Жер мен көктің, судың жаратылуы
Сонау-сонау, соны меңіреу заманда, Жер мен Көк жаралмай тұрғанда, барша ғалам тұтас қара түнек, шетсіз-шексіз кең, түпсіз терең лай су бейнесінде болған. Ол кезде Көк те, Жер де, Ай да, Күн де болмаған. Ұшан-теңіз су, гүрілдей сарқыраған өзен, ұшы қиырсыз от, толассыз соққан жел, шегіне көз жетпейтін жер – барлығы астан-кестен, мидай араласып, сапырылысып қайнап жатқан бір дария еді. «Жасаған»27 осы аласапыранды реттеп, суды тұндырып, мидай былыққан әлемді қара түнектен айықтырып, тәртіпке келтіріп Жер мен Көкті жаратты.
Жасағанның құдіреттілігі, ұлылығы, жасампаз шеберлігі осыдан байқалады.