ҚАНАТТЫ АТТАР ХАҚЫНДАҒЫ НАНЫМДАР, ӘДЕТҒҰРЫПТАР МЕН АҢЫЗДАР

ҚАНАТТЫ АТТАР ХАҚЫНДАҒЫ НАНЫМДАР, ӘДЕТҒҰРЫПТАР МЕН АҢЫЗДАР
Шығыс Қазақстан мен Алтайдың көптеген қорым-обаларында алтын бетперде кигізіліп жерленген арғымақтар табылды.
Скифтер Көк Тәңіріне бағыштап аттарды құрбанға шалған. Бұл о дүниеде ұлы көсем ең жүйрік жануар – арғымаққа мініп жүруі тиіс деген нанымнан туған.

Құрбан аттары
Тайпа немесе ру көсемінің өлімі – қайғылы құбылыс. Бірақ бұл жаратылыстың табиғи заңдылығы болып табылатындықтан, адамдар марқұмның мәйітін жер қойнына жөнелтпес бұрын атқарылатын алуан түрлі ғұрып-жораларды ойлап тапқан.
Көптеген екі кісілік ескі молаларда, әдетте, ер мен әйелдің мәйітін көруге болады және олардың кім екендігі күмән тудырмайды да. Әрине, бұлар – көсем мен оның зайыбы. Өйткені, көнедегі көптеген халықтардың салттарында көсем өлгеннен кейін оның әйелін де (немесе, егер көп әйелі болса, солардың біреуін) өлтіру дәстүрі болған. Көсемді жерлеуге қатысты бұдан басқа да жоралар толып жатыр. Ол, негізінен, аттармен байланысты. Мәселен, Шығыс Қазақстан мен Алтайдың көптеген қорым-обаларында алтын бетперде кигізіліп жерленген арғымақтар табылды.
Скифтер Көк Тәңіріне аттарды құрбанға шалған. Бұл о дүниеде ұлы көсем ең жүйрік жануар – арғымаққа мініп жүруі тиіс деген нанымнан туған.
Берел қорғанында жерленген адам Күлтегін сияқты, көп теген шайқастарды өткерген ірі әскербасы екенінде дау жоқ. Ғұмырының әр кезеңінде сынып, қайта бітіп кеткен қабырға, омыртқа сүйектерінің сынықтары оның жауынгерлік ерлікте рін куәландырады. Жерленгендерге көгілдір інжу-маржанмен ызылып, алтынмен қапталған, ғажайып ою-өрнекпен кестелене тігілген сән-салтанатты киім кигізілген. Киімнің асылдығы мен әсемдігі осынау адамдардың тірліктегі әлеуметтік мәртебесінен хабар береді.
Көсеммен қоса алтын бетперделі он үш ат жерленген. Бұл арғымақтар маңдайдан темір істікпен ұрып өлтіріліп, мола қабырғасының ар жағына жатқызылған. Аттардың бастары күншығыс жаққа қаратылған. Он үш аттың төртеуінің бастарында рәсімдік былғары бетперделер болған. Олар ағаштан жасалған таутеке мүйіздерімен көмкерілген. Бетперделердің біреуі арыстан -грифонның, яғни мысықтұқымдас жыртқыш денелі, зор имек тұмсықты, былғарыдан жасалған ұзын иір мүйізді қиял-ғажайып мақұлықтың ағаш мүсінімен безендірілген.
Арғымақтардың шерулік әбзелдері түгел сақталған. Әсіресе, жыртқыш терісімен жабылған ер-тоқым және грифонның тұяқты жануарды жаныштап жатқан көрінісін кескіндеген тоқымның киіз жабуы ерекше көзге түседі. Бір аттың еріне ағаш шыбықтардан өрілген қалқан бөктеріліпті. Бұл қорымнан бүгінгі таңда Қазақстанда ең көне деп есептелетін әсем өрнекті ер-тұрмандар табылды. Ат жабдықтары бедерлі ағаш бұйымдармен әшекейленген.
Бұйымдардың баршасы – жапсырмалар, салпыншақтар, айылбастар беткі жағынан жұқалап алтынмен және қалайымен қапталған, ал, ішкі жағынан ат әбзелінің қайыстарына бекітілген.
Аттарды құрбанға шалу – түркілердің арғы түп бабаларынан түркілерге, олардан монғолдарға және орта ғасырлардағы түркілерге уақыт көшіне ілесе ауысып келе жатқан тәңіршілдік ғұрып.
Қазақ ғұрпында өлген кісінің атын күні бұрын дайындайды. Ер-тоқымды теріс қаратып салады да, иесінің киімдерін, қаружарағын іледі. Төбесіне бас киімін қойып, киіз үйден кесіліп алынған арқанмен буып байлайды. Аттың құйрық-жалын кеседі. Мұндай атты «тұлданған қаралы ат» деп атайды. Атты тұлдау өлген адамға құрмет көрсетудің белгісі саналады. Қаралы атты ұрылар зауалынан қорқып, ұрламаған. Оған салт мініп жүруге болмайды. Сөйтіп атты бір жылға жылқы ішіне жібереді. Бір жылдан соң марқұмға ас беріп, сонда сояды. Осы кезде жоқтау жыры айтылады (бұл, әсіресе, орта жүз қазақтарына тән).
Марқұмның жылындағы аста ат бәйгесі өткізілетін болған. Жарысты өлген кісі ат тұяғының дүбірін естіп жатсын деп, міндетті түрде зират маңында өткізген. ХVІІІ ғасырдың соңында Орта жүзде керей Бұланбай палуан өлерінің алдында: «Мені биік төбенің басына жерлеңдер. Қасымнан өткен жылқы тұяғының дүбір-дүсірін естіп жатайын», – деп өсиет еткен екен.
Қазақтарда ұл баланың (ер адамның) ас қамдауға араласуы ұят саналған, ал, бие саууға ерлер әрқашан құрметпен қараған. Сірә, бұл Геродот сипаттаған скифтер заманынан бері сақталған және скифтердің алтын бұйымдарында бейнеленген әдет-ғұрып болса керек. Жылқыны кие тұтқан қазақ әдет-ғұрпында тостаған түбінде қалған қымызды төгуге болмайды. Өкінішке орай, кейбіреулер қазақтардың бұл ғұрпын білмей, оларды елемей, кейде тостаған түбіндегі қымызды жерге төгіп тастайды.
Бірде бір кісі биелерін сауып, сүт толы шелегін шүпілдетіп, үйіне келе жатады. Сонда шелектегі саумалды көрген көршісі: «Ойпырмай, тас бұлақтың суындай неткен саумал!» – деп таңданыпты. Иесі саумалды сабаға құйып, шелегіне қараса, түбіндегі тас қақ жарылған екен. Сірә, «Тілің тасқа! Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген мақал, міне, осыдан қалса керек.
Қазақ мифтері бойынша, Қамбар – жылқы иесі ғана емес, сонымен бірге бие сүтінен қымыз дайындаған бірінші адам. Бағзы кездерде адамдар қой сүтін пісіріп, құрт пен ірімшік жасаған. Ал, бие сүті ешбір икемге келмеген. Сонда Қамбар ата қымыз ашытып, елді үйреткен екен.
Жылқыны сойғанда, бақ таяды деп қорқып, қан-жынын жумаған. Әдетте, басқа жануарларды сойған кезде, ет таза болсын деп, қанын жуып шайған.
Орталық Қазақстан қазақтары жылқының шекесін тұтас асады. Себебі, оны шауып бірнеше бөлікке бөлсе, халықтан ынтымақ, бірлік кетеді, мал басы көбеймейді деп ырым етеді. Дәл осындай ырым буряттарда да бар. Олар жылқының бас сүйегін лақтырып тастамайды, аяқ асты болмасын деп, биік жерге, жартастарға, шоланның төбесіне қояды, ағаш бұтағына іліп кетеді.
Орталық Қазақстанда жылқының бас сүйегін зираттың жоғарғы көлденең ағашына қояды, ал Жетісуда аттың басын, егінге зиян келмесін деп, қарақшы қылып іледі. Құла дүз тақырда аттың шекесін жастанып жатса, бұл қауіп-қатер мен жын-шайтаннан қорғайды деген де наным бар.
Атақты тұлпарлардың, жүйрік сәйгүліктердің, батырлардың аттарының бастарын киіз кебінге орап, биік таулардың басында қалдырған. Мұны «аттың басын кебіндеу» деп атайды. ХVІІІ ғасырда жоңғар басқыншаларына қарсы шайқасқан Қабанбай батырдың жансерік тұлпары Қубастың басы Шығыс Қазақстан облысы, Мақаншы ауданындағы Барлық тауының төбесіне жерленген. Сондай жақсы аттардың басын жерлеу ғұрпы ХХ ғасырдың бас кезіне дейін сақталған.
Бұлтартпас деректерге қарағанда, Орта жүздің Шоң биі Қара ала ат деген сүйікті атының басын кебінге орап, жер қойнына тапсырған. Әйгілі тұлпар Құлагерді әнші-ақын Ақан сері де аялап, азалап жерлеген. Күй атасы Құрманғазының Күрең аты иесінен бұрын жантәсілім еткен. Сол аттың көмілген жері Құрманғазының мазарынан оңтүстікке қарай бірер шақырым қашықтықта дейді. ХІХ ғасырдың басында өмір кешкен адай руынан Амантұрлы Қожалақ батырдың Қара атын адам сияқты жерлеген. Қабірі – Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында, батырдың кесенесінің қасында.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *