НАРЦИСС
Овидийдiң «Метаморфоза» поэмасы бойынша баяндалған.
Кiмде-кiм алтын шашты Афродитаны қадiрлемесе, кiмде-кiм оның сыйынан бас тартып, ыңғайына көшпесе, ол адамды махаббат құдайы аяусыз жазалайды. Ол өзен құдайы Кефис пен үр қызы Лаврионаның ұлы, сұлу болғанмен, суық, өркөкiрек Нарцисстi осылайша жазалады. Нарцисс жалғыз өзiнен басқа ешкiмдi сүймейтiн, тек өзiн ғана сүюге лайық деп есептейтiн. Бiрде ол қалың орманда аң аулап жүрiп адасып кетедi де, оны хор қызы Жаңғырық көрiп қояды. Хор қызы Нарциспен өзi сөйлесе алмайтын едi. Оған әйел құдай Гераның қарғыс жазасы тиген-дi: хор қызы Жаңғырық үндемеуге тиiс болатын, ал қойылған сұраққа ол тек сұрақтың соңғы сөздерiн ғана қайталап жауап бере алатын едi. Ну орманның тасасында тұрған Жаңғырық сымбатты сұлу жас жiгiтке сұқтана көз тiктi. Нарцисс жан-жағына қарап, қай бағытқа жүрерiн бiлмей:
– Ей, мұнда кiм бар? – деп айқай салды.
– Кiм бар! – деп үн қатты Жаңғырық.
– Мұнда кел! – деп айқайлады Нарцисс.
– Кел! – деп жауап бердi Жаңғырық.
Сұлу Нарцисс таң қалып, жан-жағына көз салды.
Ешкiм жоқ. Бұған аң-таң болған ол:
– Мұнда, тезiрек маған кел!– деп қатты айқайлады.
– Маған кел! – деп көңiлдене үн қатты Жаңғырық. Қос қолын соза хор қызы орманнан Нарцисске қарай жан ұшыра жүгiрдi, бiрақ сұлу жас жiгiт оны ызалана кеудесiнен итерiп тастады. Ол хор қызынан iзiнше аулақ кеттi де, қараңғы орман iшiне енiп көзден таса болды.
Махаббаттан жәбiр көрген хор қызы да ну орманға тығылды. Ол Нарцисске деген махаббатынан азап шегедi, ешбiр жанның көзiне көрiнбейдi, бақытсыз Жаңғырық тек әрбiр шыққан дауысты ғана көңiлсiз қайталай бередi.
Ал Нарцисс болса, бұрынғысынша өзiн ғана сүйген тәкаппар күйiнде қала бердi. Ол жұрттың бәрiнiң махаббатын тәрк етiп, талай хор қызын бақытсыздыққа душар етедi. Мiне, сол кезде Нарцисс ұнатпаған хор қыздарының бiрi қатты қорланып:
– Сен де ғашық бол, Нарцисс! Бiрақ сен сүйген адам саған ешқашан қарамасын! – деп қарғайды.
Хор қыздарының тiлегi орындалды. Нарцисстiң берген сыйды қабылдамай қойғаны үшiн махаббат құдайы Афродита қатты ашуланып, оны аямай жазалады, көктемде аң аулап жүрген кезiнде Нарцисс бұлаққа келiп, су iшпек болды. Бұған дейiн бұл бұлақтан бiрдебiр бақташы, бiрде-бiр таутеке су iшкен жоқ едi. Бiрдебiр сынық бұтақ құлап түскен жоқ-ты оған. Тiптi жел де оған жайқалған гүлдердiң жапырағын үрлеп әкелмеген. Оның суы таза, мөп-мөлдiр едi. Төңiректегiнiң бәрi: жағалаудағы бұталар да, тiп-тiк болып өскен сымбатты кипаристер де, көгiлдiр аспан да бұлақ бетiнен айнадағыдай көрiнетiн. Нарцисс судан шығып тұрған тасқа қолымен сүйендi де, бұлаққа еңкейдi, сөйтiп бұлақтан өзiнiң ғажайып сұлу бейнесiн көрдi. Мiне, Афродитаның жазасы оны нақ осы жерде тапты. Ол судағы өз бейнесiне таң қала көз тiгiп, бойын күштi махаббат сезiмi биледi. Ол өзiнiң судағы суретiне сүйсiне түседi, оны өзiне шақырады, оған қолын созады. Нарцисс айнадай мөлдiр суға еңкейiп, өз бейнесiн сүйгiсi келедi, бiрақ ерiндерi тек бұлақтың мұздай, мөлдiр суын ғана өбедi. Нарцисс бәрiн де ұмытадыө бұлақтан кетер емесө көз алмастан өз бейнесiне сүйсiнумен болады. Тамақты да, ұйқыны да ұмытады. Ақыры, әбден азап шегiп, қажыған Нарцисс өз бейнесiне қол созып:
– Оу, кiм осынша көп азап шегедi! Бiздi тау да, теңiз де емес, тек су ғана бөлiп тұр ғой, әйткенмен екеумiз бәрiбiр бiр бола алатын емеспiз. Шықшы бұлақтан, шыға көр! – деп алқынады.
Нарцисс судағы өз бейнесiне қарап, ойға шомады. Кенет оның басына сұмдың бiр ой сап ете түседi, суға еңкейiп, өз бейнесiне сыбырлайды:
– О, қасiрет! Мен өзiме-өзiм ғашық болып қалдым ба деп қорқамын! Өйткенi сен менiң өзiмсiң ғой! Мен өзiмдi сүйедi екенмiн. Ендi көп ғұмырым қалмағанын сезiп тұрмын. Жаңа-жаңа гүл атып келе жатқанда соламын да, қапастағы шейiттер патшалығына өтемiн. Өлiм менi қорқытпайды, ажал қайта махаббат азабынан құтқарады.
Нарцисстiң әлi құрып, өңi бозарып, өлiмнiң жақындап қалғанын да сезедi. Бiрақ, сонда да, өз бейнесiнен көз ала алмайды. Нарцисс жылайды. Оның көз жасы бұлақтың мөлдiр суына тамады. Судың айнадай бетiнде иiрiмдер пайда болып, оның сұлу бейнесi жоғалып кетедi. Үрей билеген Нарцисс:
– Оу, сен қайда кеттiн! Қайтып кел! Қалшы осында! Менi тастап кете көрме: оның қатыгездiк болады ғой. О, саған тағы бiр мәрте қарауға мұрсат бершi! – деп айқайлайды.
Мiне, су қайтадан тынышталып, бейне қайта пайда болады, Нарцисс тағы да оған көз алмастан қарайды. Ол ыстық күннiң нұрымен гүлдегi шық қалай ерiсе, солай ерiп барады. Бақытсыз хор қызы Жаңғырық та оның қандай азап шеккенiн көрiп тұр. Ол Нарцисстi бұрынғысынша сүйедi. Нарцисстiң азабы оның жүрегiн шымырлатады.
– О, қасiрет! – деп айқайлайды Нарцисс.
– Қасiрет! – деп жауап қатады Жаңғырық. Ақырында әбден азап шеккен Нарцисс өз бейнесiне қарап:
– Хош бол! – деп әлсiз дауыспен үн қатты.
– Хош бол! – деген Жаңғырықтың жауап үнi одан да ақырын шығып, әрең-әрең естiледi.
Нарцисстiң басы жағалаудағы жасыл шалғынға иiлдi де, жанарын өлiк түнегi жапты. Нарцисс осылай үзiлiп кеттi. Орманда жап-жас хор қыздары жылап жатты, Жаңғырық та көз жасына ерiк бердi. Хор қыздары жас Нарцисске қабiр әзiрлеген едi, бiрақ олар жiгiттiң мүрдесiн iздеп кеп, таба алмады. Нарцисстiң басы иiлген жерге аппақ хош иiстi гүл – өлiм гүлi өсiп шықты. Бұл гүл содан берi нарцисс деп аталады.