АРАХНА Овидийдiң «Метаморфоза» поэмасы бойынша баяндалған

АРАХНА
Овидийдiң «Метаморфоза» поэмасы бойынша баяндалған.

Арахнаның өз өнерiмен бүкiл Лидияға27 даңқы шыққан-ды. Оның жұмысын, өнерiн тамашалап көру үшiн Тмол бөктерiнен және алтын құмды Пактол жағалауынан келген хор қыздары жиi-жиi жиналатын. Арахна тұман тәрiздi жiптерден ауа тәрiздi мөп-мөлдiр мата тоқитын. Ол дүниеде тоқымашылық өнерден өзiне тең келетiн ешкiм жоқ деп мақтанатын. Бiрде Арахна айқай салды:
– Мейлi, менiмен сайысқа Афина-Палладаның өзi-ақ келсiн! Ол менi жеңе алмақ емес, одан мен қорықпаймын.
Сол сәтте белi бүгiлiп, таяққа сүйенген, ақ шашты кемпiр түрiне енген әйел құдай Афина Арахнаға келдi де, оған былай дедi:
– Арахна, кәрiлiк тек залал ғана емес, сабақ алар тәжiрибе де әкеледi Менiң ақыл-кеңесiме құлақ сал: сен өз өнерiңмен тек адамдардан ғана асып түсуге ұмтыл. Құдайды сайысқа шақырушы болма. Мына асылық сөздерiң үшiн одан жалбарынып, кешiрiм сұра. Құдай қателiгiн мойындап, сиынғандарды кешiредi.
Арахнаның қолынан нәзiк иiрiлген жiбi түсiп кеттi, оның жанары ашумен жалт еттi де, батыл түрде былай дедi:
– Сен ақылсыз екенсiң, кемпiр. Кәрiлiк сенi ақылдан айырыпты. Сен мұндай ақылыңды келiндерiң мен қыздарыңа айт, ал менi жайыма қалдыр. Өзiм де саған кеңес бере аламын. Мен не айтсам, мейлi, сол болсын. Ал Афина неғып кешiктi, неге менiмен сайысқа түскiсi келмейдi?
– Мен мұндамын, Арахна! – деп айқайлап жiбердi әйел құдай өзiнiң шын кейпiне кiрiп.
Хор қыздары мен Лидия әйелдерi Зевстiң сүйiктi қызының алдында бастарын төмен иiп, оны мадақтай бастады. Тек Арахна ғана үнсiз қалды. Ал қызғылт саусақты Таң-Эос жалт-жұлт еткен қанаттарын қағып аспанға ұшып шыққан кезде, таң сәрiде көгiлдiр аспан алқызыл түспен қалай боялса, Афинаның жүзi де солай қызарды. Өз дегенiнен қайтар Арахна жоқ, әлi де Афинамен сайысқа түскiсi келедi. Тiптi өзiнiң өлiм аузында тұрғанын сезер емес.
Мiне, сайыс та басталды. Афина өз желеңiне салтанатты афины Акрополiн тоқып, өзiнiң Аттикаға билiк жүргiзу үшiн Посейдонмен болған таласын бейнеледi. Бұл дауды шешуге он екi құдай қатысқан, олардың iшiнде әкесi Зевс те бар. Посейдон өзiнiң үш ашалы аса таяғын көкке көтерiп, қылтанақсыз кәрi жартасты қойып қалғанда, мүлгiген меңiреу жартастан тұзды бұлақ атқылап қоя бердi. Ал басына дулыға киiп, қолына қалқан ұстаған Афина найзасын безеп, жерге бойлата енгiзген. Найза қадалған жерге қасиеттi зәйтүн ағашы өсiп шығыпты. Құдайлар оның Аттикаға жасаған сыйлығы құнды қолды деп есептеп, жеңiстi Афинаға бердi. Әйел құдай ақжапқыш желеңiне адамдарды бағынбағандары үшiн бұрыш-бұрышына құдайлардың қалай жазалайтынын бейнеледi, айналасына зәйтүн жапырақтарынан гүлдесте тоқыды. Ал Арахна болса өз желеңiне құдайлар өмiрiнен көрiнiстер бейнеледi, ондағы құдайлар әлсiз, адамдарға тән осалдықтардың бәрi оларға да тән едi. Оның айналасында Арахна шырмауықпен көмкерiлген гүлдерден гүлдесте тоқыды. Арахнаның еңбегi мiнсiз едi, ол, әсемдiгi жөнiнен Афинаның еңбегiнен кем емес болатын, бiрақ оның бейнелерiнен құдайларды менсiнбеу, тiптi, оларды жек көру сарыны менмұндалап тұрды. Афина қатты ашуланды, ол Арахнаның желеңiн дар айырып жыртып тастады да, оны ұршықпен салып жiбердi. Сорлы Арахна бұл қорлықты көтере алмадыө ол жiп иiрдi де, содан тұзақ жасап, асылып қалды. Афина Арахнаны тұзақтан босатып ап, былай дедi:
– Тiрi қала бер, тентек. Бiрақ сен осылай мәңгi асылып, мәңгi тоқи бересiң және бұл жазаны сенiң бүкiл тұқым-тұқияның да тартатын болады.
Афина Арахнаға сиқырлы шөптiң шырынын сеуiп едi, сол сәтте-ақ денесi жиырылып, қалың шашы басынан жидiп түстi де, ол өрмекшiге айналды. Мiне, сол кезден берi өрмекшi Арахна өз өрмегiне асылып, мәңгiбақи тоқып келедi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *