Алаштың азаматтарына
Біз қырғыз, қазақ халқы бұл заманға шейін көшпелі болып келуіміз себепті арамызға оқу таралмады, надан қалып оқудың қадірін білмей келдік. Шала хат танудан артық оқуды еш керек қылмадық. Сол себепті дін кітаптарымызды жете оқып дінімізді сақтарлық болмадық.
Дүние ғылымын жақсы оқып, низам жөнін біліп тіршілігімізді, қазақшылығымызды сақтарлық болмадық. Жеріміз кең, дүниеміз мол, төрт түлік малымыз сай болып тұрған уақытта жомарт болдық. Қонақшыл кең пейілді болдық, бірақ бұл жомарттығымызды орынды жерге – ғылым жолына жұмсай алмадық. Бізден басқа орнықты елдердің көзі ашық, ғақылы толық жомарт байлары əр жерге медресе, мектеп салдырып мұғалім, мүдəріс алдырып, өз халқының балаларын оқыттырып, көзін ашып, ғылым тараттырып жатқанда қайыр-садақаларын осындай дініне, аулына пайдасы тиетұғын жерге жұмсап жатқанда біздің қайырсадақаларымыз ел аралаған қызылбастардың, өтірік қожалардың, өтірік сейттердің тамақтарын асырауға жұмсалып жүрді. Медресе салдыралық, мүдəріс алдыралық, балаларымызды оқыталық, арамызға ғылым таралсын деген адам аз болып жүрді.
Дұрыстық арасында айырма бар ма, жоқ па?! Соны тексеру керек! Қысқа сөзбен мысал қылып айтқанда дін əттең барып жетсем-ау деп қаланған бір орын, шариғат соған барып жетудің жолы. Көзделген орынға барып жету үшін жолға шыққан адамға қанша аспап керек? Мысалы, ат, тон, азық-түлік басқаша түрлі нəрселер керек болғаны сықылды бұл дін жолында да неше түрлі аспа, неше түрлі тармақ жолдардан жүруге керек! Діннің тармақ жолдары:
Бірінші, адам балалары өздерін жоқтан бар қылған бір құдайға құлшылық қылу һəм кəпірліктен жандарын жазалау жолын бұл жан тазалау үшін Құдай тағаланың бұйырған істерін иман, намаз, ораза, басқа осындай парыз істер. Тəңірінің қосқан мұндай істерін қылуды біздің қазақтың көбі құлшылық деп жүргізеді. Арабша «ғибадат» деп айтылады. Құдай тағаланың жан тазалау үшін қосқан я тыйған істерін «ғибадат» жолы деп айтуға болады.
Екінші, жалғыз ғана жанды тазалап отырумен дүние, ақирет бақытына жетіп болмайды. Дүниеде жақсы тіршілік қылып жəне ақиретке керек нəрселерді даярлау үшін Құдай тағала бізге сендердің пайдалануларың үшін жерде болған нəрселердің бəрін де жоқтан бар қылдым дейді. Құдайдың жеуге жаратқан нəрселерінен пайдалану турасында адам балалары арасында бір-бірінен күндесу, озысу туады, бұдан тартыс-талас туып аяғында күштінің күшсізге, көптің азға қылатын зорлық-зомбылығы келіп туады. Осындай əділетсіздікті тыйып, дұрыстықпен төре қылу үшін діннің жаза, уа хүкім жолы бар. Арабша «Ғахобат» делінеді.
Үшінші, адам балаларын Құдай тағала даладағы аң сықылды бірбірінен үркіп, қашып жүретұғын қылып жаратпаған. Бір-біріне ілесетұғын, араласып тіршілік ететұғын қылып жаратқан. Бұл араласудан туатұғын алыс-беріс осы сықылды көп істер турасында туралық, дұрыстықты көрсететұғын дін жолы «Мағамлат» деп айтылады. Мұнан басқа да үлкен-кіші жолдары болса да бұл орында сөзді ұзартпадық.
Діннің мұнда сөйленген үш жолының бастапқы «ғибадат» жол өзгермейді. Тас сықылды қатып қалған деп айтуға сияды. Себебі, намазды парыздықтан шығарып, мысхатыптыққа түсіруге, екі жəне төрт бас парыз намаздардың бір басын кемітуге болмайды. «Ғахобат», «Мағамлат» жолына келсек, тастай қатқан яки шіріген ағаштай қуарған емес, бəлки жылды жапырақ шығарып, жасарып тұратұғын жас ағаш сықылды деп айтуға керек. Бұл екеуі заманның орнына, тіршіліктің ағымына қарай өзгеріп тұрады. Бұған дəлелдікке пайғамбарымыз Мұхаммед ғалайссаламның «хакімдер орнына, заманына қарай өзгереді» деген мағынада сөйлеген «хадисі» жетеді. Жəне бүтін мұсылман ғалымдарының қол қойысқан… статьялар да бар. Соның үшін тас сықылды қатып қалушылықты дін, шариғат үстіне аудару хақысыздық, дін, шариғаттан хабарсыздық. Болмаса заманасына қарай шариғатты жүргізбегендері үшін тас сықылды қатып қалу жазасы замана мұсылмандары һəм ғалымдары үстіне аударылуға тиісті. Шариғат ол кемшіліктен таза.
Мұғалім Сəрсекеев.