Шар-Жаалты Екiнші патшалық құрған кездегi Тенгере-Тедыгечи

Шар-Жаалты Екiнші патшалық құрған кездегi Тенгере-Тедыгечи
Шар-Жаалты Бірінші патша дүние салғаннан кейін оның орнына Шар-Жаалты Екінші таққа отырды. Жаңа патша бұзық жолға түсті. Халық қамын ойламады. Ішерге асы, киерге киімі жоқ жарлы-жақыбайлар аштық пен суықтан азыптозып, қатты күйзелді. Бір кездерде осы өңірді ұзаққа созылған ашаршылық, жұт жайлады. Бүкіл өсімдік атаулы тамырымен қоса шіріді. Бұл халықтың жаңбыр жауып тұрғанда Көкке тіл тигізіп, түкіріп, «Түбің тесілгір!» деп қарғағаны үшін тартқан жазасы еді.
Тенгере осы білместігі үшін халықты жазғырып:
– Сендер аспан жабылып, жаңбырды мүлдем жауғызбай қойсын дейсіңдер ме? – деді.
Қатулана долыққан халық:
– Мейлі! Аспан қатайып, мүлдем түк тамбай, бедеуленіп қалсын! – деді.
Ақыры, солай болды да. Бір жаз, екі қыс бойы жерге бір тамшы су тамбады, бір түйір қар түспеді. Сол жылы байлар өз дәулетінің жартысын жеп тауысты. Түгі жоқ, тұлдырсыз кедейлер ашығып, байларды тонай бастады. Ол уақыттарда Тенгере бұл аймақтан кетіп қалған болатын. Біраздан соң қайта оралып, бір кемпірдің үйіне келеді. Одан тамақ сұрап еді, кемпір:
– Саған берер ештеңем жоқ, өзім де аштан өлейін деп жатырмын, – дейді.
– Неге ештеңем жоқ дейсің? Жақсылап қарасаңшы.
– Неменені қараймын? Құр сүлдерім ғана.
– Қойыныңды қарап көрерсің.
Кемпір сонда қойынынан бір уыс ақ тары алып шығады. Тенгере:
– Тағы қарашы, сенде жейтін тағы бірдеңе жоқ па екен? – дейді.
– Менде түк те жоқ.
– Жә, қарасаңшы!
Кемпір қараса, құмыра толы тары талқаны тұр екен. Ол ұялып қалады. Тенгере сол тарыдан ботқа пісіріп бер деп бұйырады. Олар тамақты жеуге кіріседі. Сөйтсе, ботқа да, құмырадағы тары да азаяр емес. Тамаққа тойған соң, Тенгере Молодой деген кісінің үйіне барады. Ол бұдан:
– Қайдан келесің? – деп сұрайды.
– Күйіктіден келемін. Бір ожау су болмас па екен? Су берші, – дейді.
Молодойдың әйелі ұрысқақ болатын, сол:
– Күйіктінің ақ текесі, қайда барасың? – деп кекетеді.
– Олай болса, ешкілеріңді бағуға барайын, – деп жауап қатады Тенгере.
Бір уақытта әйел ешкілерін сауғалы барса, жіптері көгенде шашылып жатыр екен. Бірде-бір ешкісі де, текесі де жоқ.
Тенгере сараң Молодойдан шыққан соң, адамдарды сынап, көп жерлерді аралайды. Содан соң баяғы кемпірге қайтып келіп, бір тостаған арпа береді де, алқапқа егуге бұйырады. Кемпір дәнді өзен аңғарына себеді, себебі, құрғақшылық әлі бітпеген еді. Бірақ Тенгере дақылды тауға өсіруге әмір етеді. Кемпір бұған таулы жерден ештеңе өнбейді ғой деп қарсы болады. Әйткенмен, Тенгере:
– Менің айтқан жеріме сеп. Бүгіннен қалдырмай сеп, дән жерде солықтап жатуы тиіс, үш күннен кейін жаңбыр жауады, – деп кемпірді көндіреді.
Тенгеренің айтқаны айдай келеді. Егін бітік боп шығады. Қанша орса да, кемімейді. Сосын ол көмекке ауылдағы барлық қауымды шақырып, жұрт қамбаларын астыққа толтырады. Егін сонда да азаймайды. Бұл туралы қауесет патшаға жетеді. Патша қайран қалып, өзіне Тенгеренің келуін талап етеді. Тенгере келгенде, патша оны қараңғы бөлмеге оңаша кіргізіп алып әртүрлі сұрақ қойып, тергеп, сынай бастайды. Тенгере патшаның ойындағысын, пиғылниетін оның өзінен де артық білетін болып шығады.
Патша онымен түні бойы әңгіме-дүкен құрады. Ақыры шаршап:
– Таң атып қалды ғой деймін, – дейді.
– Қазір талтүс. Күн тура осы арадан жарық төгіп тұр, – деп тіл қатадыТенгере.
Осы сөздерден соң қабырғаны саусағымен нұқып қалып еді, кенет сол жерден терезе пайда бола кетеді. Қараңғыдан шығып, патша мен Тенгере екеуі шай ішеді. Шайға қанған соң Тенгере:
– Мен малымды қарауым керек, қарамасам қырылып қалар, – дейді.
Патша Тенгеренің бұл сөзімен нені ишаралағанын аңғара қояды. Халқына қарамаған, қамын жемеген, елдің амандығын ойламаған мұның өзі болатын. Уақытын ойын-сауық, қызықпен өткізген. Адамдар мен жануарларға мейірімсіз болған. Бірде серуенде жүрген ол қамшымен ұрып, атының да көзін шығарып қойған-ды.
Патша Тенгерені қақпаға дейін шығарып салады. Кенет жел айдаған бір шыбық әуеде шыр айналып тұрып, патшаның көзінен осып жібереді. Ауырсынған патша көзін қолымен басады. Сонда Тенгере оған:
– Әй, патша, сенің қолдарың бар, міне, көзің ауырып еді, қолыңмен бастың. Жылқының қолы жоқ, қамшымен ұрып, көзін мүлдем шығарып жіберсең де, ол ештеңе істей алмайды, – дейді.
Осылайша, өзінің қаталдығы үшін жаза тартқан патшаның көзі қылиланып қалған екен.
Тенгере патшаға «бүкіл патшалығыңды айналдыра, әлгі кемпірдің егіндік алқабы да тұтасымен сол қамалдың ішінде қалатындай кең етіп, биіктігі сексен құлаштық тас қорған тұрғыз. Қамалда сегіз қақпа және сегіз ғибадатхана болуы тиіс» деп әмір етеді. Патша бұл бұйрықты қайткенде іске асыруға уәдесін береді. Ғибадат үйлері салынатын жерлерге Тенгеренің өзі биіктігі қырық құлаштық тас бағандар қойып белгілеп, оған былай дейді:
– Егер осындай қорған тұрғызсаң, сені ешқандай дұшпан ала алмайды. Кімде-кім саған қарсы соғыс ашса, мен оны жеңуге көмектесемін, сол халық өзіңнің қол астыңда болады. Мына қамалдың іші халыққа толатын уақыт та келеді әлі, сол кезде дұшпандық та жоғалады.
Алайда Шар-Жаалты Екінші патша азғындық әдеттерінен жуық арада арыла қоймайды. Соны білген Тенгере тағы келіп, оған былай дейді:
– Сен халықтың қамын ойламайсың, азғындыққа салыну мен той тойлаудан басқа білерің жоқ. Ел билеуге лайық емессің. Сенің орныңа басқа патша отыруы тиіс.
– Кімді патша қойсаң да, мейлің. Мен осыдан артық билей алмаймын.
– Сенің патшалығыңда қолынан ел билеу ісі келетін ешкім жоқ.
Бәрі де өзің сияқтылар.
Осы сөзден соң Амын-Қылан деген кісі:
– Ел билеуді неге байқап көрмеске? Менің ойымша, патша күн сайын қаланы шығыстан батысқа қарай тексеріп аралап тұруы керек! – дейді.
Мұны естіген Тенгере сұқ саусағымен Амын-Қыланды нұсқап:
– Сен халықты билей аласың! – деп жүріп кетеді. Сөйтіп, Амын-Қылан патша болып сайланады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *