АДОНИС

АДОНИС35

Овидийдiң «Метаморфоза» поэмасы бойынша баяндалған.

Бiрақ Нарцисстi осылайша жазалаған махаббат құдайының өзi де сүйiспеншiлiк азабын тартты. Ол да өзi сүйген Адонистi жоқтап көз жасын көл қылды. Афродита Кипр патшасының ұлы Адониске ғашық болған едi. Сұлулық жағынан оған пенде баласынан ешкiм де тең келмейтiн, ол тiптi олимпиялық құдайлардан да сұлу болатын. Афродита ол үшiн Патмосты да, гүлденген Кифераны да ұмытты. Адонис тiптi сәулеттi Олимптен де сүйкiмдi едi. Ол бар уақытын бозбала Адониспен бiрге өткiзетiн. Артемида қыз сияқты, Афродита онымен бiрге Кипрдың таулары мен ормандарынан аң аулайтын. Өзiнiң алтын әшекейлерiн, тiптi, өзiнiң сұлулығын да ұмытып кеттi ол. Аптап ыстықта да, жауын-шашынды күндерде де ол қорқақ қоян, үркек бұғылар мен киiктердi аулайтын, бiрақ қаҺарлы арыстандар мен қабандарға батылы бармай-ақ қойған. Ол бақытсыз оқиғаға тап болып қалмауы үшiн Адонистен де арыстандарды, аюлар мен қабандарды ауламауды өтiнедi. Әйел құдай патша ұлымен сирек ажырасатын, оны жалғыз тастап бара жатқан әрбiр жолы өз өтiнiшiн мұқият есте сақтауды сұрайтын.
Бiрде аң аулау кезiнде Адонистiң иттерi орасан зор қабанның iзiне түстi. Олар аңды жатқан жерiнен тұрғызып алды да, абалай үрiп, қуа женелдi. Адонис бұл сияқты мол олжаның кездескенiне қатты қуандыө алайда өзiнiң аңға шығуының ақыры осы екенiн сезген жоқ. Иттердiң үрген даусы жақындай түстi, мiне, бұталардың арасынан орасан зор қабанның тұрпаты да көзге шалынды. Адонис ызалы аңды найзасымен түйреп өтуге әзiрленген едi, қабан оған тұтқиылдан тап берiп қанжардай өткiр азуларымен Афродитаның сүйiктiсiн өлiмшi етiп жарақаттады. Адонис осы сұмдық жарадан қайтыс болды.
Адонистiң қазасын естiген Афродита қалың қайғыға шомды. Сүйiктiсiнiң денесiн iздеп Кипр тауларына кеттi. Афродита құлама тау бөктерлерiн, қараңғы шатқалдарды, терең құздардың жағалауларын кезiп жүрiп келе жатты. Үшкiр тастар мен ағаш бұталары әйел құдайдың нәзiк аяғын жаралады.Әйел құдай жүрiп өткен жердiң бәрiнде оның аяғынан аққан қан iзi қалып отырды. Ақырында Афродита Адонистiң денесiн тапты.
Ол қыршын кеткен сұлу жiгiттi жоқтап, зар жылады. Оның есiмi мәңгi сақталуы үшiн әйел құдай Адонистiң қанынан нәзiк анемон гүлi өсiп шықсын деп бұйырды. Ал әйел құдайдың жаралы аяғынан қан тамған жердiң бәрiнде Афродитаның қаны сияқты алқызыл раушан гүлдерi өсiп шықты. Найзағай құдайы Зевс махаббат құдайының қайғысына аяныш бiлдiрдi. Ол ағасы Аид пен оның әйелi Персефонаға жыл сайын Адонистi өлiлер патшалығынан жарық дүниеге жiберiп тұруға әмiр бердi. Сол кезден берi Адонис жарты жыл Аид патшалығында болады да, жарты жыл жер бетiнде әйел құдай Афродитамен бiрге өмiр сүредi. Жап-жас әйел құдайдың сүйiктiсi Адонис күннiң жарқыраған шуағына – жер бетiне оралған кезде, бүкiл табиғат шаттанып, бiр түлеп қалады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *