Аруақтар
Адам өлгеннен кейін аруаққа, тәнсіз рухқа, Құдайдың қызметшісіне, оның әмірін орындаушыға, жердегі тірлігіндегі өзімен туыстас ру мен тайпаның желеп-жебеушісіне айналады. Әдетте, аруақ деп о дүниеге ертерек кеткен туыс, бабаларды айтады. Неғұрлым қасиет тұтылатын аруақтар – атақты адамдардың, данагөйлердің, билер мен батырлардың аруақтары. Сонымен бірге әрбір адамның өзінің қолдаушы аруағы болады деп есептеледі, ал, кейде олар бірнешеу болады.
Аруақтар аспанға жақынырақ биік тауларды, Хан Тәңірінің шыңын мекендейді. Олардың мазасын ала беруге болмайды, аруақ атады дейді. Өте мұқтаж, сирек жағдайда ғана аруаққа жүгіну керек. Аруақтарды, яғни ата-бабалардың ұшып жүрген жандарын зікір салып, сарнап, сыйыну арқылы тек бақсы, тәуіптер ғана шақыра алады. Елдің айтуынша, олар ақбоз атқа салт мініп, алтынмен апталған ақ киім киіп, қалаулы адамдарына ғана көрінеді екен. Аруақтарды арнайы дайындығы бар адамдар ғана көре алады.
Баяғыда бір адамның аруағы өте күшті болыпты. Ол кейде өзінің ұлына: «Сені періштенің немесе Құдайдың, шайтанның немесе перінің қызына да үйлендіруге шамам жетеді … » – деп айтып отырады екен.
Біраз жылдан соң жігіт жасына жеткен әлгі бала шеңбер сызса, сол шеңберде ару қыз пайда болады. Ол соған үйленіп, кәдімгі әйелдей тұра бастайды. Содан бір уақыттарда әкесі қатты ауырып, түс көреді. Түсінде: «Қызды еркіне қоя беріңдер. Ол періштенің қызы!» деген аян беріледі. Бұл жаздыгүні болған. Қыз киіз үйде отырған. Ол кенет құсқа айналып, ұша жөнеледі.