ИО
Овиднйдiң «Метаморфоза» поэмасы бойынша баяндалған.
Гераны ерi Зевс жиi-жиi ренжiтедi. Зевс сұлу Иоға ғашық болған кезде, мiне, дәл осындай болды, Зевс Ионы Герадан жасыру үшiн сиырға айналдырып жiберген. Бiрақ найзағай құдайы мұнымен Ионы құтқара алған жоқ. Гера аппақ сиыр Ионы көрiп қап, Зевстан оны өзiне сыйлауын талап еттi. Зевс Гераның тiлегiн жерге тастай алмады. Иоға ие болған Гера оны күзет деп жүз көздi Аргусқа бердi. Бақытсыз Ио өзiнiң азабын ешкiмге айта алмады: сиырға айналған ол тiлден де айырылған едi. Ұйқы дегендi бiлмейтiн Аргус оны қас қақпай күзетумен болды. Зевс Ионың жан азабын сезiп, баласы Герместi шақырып алып, оған Ионы ұрлап әкелуге әмiр еттi.
Жүз көздi құбыжық Аргус Ионы күзетiп тұрған тау басына Гермес құйындай ұйтқып әп-сәтте жетiп келдi. Ол сөзiмен-ақ Аргусты ұйықтатып тастады. Жүз көзi бiрдей жұмылуы-ақ мұң екен, Гермес қайқы қылышын суырып алып, бiр сiлтегенде-ақ Аргустың басын шауып түсiрдi. Ио азаттық алды. Бiрақ Зевс мұнымен де Ионы Гераның қаҺарынан құтқара алмады. Гера бiр құбыжық бөгелектi жiбердi. Бөгелектiң сұмдық сүйiр бiзгегiн шашылуынан азаптанып, әбден есi кеткен сорлы Ионiң бiр елден бiр елге өттi де отырды. Ол еш жерде де тыныштық таба алмады. Ио алды-артына қарамастан құйғытқан күйiмен беталды қаша бердi, ал бөгелек болса сәт сайын оған өткiр бiзгегiн сұққылап, оның соңынан ұшумен болды. Бөгелектiң бiзгегi Ионың денесiн отқа салған ыстық темiрдей қарыды. Ио қай жерден өтпедi, ол қандай елде болмады десеңiзшi! Ақырында ұзаққа созылған сергелдеңнен кейiн ең қиыр солтүстiктегi, скифтер елiндегi титан Прометей кiсенделiп, шынжырымен қағылып тасталған жартасқа келiп жеттi. Бақытсыз Иоға ол тек Египетте ғана азабынан құтыла алатынын болжап айтып бердi. Бөгелек қуған Ио одан әрi қаша бердi. Египетке жеткенге дейiн қыруар азап тартып, талай қауiп-қатердi басынан кешiрдi. Сол жерде, нұр жауған Нiл жағасында ғана Зевс оны бұрынғы адам қалпына енгiзiп, ол Эпаф атты ұл тапты. Ол Египеттiң тұңғыш патшасы әрi Грекияның аса ұлы батыры Геракл шыққан қаҺармандар ұрпағының атасы болды.