Зевстiң зайыбы әйел құдай Гера некеге қамқорлық жасап, қиылған некенiң пәктiгi мен берiктiгiн қорғап отырады. Ол ерлi-зайыптыларға үбiрлi-шүбiрлi ұрпақ берiп, бала туған кезде анаға шапағатын тигiзедi.
Зевстен жеңiлген Крон Гераны, оның бауырлары мен апаларын аузынан шығарып тастағаннан кейiн, анасы – Рея Гераны жер шетiне – көк бурыл Мұхитқа апарып тастайдыө онда Гераны Фетида тәрбиеледi. Гера ұзақ уақыт Олимптен алыста, тыныш жағдайда, алаңсыз өмiр сүредi. Найзағай құдайы Зевс оны көрiп қояды да, Фетидадан ұрлап әкетедi. Құдайлар Зевс пен Гераның үйлену тойын шат-шадыман салтанатпен өткiзедi. Ирида мен хариталар Гераны үлде ме бүлдеге бөледi, сөйтiп алтын таққа Зевспен қатар отырған ол Олимп құдайларының арасында өзiнiң ғажайып сұлулығымен ерекше көзге түстi. Барлық құдайлар әмiршi Гераға тарту-таралғыларын әкелiп жатты, ал Жер құдайы Гея өз қойнауынан Гераға сыйлық ретiнде алтын жемiстерi бар ғажайып алма ағашын өсiрiп шығарды. Табиғатта бардың бәрi Гера мен Зевстi мадақтап жатты.
Гера биiк Олимпте патшалық құрды. Өзiнiң ерi Зевс сияқты, ол да күн күркiрi мен найзағайға әмiрiн жүргiздi, бұйырса-ақ болды көгiлдiр аспанды қара бұлт торлап алады, ол қолын сiлтеп қалса сұрапыл дауыл тұрады.
Гера көздiң жауын алғандай керемет сұлу, бота көз, тiк иық, тәжiнiң астынан ғажайып бұрымдары толқын сияқты шұбыра түсiп жатады, оның жанары билiк пен парасатты ұлылықтың ұшқынын шашып тұрады. Құдайлар Гераны құрмет тұтады, бұлттардың, найзағайдың әмiршiсi Зевс те оны құрметтеп, ақылдасып отырады. Бiрақ Зевс пен Гераның ұрсысып қырғи қабақ боп қалатын кездерi де сирек емес-тi. Гера құдайлар кеңесiнде Зевске жиi-жиi қарсы шығып, айтысып қалып жататын. Ондайда найзағай құдайы ашу шақырып, әйелiн жазамен қорқытушы едi. Гера амалсыз тынышталып ашуын тежейтiн. Зевстiң өзiн алтын шынжырмен бұғаулап, екi аяғына екi ауыр салдуыр байлап, көк пен жер арасына асып қойғанын, әрi қамшымен жазалағанын Гера ұмытпайды.
Гера құдiреттi-ақ, онымен билiк таластыра алатын әйел құдай жоқ. Ай Жүзi ұлы парасат пен ақыл нұрынан жайнап, Афинаның өзi тоқып берген ұзын, әсем киiмiмен ол мәңгi жасайтын қос ат жегiлген күймеге отырып алып, Олимптен жерге түсiп келе жатады. Күйме түгел күмiстен, ал доңғалақтары саф алтыннан жасалған, жез шабақтары жарқ-жұрқ етедi. Гера жүрiп өткен жерден қош иiс аңқып қалады. Олимптiң ұлы патшасы – Гераның алдында тiршiлiк иесi атаулының бәрi бас иiп, тағзым етiп тұрады.