралы адам баласы жиренерлік көп түрлі сөздер жазған.
Газетке сөз жазушы кісі біреудің мінезін, сырын əбден біліп, бұзықтығына шыдамай, жұртқа жариялап масқаралайды. Менің сырымды, қылған ісімді білерлік Ғ.Мүминов атты фамилиялы кісі не Аягөз қаласында не қыр елінде жоқ. Шеттен жаңада келген бір аяулы болса білмеймін. Көре алмаған күндес, бұзық мінезді адам Аягөз қаласынан жазып, өтірік қол қойған деп ойлаймын. Олай болғанда оны тексеру, анығына қанбай басып таратқан газет басқарушының борышы. Нақ бір мұсылманды ренжітіп, өтірікпен сөгу жөн болса, тексерілмес!
Анық қанық болмайды. Ақ пен қараны айыру адамның адамдық белгісі. Соның үшін мен кім екенімді жазамын:
1. 1909 жылы болыс сайландым. Одан бері неше сайлау болды. Нашалнік, елубасыларына «мені сайла» деп айтпағаным мен пара бермегенімді Құдай көріп тұр һəм сайлау басында болған адамдар да біледі.
2. Ғұмырымда ұрылармен сыбайлас болмағаным Ақшатау, Арқа жайлаған Семей, Қарқаралы, Лепсі үйездеріне, атымды білген елге мəлім. Баймен, ұрлықпен емес, жеті атамнан бермен мың жылқы, мың қой тұқымымыздан кетпегені жұртқа мəлім.
3. Өткен жылғы 5 үйден бір кісіні жұмысқа приговорлап бергенде кандидат Нұрахмет Отыншыұлы болыс орнында еді. Ол да, мен де таза едім. Ғұмырымда ренжіген үйден мал сойғызып жегенім жоқ. Менде Алла хақы бар шығар, адам баласының хақы жоқ.
4. Рас, хатты шала танитыным мүфти, указной молла, мұғалім болу ойымда жоқ. Жаназа шығарып, құран садақасын алғаным жоқ. «Уақыт», «Шура», «Қазақ» газеттерін оқимын. Мақтаншақтық, əуесқойлық емес, ол Аллаға мəлім. Газет оқиды деп қалыңсыз қыз берген қазақ көргенім жоқ.
5. Мал жиып, бір-екі жыл асырап, өсіріп сатамын. Ол саудам көптен бар. Өзім кішкентай уақытымда да Королов, Қуанышовтарға 200-300 деп өгіз, 1000 дап қой сататынбыз. Бұл бүтін жұртқа мəлім. Ол кезде де болыс емеспін ғой.
6. Биыл болысной комитет сайлағанда таласып болмадым: халық сайлаған соң қашпадым. Бұл Құдайға, жұртқа мəлім.
7. Өз пұлыма медіресе салдырғалы 10 жыл болды. Бір-екі жыл бала оқыды, осы күні аңырайып бос тұрғаны рас. Жұрт жайы белгілі ғой, өзімнің үлкен балам Семей гимназиясында оқиды, кейінгі балам жас. Жұрт балаларын жиып бермесе, балшықтан бала жасауға бола ма?! Күніне неше қабат мұғалім алдыралық, медіресе жөнделік деп ағайынға жарлай-жарлай жалықтым. Баласын оқытпаған жұртты мен зорлай алам ба?!
8. Моллаларға өз малымның міндетті зекетін жылына шақырып беремін.
Біреудің малын ұрлап берген болсам, Аягөздегі имамдардан сұралсын.
9. Бостандық таңы атқаннан бері қазақтарға … ғой. Рас, ақысы болса менен ала берсін, екі қылып беремін. Сотқа да берсін, бірақ шындығын жұрт білсін.
Осындай бостандық таңы атқан қуанышты заманда біреу болып, өтірік қол қойып газетке жіберу, оны анықтығына көзі жетпей, яки тілшінің қолына таныс болмай, басып тарату жөн бе?! «Халық сөзі» айранын ұрттап, қойын құрттап отырған бір мұсылманды нахақ, өтірікпен сөгу үшін шығарылған ба?! Шын болса, обалым жоқ, əйтпесе, өтірік жазушыны «Халық сөзі» шығарып берер; шығарып бермесе, əділ бидің алдында сөйлесермін!
Берікбол Малдыбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *