АПОЛЛОН АДМЕТ ЕЛIНДЕ
Аполлон Пифонның қанын төккен күнәсынан арылуға тиiс болды. Өйткенi оның өзi де кiсi өлтiрген адамды күнәдан тазартады емес пе. Зевстiң ұйғарымы бойынша, ол тамаша iзгi жанды Адмет патша мекендеген Фессалияға кетiп қалды. Онда патшаның мал табындарын бағып, осы қызметiмен өзiнiң кiнәсiн жууға кiрiстi. Аполлон мал жайып жүрiп, қурай сыбызғыда немесе алтын кифарада ойнаған кезде, ну орманның iшiнен жабайы аңдар шығып, оның күй әуенiн тамашалайтын. Қабыландар мен қаҺарлы арыстандар табынның iшiне араласып тып-тыныш жүрiп жатты. Сыбызғының үнiне бұғылар мен киiктер жүгiрiп жетiп келетiн. Адметтiң үйi игiлiкке бөлендiө ондағыдай жемiс ешкiмде болған жоқ, оның жылқылары мен табындары бүкiл Фессалиядағы таңдаулы мал болды. Осының бәрiн оған алтын шашты құдай бердi. Аполлон Адметтiң Иолк патшасы Пелийдiң қызы Алкестаға үйленуiне көмектестi. Қыздың әкесi Алкестаны өзiнiң күймесiне арыстан мен аюды жеге алатын адамға ғана беремiн деп серт берген екен. Аполлон өзi жақсы көретiн Адметке ғажайып күш бердi, сөйтiп ол Пелийдiң бұл талабын орындап шықты. Аполлон Адметке сегiз жыл қызмет еттi, содан соң Дельфыға қайтып оралды.
Аполлон көктем мен жаз кезiнде Дельфыда тұрды. Ал күз түсiп, гүлдер солып, ағаш жапырақтары сарғайып, Парнастың құзар басын қар жабатын суық қыс түсуге жақындап қалған кезде, Аполлон аппақ қардай аққулар жегiлген өзiнiң күймесiне отырып алып, суық дегендi бiлмейтiн гиперборейлер елiне, мәңгi көктем елiне кетедi. Онда, бүкiл қыс бойы тұрады. Ал Дельфыда бәрi де қайтадан жасыл желекке беленiп, гүлдер шешек атып, Криса алқабын түрлi түстi кiлемге айналдырған кезде алтын бұйра шашты Аполлон адамдарға найзағай құдайы Зевстiң әмiрiн жеткiзу үшiн Дельфыға қайтып оралады. Сол кезде Дельфыдағылар Аполлонның гиперборейлер елiнен қайтып оралуын тойлайды. Ол көгiлдiр көктем мен жаз, алты ай бойы тағы да Дельфыда тұрады, өзiнiң отаны Делосқа барады, онда да оның тамаша ғибадатханасы бар.