АФРОДИТА, ЭРОТ ЖӘНЕ ГИМЕНЕЙ
АРЕС
Соғыс тәңiрiсi, қаҺарлы Арес – найзағай құдайы Зевс пен Гераның ұлы. Зевс ұлын қанқұмарлығы үшiн жақсы көрмейдi. Егер Арес туған баласы болмаса, ол оны әлдеқашан-ақ титандар торығып жатқан қара түнек Тартарға тастап жiберген болар едi.
Мейiрiмсiз қатыгез Арестiң жүрегiн тек кескiлескен шайқастар ғана қуанышқа бөлейдi. Буырқанып бұрсанған ол жарқыраған қару-жарағымен, орасан зор қалқанымен қарулардың шыңылы, шайқастардың айқай-сүреңi мен қырыл-сырылы арасында жүйткiп жүредi. Оның соңынан қарсыластарына үрей мен қорқыныш әкелетiн ұлдары Деймос пен Фобос, ал жанында араздық тәңiрiсi Эрида мен өлiм себетiн әйел құдай Энюо ерiп жүредi. Шайқас шайқасқа ұласады, жауынгерлер ыңыранып құлап жатады, Арес болса қуанып құлшына түседi. Өзiнiң сұмдық семсерiмен жауынгердi мерт қылып, ыстық қаны жерге төгiлген кезде Арес мәз-мәйрам болады. Ол ешкiмдi танымайды да, таңғалмайды, тек семсерiн оңды-солды сiлтей бередiө қатыгез құдайдың маңы өлiкке толып қалады.
Арес сұмдық ызақор, қаҺарлы-ақ, әйткенмен әрдайым жеңiске де жете бермейдi. Арестiң шайқас даласында Зевстiң жаугер қызы Афина Паллададан жиi-жиi жеңiлуiне тура келедi. Қыз Арестi даналығымен және өз күшiне деген байыпты сенiмiмен жеңедi. Егер өздерiне Афина Паллада көмектесе қалса, Арестi ет пен сүйектен жаралған адамдардан шыққан батырлар да жеңiп кететiн кез аз болмайды. Мәселен, батыр Диомед Троя түбiнде жез найзасымен Арестi оқсата шанышты. Оның найзасын Афинаның өзi бағыттап бердi. Жаралы құдайдың сұмдық даусы жер-көктi тiтiреттi. Мыстан соғылған қару-жарағы бар Арес жарасының жанына батқаны соншалық, жалғыз өзi қиян-кескi шайқасқа кiрiскен он мың жауынгер бiрден айқай салғандай дауыс шығарды. Гректер мен трояндар қорқыныштан қалтырап, дiрiл қағысты, ал құтырынған Арес үстi-басы қан жоса болып, қара бұлтқа оранған күйi, Афинаның үстiнен шағым айту үшiн әкесi Зевске қарай самғай жөнелдi. Бiрақ Зевс оның шағымына құлақ асқан жоқ. Өйткенi ол тек алауыздықты, шайқастар мен қырғынды ғана ұнататын ұлын жақсы көрмейтiн.
Тiптi Арестiң зайыбы, әйел құдайлардың iшiндегi ең сұлуы Афродитаның өзi де шайқастың қызған кезiнде Афинамен беттесiп келiп қалған күйеуiне көмекке келсе де, бәрiбiр найзағай құдайы Зевстiң сүйiктi қызы жеңiп шығады. Жаужүрек Афина бiр ұрғанда-ақ махаббаттың сұлу құдайы Афродитаны жер қаптырады. Мәңгi жас, ғажайып сұлу Афродита көз жасын төге Олимпке көтерiледi, ал оның соңынан масаттанған күлкi мен Афинаның масаттанған күлкiсi мен мазақтаған үнi естiлiп жатады.
АФРОДИТА33
Нәзiк те, жеңiлтек әйел құдай Афродитаға қанды шайқастарға араласу қол емес. Ол құдайлар мен адамдардың жүрегiнде махаббат сезiмiн оятуға тиiс. Осының арқасында ғана бүкiл әлемге билiк жүргiзедi.
Оның әмiрiнен ешкiм де, тiптi, құдайлар да қашып құтыла алмайды. Тек Афина, Гестия және Артемида ғана оның құдiретiне бағынбайды. Сұңғақ бойлы, талдырмаш, толған айдай ару, әсем басында тәж сияқты болып көрiнетiн майда толқынды алтын шашы бар Афродита – сұлулық пен мәңгi жастық шақтың бейнесi тәрiздi. Жүзi жайнап, хош иiстi киiмдерiн киiп Афродита келе жатқан кезде күн де нұрын молырақ төгедi, гүлдер де ерекше құлпырып кетедi. Жабайы аңдар ну орман iшiнен оған ызғып келедiө құстар да топ-тобымен ұшып келiп жатады. Арыстандар, қабыландар, барыстар мен аюлар оған еркелеп тұрады. Өзiнiң ғажайып сұлулығын мақтан еткен Афродита жабайы аңдардың арасымен жайбарақат жүрiп келе жатады. Оған серiктерi, әсемдiк пен әдемi қимылдың әйел құдайлары бапкер күтушiлер (орылар) мен хариталар қызмет етедi. Олар әйел құдайды әлем-жәлем әсем киiндiрiп, алтын шаштарын тарайды, басына жарқыраған асыл тастары бар тәж кигiзедi.
Уранның қызы Афродита Кифера аралының маңында, ақ көбiктi теңiз толқындарында туған. Майда ескен самал жел оны Кипр34 аралына алып келдi. Онда теңiз толқындарынан шыққан махаббаттың әйел құдайын жас өспiрiм бапшылар (орылар) қоршап алды. Олар Афродитаға алтыннан тоқылған киiм кигiзiп, хош иiстi гүлдерден өрiп шiр тақты. Афродита жүрiп өткен жердiң бәрiне гүл өсетiн. Сөйтiп, ғажайып әйел құдайды Олимпке бастап алып жүредi. Құдайлар жамырай құттықтап жатты. Сол кезден берi мәңгi жас, әйел құдайлардың iшiндегi ең сұлуы, алтын шашты Афродита Олимпте құдайлардың арасында тұрып жатыр.