ӘЛЕМ МЕН ҚҰДАЙЛАРДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ

ӘЛЕМ МЕН ҚҰДАЙЛАРДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ
Құдайлар туралы, олардың алып дәулермен және титандармен күресi туралы мифтер, негiзiнен алғанда, Гесиодтың «Теогония» («Тәңiр тегi») дастаны бойынша баяндалған. Кейбiр хикаялар, сондай-ақ Гомердiң «Илиада» мен «Одиссея» қиссаларының және Рим ақыны Овидийдiң «Метаморфоза» («Айналу») поэмасынан алынған.

Әуел баста шетсiз-шексiз, мәңгiлiк қап-қараңғы үңiрейген кең қуыс қана едi. Яғни тiрлiктiң қайнар көзi сонда жатқан-ды. Барлығы да – бүкiл әлем мен мәңгi жасайтын құдайлар да шетi-шегi жоқ тап сол кеңiстiкте пайда болды. Жер құдайы әйел – Гея да содан жаралды. Өзiнде тiршiлiк етiп, өнiп-өсетiннiң бәрiне өмiр беретiн қуатты Жер ұшы-қиырсыз боп созылып жүре бердi. Ал Жердiң түу тереңiнде, бiзден көз жеткiзгiсiз кең де ашық аспан қандай қашықта болса, нақ сондай түпсiз тереңдiкте сұсты Тартар – мәңгi қара түнек, түпсiз терең шыңырау жаратылды. Хаостан дүниенiң бәрiн жандандыратын қуатты күш – Махаббат – Эрос та туды. Ұшы-қиырсыз Хаос мәңгiлiк Түнек – Эреб пен қараңғы Түн – Нюктаны дүниеге келтiрдi. Ал Түн мен Түнектен мәңлiк жарық – Эфир мен көңiлдi, сәулеттi Күн – Гемера пайда болды. Жарық бар әлемге жайылып, түн мен күн бiрiн-бiрi алмастыра бастады.
Қуатты, берекелi Жер түпсiз көгiлдiр Аспан – Уранды дүниеге әкелдi, сөйтiп Жер үстiнде көсiле көлбеп Аспан жатты. Жерден жаралған заңғар таулар аспанға асқақтай көтерiлiп, мәңгi буырқанып жататын шалқар Теңiз пайда болды.
Әлемге Уран – Аспан үстемдiк еттi. Ол өзiне зайып етiп нәрлi Жердi алды. Уран мен Геяның құдiреттi, қаҺарлы алыптар болып туған алты ұлы мен алты қызы болды. Олардың ұлы бүкiл жердi айналып ағып жататын Мұхит алып пен әйел құдай Фетида өз суларын теңiзге құйып жататын барлық өзендердi және теңiздiң әйел тәңiрiлерi – океанидаларды дүниеге келтiрдi. Ал титандар Гипперион мен Тейя дүниеге өз перзенттерi: Күн – Гелиосты, Ай – Сленаны және шырайлы таң шапағы – алқызыл саусақты Эосты (Аврораны) бердi. Астрей мен Эостан тұңғиық түнгi аспанда жарқырап тұратын жұлдыздар және үдей соғатын солтүстiк желi – Борей, шығыс желi – Эвр, дымқыл оңтүстiк желi – Нот және нөсер жауынды бұлттарды әкелетiн қоқыржай батыс желi – Зефир сияқты желдер пайда болды.
Құдiреттi Жер титандардан басқа үш алыпты – маңдайларында бiр-бiр көздерi бар жалғыз көздi дәулер – циклоптарды және елу басты, тау сияқты зор үш алыпты – жүз қолды гекатонхейрлердi дүниеге келтiрдi, бұлардың бұлай аталу себебi: әрқайсысының жүз қолы болатын. Олардың сұмдық күшiне еш нәрсе де төтеп бере алмайды, сұрапыл күштерiнде тiптi шек жоқ.
Уран өзiнiң алып балаларын жек көрiп алды, оларды әйел құдай Жердiң терең түнегiндегi қапасқа қамады да, жарыққа шығуына тыйым салды. Олардың анасы Жер азап шегумен болды. Қойнауына қамалған алапат ауыртпалық оны жаныштап жатты. Жер өз балалары – титандарды шақырып алып, әкесi Уранға қарсы бас көтеруге үгiттедi. Бiрақ балалар әкеге қарсы қол көтеруден қорықты. Тек ең кiшiсi зымиян Крон1 ғана айлақулығымен өз әкесiн құлатып, билiктi тартып алды.
Әйел құдай Түн Кронды жазалау мақсатында құдайлардың сұмдық бiр шоғырын: ажал – Танатты, араздық – Эрриданы, алдауын – Апатаны, жойғыш – Кердi, ауыр түс көргiзетiн ұйқы – Гипносты, қылмыс жасағаны үшiн кессе кешiрмейтiн – Йемесиданы және басқа толып жатқан зұлымдарды туды. Бұл құдайлар өз әкесiнiң тағына отырған Крон жаҺанға жан түршiгерлiк үреймен алауыздықты, алдау мен арбауды, қырқыс пен бақытсыздықты әкелдi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *