АРГОНАВТАРДЫҢ МЕДЕЯДАН КӨМЕК СҰРАУЫ
Ясон «Аргоға» қайтып келген соң жолдастарына Эет сарайында не болып, не қойғанын, патша оған қандай тапсырма бергенiн түгел баяндады. Аргонавтар ойға батты. Не iстеу керек? Эет тапсырмасын қалай орындау керек? Ақыры, Аргос өз ойын айтты:
– Достар, Эет сарайында қызы Медея тұрады. Ол ғаламат сиқыршы, сендерге тек сол ғана көмек бере алады. Көмектес деп Медеяны көндiрудi анамнан сұрайын. Егер ол қол ұшын берсе, онда бiзге ешқандай да қауiпқатер қорқынышты емес.
Аргос осыны айтып үлгiре берген кезде «Арго» үстiнде ақ көгершiн жарқ еттi, соңынан бiр лашын қуып келедi. Көгершiн жеткен бойда Ясон шапанының бүктесiнiне кiрiп кеттi де, лашын «Арго» үстiне құлап түстi.
– Бұл құдайлар сездiрген бақыт нышаны, – дедi сәуегей Мопс. – Құдайлардың өзi бiзге Медеядан көмек сұрауымызды бұйырып тұр. Қараңдаршы, Афродитаға бағышталған құс Ясонның кеудесiне келiп бас сауғалады. Финейдiң айтқаны естерiңде ме? Афродитадан көмек сұрап жалбарыныңдар, демеп пе едi? Жалбарыныңдар, көмектеседi. Аргос шешесiне тезiрек баратын болсын, ол Медеяны көмектесуге көндiредi.
Аргонавтар сәуегей Мопстың айтқанын iстеп, Афродитаға құрбандық шалды. Аргос Эет сарайына – шешесiне кеттi.
Бұл кезде Эет колхидалықтарды алаңға шақырып, жат жерлiктердiң келгенiн, «Аргодан» аргонавтардың бiрдебiреуi қашып кетпеуi үшiн қырағы күзет қою керектiгiн айтты. Ареске бағышталған жазықта Ясон өлгеннен кейiн «Аргоны» барлық батырлармен қоса өртеп жiбермек болды, ал Фрикс ұлдарын азаптап өлтiрудi көздедi.
Түн болды. Эет астанасы ұйқы құшағына ендi. Барлық жерде тыныштық орнады. Тек Медеяның бөлмесiнде ғана мазасыздану. Ол бiрiнен бiрi асқан қорқынышты түстер көрдi. Түсiне бiресе бұқалармен алысып жүрген Ясон кiредi, егер ол жеңсе, батырға Медеяның өзi қызмет етуге тиiстi. Бiресе түсiнде аузынан жалын шашқан бұқалар мен Медеяның өзi алысып оп-оңай жеңiп кетедi. Тағы бiрде Ясонға күйеуге шығуына ата-анасы қарсы болып жүредi. Өйткенi, бұқаларды жеңген Ясон емес қой. Ясон мен Эет қызу айтысқа кiредi, ал бұл таласты Медеяның өзi шешуi керек-ақ. Ол таласты Ясонның пайдасына шешкенде, әкесi ашуланып айғайлап жiбердi. Медея көзiнен жас саулап ояна келдi. Халкиопаға жүгiрiп бармақ болды да, ұялды. Үш рет есiктiң тұтқасын ұстап, үшеуiнде де керi оралды. Медея төсегiне жата қалып, еңiреп тұрып жылады. Оның дауысын естiген күңдердiң бiрi Халкиопаға барып айтқан. Халкиопа жүгiрiп сiңлiсiне келсе, Медея төсегiнде жылап жатыр екен.
– О, сiңлi-жаным, – дедi Халкиопа, – неге жылап жатырсың? Әлде менiң ұлдарымның тағдырын ойлап жас төккенiң бе? Әкемiз олардың көзiң жойғысы келетiнiн бiлiп қойғаннан саумысың?
Медея Халкиопаға бiрауыз тiл қатпастан жатыр. Оның баласының тағдыры үшiн егiлiп отырмағаны аян едi. Бiрақ ол ақыры былай дедi:
– Жаман түстер көрдiм, апатай, сенiң ұлдарыңа да, олармен бiрге келген жат жерлiктерге де өлiм қаупi төнiп тұр. Шiркiн-ай, менде оларға көмектесер күш болсашы!
Медеяның сөзiн естiгенде Халкиопаның үрейi ұшып, дiрiлдеп кеттi, сiңлiсiн құшақтап алып, көмек сұрап жалынды. Оның Ясонға көмектесе алатынын Халкиопа бiлетiн. Ал Медея Халкиопаға:
– Менi жақсылап тыңда, – дедi, – мен ол кiсiге көмектесемiн. Ертең таңертең Геката ордасына келетiн болсын. Ерлiк iстерiнде септiгi тиетiн тұмар берейiн. Бiрақ, мұны жан адамға сездiрмеймiн деп уәде бер, әйтпесе әкемiз бәрiмiздi де құртады.
Халкиопа шығып кеттi. Медея жалғыз қалды. Оның көкiрегiнде бiр-бiрiмен қарама-қарсы сан алуан сезiмдер арпалысты. Бiресе әкесiне қарсы келуге қорқып, зәресi ұшады. Бiресе өзi сүйген Ясонға көмектесуге қайта бекiнедi. У iшiп өзiн-өзi өлтiрмек те болды. Медея у салынған құтыны алып, қақпағын аша бергенде әйел құдай Гера өмiрге оның құштарлығын арттыра қойған. Медея құтыны итерiп тастады да, бүкiл күдiгiнен айығып, тек Ясон туралы ғана ойлады, оған көмектесуге бекiндi.
Таң ендi-ендi бозарып, алыстан мұнартып Қапқаздың карлы шыңдары қызғылт түске бояла бастаған кезде, аргонавтарға Аргос қайтып келдi де, Медеяның Ясонға көмектеспек болғанын, ол Геката сарайына келуiн өтiнгенiн айтты. Күн шыққаннан кейiн Ясон Аргос пен сәуегей Мопсты ертiп Геката ордасына кеттi, Гера құдай Ясонды сұлуландырып жiбергенi соншалық, тiптi оған аргонавтардың өздерi қызыға қарады.
Медея тым ертелетiп тұрды, қасиеттi ғажайып майлар салынған қобдиды алды да, iшiнен «Прометей майы» дегендi шығарды. Бұл Прометей қаны сiңген жерден өнген шөп тамырының шырынынан жасалған. Осы маймен денесiн сылағандарға ешқандай темiр де, мыс та, от та зиян келтiре алмайды, тiрi пенде тең келмейтiн керемет күш пайда болып, күнi бойы алысса да жеңiлу дегендi бiлмейдi. Медея сол майды Ясонға бермек болды. Ол бiр күңiн шақыртып алды да Геката ордасына кеттi. Медеяның жүрегi қуанышқа толды, ол үрей атаулының бәрiн есiнен шығарып, Ясонмен кездесетiнiн ғана ойлап келедi.
Геката ордасы да мiне тұр. Медея iшке кiрдi. Ясон жоқ екен. Кешiкпей о да жеттi. Медея көз қиығын салып едi, жүрегi тулап қоя бердi, бiрауыз сөз айтуға шамасы келмедi.
Ясон мен Медея үнсiз ұзақ тұрды. Ақыры үнсiздiктi батыр бұзды. Ол Медеяның қолынан ұстады да, тiл қатты:
– Ғажайып қыз, сен неге жанарыңды жасырып төмен қарап тұрсың? Менен неге қорқасың? Әлде бiр жаман ойға келiп тұрмысың? Жоқ, мен мұнда жат пиғылмен келгенiм жоқ, мен саған қорғаныш бола ма деп жалбарынғалы келдiм. Тек өтiнемiн – шыныңды ғана айт! Геката өзiнiң қасиеттi ғибадатханасында өтiрiкке төзбейтiнi есiңде болсын, көмек күткендердiң бәрiнiң де сүйенiшi Зевс те жалған сөздi қаламайды. Маған көмектесе аласың ба, соны айт. Егер көмектессең менiмен бiрге Колхидаға келген ұлы батырлар сенiң даңқыңды бүкiл Грекияға таратады. Ұлы Тесейге көмектескен Минос қызы Ариадна даңқының ғаламаттылығы есiңде болғай.
Медеяда үн жоқ, тек сүйiспеншiлiк нұрына толы жанарын Ясоннан айырмай қадалып қалған. Осы бiр қысылыңқырап тұрған қалпында Медея ғажайып әсем едi. Ол қалтыраған қолдарымен белдiгiнiң астынан қасиеттi майды алды да, Ясонға бердi:
– Ендi сен менi тыңда, Ясон! Саған көрсетер көмегiм мынадай: түнде үстiңе қара киiм ки де өзенге барып жуын, жағалаудан терең шұңқыр қаз, ол шұңқырға апарып Гекатаға құрбандыққа үстiне бал құйылған қара қой шал, сонан соң кемеге бар, бiрақ артыңа қараушы болма. Артыңнан неше түрлi дауыстар шығар, абалап иттер үрер, бiрақ қорықпа, тура жүре бер. Таң атқан соң өзiңнiң денеңдi, найзаңды қалқаның мен семсерiңдi осы маймен сыла. Бұл май саған сарқылмас күш бередi. Эеттiң тапсырмасын орындайтын боласың. Тек есiңдс болсын, жер қойнауынан жауынгерлер өсiп шыққан кезде оларға тас лақтыр, сонда олар бiр-бiрiмен шайқаса жөнеледi.
Сен оларға сол шақта тап бер. Мiне, мына майды ал, жабағыны да осының көмегiмен тауып аласың. Сонан соң ол жабағыны қайда қаласаң, сонда әкете бер.
Медея үнсiз тұрып қалды. Ясоннан қазiр айырыламын деген ойдың өзiнен жанарын мұң шалып, көз алды бұлдырап кеттi. Басы салбырап уайым жеңiп, бiраз тұрды да ақыры:
– Ясон, сен кетесiң, өзiңнiң Отаныңа барасың. Бiрақ, менi ұмытпа,– дедi. Анда-санда болса да Медеяны есiңе алып жүр, мен сенi ажалдан құтқардым ғой!
Медея Ясонның қай жерлiк екенiн сұрады. Ясон оған Иолк туралы, қала маңы – гүлденген алқап туралы айтты. Бiрге кетейiк деп, Медеяны Грецияға шақырды. Иолкте оны құдайдай қадiр тұтатынын айтып, ұлы құрметке бөлеуге уәде бердi.
– Шiркiн, Эет менiмен достық одақ жасаса ғой! – дедi Ясон. Сенi ертiп менiмен бiрге Отаныма жiберсе ғой!
– Жоқ, бұл болмак, емес, –деген сөздi Медея ауыр күрсiне қатты қинала айтты.– Әкем алған бетiнен қайтпайтын қатал адам. Отаныңа жалғыз жүре бер, бiрақ менi ұмытпа. Аласұра соққан ескек жел менi өзiнiң қанатына отырғызып, Иолкке алып барса, қандай қуанар едiм, менi де, сенiң өмiрiңе арашашы болғанымды да ұмыта бастаған кезiңде өзiм барып-ақ есiңе салар едiм.
Медеяның көзiне жас үйiрiлдi. Ясон оған қадала қараған, өн бойын махаббат сезiмi билеп алды. Әкесiнiң үйiнен жасырын аттанып Иолкке бiрге қашып кетуге көндiрмек болып, Ясон Медеяға жалына бастады. Колхиданы тастап кете беруге қыз да қарсы емес. Ясоннан айырылу оған ауыр едi, бұған төзбеспiн деп қорқады. Ясоннан айырыламын-ау деген жалғыз-ақ ойдың өзiнен Медея жылай бастады. Гера құдай қызды қайда алып барса да Ясоннан қалмауға бекiнiп ал. Ол Медеяның Иолкке баруын қалайды, онда Гера өзi жек көретiн Пелейдi Медеяның көмегiмен құртуды ойлаған.
Медея Ясонмен қоштасты. Ясон тағы да Геката ордасына келiп Медеямен кездесуге, не iстеу керектiгiн сонда шешуге уәде бердi. Медея күймесiне отырып алып, үйiне өте көңiлдi оралды: Ясон өзiн сүйетiнiн бiлдi.
ЯСОННЫҢ ЭЕТ ТАПСЫРМАСЫН ОРЫНДАУЫ
Түн болды. Ясон қара киiмдер киiнiп, Фазис өзенiнiң жағасына барды да, қараңғы тұндi жамылып оның ағынды суына жуынды. Сонан соң терең шұңқыр қазды, Медеяның айтқанын орындап, Гекатаға арнап құрбандық шалды. Құрбандық шалып бола бергенде жер дiрiлдедi, қолына шырақ ұстап Гекатаның өзi келдi. Оны жан түршiктiрер құбыжықтар мен от құсқан аждаҺалар қоршап алған, айналасында зәреңдi ұшыра үрiп, ұлыған тамұқ иттерi. Маңайдағы хор қыздары Гекатаны көре сала шыңғырып тұра қашты. Ясонның жаны тұршiктi. Бiрақ Медеяның айтқаны есiне түсiп, артына қайырылып қарамастан, достары күтiп отырған «Аргоға» қарай жүре бердi.
Таң атқасын ғана аргонавтар Телемон мен Мелеагрды аждаҺаның тiстерiн әкелуге Эетке жiбердi. Эет оларға Кадм өлтiрген аждаҺаның тiстерiн бердi де, Ясон тапсырманы қалай орындап жатқанын өз көзiмен көру үшiн, Арес жазығына баруға жиналды. Эет үстiне сауытын, басына күндей жарқыраған дулығасын кидi, салмағы Гераклдiң күшiне лайық найза мен қалқанын қолына алды, сонан соң күймесiне отырды. Күйменi өзiнiң ұлы Абсирт айдады. Аргонавтар да Арес жазығына баруға жиналды.
Ясон семсерiн, найза мен қалқанын қасиеттi маймен майлап алды, сонан соң бүкiл денесiн сылады. Өнбойын кернеген ерекше бiр күштi бiрден-ақ сезiндi. Денесi темiрдей сомдалып бұлшық еттерi мыстан құйылғандай болды. Аргонавтар өздерiнiң ұшқыр «Аргосымен» Арес жазығына жүзiп келгенде, Эет оларды күтiп отыр екен. Айнала тау беткейiнде колхидалықтар топталып жүр.
Ясон сәулелi жұлдыздай жарқырап, сауыттары күнге шағылысып, жағаға келiп түсе қалды. Ол даладан темiр соқа, мыс қамыт тауып алды, сонан соң қалқанын көлегейлеп аузынан жалын шашқан бұқаларды iздеп кеттi.
Кенет бұқалардың екеуi бiрдей үңгiрден шыға келдi де, батырға құтырына ұмтылды. Арандай ашқан ауыздарынан от бұрқырады. Қалқанын ұстап батыр күтiп тұр. Мiне, бұқалар бар пәрменiмен атылда кеп батырдың қалқанын мүйiздерiмен қойып жiбердi. Бұндай соққыға еш адам төзе алмас едi, ал Ясон жартас құсап тапжылмай тұрып қалды. Бұқалар шаңды бұрқырата өкiрiп қайтақайта соқты. Бiрақ Ясон қуатты қолдарымен оларды мүйiзiнен басып, темiр соқаға алып келдi. Бұқалар бұлқынып, Ясонға от шашады, ал бұған ештеңе дарымайды. Ызадан есiрiп бұқалар қанша құтырынса да бәрiбiр қарулы қолдан жұлқынып шыға алмайды. Ясон оларды Кастордың, Полидевктiң көмегiмен соқаға жектi, сонан соң найзамен айдап, Арес жерiн жыртты да, аждаҺа тiстерiн сеуiп тастады. Eгiс бiткен соң Ясон бұқаларды доғарды да, қаҺарлана ақырып қолындағы найзамен ұрып жiбердi. Бұқалар жын ұрғандай қашқан күйi терең үңгiрге қойып кеттi. Жұмыстың алғашқы кезеңi бiттi, ендi осы жерден жауынгерлердiң өсiп шығуын күту керек. Ясон Фазис өзенiнiң жағасына барды да дулығасымен су алып, шөлiн қандырды.
Бiрақ Ясонның демалысы ұзаққа бармады. Егiстiк жерден үшкiр найза көрiндi, жер астынан бiрiнен соң бiрi бой көтерiп, бүкiл жазықты мыс қылтанақ жауып кеттi. Жер бүлкiлдей бастады, қойнауынан жауынгерлердiң дулығысы мен бастары көрiндi. Мiне, бүкiл дала жарқыраған сауыт-сайман асынған жауынгерлерге толды. Ясонның есiне Медеяның сөзi түстi. Ең күштi деген батырлардың төртеуi жылжыта алмайтын зор тасты Ясон бiр қолымен көтерiп алды да, аждаҺаның тiстерiнен пайда болған жауынгерлер тобына лақтырып жiбердi. Жауынгерлер жағаласып, өзара соғысып кете барды. Қанды шайқас басталды. Осы кезде ғана Ясон семсерiн сiлтеп жауынгерлер арасына кiрдi де, бiрiнен соң бiрiн жайрата бердi. Жер бетiн өлiк басты, жауынгерлердiң бiрде-бiрi тiрi қалған жоқ, бәрi Ясонның қарулы қолынан қаза тапты. Өткiр орақ қырқып түскен масақтай егiс алқабын өлiк жауып кеттi.
Эет Ясонға тесiле қадалып, жанға бiтпес күшiне таң қалды. Қатулы қабағы тұйлiп, түнерiп, ызадан тiптi патшаның көзi шақырайып кеттi. Бiр ауыз тiл қатпастан, күймесiне мiндi де, құйғытып қалаға тартты. Бүкiл ойы – мынау құдiреттi жат жерлiктi қайтiп құртуға болатындығы төңiрегiнде едi. Ясон «Аргоға» қайтып келiп, өзiнiң ересен ерлiгiн мадақтаған достарының ортасында дем алды.
МЕДЕЯНЫҢ ЯСОНҒА АЛТЫН ЖАБАҒЫНЫ ҰРЛАУҒА КӨМЕКТЕСУI
Эет сарайына қайтып келiсiмен Колхиданың барлық атақты адамдарын пiкiрлесуге шаңырды. Аргонавтарды қалай жою жөнiнде олар түн ортасы ауғанша кеңес құрды. Қандай ерлiкке де Ясон тек Медеяның көмегiмен ғана бара алатынын Эет аңғарған. Ясонға да, өзiне де зор қауiп төнiп тұрғанын Медея да бiлдi. Ол өзiнiң жасанған бөлмесiнде жанына сая таппады. Көзiнен ұйқы қашты. Төсегiнен түнде тұрды да, Эет сарайынан үнсiз кетiп қалды. Тек өзi ғана бiлетiн соқпақ жолдармен ол Фазис жағасындағы аргоновтар жаққан алауға қарай келе жатыр. Отқа жақындап келдi де, Ясон мен Фрикстiң кiшi ұлы Фронтистi шақырып алды. Медея өз жүрегiнiң қорқынышты қатердi сезiне беретiнiн айтып, алтын жабағыны алуға осы қазiр өзiмен бiрге жүруiн өтiндi. Ясон сауытын кидi де, Арестiң қасиеттi қорығына барды. Айналаның бәрiн қараңғылық басқан, тек қасиеттi ағашқа iлулi жабағы жүн ғана алтын нұрымен жарқырап тұр. Медея мен Ясон қорыққа кiрген кезде алдарынан жалын шаша бiр үрейлi аждаҺа шықты. Медея құдiреттi ұйқы құдайы Гипносты шақырды да, әлдебiр сұмдық арбау дұғаларын сыбырлап, жерге сиқырлы iшiрiткiлер төге бастады. АждаҺа жерге құлап түстi, әлсiреген басын әлi де көтермекке әрекеттенедi, алайда Медея оған ұйқы iшiрiткiсiн құйды, аждаҺаның азуы қарысып, оттай жарқыраған көздерi де жұмылды, ұйқы жеңген кезде алтын жабағы iлулi тұрған ағаштың түбiне серейiп жата кеттi. Ясон жабағыны алды да, «Аргоға» асығыс жөнелдi.
Батырлар Ясон мен Медеяның төңiрегiне таңданыса топталып, алтын жабағыға қарап қалыпты. Ал мұнда ендi бөгелуге болмайды. Эет жабағының жоғалғанын бiлмей тұрғанда Колхидадан тез кету керек. «Аргоны» жағаға байлаған арқанды Ясон шауып жiбердi, батырлар ескектi ұйымдаса тартты да, «Арго» Фазис ағысымен төмен қарай зырлай жөнелдi. Мiнеки, теңiзге де жеттi. Батырлар ескектi жеделдете түстi. «Арго» толқын үстiнде құстай ұшып, Колхидадан бiрте-бiрте алыстап барады.
Таң ата ертемен, Эет алтын жабағының жоғалғанын, Медеяның да аргонавтармен қашып кеткенiн бiр-ақ, бiлдi. Ашуға әбден булыққан ол теңiз жиегiне келiп, колхидалықтарды кеңеске шақырды. Ал «Арго» қара үзiп кеткен едi, толқындар арасынан көрiнбедi, Эет оларды қууға бұйрық бердi. Егер аргонавтарды қуып жете алмасаңдар, көздерiңдi құртамын деп зiркiлдедi. Колхидалықтар кемелерiн теңiзге түсiрдi де, Эеттiң ұлы Абсирттiң басшылығымен аргонавтарды қуа жөнелдi.
АРГОНАВТАРДЫҢ ҚАЙТЫП ОРАЛУЫ
«Арго» теңiзге шыққан кезде жел арттан соққан. Батырлар желкендi жазып жiберiп, «Арго» Эвксин Понты толқындарымен зырқырай жөнелдi. Олар үш күн жүздi. Ақыры алыстан Скифия жағалауы да көрiндi. Аргонавтар Истрды бойлай жоғары өрлеп Адриат теңiзi132 тармақтарының бiрiмен төмен түспек болды. Аргонавтар Истр сағасына келгенде, саға маңы да, барлық аралдар да Колхида әскерлерiнен қайысып тұр едiө олар ең қысқа жолмен бұлардан бұрын жетiптi. Колхидалықтардың қалың қолын көрiп батырлар оларды жеңе алмайтынын бiлдiө мыңдаған, бақайшағына дейiн қаруланған колхидалық жауынгерлерге қарсы соғысуға бұлардың күшi тым тапшы едi. Аргонавтар ендi айлаға көштi. Жау әскерiнiң қолбасшысы Абсиртпен келiссөз жүргiзе бастады. Егер көршi қала патшасы Медея Колхидаға қайтуға тиiстi деп шешсе, онда Медеяны шiркеуге қамап, бiржола өздерiнiң қолына беруге уәде еттi. Ал алтын жабағы аргонавтарда қалады, өйткенi жабағыны берем деп Эет келiскендей Ясон шын мәнiнде ерлiк жасаған. Ал, түптеп келгенде, бұл келiссөздiң бәрi де тек уақыт ұту үшiн едi. Медея Ясонға Абсирттi алдап, аралдардың бiрiндегi ғибадатханада торға түсiруге уәде бердi.
Ясон Абсиртке Медеяның атынан мол сыйлық жiбердi де, Медеямен жолығысуға оңаша гибадатқанаға шақырды. Абсирт келiп, iшке ене бергенде семсерiн суырып алып, Ясон оған бас салды. Абсирт жерге құлап түстi де жан тапсырды. Қарусыз келген жiгiттi қасиеттi орында өлтiрiп, Ясон мен Медея сұмдық зұлымдықө жасады. Абсирттiң денесiн Ясон апарып Истрдiң суына лақтырды. Өз қолбасшыларының өлтiрiлгенiн бiлген колхидалықтардың жаны түршiктi. Ал аргонавтар Истрды бойлап жоғары қарай жүзiп бара жатты.
Аргонавтар Истр тармағымен ұзақ жүрiп, Адриат теңiзiне, Иллирия жағалауына жеттi. Ол жерде сұмдық дауыл басталды. Буырқанған толқындар тау-тау болып көкке атылды. Жел шынжыр бұғауынан босап кеткендей теңiз үстiнде құтырына жұлқынып, «Арго» желкенiн жыртты. Толқын қысқан «Арго» сықырлап, жақтаулары майысып, қуатты қолдардағы ескектер де жұлқынып сала бердi. Толқын «Аргоны» жаңқадай аунатып айдап келедi. Аргонавтарға қырылу қаупi туды. Осы кезде қорма жақтан бiр дауыс саңқ еттi. Бұл Додонда өскен қасиеттi еменнен «Арго» кемесiне қағылған сынадан шыққан едi. Дауыс аргонавтардан сәуегей Киркаға барып, Ясон мен Медеяның Абсиреттi өлтiрген күнәларынан арылып тазаруын талап еттi. «Аргоны» солтүстiкке қарай бұрысымен-ақ дауыл бiрден басылды. Бұл дауылды құдайлар жiбергенiн аргонавтардың бәрi де түсiндi.
Эридан арқылы, сонан соң Роданды бойлап аргонавтар Тиррен теңiзiне түстi. Эеттiң қарындасы Кирканың сиқыр аралына жеткенше теңiзбен ұзақ жүрдi. Кирка Медея мен Ясонды Абсирттi өлтiрген күнәларынан тазартты. Кiсi өлтiрген сұрқиялықты тазарту үшiн Кирка Зевске құрбан шалып, оның қанын Ясонның қолына құйды. Эриниялар михрабы алдында кiсi өлтiрушiнi қудаламауын тiлеп жалбарынды. Кирка Медеяның да сұмдық жауыздық қылмысынан арылуына көмектестi. Өйткенi сиқыршы оның көзiндегi жарқылдан-ақ Медеяның да өзi секiлдi күн құдайы Гелиостың әулетiнен екенiн таныған.
Аргонавтар тағы да жолға шықты. Тағы да көптеген қауiп-қатердi бастан кешуге тура келдi. Олар Сцилла мен Харибданың аралығынан да өттi, бұл бұлтартпайтын нағыз апаттың өзi едi, тек Зевстiң құдiреттi әйелi Гераның көмегi арқасында ғана құтылып кеттi. Олар сиреналар133 аралы жанынан өткенде адамды ерiксiз баурап алатын бiр керемет ән әуезi құлақтарынан кетпей қойды. Бiрақ Орфей жырау алтын кифарасын шертiп, соның үнi ғана сирендер әуенiнiң сиқыр арбауынан құтқарып жiбердi. Ақыры, аргонавтар Планкттерге де жеттi. Ол жан-жағынан самсаған алып жартастар қысып тұрған жiңiшке бұғаз. Жартастар арасында теңiз толқындары үрейдi ала үйiрiле тулап, кейде қарғып шыңның ұшар басына дейiн көтерiледi. Тiптi Зевске мәңгiлiк жүзiм жеткiзiп тұратын хабаршы көгершiндер де бұл арадан аман-сау өте алмайды, ең болмағанда күнiне бiреуi өледi. Бұл арадан да аргонавтарға Гера көмектестi. Ол Амфитритадан Планктер тұсында толқынды басуды өтiнiп, аргонавтар әйтеуiр одан да аман өтiп кеттi.
Ұзақ жол жүргеннен кейiн аргонавтар феакийлiктер аралына жеттi. Жергiлiктi патша Алкиной оларды өте қастерлеп, жарқын қарсы алды. Жол-жөнекей кездескен көптеген қауiп-қатерден кейiн аргонавтар ендi дұрыстап дем алатын едi, бiрақ бiр күн өтпей-ақ колхидалықтар флоты қуып жетiп, Медеяны қайтарып берудi талап еттi. Жауласқандар арасына Алкиной түспегенде қанды қырғын соғыс болатын едi. Егер Медея Ясонның әйелi болмаса, колхидалықтарға берiлуге тиiс деп шештi ол. Алкинойдың әйелi Арета түнде хабаршы жiберiп, Ясонға патшаның шешiмiн жеткiзген.
Сол түнi-ақ, Ясон мен Медея некелерiн қидырып, келесi күнi Ясон жиналған феакийлiктер мен колхидалықтар алдында Медея өзiнiң әйелi екенiн жариялап, ант бердi. Алкиной Медея күйеуiмен бiрге қалуы керек деп тапты, колхидалықтар Медеяны ала алмай, Эетке қайтып баруға мәжбүр болды.
Қонақжай феакийлiктерде тыныққаннан кейiн аргонавтар тағы да жолға шықты. Олар өте ұзақ жүздi. Мiне, көк теңiздiң көз ұшында Пелопеннес жағалауы да көрiндi. Кенет құтырына қатты құйын көтерiлдi де, «Аргоны» теңiзге айдап әкеттi. Құйын шексiз-шетсiз теңiз бетiнде «Аргоны» ұзақ айдап, ақыры әкелiп бiр жалаңаш жағалауға шығарып тастады. Шығанақтың балдыр басып кеткен батпағына батып «Арго» тұр. Аргонавтар әбден торықты. Қормшы Линкей Грекияға қайта барудан күдерiн үзiп, қормада басы салбырап отыр. Аргонавтар ерiк-күш пен батылдық атаулыны түгел адақтап болғандай, уайым жеңiп жағалауда сенделiп жүр. Бәрiне тек қырылу ғана қалғандай көрiндi. Бiрақ Ясонға хор қыздары көмекке келдi. Олар құйын «Аргоны» Ливия134 жерiне шығарып тастағанын, Амфитрита өзiнiң аттарын күймеден доғарған кезде ғана кеменi батпақтан суырып алып, Ливия шөлi арқылы жаяу, иықтарымен көтерiп өту керектiгiн айтып бердi. Ал, Амфитрита күймедегi аттарын қашан доғармақ? Аргонавтар мұны бiлмейдi. Кенет теңiзден бiр боз ат шауып шыға келдi де, шөлдi бойлай ызғыта жөнелдi. Аргонавтар Амфитританың аты осы екенiн түсiндi де, «Аргоны» иықтарына көтерiп алып жүрiп кеттi. Елсiз далада, аптап пен шөл азабын шегiп, олар он екi күн жүрдi. Ақыры, Гесперидалар елiне жеттi.
Гесперидалар оларға Геракл құздан тесiп шығарған бұлақты көрсеттi. Батырлар сусындарын қандырып, бұлақ суымен қорланып, отанына қарай жол шектi. Олар Тритон көлiнде тұр едi, теңiзге шығар жолды таппай қойды. Орфейдiң ақылымен көл құдайына үш тағанды тұғыр бағыштады. Аргонавтар алдында ғайыптан бiр ғажайып жiгiт пайда бола қалды. Ол қонақжайлық белгiсi ретiнде Эвфем батырға бiр уыс топырақ сыйлады да аргонавтарға теңiзге шығар жолды көрсеттi. Аргонавтар құрбандыққа қой шалды. «Аргоның» алдында өзен құдайы Тритонның өзi пайда болып, ақ шаңқан құздарға соқтырмастан иiрiм арқылы ашық теңiзге шығарып жiбердi. Аргонавтар Тритон көлiнен Крит аралына барып, сол жерден арғы жолдарға су алмақ болды. Бiрақ оларды мыстан құйылған Талос балуан жағалауға жақындатпады. Миносқа оны найзағай құдайы Зевстiң өзi сыйлаған едi. Талос аралды айнала жүгiрiп жүрiп, Минос иелiгiн қорғайтын-ды. Медея оны өз құдiретiмен ұйықтатып тастады. Талос жерге құлап түстi де, бүкiл денесiндегi жалғыз-ақ қана қан тамырын бекiтiп тұрған мыс шеге ұшып кеттi. Талостың қаны ерiген қорғасындай жерге саулады, мыс-алып өлдi. Ендi аргонавтар еш бөгетсiз жағалауға тоқтап су алуына болатын едi.
Криттен шығып Грекияға бара жатқан жолда Тритон берген бiр уыс топырақты Эвфем батыр теңiзге түсiрiп алды, осы топырақтан теңiзге арал пайда болып, аргонавтар оны Каллиста деп атады. Бұл аралды кейiнiрек Эвфем ұрпақтары мекендеп, ол Фера135 деп аталатын болды.
Тас қараңғы түндердiң бiрiнде қатты дауыл соға бастады. Аргоновтар су астындағы тасқа немесе жағалаудағы құздардың бiрiне соғылып, апатқа ұшырармыз деп қорықты. Кенет теңiз бетiндегi қараңғылықты қақ жарып, алтын жебе жарқ еттi, екiншi, үшiншiсi де жарық түсiрдi. Бұл өзiнiң жебелерiмен аргонавтар жолына жарық түсiрiп жүрген Апполон едi. Олар Анафа136 аралына тоқтады да, дауылдың басылуын күттi. Бiр кездерi дауыл да басылды, теңiз толқындары тынышталды, жел арқадан соға бастады.
«Арго» көк теңiз бетiнде алаңсыз жүзiп келе жатты. Аргонавтар жолында ендi ешқандай қауiп-қатер кездестiрмей, кешiкпей аңсап күткен Иолк айлағына да келiп жеттi.
Аргонавтар Иолкке келгеннен кейiн құдайларға бай құрбандық шалып, қауiптi жүзу сапары кезiнде желепжебеп отырғандары үшiн зор ризашылықтарын бiлдiрдi.
Аргонавтардың оралуын тойлап, бүкiл Иолк шаттыққа бөлендi. Алтын жабағыны алып келген аргонавтарды, олардың қолбасшысы Ясонды мадақтап көкке көтердi.
МЕДЕЯ МЕН ЯСОН ИОЛКТЕ. ПЕЛИЙДIҢ АЖАЛЫ
«Овидийдiң «Метаморфеза» поэмасы бойынша баяндалған.
Зұлым Пелий сөзiнде тұрмады. Иолк билiгiн Ясонға қайтарып бермедi. Бұл жәбiрдi Ясон да кешiрмедi. Пелийден аяусыз кек алуды көздедi. Оған, әрине, Медея көмектестi. Кешiкпей-ақ кек алудың сәтi түсе қалды: Ясонның кәрi әкесi Эсон Медеяның ғаламат сиқыршы екенiн бiлгеннен кейiн, қайтадан жасарғысы келдi. Ясон да әкесiн жасартуды өтiндi. Медея тек Геката көмектессе ғана бұл тiлектi орындауға уәде бердi.
Айдың әбден толысқан кезiнде үстiне қоңыр киiм кидi де Медея жалаң аяқ, шашын жайып, түн ортасында үйден шықты. Айнала тегiс қатты ұйқыға шомған, мүлгiген мылқау тыныштық. Ай сәулесiне оранып Медея үн-түнсiз келе жатыр. Үш жол түйiскен жерге келгенде тоқтады да, қолын көтерiп үш рет қатты айғай салды. Тiзерлеп отыра қалып, сыбырлап жалбарына бастадыө түнге, аспан шырақтарына, айға, жерге, желге, тау өзендерiне жалбарынды, орман, түн тәңiрiлерiн көмекке шақырды. Ұлы Геката оның жалбарынуына құлақ түрiп, көмектесуiн өтiндi. Геката бәрiн естiдi – қанатты аждаҺалар жеккен күйме Медеяның алдына келiп тұра қалды. Тоғыз күн, тоғыз түн бойы Медея орман-тауларды, өзендер мен теңiз жағалауларын кезiп, дуалы шөптер мен тамырлар жинады. Эсонның үйiне қайтып келгеннен кейiн, бiреуiн Гекатаға, бiреуiн жастық құдайына арнап екi михраб (алтарь) қойды. Олардың алдынан екi шұңқыр қазып, сиқырлық пен қараңғылық тәңiрi түнерген Гекатаға арнап құрбандыққа қара қой шалды, етiне бал мен сүт құйды. Жер асты құдайлары Аид пен Персефонаны да Медея көмекке шақырып, қарт Эсонның өмiрiн сақтауды өтiндi. Содан соң Эсонды алдырды да, арбап ұйықтатып, дуалы шөптiң үстiне жатқызды. Медея мыс қазанда шипалы iшiрткi пiсiрдi. Iшiрткiнiң бетiн ақ көбiк жапты. Ғасырлық ағаштың қураған бұтағы мен iшiрткiнi араластырды. Бiр кезде қу бұтақ жасыл тартып, жапырақтар жайып, жасыл жемiстер шыға бастады. Шипа көбiгi тамған жердiң бәрiне шөптер мен гүлдер өсiп шықты. Медея iшiрткiнiң әзiр болғанын көргеннен кейiн қарт Эсонның кеңiрдегiн қылышпен қырқып қалды да, бүкiл ескi қанын ағызып жiбердi. Сонан соң жараның аузынан оның тамырларына шипалы iшiрткiнi құйды. О, керемет! Шалдың бұрыңғы қардай аппақ шаштары қарайып, әжiмдерi де, кәрiлiк жадаулық та зым-зия жоғалды, екi бетiнiң ұшы қызарды. Эсон оянғанда барып өзiн қайтадан баяғысындай жас та күштi, ширақ жiгiт қалпында бiр-ақ көрдi.
Эсонды жасарту сәттi шыққаны Медеяға ой салды: қарт Пелийдiң Ясонды алдап, Иолкте өкiмет билiгiн қайтарып бермегенi үшiн кек алудың сұмдық жоспарын жасады.
Пелийдi жасарту жайында оның қыздарын үгiттей бастады, өз сиқырының күштiлiгiне сендiру үшiн, бiр қойды әкелiп сойды да, iшiрткi асылған қазанға салып жiбердi. Қой қазанға батып кеткен бойда-ақ орнынан бiр қозы ойнақтап шыға келдi. Бұл кереметке Пелийдiң қыздары таңтамаша қалды да, әкесiн де жасартып көрмек болды.
Медея iшiрткi әзiрледi, бiрақ Ясонның әкесiн жасартқан шипадай емес, мұның дуалық күшi жоқ едi. Медея Пелийдi арбап ұйықтатты да, қыздарының бөлмесiне алып келдi, сонан соң, әкесiн бауыздауға бұйырды. Бiрақ қыздардың бұған батылы бармады.
– Жасық екенсiңдер, – дедi Медея. – Қылышты тез алыңдар да, әкелерiңнiң ескi қанын ағызып жiберiңдер, мен орнына жасартатын жаңасын құямын.
Ұйықтап жатқан әкесiн қылыштап өлтiруге қыздардың батылы жетпей қойды. Ақыры, терiс қарап тұрып қана бiрiнен соң бiрi әкесiн кескiлей бастады. Өлердей жаралы Пелий төсектен әрең көтерiлдi де, әлсiреген қолдарын қыздарына созып, ыңырси тiл қатты:
– Ой, қыздарым-ай, не iстегендерiң бұл? Өз әкелерiңе қол көтеруге сендердi мәжбүр еткен не нәрсе?
Үрейi ұшқан Пелийдiң қыздары не iстерiн бiлмедi. Құп-қу болып сұры қашып, естерiнен танып қалды. Медея жүгiрiп Пелий төсегiне жеттi де, кеңiрдегiне өзiнiң пышағын сұғып жiбердi, денесiн бөлшектеп кескiледi де, қайнап жатқан қазанға лақтырды. Пелийдiң бөлмесiнде қанатты аждаҺалар жегiлген күйме пайда бола қалды. Медея күймеге отырды да, үрейден есi кетiп, шатаса бастаған Пелий қыздарының көз алдында ғайып болды.
Пелийдiң ұлы Адраст әкесiн айырықша салтанатпен жерледi, өлiктi арулау құрметiне түрлi ойындар өткiздi. Оған Грекияның теңдесi жоқ батырлары қатысты. Ойын төрешiсi Герместiң өзi болды. Кастор, Полидевк пен Овфем күйме жарысына қатысты. Адмет пен Мопс жұдырықтасу ұрысына, Атлант пен Пелей күреске шықты. Жаяу бәйгеде Ификл бәрiнен де озып кеттi.
Ясон Иолкте өкiмет билiгiн бәрiбiр өз қолына ала алмай-ақ қойды. Әйелi Медея әкесiн өлтiргенi үшiн Адраст оны Иолкте тұрғызбай, қуып жiбердi. Ясон Иолктен кетiп, Медея екеуi Коринфке бет алды.
ЯСОН МЕН МЕДЕЯ КОРИНФТЕ. ЯСОННЫҢ АЖАЛЫ
Еврипидтiң «Медея» трагедиясы бойынша баяндалған.
Пелий өлтiрiлгеннен кейiн Иолктен қуылған Ясон мен Медея Коринфтегi Креонт патшаға барып паналаған. Медея екi ұл тапты. Ерлi-зайыптылар шет жерде жүрiп-ақ бақытты өмiр сүрiп жатқандай едi. Бiрақ, тағдыр Ясонға да, Медеяға да бақыттылық жазбапты. Креонттың қызы Главканың сұлулығына елтiп қызыққан Ясон опасыздық жасады, Медеяның қолынан қасиеттi май алғанда берген антын бұзды. Ол сан алуан ұлы ерлiктер жасауына көмекшi болған адамына опасыздық еттi. Ақыры, Ясон Главкаға үйленбек болды, атақты батырға әйелдiкке қызын беруге Креонт патша да қарсы болған жоқ.
Осы опасыздықты бiлген Медея қатты торықты. Ол Ясонды бұрынғысынша сүйетiн едi. Қайғыға батқан Медея тас мүсiндей сiресiп отырып қалды. Ол ештеңе iшпедi, дәм де татпады, жұбатқан сөздердiң бiрде-бiрiне де құлақ аспады. Бiрте-бiрте Медеяны ашу-ыза билей бердi. Асау мiнезi, от жүрегi бұндай қорлыққа төзер ме! Нұр сәулелi Гелиос ұлы Колхида патшасының қызы дұшпанын тайраңдатып, әлдекiмдердiң мазағына көнiп отыруы керек пе? Жоқ, Медеяның ашу-ызасы шарасынан асқан едi, оның алар кегi де жантүршiгерлiк сұмдық болмақ. О, Медея болса Ясоннан да, Главкадан да, әкесi Креонттан да кек қайтармай, өш алмай тынбайды!
Ашу, ыза кернеген Медея барлығына да лағнет жаудырды. Өзiнiң балаларын да, Ясонды да қарғап-сiледi, жан төзгiсiз азаппен ол құдайларға жалбарынып, үстiнен жай түсiрiп өлтiрудi өтiндi. Осыншалық қасiретке батырғандардан өш алудан басқа не қалды оның өмiрiнде! Медеяны ажал торып тұр, өлсе қайғықасiретiнен бiржола арылып, тартқан азабы да тәмамдалар едi. Ясон бұған неге осыншама қатыгездiк жасады? Ажалдан арашалаған, аждаҺаны ұйықтатып алтын жабағыны алуына көмектескен, тек соны құтқару үшiн ғана ағасын алдап торға түсiрген, сол үшiн Пелийдi өлтiрген адамға осыншама опасыздық етуге бола ма екен? Ясонның өзiне жасаған қиянатына куә болу үшiн Медея Зевстi, әдiлеттiк құдайы Фемиданы шақырды. Ясоннан кек алмай тынбау шешiмi бiрден-бiрге беки түстi.
Ақыры, мiне, Креонт өзi келiп, Медея Коринфтен тез кетуi керектiгiн айтты. Креонт Медеядан қорқады. Медеяның ашу үстiнде қандай қатерлi екенiн, оның сиқыршылық құдiретiн Креонт жақсы бiлетiн. Медея қызын да, өзiн де құртып жiберуi мүмкiн.
Уақыт ұту үшiн ғана Медея Креонтқа бағынғандық кейiп танытты. Өзiн қуып жiберуге Креонттың қақысы барлығын мойындайтынын айтып, Коринфте тек бiр күн ғана қала тұруға мүмкiндiк беруiн өтiндi. Креонт келiстi, бiрақ ол бұл келiсiммен өзiн өлiмге байлап бергенiн бiлген жоқ. Ол Медеяға мықтылық танытып, егер шығып келе жатқан күн сәулесiмен бiрге Медея Коринфте көзге түссе, оның өзiн де, ұлдарын да өлiм жазасына кесетiнiн ескерттi. Ал өлiм жазасынан Медея қорықпайтын. Өйткенi Креонт одан бұрын өлуге тиiс едi. Ол ай жүздi әйел тәңiрi Селена мен өзiнiң жебеушiсi Гекатаның атымен жауларымды жоямын деп тегiннен-тегiн ант берген жоқ.
Жоқ, Медея емес, өлiмнен құтылмайтын олар. Сизиф ұрпағына, Ясонның қалыңдығына Гелиос құдайдың немересi қалайша мазақ бола алады!
Ясон Медеяны үгiттеп, ол Главкаға балаларының тiптi Медеяның бақыты үшiн үйленбек, егер жаңа некеден құдай оларға бала берсе, ұлдарына сүйенiш болады деп те сендiруге тырысты. Бiрақ Медея Ясонға сенбедi, опасыздық жасадың деп айыптап, құдайлардың кәрiмен қорқытты, Ясонның айтқандарын тыңдағысы да келмедi. Бiр кезде жанындай сүйген, ол үшiн әке-шешесiн, ағасын, Отанын – бәрi-бәрiн ұмытқан, сол Ясонды ендi өлердей жек көрдi. Ызаланып Ясон кетiп қалды, Медеяның келеке сөздерi, құртпақ болғаны соңынан естiлiп жатты.
Осы кезде Дельфыдан Троисенаға бара жатқан Афины патшасы Эгей Коринфке келе қалды. Ол Медеямен жылы амандасып, оның неге қайғыға батып жүргенiн сұрайды. Медея өз қасiретiн түгел баяндады да, патшадан күйеуi тастап кетiп, қуғын көрген жанды Афиныға паналатуды өтiнедi. Эгейдiң осы кезге дейiн баласы жоқ едi. Медея өзiнiң сиқыршылық күшiмен оның көп балалы болуына көмектесетiнi жөнiнде уәде бердi. Тек патшалығында паналатса болды. Эгей Медеяны паналатуға ант етедi. Жер құдайы Геяның, Медеяның атасы Гелиостың, бүкiл Олимп құдайларының атымен ант iшiп, Медеяны дұшпанына бермейтiнiн айтады. Тек бiр ғана шарт қойды. Эгей Коринф патшасымен жауласқысы келмейдi, сондықтан Афиныға Медея оның көмегiнсiз өзi келуi керек.
Паналар орын сайлап алғаннан кейiн, Медея кек алуға кiрiседi. Ол Креонт пен оның қызы Главканы ғана емес, Ясоннан туған өз балаларын да өлтiрмек болады. Күтушi әйелдi Ясонға жiбердi. Ясон келдi. Медея бәрiне де көнген пiшiн көрсетiп, өз тағдырына да, Ясон шешiмiне де мойын ұсынып, тек бiр тiлегiн – ұлдарын Коринфте қалдыруға Креонтты көндiруiн ғана өтiнедi. Балалары да келген. Медея ұлдарын құшақтап, сүйiп жылайды, ол балаларын жан-тәнiмен жақсы көрдi, бiрақ кек алу құлшынысы өз ұрпағына деген сүйiспеншiлiктен анағұрлым күштiрек едi.
Креонт пен Главканы қалай құрту керек? Балаларды Ясонның жаңа үйiнде қалдыруға Главканы көндiру желеуiмен оған сыйлық ретiнде аса бағалы киiм мен алтын сәукеле жiбердi. Главканы құртқан да осы сыйлық едi. Медея жiберген киiм мен сәукеленi киiсiмен-ақ, оларға жағылған у Главканың денесiне жайылып, сәукеле басын мыс құрсаудай қыса бастайды. Киiм денесiне оттай басылып, күйдiрiп барады. Главка сұмдық азаппен өледi. Жүгiрiп әкесi келедi. Бақытсыз қызын құшақтағанда, киiм оған да жабыса бастайды, ажыратайын десе, киiммен бiрге өз етi жұлынып барады. Медея жiберген сыйлықтан Креонт та өлдi.
Медея өз сарайының жанында тұрып Креонт пен Главканың өлгенiн естiп масайрайды. Бiрақ бұл өлiмдермен Медеяның кегi қайтқан жоқ. Ясонды азапқа сала түсу үшiн ол ұлдарын да өлтiруге бекiнген. Креонт туыстары кейiн шешесiнiң қылмысы үшiн оның ұлдарын азаптайтынын ойлағанда балаларды өлтiру керек деген шешiм бұрынғыдан да беки түстi. Медея сарайға асығыс енген бойда-ақ онан ұлдарының шыңғырған үнi естiлдi. Медея оларды да өлтiрген едi. Креонт пен оның қызы Главка Медеяның қолынан қаза болғанын естiген сәтте Ясон Креонт пен оның қызы Главка Креонттың туыстары кек алу үшiн балаларды өлтiрер деп қорқып, өз сарайына жетуге асыққан. Сарай есiгi бекiтулi екен, Ясон оны сындырмақ болды. Кенет, ауада Гелиос құдай жiберген, аждаҺалар жегiлген күймеге отырып, ұшып бара жатқан Медея көрiндi. Өлтiрген ұлдары аяғының астында көлденең жатыр. Ясонның жаны тұршiгiп кеттi. Медеяға тым болмаса ұлдарымның сүйегiн қалдырып кет, өзiм жерлеймiн деп жалынды. Бiрақ, Медея оған жұбанышты да қалдырмады, күймесiмен зымырап кете барды.
Ясонның бұдан арғы өмiрiнiң бәрi мәнсiз болды. Ол еш жерде байыздап ұзақ тұра алмады. Бiр күнi ол Истм өзенiнiң «Арго» кемесiн жағалауға сүйреп шығарып қойған тұсынан өтiп бара жатқан. Аргонавтар бұл кеменi теңiз құдайы Посейдонға бағыштаған едi. Шаршап, қалжыраған Ясон «Арго» қормасының астындағы көлеңкеге дем алуға жатты да, ұйықтап кеттi. Ол ұйықтап жатқанда «Аргоның» шiрiген кормасы құлап түстi де, сынықтарымен Ясонды басып қалды.