Перілер – Көк періштелері

Перілер – Көк періштелері
Таулар мен далалардың, өзендер мен көлдердің үстімен қанатты, алтын шашты әдемі қыздар, ғажайып сұлу аспан арулары ағындап ұшып жүреді. Кейде елсіз, жапан далада сырты күн сәулесімен жарқыраған, іші атлас, жібек кілемдермен, зерлі көрпелермен, алтын, күміс ыдыстармен жайнаған алтын керегелі, күміс уықты ақ шаңқан киіз үйлерін тігіп, аял жасайды.
Сондай сәттерінде олардың ән шырқап, ағаштардың арасында би билеп жүргенін аңшылар мен бақташылар да талай көрген.
Олар – аспанды мекен ететін Көк періштелері, пері қыздар.
Пері қыздардың сұлу болатыны сонша, олар жүрген жерінде айналасына нұр шашады, адамдардың жанын қуаныш, шаттыққа бөлейді екен. Сондықтан Көк періштелерін көргендер мәңгі тыныштығынан, ұйқы, күлкісінен айырылып, күні-түні сондай сұлуды армандайды.
Жерде тіршілік ететін пәни дүниенің жігіттері арасында осындай қанатты сұлу періштелердің махаббатына қол жеткізгендері де бар…
Перілерге үлде мен бүлдеге оранған, көзге көрінбейтін қызметші әйелдер қызмет етеді. Перілер сәуегейлік қасиетке ие. Сондай-ақ олар жануарлардың, құстардың кейпіне де ене алады. Әдетте, ерте ме, кеш пе, перілер өздерінің пәнилік күйеулерін тастап, бәрібір аспандағы тіршілігіне оралады.
Таң қаларлық жайт, Көк періштелері мен жердегі адамның арасынан өрбіген балалар не ғажайып сұлу, көрікті келеді, не болмаса олардың бойында тек сайтандық сұмдықтар ұштасады. Сөйтіп пері мен адамнан туған ұлдар, негізінен, есімдері аңыздар мен жырларда мәңгілік сақталған батырлар, ал, қыздар қарғыс атқан, түрі жаман, қорқынышты албастылар болатын көрінеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *