ҚИССА ХАТЫМТАЙ ЖОМАРТ
قصه خاتم طاى جومارت
Бисмиллаһи-рахман ир-рахим
Дүнияда Хатымтай болған екен,
Тұрған жері Арабстан болған екен.
Бұ дағы Пайғамбар Расул Алладан
Аз бұрын жомарттық қылған екен.
Хатымның заманында болған екен,
Қара арғымақ бір аты болған екен.
Бұл аттың айтайын сипаттарын,
Рағаддай ауазы болған екен.
Бұл арғымақ тым қара сұлу болған,
10. Жүргенде тым жылдам жорға болған.
Жорғасын салдырғанда арғымақтың
Ескен жел артынан кейін қалған.
Осындай тым жақсы жүгірік еді,
Суға кірсе балықтай жүзер еді.
Кісінесе білерсің көк күлтірей,
Осындай бір дана айғыр еді.
Хатымтай тым дана, жомарт болған,
Жомарттығы әр қалада мәшһүр болған.
Бірқатар жомарттығы Хатымтайдың
20. Үрімнің патшасына мағлұм болған.
Падиша хазіретіне есітілген,
Хатымтайдан жомарт жоқ мәсли болған.
Қарасаң арғымағы бір дүлдүлдей,
Мұндай жорға дүнияда бір болма[ған].
Осындай мадақты патша хазіреті
Есітіп уәзіріне бір сөз салды.
Айтыпты падиша хазіреті:
– Тілеймін Хатымнан осы атты.
Егерде ихсан қылып бере қалса,
30. Рас екен Хатымның жомарттығы.
Егерде бермесе бұ атты,
Бос екен жомарт де[ген] ауазы.
Осылайша бір дана уәзіріне
Хатымға барарға бұйрық салды.
Бұл уәзір тым дана зерек екен,
Қасына он кісі жолдас еткен [екен].
Осылайша елші болып барғанында
Қыс болып қар, жаңғыр жауған екен.
Қабила Тайға елші жетті,
40. Хатымтай ауылына келіп жетті.
Осында елші де рахат көріп,
Қанша нығметпенен хұдұр етті.
Осында Хатымтай қонақтарға
Бір атты бауыздады ет асарға.
Еттерін елшілер жеп болғаш,
Алтындар ихсан етті бұ заттарға.
Осылайша елшілер қонақ болды,
Бір күн өтіп екінші күн және болды.
Осында уәзір де сөйлей берді,
50. Падиша хазіретінің айтқан сөзді.
Уәзір айтты: – Келгенім сізге, тақсыр,
Сұлтаным атыңды сұрайды – бер.
Хатымтай бұ сөзді есіте салып,
Маст кәби бихұзыр болады бір.
Хатымтай осында бір айтады:
– Бұрын неге айтпадың бұл хабарды,
Жорғамды басы бүтін саған беріп,
Шат қылар едім мен көңілімді.
Уай, дариға, аяулы бұл жорғамды,
60. Кәбап қылдым сіз үшін бұ дүлдүлді.
Қазанға асарға сіз қонаққа
Кеше кеш сойып едім ол дүлдүлді.
Өткен күн сіз қонақ болған уақыт
Қой-түйемнен бірісі де қорамда жоқ.
Сіздерге ет асарға бір қарадан
Көзіме бұ жорға көрінді құп.
Осында тұрды да елші айтты:
– Соймасқа керек еді арғымақты,
Еттен басқа болса да нәрсеменен
70. Сыйласаң болар еді біз қонақты.
Хатымтай осында жауап берген:
– Ет жемей қонағым бір жатудан,
Ол жорғам қанша қимат болса дағы,
Артық көрдім қонағым бір тойғаннан.
Жарандар, дүнияда мен істерім,
Мәшһүр болсын дүнияда бәнім намым.
Атымның мәшһүрлігін тілемеймін,
Тілеймін дүнияда өзім намым.
Хатымтай осылайша сөзді тамам етті,
80. Елшілерге алтын менен киім берді.
Және де жолдарына аттар беріп,
Ұзатып қонақтарын құрмет етті.
Үрімнің падишасы мұны есітті,
Жорға сойып сыйлағанын һәм есітті.
Алтын киім, жылқы беріп ұзатқанын
Біле салып падиша тахсин етті.
Және де құлақ салың, ей, жарандар,
Хатымның мұндай ғажап қиссасы бар.
Бір заман Йеменнен келген уақыт
90. Тән-жанменен жомарттық қылғаны бар.
Бір әкім болған екен ол Йеменде,
Баяғы Хатым жомарт заманында.
Бұ әкім һәм және жомарт болған,
Сонда да жетпеген Хатымтайға.
Неге десең, Хатымтай бай болған,
Мұндай жомарт дүнияда бек аз болған.
Дүнияда мысалы Хатымтайдың
Бір жоқ деген сөздері рас болған.
Хатым айтқандай жомарт бопты,
100. Қолдары ақша шашқан жаңғыр кәби.
Мұны естіп Йеменнің ол әкімі
Ойлаған Хатымнан болам сақи.
Егерде Хатымды біреу айтса,
Жомарт деп мәжілісте мақтай қойса,
Бұ әкім осында хасад менен
Ыза болып көңілінен ашу ете.
Ол әкім хасаддан бір айтыпты:
– Хатымды не үшін мақтайсыз? – депті.
Мендей мемлекетке сұлтан емес,
110. Далада бір жатқан ғаріп, – депті.
Бұ әкім сарайында мәжіліс қылды,
Мәжілісінде һәр кісіні құрмет етті.
һәр адамның халіне лайық болған,
Мәжілісте өзі жүріп тағзым етті.
Бұ мәжілісте арадан біреу тұрып,
Хатымды мақтады дұға қылып.
Кейбіреу мәжілістен тұра салып,
Хатымды сөйледі жаман қылып.
Мәжіліс қылған ол әкім тұра келді,
120. Хатымға тым қатты хасад қылды.
“Хатымның қанын төгіп кел”, – деп,
Сол жерде біреуді тағин қылды.
– Неге десең, Хатымның заманында
Жомарттықта жете алмайым мен анларға.
Заманымда ол Хатым тірік болса,
Жомарттықпенен қалмайды атым мұнда.
Мұнан соң Балажой біреу кетті,
Тай қабиласының осында жолын тұтты.
Көріссе Хатымды өлтірмек болып,
130. Осылайша өзінен қиял етті.
Балажой осылайша барады енді,
Тай деген руға жетеді енді.
Хатымның ауылын білмегеннен,
Бір әдемі жігітке ұшырап сұрады енді.
Бұ жігіт Балажойға қарсы келді,
Ашық жүзді достықты изһар қылды.
Балажой бұ жігітті жақсы көріп,
Екеуі осында тамыр болды.
Балажой Хатымды білмеп еді,
140. Бұ жігіт Хатымтайдың өзі еді.
Сұлу бетті бір жігіт болған екен,
Ғалым, ақыл және де тәтті тілді.
Балажойды бұ жігіт қонақ етті,
Үйіне алып барып құрмет етті.
Балажойға құрметті қыла тұрып,
Құсыр еттім деп және де ғұзыр етті.
Осылайша Балажойдың көңілін алды,
Ізетті, құрметті қатты қылды.
Балажойдың мұратын білмегеннен,
150. Туысқандай өзіне тамыр қылды.
Бір кеше сахар уақты болып еді,
Балажойдың қолдарын келіп өпті.
– Қанша күндер біздерде қонақ бол, – деп,
Құрметті қылайын және, – депті.
Көңілдегідей құрметті қыла алмадым, –
Хатымтай айтады, – ай-а, жаным.
Балажой айтады ол жігітке:
– Рұқсат бер енді бізге, әй, қарағым.
Неге десең, бір үлкен керегім бар,
160. Іздеген дүниеде мұратым бар.
Хатымтай айтады Балажойға:
– Керегіңді бізге де айтқыл зинһар.
Мұратыңды егерде маған айтсаң,
Керегіңді табарға жәһд етсем.
Көңілім сол уақыт болар еді,
Керегіңді осынан тауып кетсең.
Балажой естіді Хатымтайдан
Осындай сөздерді шын көңілден.
Балажой айтады Хатымтайға:
170. – Сырымды айтайын көңілімден.
Тілеймін сіздерден енді мұнда,
һешкімге сырымды зинһар етпе.
Йеменнің әкімінің бұйрығыменен
Хатымды ізденіп келдім мұнда.
Әй, жігіт, Хатымды сұрайын енді,
Ауылы қайда Хатымның, айтың енді.
Хош құлықты Хатымтай күлімсіреп:
– Сұраудан мұрат не мұнда, – деді.
Балажой айтады сырларыны:
180. – Естіді Йеменнің падишаһы,
Жіберді біздерді бұл орынға,
Хатымның кесіп кел деп басыны.
Білмеймін бұ іске қандай себеп,
Кеткенін падишаның ашу қылып.
Осылайша жіберді бізді мұнда,
Хатымның басыны талап қылып.
Балажой айтады ол жігітке:
– Тілеймін Хатымды білдірмекке,
Хатымның мекенін бір айтсаңыз,
190. Болады ынтымақтық бұ достықта.
Хатымтай осында мұны есітті,
Күлімсіреп Балажойға енді деді:
– Хатым деген іздегенің мен боламын,
Қылышыңменен басымды кел, кес! – деді.
Тәнімнен басымды айырып ал,
Тілеуің болып осыдан патшаға бар,
Басымды кесе салып қараңғыда,
Байқамастан жылдам-ақ кетіп-ақ қал.
Егерде кетпесең жылдам мұнан,
200. Таң атқаш кетсеңіз егер мұнан,
Туған-туысқаным келе салып,
Бір зарар қылмасын сізге деймін.
Мұнан соң Балажой сырдан кетті,
Хатымның басыны ортаға қойды.
Хатымның осындай халін көріп,
Айғай салып осында жылап қойды.
Балажой Хатымды білгеннен соң,
Сасып қалды бұ жерде көргеннен соң.
Балажой бұ жерде жылай-жылай,
210. Қолын өпті Хатымның білгеннен соң.
Қылышын Балажой шығарды енді,
Шығарып бір жерге қойып еді.
Хатым да басын қойып түрегелді,
“Кесіңіз басымды” деп рұқсат берді.
Балажой Хатымға мұнда айтты:
– Қылышты қоймаспын саған, – депті.
Сеніңдей шарифтің ұжудына
Жәбір етпек біздерге обал, – депті.
Осылай деп Хатымның екі көзін,
220. Балажой келіп өпті мұнда өзін.
Мұнан кейін құшақтасып бір көрісіп,
Тұтты енді осында Йемен жолын.
Балажой Йеменге қайтып келді,
Халіні падиша сұрап білді.
– Не үшін Хатымның бір басыны
Кеспейін[ше] Йеменге қайттың? – деді.
Барғанда Хатымның ауылына
Төбелес қылды, муәли, сенга.
Сонда Хатымды жеңе алмайын,
230. Құры бос қайттың ба енді мұнда?
Осында Балажой жауап айтты,
Падишаның қасында тағзым етті.
Хатымның дұғаменен сәнасынан
Падишаға сөйледі мұнда енді.
Балажой айтыпты падишаға:
– Хатымды таптым мен бұл дүнияда,
Өнерлі, хош мінез, сұлу жүзді,
Осылайша таптым оны Тай елінде.
Ол Хатым тым жақсы жомарт екен,
240. Ақылды, тәмизлі дана екен.
Және де айтайын бір сипатын
Балуандықта біздерден абзал екен.
Хатымның жомарттық ауыр жүгі,
Екі қат ілді менің арқама.
Осындай бір дана жомарт екен,
Қояды қандай болса нығметтері.
Осылайша Балажой көп айтады,
Көргенін хазірет патшаға сөйлейді.
Мұндан соң Йеменнің падишаһы
250. Хатымға бұ жерде дұға етті.
Мұндан соң Йеменнің падишаһы
Мөһірлеп уәзірге ақша берді.
Ақшаны қалтаға махкам қылып,
Хатымның атына ихсан қылды.
– Ақшаны Хатымға алып бар, – деді,
Біздерден сәлемді сөйле, – деді.
Хатымның шүһрәті өз басына
Лайық-дүр не қылса да енді, – деді.
Мақтауға ол Хатым лайық екен,
260. Жомарттығы дүниеде рас екен.
Соның үшін бұ хатты ол Хатымға
Мөһірлеп есіміне ирсал етем.
Пайғамбар Расул Алла заманында,
Сахабалар Тай қабиласына барғанында,
Қабыл етпеген олардың кейбіреуі
Иманды андарке барғанында.
Олардан бірталай болған кісі,
Сахабалар қолына асир түсті.
Осында Пайғамбар Расул Алла
270. Қылышпенен кесерге бұйрық етті.
Тұтқын түскендердің арасында,
Бір қыз болған олардың ортасында.
Бұл қыз жалыныпты сахабаға:
– Мұсылмандар өлтірмесін бұ майданда.
Пайғамбар Расулдан тілей-дүрмін,
Азат қылсын, Хатымның қызы-дүрмін.
Сонда Пайғамбардың қасына келіп,
Айтыпты: – Азат қыл, Хатымның қызы-дүрмін.
Менің әкем дүнияда жомарт болған,
280. Пақырға бірталай азық болған.
Қысылған талайын азат қылған,
Тілеймін, иә, тақсыр, мен де сізден.
Мұндан соң пайғамбар Расул Алла:
– Зінжірді қолынан алың, – депті.
Зарарды қылмайын осы қызға,
Азат қылың осында қазір, – депті.
Пайғамбар Расулдың бұйрығыменен
Зінжірді алдылар қол-аяғынан.
Осылайша Хатымның ол қызыны
290. Сахаба бәрі де азат қылған.
Бұ қызды бұйрықпенен азат қылғаш,
Басқасын алдылар қарсы болғаш.
Мұндан соң Хатымның әлгі қызы
Жалладқа зар қылған мұны көргеш.
Қыз айтыпты осында ол жалладқа:
– Қылышты ұрыңыз менің басқа.
Тұқымым осында өліп қалса,
Абзал-дүр қылышты ұрған басқа.
Осылайша сөйлейді Хатым қызы:
– Достарым қалай болса мұнда, – дейді.
Көрейін достарым көргенін,
Өлейін анлар һәм өлсе, – дейді.
Осылай деп бұ қыздың сөйлегені
Пайғамбар құлағына есітілді.
Мұндан соң Пайғамбар Расул Алла
306. Бұ қыздан басқасын да азат қылды.
Тамам.