ЭРОТ
Сұлу Афродита әлемге патшалық етедi. Найзағай құдайы Зевс сияқты, оның да өз қолқанаты бар: өз өкiмiн солар арқылы жүргiзедi. Бұл шабарман – көңiлдi, шалдуар, зұлым, ал кейде қатығез бала, Афродитаның ұлы Эрот. Эрот өзiнiң жарқылдаған алтын қанаттарымен желпiп өткен жел сияқты жеңiл, тез қимылдап, жер мен теңiздер үстiнде жүйткiп жүредi. Оның қолында – кiшкентай алтын садақ, ал иығына асып алған қорамсағы бар. Бұл жебелерден ешкiм де құтылмақ емес. Эрот нысанаға мүлт жiбермей тигiзедi, мерген ретiнде ол атышулы Аполлонның өзiнен кем түспейдi. Эрот оғын нысанаға дәл тигiзген кезде, оның көзi шаттық ұшқынын шашып, бұйра басын мақтанышпен асқақ көтередi де, қатты қарқылдап күледi.
Эрот жебелерi қуаныш пен бақыт сыйлайды, бiрақ жиiжиi азап, махаббат күйiнiшi мен тiптi қаза да әкеп жатады. Алтын шашты Аполлонға керек десеңiз, бұлт айдаушы Зевстiң өзiне де бұл жебелер аз азап тарттырған жоқ.
Зевс Афродитаның ұлы әлемге қаншама қайғы мен зұлымдық әкелетiнiн жақсы бiлдi. Ол оның туған кезiндеақ өлтiрiлуiн қалаған едi. Бiрақ анасы бұған қайдан жол бересiн? Ол Эротты ит тұмсығы өтпейтiн қалың орманға жасырып тастады. Сөйтiп, ну орманда сәби Эротты қаҺарлы екi ұрғашы арыстан сүтiмен асырады. Эрот ер жеттi, мiне, ол жасөспiрiм, бозбала, бүкiл әлемдi шарлап, өз жебелерiмен дүниеге бiрде бақыт, бiрде қайғы, бiрде игiлiк, бiрде зұлымдық себумен келедi.