ГЕРМЕС

ГЕРМЕС
Аркадиядағы Киллена тауының үңгiрiнде Зевс пен Майяның ұлы, тәңiрi хабаршысы Гермес құдай дүниеге келдi. Ол өзiнiң қанатты кебiстерiмен, қолына ұстаған асай-мүсейiмен Олимптен қиялдап жылдамдықпен әлемнiң ең алыс түкпiрiне самғап жетiп барады. Гермес жолдарды жебеп қорғайды, мiне сондықтан да ежелгi Грекияда жолдардың бойында, жол айырықтарында, үйлерге кiре берiсте оған арналған гермалар29 қойылды.
Ол жолаушыларға тiрi кезiнде қамқорлық көрсетедi, өлгендерiнiң жанын соңғы сапарға – Аидтiң қайғылы патшалығына ертiп апаратын да сол. Өзiнiң сиқырлы аса таяғымен адамдардың көзiн жұмғызып, ұйықтатып отырады. Гермес – жолдар мен жолаушылардың қамқоры және сауданың құдайы. Ол саудадан пайда тауып, адамдарды байлыққа кенелтедi. Гермес таразыны, санды, әрiптi ойлап шығарып, оны адамдарға үйретедi. Ол сонымен бiрге шешендiктiң де, ептiлiк пен алдау-арбаудың да құдайы. Ептiлiк, айла және тiптi ұрлық жөнiнде одан ешкiм де асып түсе алмайды. Бiрде әзiл-қалжың ретiнде Зевстiң скипетрiн (қасиеттi аса таяғын), Посейдонның үш ашалы аса таяғын, Аполлонның алтын жебелерi мен садағын, ал Арестiң семсерiн ұрлап әкетедi.

ГЕРМЕСТIҢ АПОЛЛОН СИЫРЛАРЫН ҰРЛАУЫ
Гермес Килленаның салқын үңгiрiнде дүниеге келген бойда-ақ өзiнiң алғашқы қулығын ойлады. Ол күмiс садақты Аполлонның сиырларын ұрлауды ұйғардыө Аполлон бұл кезде табындарын Македонияда, Пиэрия алқабында жайып жүрген болатын. Шешесi байқап қалмауы үшiн Гермес ақырын ғана жөргегiнен тұрып, бесiгiнен секiрiп түстi де, үңгiрден шығатын есiкке келдi. Үңгiрге дәл кiре берiсте ол тасбақаны көрiп, ұстай алды, оның сауыты мен үш бұтақтан алғашқы лирасын жасап, оған әсем сазды iшек тақты. Гермес ешкiмге сездiрмей үңгiрге қайтып келдi де, лираны өзiнiң бесiгi астына тығып қойды, сөйтiп Пиэрияға қарай желдей жүйткiп женелдi. Онда ол Аполлонның табынынан он бес сиырды ұрлап алып, iзiн жасыру үшiн сиырлардың аяқтарына қамыс пен бұтақтарды байлады да, Пелопоннеске қарай қуалай жөнелдi. Гермес қараңғы түнде сиырларды Беотия арқылы айдап келе жатқан кезде өз жүзiмдiгiнде жұмыс iстейтiн шалды кезiктiрдi.
– Осы сиырлардың бiреуiн ала ғой, – дедi оған Гермес, – бiрақ бұл жерден менiң сиыр айдап өткенiмдi ешкiмге айтпа.
Жомарт сыйға риза болған шал Гермеске тiс жармауға және оның сиырларды қай жаққа айдап әкеткенiн ешкiмге айтпауға уәде бердi. Гермес одан әрi кете бердi. Бiрақ ол көп ұзаған жоқ шал берген сөзiнде тұра ма, жоқ па, соны бiлгiсi келдi. Сиырларды орманға жасырып тастап, өңiн өзгерттi де, Гермес қайта оралып, шалдан:
– Айтшы, бұл жерден бiр бала сиыр айдап өткен жоқ па? Егер оның сиырларды қайда айдап кеткенiн көрсетсең, мен саған бiр бұқа, бiр сиыр беремiн, – дедi.
Шал көп толқыған жоқ: оның тағы да бұқа мен сиыр алғысы келдi, дереу баланың сиырларды қайда айдап әкеткенiн көрсеттi. Гермес шалға қатты ашуланды, мәңгi үнсiз тұруы және берген сөзiне берiк болуы керектiгiн есiнде сақтауы үшiн оны мүлгiген мылқау жартасқа айналдырып жiбердi.
Бұдан соң Гермес сиырларға келдi де, оларды одан әрi айдай жөнелдi. Ақырында, Пиласқа айдап әкелдi. Гермес екi сиырды құдайларға құрбандыққа шалып, құрбандықтың iзiн жасырды да қалған сиырларды үңгiрге артымен кiргiзiп, тығып тастады, сөйтiп, сиырлардың iзi үңгiрге кiрген сияқты емес, шыққан сияқты болып қалды.
Осының бәрiн iстеген соң Гермес жайымен шешесi Майяның қасына, үңгiрге қайта оралды да, жөргегiне оранып, ақырын ғана бесiгiне келiп жатты.
Бiрақ Майя ұлының жоқ болып кеткенiн байқап қалған едi. Ол ұлын кiнәлай:
– Сенiң мұның жақсы iс емес. Аполлонның сиырларын неге ұрладың? Ол ренжидi ғой. Ызаға булыққан кезде Аполлонның қандай қаҺарлы болатынын бiлесiң. Әлде сен оның мүлт кетпес жебелерiнен қорықпайсың ба? – дедi.
– Мен Аполлоннан қорықпаймын, – деп жауап бердi анасына Гермес, – ашуланса, ашулана берсiн. Егер ол сенi не менi ренжiте қалса, онда кек алу ретiнде мен оның Дельфыдагы ғибадатханасын тонап, барлық мүлiктерiн, алтын-күмiс, киiм-кешегiн ұрлап аламын.
Ал Аполлон болса, сиырларының жоғалғанын байқап, iздеуге кiрiскен. Бiрақ ешбiр жерден таба алмады. Ақырында әулие құс оны Пилосқа бастап әкелдi, бiрақ алтын бұйра шашты Аполлон сиырларын бұл жерден де таба алмады. Сиырлар жасырылған үңгiрге ол кiрген жоқ: өйткенi iз үңгiрден шыққан сияқты болып жатты ғой. Ақырында ұзақ уақыт бостан-босқа iздеуден кейiн ол
Майяның үңгiрiне келдi. Аполлонның жақындағанын сезген Гермес бесiгiне кiрiп, жөргегiне мықтап оранып алды. Аполлон Майяның үңгiрiне кiрдi де, Герместiң бейкүнә жүзбен түк сезбегенсiп, бесiгiнде жатқанын көрдi. Аполлон Герместi ұрлығы үшiн кiнәлап, сиырларды қайтарып беруiн талап еттi, бiрақ Гермес бәрiнен бас тартумен болды. Ол Аполлонды сиыр ұрлау ойымда да болған жоқ және олардың қайда екенiн бiлмеймiн деп сендiрдi.
– Берi қара, бала! – деп айқай салды ызаға булыққан Аполлон. – Мен сенi қара түнек Тартарға тастап жiберемiн, егер менiң сиырларымды қайтарып бермесең, сенi әкең де, шешең де құтқарып қала алмайды.
– О, Латонаның ұлы, – деп жауап қайтарды Гермес, – мен сенiң сиырларыңды көрген де, бiлген де жоқпын және олар туралы басқалардан естiген де емеспiн. Менiң оған шамам бар ма – менiң iсiм де, ойлайтыным да басқа нәрсе. Мен тек ұйқы, анамның сүтi және жаялықтарым туралы ғана ойлаймын. Ант етейiн, мен тiптi сенiң сиырларыңның ұрысын да көрген жоқпын.
Аполлон қанша ашуланса да қу, ептi Герместен еш нәрсе бiле алмады. Ақырында Аполлон Герместi бесiгiнен суырып алып, оны өздерiнiң дауын шешу үшiн Зевске баруға мәжбүр еттi. Екi құдай, сөйтiп, Олимпке келдi. Гермес қалай қиқаңдап, қандай қулық жасаса да, Зевс оның ұрланған сиырларын Аполлонға қайтарып беруге әмiр еттi.
Гермес Аполлонды Олимптен Пилосқа ертiп әкелдi, жол-жөнекей өзi тасбақаның сауытынан жасаған лирасын алды. Пилоста ол сиырлар тығылған жердi көрсеттi. Аполлон сиырларды үңгiрден айдап шығарып жатқан кезде, Гермес үңгiрдiң жанындағы тасқа отырып ап, лирасын ойнай бастады. Төңiрек пен теңiз жағалауы ғажайып үнге бөлендi. Таң қалған Аполлон Герместiң ойынын сүйiсiне тыңдады. Оның әуенiне елтiгенi соншалық, лирасы үшiн Гермеске сиырларын бердi, ал Гермес Грекия бақташыларының сүйiктi музыкалық аспабына айналған сыбызғыны30 ойлап тапқан едi.
Оңтайлы, ептi, әлемдi қас қаққанша шарлап шығатын Майя мен Зевстiң ғажайып ұлы, өзiнiң қулығы мен ептiлiгiн балдырған кезiнiң өзiңде-ақ көрсете бiлген Гермес, сондай-ақ бозбалалық күш-қайратын да баршаға таныта бiлдi. Барлық жерде палестраларда31 оның статуялары тұрды. Ол – жас атлеттердiң құдайы. Жастар күрес пен шапшаң жүгiру жөнiндегi жарыстар алдында Герместi көмекке шақыратын.
Ежелгi Грекияда жұрттың бәрi: жолаушы да, шешен де, саудагер де, атлет те, тiптi ұрылар да Герместi құрмет тұтты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *