Алаш партиясы

Алаш партиясы
Алаш партиясының Семейде уақытша обласной комитеті ашылды.
Комитетке кірген кісілер:
1. Əлімхан Ермеков;
2. Райымжан Мəрсеков;
3. Имам Əлімбеков;
4. Ахметжан Қозыбағаров;
5. Тұрағұл Қунанбаев;
6. Халел Ғаббасов;
7. Сыдық Дүйсембин;
8. Əлихан Бөкейханов;
9. Мұстақым Малдыбаев;
10. Əнияр Молдабаев; 11. Биахмет Сəрсенов.
Бұлардан басқа үйез басы бір кісі кіруге орын қалдырылды. Сөйтіп, «Алаш» партиясының Семейдегі обласной комитетінің адамы 15 болмақ.
Комитеттің председателі Халел Ғаббасов, жолдасы Ахметжан Қозыбағаров, қазынашы Əнияр Молдабаев, секретары Сыдық Дүйсембин болды. Құрметті председатель Əлихан Бөкейханов сайланды.
Алаш партиясының толық шартнамасы Орынборда жасалатын болды. Даяр болғанда жұртқа жария қылынады. Қазіргі шарты кіндік комитеттің, бұл жасалғанша уақытша обласной комитеттің айтқанын екі қылмайтын, бұйырғанын дəл орындайтын, «Алаш» партиясының программасын жақтырып, жөн көрген, программадағы мəселелерді іске айналдыруға тырысатын кісі кіреді. «Алаш» программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шыннан қайтпайтын, жақындық туысқанына бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, əділ, тура кісі кіреді. Сыртын берсе іші басқа, тілін берсе жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, алаш жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, ауырлық келсе бұлт беретін, қорқақ, айнымалы мінезі бар кісі «Алаш» партиясына кірмейді. Алаш партиясына кіремін деген кісі осы айтылған шарттарды ойлап, толғап, жүрегі қалайтын болса ғана кіруге жөн.
Орыс жұртының саяси партиялары көп: «Кадеттер», «Социалист революционер», «Социал демократ» һəм басқалар. Бұлардың əр қайсысының тұтынған жолы, жасаған программасы, қала сайын ұйымдары (комитеттері), пікірін тарататын газеттері, кітаптары, шешендері бар. Əр партияның, тарау-тарау комитеттерінің басын қосып отыратын түп қазығы кіндік комитеті бар. Осы кіндік комитетінің бұйырғанын тапжылтпай, таймай орындау уақ комитеттердің міндеті.
Учредительное собрание сайлауында əр партия өзінен көп депутат шығару үшін, шығарғанда да басқа партиялардың депутаттарымен айтысып-тартысуға жарайтын білімді, шешен көсемдері болу үшін кіндік комитет уақ комитеттеріне пəленшені депутат сайлайсыңдар деп көрсетіп отыр. Кіндік комитеттің сөзін екі қылмай, өз ішінен жарарлық кісісі бар болса да, сайлайсыңдар деген кісілерді списокке кіргізіп, дауысты (тасты) көп алып, ұтпаққа қам қылып, топ жинап, сөз сөйлеп, пікірін таратып, жолын ұсынып, кісі тартуға кірісіп отыр. Бірінен болмаса бірінен сайланар деп бір кісіні 5 округтің списогіне кіргізіп, бес жерде сайланатын қылып отыр.
Алаш партиясы да осы жолды қолданып, Ақмола мен Семейден, Оралдан, Торғайдан депутаттыққа жарайтын адамдарды көрсетіп, окружный комиссияларға депутаттарының списоктерін кіргізіп отыр.
Орыс партияларынікіндей біздің «Алаш» партиясында кіндік комитет жоқ болғанымен Орынборда жасалған жалпы қазақтың тұңғыш тобы ұнатып, бата қылған адамдар бірен-саран өзі қалған яки ризалықпен орын ауыстырған болмаса, түгелімен «Алаш» партиясының атынан кірген списоктерге жазылып отыр.
Еуропа үлгісімен жүретін заманга кездескен соң біздің тұңғыш тобымыз жалпы қазақ сиезі салған жол бүкіл алаш ұранды қазақ баласына таймайтын даңғыл жол болуы керек. Бұл жолдан шықтым деген кісі жасырынатын, бұғатын заман өткен, шын пікірін айтып тартысатын. Ұжмаққа бір күнде кіргіземін деген өтірігін жұмсамай, майданға шықсын. Біздің қазақ партиясы «Алаштың» тұтынатын жолының жоспары мынау:
Мемлекет билеу түрі.
Россия жерінің қолайына, елінің кəсібіне, шаруасына қарай бөлініп, əр бөлімнің (штаттың) билігі өзінде болып, ортақ іске одақтасқан, жалпы жұрт билейтін мемлекет болу (федеративная демократическая республика).
Қазақ облыстары Сібірмен қосылып, уақытша бір штат бола тұру.
Шамам келді деген күні қазақ Сібірден бөлініп, өз алдына бір штат болу.
Жер мəселесі.
Жерді мүлкі біліп, иелену қалып, жалпы жұрт меншіктеуге тапсыру.
Жер үлеске түскенде əуелі тұрғын жұрттың керегін беріп, риза қылу. Үлес жергілікті жер мекемелерінің шаруа түріне (малға, егінге) лайықтап шығарған мөлшерімен учредительное собрание құрған негізге тіреліп берілу.
Жер билігі жергілікті мекемелерде (обласной, үйезный, земство жер комитеттерінде) болу.
Қазақ осы күні қай жерде отырса, содан жер алу. Қазаққа жер берілгенде əлеуметке (ру, ауыл, болысқа) деп беру. Əлеумет ішінде жерді тең пайдалану.
Солдаттық мəселесі.
Дайын əскер ұстау, бірте-бірте бақылаушылыққа (жалпы жұрт күзетшілігіне) айналу. Солдаттыққа алынған кісі елінен, жерінен аулаққа кетпей, шаруадан бос уақытта əскерлік өнерін үйреніп, тұрған жерінде бақылаушы болу.
Жергілікті мекемелер.
Жергілікті мекеменің өрісі кең. Билік ауданы мол. Аздың ақысы кетпейтін, санға қарай кісі енетін болу.
Сот мəселесі.
Сот сайлаулы, түспейтін болу. Сот ісі əр жұрттың өз тілінде жүргізілу. Сот законын əр штаттың шығаратын өз мекемелері жасау.
Дін мəселесі.
Дін ісі мемлекет ісіне қатыспайтын болу. Діннің бəрі бірдей болу. Əр жұрт дін ісін өз қолына алу.
Жұмысшы мəселесі.
Бірте-бірте сегіз сағаттық жұмыскер күнін кіргізу. Кəсібі бір беткей таптар ұйымдасуға бостандық болу. Жұмыскерді қорғайтын мемлекет заңы болу.
ОҚУ мəселесі.
Жалпы міндетті оқу болу. Мемлекет қазынасынан жалпы жұрт оқуына жұмсалатын ақша қай тілде оқытатын оқу ордасы болса да, алаламай бірдей берілу. Бастауыш пен ортаның, орта мен жоғарының арасында жалғау болу.
Бас бостандығы.
Сотсыз ешкім тінтілмей, тұтқынға алынбай, жазалы болмай, бос болу. Тұтқынға алынған кісіге бір сөткенің ішінде кінəсін мойнына қою. Əйтпесе, тұтқан кісі жауапты болу.
Жиылыс бостандығы.
Хəкімнен рұқсат сұрамай, мейлі далада, мейлі үйде топ жинап, əр түрлі мəселелер жайынан кеңесуге əрбір адам еркін болу.
Баспасөз бостандығы.
Хəкімнен қысымшылық көрмей, рұқсат сұрамай, газет, кітап, жарнамалар басып таратуға əрбір адам ерікті болу. Баспасөз бостандығы баслғанда цензура (сөз аңду) болмау. Ауызша яки баспасөзбен кірлеу, сөгу, өсектеу, кісі өлтіру секілді жұмысқа сот алдында жауапты болу.
Жүру-тұру бостандығы.
Паспорт алу міндетті болмай, ешбір кедергі көрмей, əр адам бір жерден екінші жерге баруға ерікті болу.
Одақтасу бостандығы.
Көпке бірдей мақсаттарына жету үшін қосылушылар еш рұқсат сұрамай одақтаса беру.
Осы көрсеткен жоспарды қазақ халқының алдына салып, «Алаш» партиясынан сайланатын депутаттар топқа түсіп, тартысатынының қысқасы осы дейміз.
Ұйым азаматтары көбейіп келеді. Зорлық көрген қара бұқараға көзін тігіп, мұңын шағатын көрінеді. Соның қолын жеткізсең, біздің тиегіміз сол.
«Талап» ұйымының хатшысы Сəлімғазы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *