АРГОНАВТАР ЛЕМНОСТА
Аргонавтар сәттi жүзе отырып, көп ұзамай-ақ жер жаннаты Лемнос122 аралына келдi. Онда жас патша қыз Гепсипила билiк жүргiзетiн-дi. Лемноста бiрде-бiр еркек жоқ едi. Опасыздық жасағаны үшiн Лемнос әйелдерi күйеулерiнiң бәрiн қырып тастаған-ды. Тек Гипсипиланың әкесi Фоант қана тiрi екен, оны қызы ажалдан құтқарып қалыпты.
Аргонавтар Лемнос жағалауына келiп тоқтап, хабаршы жiберген соң, аралдың барлық әйелдерi қала алаңына жиналып, кеңес құрды. Жас Гипсипила аргонавтарды қалаға жiбермеуге кеңес бердi. Гипсипила Лемнос әйелдерi жасаған жауыздықты батырлар бiлiп қояды деп корықты. Ал Полуксо бәйбiше қыздың ақылына қарсы болды. Ол аргонавтарды қалаға жiберу керек деген пiкiрден қайтпады:
– Егер Лемносқа жау келе қалса, – дедi Полуксо,– бiздi кiм қорғайды деп ойлайсыңдар? Қартайғанда, немесе жалғыз қалғандарыңда сендерге кiм қамқор болмақ? Бұларың болмайды, жат жерлiктердi қалаға енгiзу керек, олар осында қалатын болсын.
Лемнос әйелдерi тiсқаққан Полуксоның ақылын алды. «Аргомен» келгендердiң қалаға кiруiне болады деген хабармен әйелдердiң бiрiн кемеге жiбердi. Ясон Афина-Палладаның өзiне арнайы арнап тоқыған қанқызыл, сәндi киiмiн киiп қалаға кеттi. Гипсипила оны зор құрметпен қарсы алып, патша сарайында тұруға ұсыныс жасады. Аргановтардың өзгелерi де қалаға келдi, тек Геракл бастаған бiрнешеуi ғана «Аргода» қалды.
Бүкiл аралды шаттық пен думан жайлады. Барлық жерде де құрбандық оттары жарқырап жанып жатты, мереке мерекеге, той тойға ұласа бердi. Батырлар алдарында тұрған ерлiк жорықтарды бiржола естен шығарып жiберген сияқты. Молшылық орнаған Лемнос жерi алаңсыз тойлай бердi. Ақыры Геракл теңiздiң «Арго» тұрған жағалауына оларды астыртын шақырып алды. Батырлардың iшiндегi ең ұлысы қамсыз өмiр, ойын-күлкi, көңiлдiлiкке алданып, алдағы ерлiк iстерiн ұмытқандары үшiн оларға ашулана ренiш бiлдiрдi. Орынды ренiш айыпты үнсiз тыңдап, ұяттарын мойындарына алған батырлар тұрды. Олар Лемностан тез арада жүрiп кетуге ұйғарысты. «Аргоны» қолма-қол жолға әзiрледi. Батырлар кеменiң үстiне шығып, ескектi қолға алуға ыңғайлана бастаған кезде, жағаға Лемнос әйелдерi шұбырып жетiп келдi. Олар батырларға бiздi тастап кетпеңдер, бiзбен бiрге қалыңдар деп жалынды. Бiрақ батырлар алған бетiнен қайтпады. Әйелдер олармен жылап қоштасып қала бердi. «Арго» батырлары кемеге көтерiлдi де, ескектi есе жөнелдi. Қуатты ескекшiлердiң екпiндi қимылынан толқын көтерiлiп, «Арго» теңiз кеңiстiгiнде құстай ұшып бара жатты.