ГЕФЕСТ

ГЕФЕСТ
Зевс пен Гераның ұлы – Гефест от тәңiрi, ұстақұдай, темiр соғуда онымен ешкiм тең түсе алмайдыө Олимпте ол әлжуаз және ақсақ бала болып туған едi. Өңсiз, әлжуаз ұлды көрсеткен кезде ұлы Гера қатты шамданды. Ол нәрестенi көтерiп ап, Олимптен төмендегi алыс жерге лақтырып жiбердi.
Бақытсыз бала әуеде ұзақ ұшып, ақыры ұшы-қиырсыз теңiз толқынына келiп құлады. Теңiздiң әйел құдайлары – ұлы Мұхиттың қызы Эвринома мен теңiз абызы Нерейдiң қызы Фетида оны аяп, қатты мүсiркедi. Олар теңiзге құлаған кiшкентай Гефестi көтерiп алып, ақ көбiктi Мұхиттың терең суының астына алып кеттi. Сондағы көгiлдiр үңгiрде олар Гефестi тәрбиелеп өсiрдi. Гефест құдай сиықсыз, ақсақ, бiрақ қолы күштi, кең кеуделi, жуан мойынды қарулы жiгiт болып өстi. Ал ұсталық өнерде ол қандай ғажайып шебер болды десеңiзшi! Өзiнiң тәрбиешiлерi Эвринома мен Фетидаға ол алтын мен күмiстен көптеген тамаша әшекейлер соғып бердi.
Гефест өз анасы, әйел құдай Гераға деген ашу-ыза, өкпесiн жүрегiнде ұзақ уақыт сақтап жүрдi де, ақырында, Олимптен тастап жiбергенi үшiн одан кек алуға ұйғарды. Ол алтыннан ғажайып орынтақ соқты да, оны анасына сыйлық ретiнде Олимпке берiп жiбердi. Ғажайып сыйлықты көрiп, найзағай құдайы Зевстiң жұбайы керемет қуанды. Шынында да, мұндай ғажайып әдемi орынтаққа тек құдайлар мен адамдардың патшасы ғана отыруға лайық едi. Бiрақ, о сұмдық! Гераның орынтаққа отыруы мұң екен, оны мызғымас құрсаулар орап алды. Гера орындыққа таңылып қалған болып шықты, құдай бiткен көмекке ұмтылды. Бiрақ бәрi бос әурешiлiк болып шықты: олардың ешқайсысы падиша Гераны босата алмады. Құдайлар ендi бұл орынтақты сомдап соққан Гефест қана өз анасын босата алады деп ұйғарды.
Олар сол сәтте-ақ Герместi ұста құдайға жұмсап жiбердi. Гермес әлемнiң шетiне, Мұхит жағалауларына құйындай ұйтқып ұша жөнелдi. Жер мен теңiздiң үстiнен қас қаққанша ағып өтiп, Гефест жұмыс iстеп жатқан үңгiрге келдi. Ол Гефесттi өзiмен бiрге биiк Олимпке барып, падиша Гераны босатып алуға ұзақ үгiттедi, бiрақ ұста құдай бұдан үзiлдi-кесiлдi бас тартты: ол анасының өзiне жасаған қиянатын ұмытқан жоқ едi. Бұған Герместiң жалынып, жалбарынуы да әсер ете алмады. Осы кезде Гермеске шарап құдайы – Дионис көмекке келдi. Ол шат күлкiмен, Гефестке хош иiстi шарап құйылған тостағанды бiрiнен соң бiрiн бере бердi. Гефест мас болып қалды, ендi оған не iстесе де, қайда ертiп барса да болатын едi. Гермес пен Дионис Гефесттi есекке отырғызды да, Олимпке қарай алып жүрдi. Гефест есектiң үстiнде шайқалақтап қояды. Гефестiң айналасында шырмауық желегiн оранып, қолдарына тирс37 ұстаған менадалар38 көңiлдене би билеп келе жатты. Мас сатирлер ебедейсiз секiрiп жүрдi. Шыбық шырақтардан түтiн шалқып, тимпандардың39 үнi қатты естiлдi, дабылдар безек қақты. Ал бәрiнiң алдында жүзiмнен гүлдесте таққан және қолына тирс ұстаған Дионис келедi. Шеру көңiлдi келе жатты. Ақырында олар Олимпке де келiп жеттi. Гефест анасын қас қаққанша-ақ азат еттi, ендi ол өз ренiшiн ұмытқан едi.
Гефест Олимпте тұрып қалды. Ол құдайларға алтын сарайлар тұрғызып бердi және өзiне де алтын, күмiс, қоладан сарай салып алды. Онда Гефест әйелi, сымбаттылық пен әдемiлiк құдайы, сұлу, жылы жүздi Харитамен бiрге тұрады. Гефестiң ұста дүкенi де сол сарайдың iшiнде, ол уақытының көбiн сонда өткiзедi. Ұста дүкенiнiң ортасында орасан үлкен тас тұр, бұрышта лаулаған от, пеш пен көрiк. Бұл көрiктер бiр түрлi ғажап: оларды қолмен қозғаудың керегi жоқ, олар Гефесттiң ауызша айтқан әмiрiне бағынады. Ол тiл қатса-ақ болғаны, көрiктер өз-өзiнен желге толып, пеште от лаулап жана бастайды. Ұста құдай терге малшынып, шаң мен күйеден қап-қара болып, жұмыс iстеп жатады. Гефест қандай ғаламат нәрселердi жасап шығарады десеңiзшi: мұнда мықты қару-жарақ та, алтын, күмiс әшекейлер де, тостақтар мен құмыралар да, алтын доңғалағымен өздерi жүрiп тұратын үш аяқты тұғыр да бар.
Жұмысын бiтiрiп, хош иiстi ваннада тер мен күйесiн жуып, тазарғаннан кейiн Гефест ақсаңдап, өзiнiң әлсiз аяқтарын шатқаяқтай басып әкесi, найзағай құдайы Зевске, құдайлар тойына келе жатады. Жылы жүздi, iзгi жанды ол Зевс пен Гера арасында бұрқ ете түсуге әзiр тұрған ұрыс-керiстi жиi-жиi басып тастап отырады. Ақсақ Гефестiң той дастарқанын айналып, қиқалаңдай басып, құдайларға хош иiстi шәрбат құйып жүргенде құдайлар ерiксiз күлiп жiбердi. Күлкi құдайларға ұрыскерiстi ұмыттырады.
Дегенмен, Гефест құдай қаҺарлы да бола алады. Оның от жалынының күшiн, орасан зор балғасының қорқынышты, қуатты соққыларын талайлар байқаған. Тiптi Троя түбiндегi буырқанған Ксанф пен Симоис өзендерiнiң толқындарын Гефест өз отымен бағындырған болатын. ҚаҺарына мiнгенде ол сом балғасымен құдiреттi титандарды да жайратқан.
От құдайы, аса шебер ұста Гефест шынында ұлы едi: ол жылылық пен қуаныш сыйлайды, қайырымды, түсi де игi. Сөйте тұра қатаң жаза да бере алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *