ДАФНА

ДАФНА
Овидийдiң «Метаморфоза» поэмасы бойынша баяндалған.

Жарқын жүздi, шат көңiлдi құдай Аполлон қайғыра да бiледi, ол да мiне, қасiретке тап болды. Бұл қайғыны Пифонды жеңген соң көп ұзамай басынан кешiрдi. Жеңiске масаттанған Аполлон өзiнiң жебелерiнен мүрдем кеткен құбыжықтың жанында тұрған кезде, алтын садағын тартқалы тұрған махаббаттың жас құдайы Эротты көрдi. Күлiмсiреген Аполлон оған:
– Балақай-ау, саған мұндай қаҺарлы қарудың керегi не? Жаңа ғана Пифонды жайратып салған алтын жебелердi атуды сен маған-ақ бер. Менiмен садақ тартып даңқ таластырар сен бе екенсiң? Сен, бәлкiм менен де зор даңққа ие боламын деп үмiттенетiн боларсың?– дедi.
Бұл сөздi көңiлiне алып қалған Эрот Аполлонға жауап қайтарды:
– Феб-Аполлон, сенiң жебең мүлт кету дегендi бiлмейдi, ол бәрiн де жайратып түсiредi, ал менiң жебем саған да дариды.
Эрот алтын қанаттарын қағып-қағып жiбердi де, көздi ашып-жұмғанша шырқау биiктегi Парнасқа шықты. Сол жерде ол қорамсағынан екi жебенi суырып алды. Жүрекке тиiп, сүйiспеншiлiк тудыратын бiр жебесiн Аполлонның жүрегiне атты да, сол сүйiспеншiлiктi жоқ ететiн екiншi жебесiн Эрот өзен құдайы Пенейдiң қызы – үр аруы Дафнаның жүрегiне жолдады.
Бiрде Аполлон сұлу Дафнаны көрiп қап, ғашық болды. Бiрақ Дафна алтын бұйра шашты Аполлонды көруiақ мұң екен, желдей жүйткiп қаша жөнелдi. Өйткенi Эроттың махаббатты жоқ ететiн жебесi оның жүрегiне дарыған едi. Күмiс садақты құдай қуып бердi.
– Тоқта, сұлу үр қызы, – деп дауыстады Аполлон, – қасқыр қуған тоқты құсап мұнша неге қашасың? Бүркiттен бас сауғалаған кептер құсап зырлап барасың! Мен сенiң дұшпаның емеспiн ғой! Қарашы, аяғыңды бұтаға жырғызып алғаныңды! Ау, сабыр ет, тоқта! Мен қайдағы бiр бақташы емеспiн, найзағай құдайы Зевстiң ұлы – Аполлонмын.
Бiрақ Дафна сұлу одан сайын жүйткiдi. Аполлон да оның соңынан қалар емес, барған сайын жақындай түстi. Мiне, қазiр-ақ қуып жетедi! Дафна оның дем алған тынысын сезе бастады. Оның күшi азайып бара жатты. Сонда Дафна әкесi Пенейге жалбарынады:
– Әкетайым Пеней, жәрдем жаса маған! Оу, қара жер, қақ жарылып, тезiрек мен бейбақты жұта гөр! Уа, ажар-көркiмдi қайтып алшы тезiрек, ол маған тек азап қана әкеледi.
Дафнаның осы сөздердi аузына алуы-ақ мұң екен, оның дене мүшелерi құрысып, қата бастады. Нәзiк денесiн қабыршақ басты. Шашы жапыраққа, ал көкке созылған қолдары лавр бұтағына айналды. Қайғылы Аполлон лаврдың жанында тұрып-тұрып, ақыры үн қатты:
– Бұдан былай сенiң жапырағыңнан жасалған гүлдесте менiң басыма көрiк беретiн болсын, бұдан былай сенiң жапырақтарың менiң кифарам мен қорамсағымды орап, сән берiп тұратын болсын. О, лавр, сенiң жасыл желегiң ешқашан да солып, сембейтiн болсын! Мәңгi жасыл болып тұра бер!
Ал лавр Аполлонға жауап бергендей, өзiнiң қалың жапырақты бұталарын ақырын сыбдырлатты да, бейне бiр келiскен сыңай танытып, жасыл басын төмен идi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *