Сиқырлы ақбоз аттар

Сиқырлы ақбоз аттар
Көшпелілер мифтерінде аттың – далалықтардың сүйікті жануарларының алатын орны мүлдем ерекше. Көшпелі тұрмыс-тіршілікте төрт түлік малдың ішінде жылқы әр-қашанда басқаларынан жоғары бағаланды және дара тұрды. «Арыс-тан – аң патшасы, ат – мал патшасы», «Ат – ердің қанаты», «Тай атқа жеткізер, ат мұратқа жеткізер» – қазақтың мақал-мәтелдері түлік төресі жөнінде осылай дейді.

«Шаруаның бір пірі – жылқышы ата!
Тілегенде өзің бер ақтан бата!» –


деп, мал сүмесін32 емген қазақтар жылқышы ата – Қамбардан медет тілеген.
Қазақтар баяғыдан аттар адамдардың ауруын емдеуге де көмектеседі деп есептеген. Жын-шайтан аттан қорқады, ат келген кезде науқас адамды басқан албасты тұра қашып, ол ауруынан жазылады деп пайымдаған.
Салт аттының қамшысы да керемет құдіретке ие. Аттың тері сіңгендіктен, оған жындар мен әртүрлі албастылар жақындауға қорқады. Сол себептен де қамшыны жас әйелдердің бас жағына іліп қоятын болған. Әсіресе, тобылғы сапты, сары жезбен өрілген қамшылардың сиқыр-қасиеті ерекше деп сенген. Тувалар «шайтан қызыл қамшылы кісіден қорқады» десе, қазақтар «сайтан сары қамшыдан сескенеді» деп санаған.
Бала туғанда, ұлдың кіндігін шүберекке орап, айғырдың жалына немесе қошқардың мүйізіне байлап қойған. Өйткені, ата-ана өз ұлдарының төрт түлікті өргізіп өсіретін малсақ адам болғанын қалайды. Шебер ісмер болсыншы деп, қыздың кіндігін сандықта сақтаған. Қырқынан шыққан соң баланы атақты адамдардың: ақындардың, қызыл тілді шешендер мен батырлардың үзеңгілерінен өткізеді.
Ат тұяғының таңбасы қалған жерді «періштенің ізі» деп атаған. Мұндай жерден бір уыс топырақ алып, шүберекке орап, баланың жастығының астына салған немесе суға қосып, баланы шомылдырған.
Қазақстанның бірталай аймақтарында тастардағы «тұлпар тұяғының ізі» деп аталатын жылқы тұяғының суреттеріне тәу ететін ғұрып та бар. (Ат тұяғының суреті бар тастарды барлық жерде тұлпартас деп атайды). «Тұлпардың ізі өшпес» деген қазақ мақалы тұлпар тұяғының қаттылығын, сондықтан, оның салған таңбасының өшпейтінін ишаралайды. Тастағы тұлпар іздеріне тәу ету, ат тұяғының ізін қастерлеу сақара сиқыр-кереметтерінің бір көрінісі болып табылады.
Жалғыз ұлға Тұяқ, Тұяқбай деп ат қояды. Өйткені, ол – әкесінің жалғыз мұрагері. Күміс жамбыны (тайтұяқ) тұяқ пішінінде жасайды. Осының бәрі ат тұяғының қасиет-киесіне деген керемет сенімге байланысты.
Жылқының жалы мен құйрығы адамды жын-шайтан, бәлежала, қауіп-қатерден қорғап-қоршайды деген ырым бар. Бесікке жылқының жал-құйрығының қылын байлап қояды. Жылқының жалынан, кекілінен әдейілеп жұлынған қылды шүберекке орап тігіп, баланың мойнына тұмар қылып тағады. Мұның мифтік сипаты фольклорда көрінген. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырында Қозының Күрең бестісіне адамша тіл бітіп:

Кекілімнің бір қылын жақсаң егер,
Сол кездерде алдыңа келем жетіп, – дейді.

Қазақта атақты адамдар жайында айтылатын «ол қара-көктің тұқымынан ғой» деген сөз бар. Абайдың әкесі Құнанбай «Біз қаракөктің тұқымымыз» дейді екен. Ал егер қара халықтан біреу зор атаққа жететін болса, таң қалып, бұл «қарадан шыққан қара-көк» деп сүйінетін болған. Қызыл тілді шешендерді, ақындарды «қара-көк шешен», «қара-көк ақын» деп мадақтаған. Аңыз бойынша, басқалардан бөлек көріну үшін бай-бағландар мен төрелер қара-көк түсті құлынның терісінен тігілген тон киген.
Жетісу мен Шыңжаң қазақтары көп жағдайларда ақ атты көк ат деп атайды. Бұл ғұндар мен түркілер Тәңірге ақ түсті жылқыларды құрбан шалған баяғы бағзы заманнан келе жатқан дәстүр.
Ақбоз аттар аққудан туады. Абылайдың Алшаңбозы аққуға айналды деген наным бар. Қазақтардың жылқыға байланысты наным-сенімдері, салт-дәстүрлері түркі мен монғол мифтері ию-қию араласып жатқан ерте замандарда пайда болған. Жылқы баққан халықтардың әдет-ғұрыптарымен олардың көптеген ортақ сипаттары бар. Бірақ бірқатар ырымдар тек қазақтарда ғана ұшырасады. Ғұрыптардың көнелігі және ортақтығы Орталық Азия тайпаларының жылқыны өте ерте замандарда, бәлкім, б.д.д. 4 – 3 мыңжылдықта, яғни, осыдан бес-алты мың жыл бұрын қолға үйреткенін куәландырады.
Ақбоз жылқыны қадір тұту әртүрлі салт, дәстүрлерге байланысты. Боз биенің сүтіне шомылған кісі барлық ауруларынан жазылады, оған қайғы-қасірет жоламайды деген ырым бар. Жауды жеңіп қайтқан Алпамыс өзінің азап көрген ата-анасын боз биенің сүтіне шомылдырады. Халық ішінде ұлға ана алдындағы борышын еске салған кезде әлі күнге дейін «Сен өз анаңды боз биенің сүтіне шомылдырып әлпештеуің керек қой» деп айтып жатады.
Соғыс тоқтатылып, екі жақ келісімге келген бітім уақтысында ақбоз ат шалып, жора жасайды: екі жақтың бітімшілері сұқ саусақтарын осы аттың қанына малып, ешқашан жауласпауға ант етеді. Жеңіс хабарын жеткізу үшін ақбоз атты жаушы, жеңілісті хабарлауға қара ат мінген жаушы жіберілген. Ақбоз ат үстіндегі адам айбынды көрінеді және ақ түс жеңісті бейнелейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *