Өз отыңды өшірме
О.Бөкей
Көрнекті қаламгер Оралхан Бөкей 1943 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Қатын-Қарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. 1961 жылы осы ауылдағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орта мектепті бітіріп, еңбекке араласады. Әл-Фараби (бұрынғы С.М.Киров) атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны 1969 жылы тәмамдаған.
1965-68 жылдар аралығында бұрынғы Үлкен Нарын аудандық “Еңбек туы”, Шығыс Қазақстан облыстық “Коммунизм туы” (қазіргі “Дидар”) газеттерінде қызмет істеген.
1968 жылы республикалық “Лениншіл жас” газетіне шақырылып, Алматыға келеді.
1974-83 жылдары “Жұлдыз” журналы проза бөлімінің меңгерушісі және редакция алқасының мүшесі қызметін атқарады. Кейіннен “Қазақ әдебиеті” газетінің редакторы болып тағайындалған.
1993 жылдың мамыр айында Үндістанда қайтыс болады.
Оралхан Бөкей әдебиет сүйер қауымға 60-жылдардың аяғында жазылған “Бура” әңгімесімен танылған еді. 1970 жылы “Қамшыгер” атты тұңғыш жинағын жарыққа шығарды. “Қайдасың, қасқа құлыным” (1973), “Үркер” (1971), “Мұзтау” (1975), “Ән салады шағылдар” (1978), “Үркер ауып барады” (1981), “Біздің жақта қыс ұзақ” (1984), “Ұйқым келмейді” (1991) повестері мен әңгімелер жинағы Оралхан Бөкейдің қаламгерлік шеберлігін, өзіндік өрнек-мәнерін танытты. Ол өз оқырманын шұрайлы да шешен тілімен баурап алды.
Оралхан Бөкей – Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының, Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың, “Молодая гвардия”, “Жалын” баспалары сыйлықтарының иегері. Шығармалары жазушының көзі тірісінде орыс, ағылшын, чех, болгар, венгр, араб, жапон тілдеріне аударылған. Драмалық шығармалары “Құлыным менің” (1974), “Текетірес” (1976), “Қар қызы” (1982), “Зымырайды поездар” (1984), “Желтоқсан желі” (1988) театр сахнасында жиі қойылып, көрермендер тарапынан жоғары баға алып келеді.
Оралхан Бөкей қаламынан “Өз отыңды өшірме” атты роман туды. Бұл шығарма түрі мен мазмұны жағынан жазушының өзіндік ерекшелігін таныта білген туынды болды. Роман жарық көргенде сыншылар тарапынан көптеген пікірлер айтылды.
Романға арқау болған ХХ ғасырдың бірінші ширегінде үлкен дүрбелең туғызған өзгерістің қазақ даласындағы көрінісі мен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы, соғыс біткеннен кейінгі уақыттағы Түрксіб теміржолы бойындағы қазақ ауылының тынысы десе де болады. Тапқа жіктелген қоғам, алмағайып, аласапыран кезең уақиғасы адамдар тұлғасы, олардың іс-әрекеті, бір-біріне қарым-қатынасы қат-қабат тартыс аясында баяндалады. Жазушы шығарма композициясын өзіне тән машықпен құрған. Роман оқиғасы бес салаға жіктелген. Әрбір сала бүгін мен баяғының бейнесін беретін тараушаларға бөлінген. Қазақтың сайын даласының төсінде бір кездегі кеңестік дәуірдің керемет болып аталған ерлігі – Түркістан – Сібір теміржолының түйісуі қаншама құрбандық пен қиындықты қажет етті. Жазушы өзінің қаламгерлік ұстанымындағы қашан да ерекше орынға ие – Адамдар тағдырын танытуға ерекше көңіл бөледі. Шұрайлы тілмен өрнектелген кейіпкерлер болмысы,тынымсыз ой мен шиыршық атқан сезімдер, ашу мен ақыл, парықсыздық пен парасат, сатқындық пен адалдық, аярлық пен тазалық сияқты қарама-қайшы ұғымдар авторлық баяндау және суреттеулер арқылы шарпысып отырады.
Бірінші салада, “Бүгінде” және “Баяғыда” деп басталатын тараушаларда оқиға орталық кейіпкер Дарханның айналасында өрбиді. Яғни, бұл — “Түрксібтің қайлашы болып бастаған кәрі жұмысшыларының бірі туралы хикая” (О.Бөкей).
Роман оқиғасының негізгі өзегі – Дархан тағдыры, оның өткен өмірі мен бүгіні. Кешегі өткен күннің тынысы мен тіршілігі Дарханның еске алуының негізінде баяндалады. Бүгіні – Дархан қарттың қапыда көз жұмған аяулы жары Гүлияның басына мазар тұрғызбақ болып жүрген қарекеті. Баяғысы – сол аяулы жарымен бірге өткізген күндері. Жазушы өтпелі кезең шындығын суреттеуде де адамның қат-қабат ішкі болмысын ашуға ерекше мән береді.
Романның кейіпкерлері: Омар бай, оның бәйбішесі Рахия, егіз қыздары – Гүлия мен Дүрия, ұлы адвокат Еркін, Омар байдың жалшысы, кейіннен Кеңес өкіметінің шолақ белсендісі болған Оспан, жылқышы Бати, кедей жігіт, кейіннен Түрксібті салған жұмысшыларға басшылық жасаушы Дүрияның күйеуі Қамбар, Дарханның әкесі Таңатар т.б.
Жазушы замана шындығын кейіпкерлерінің бітім-болмысы, ішкі жан-дүниесі, өмірлік мұраттары, әрқилы тағдырлары арқылы терең танытуға ұмтылған. Әртүрлі оқиғалар, әлеуметтік тартыстар, адамдар арасындағы басқа да қарым-қатынастар роман оқиғасын барынша шиеленістіріп, шынайылығын арттыра түскен. Адам тағдырын жалаң саяси-әлеуметтік ауқымда емес, барынша күрделі өмірлік заңдылықтар аясында таныту — бұл шығармасында қаламгердің ұстанған басты позициясы.
Романның орталық қаһарманы – Дархан. Дарханның әкесі Таңатар айналасына қадірі бар қарапайым жылқышы. Көп жылдар бойы Омар байдың жылқысын баққан. Өзі балуан. Дархан болса бұғанасы қатпаған жас күнінен екі қолына сеніп, еңбегімен күн көрген.Үлкен әлеуметтік өзгерістер қазақ даласына да елеулі әсер еткен. Оны осы Дарханның өмір жолынан да айқын аңғарамыз. Салынып жатқан темір жол құрылысына кіріп, соның ауыртпалығын өзі сияқты көптеген қарапайым еңбек адамдарымен бірге көріп, көтереді. Өз ісіне берік, барынша адал жігіт көбінде қиыншылықтарға тап болады. Омар байдың сұлу қызы, егіздің сыңары, ақылына көркі сай Гүлия сияқты аяулы жарының қапылыста жаман пиғылды адамның қолынан қаза табуы Дарханды мүлде есеңгіретіп кетеді. Бүкіл ғұмырын адал еңбекке арнай жүріп, қарттыққа аяқ басқанда аяулы жарының басына мазар тұрғызуға кіріседі.
Омар байдың жалшысы болып, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін атқа мінген Оспан — әпербақан, шаш ал десе бас алатын әумесерлігімен бірге, өз алдына бір күрделі болмысты кейіпкер. Айналасындағы адамдардың не айтарын алдын-ала сезініп, алдын орап отырар залымдық, өзі істеген істі екінші біреуге именбей жала қылып аудара салар арсыздық, өз мақсаты жолында ештеңеден аянбайтын өлермендік – Оспан бейнесін аша түсетін сипаттар. Роман оқиғасында Оспан өткен мен бүгіннің екеуінде де бой көрсетеді: “Баяғыда” деп баяндалатын тарауларда барлық оқиға Оспансыз өтпейді. Сұғанақ Оспан кез келген жерге кіріседі. Бір көзін Омар байдың қамшысы ағызып түсіргенде кектенген ол кеңес өкіметі орнай салысымен Омарға ат ойнатып жеткен. Айлалы, әккі бай әкіреңдеп келген Оспанды бір ауыз сөзбен матаған: “Үй болып, түтін түтетер шағың жетті, бой жетіп келе жатқан егіз қызым бар, таңдағаның – сенікі”, — деген. Оспан осы сөзді малданып, егіз қыздың естісі, сұлулығы да артық Гүлияға өзінше жіп тағады. Осы Гүлияға қол жеткізер жолдағы үлкен кедергі – Дархан. Оның Қамбармен арадағы алтыбақан құрған кештегі қақтығыстан соң құрған өмірлік жоспары – тек “өзіндік Оспандық мемлекет құру” еді. Айламен ғана әрекет қылу, ішкі ой-мақсатын жан баласына сездірмеу. Оспанның басты заңына айналды. Өзінен өлердей сескенетін әрі жек көретін Гүлияны жар етемін деу мүлде болмайтын іс екенін мойындағысы келмейді. Омар бай тәркіленгенде бар қысастығын жасап баққан. Оспан шешесі Рахия, сыңары Дүриямен бірге қалаға аттанып бара жатқан жолда басына жаңа сойған қойдың қарынын кептеп киіп, соңынан қуып жетіп, кездікпен Гүлияның бетін тіліп жібереді. Кейін, Түрксібтің түйісу тойына сапар шеккелі тұрған Дарханды шығарып салмақшы болған Гүлияны қапылыста атып өлтіріп кетеді. Қулығына құрық байламайтын айлакер, “жыланның жусағанын білетін” зымиян Оспанды жеңген жылқышы жігіт Бати. Иә, Оспан өзінің сырт түріндегі сияқты жаңа өкіметке жан салып жүрмеген адам екен. Өзінің бас мақсатын, өзімдікі болса деген пиғылын, бұл жолда ештеңеден де тайынбайтынының тағы бір дәлелі – Омар байдың қабірін ашып, алтын-күміс ақшасын алуы. Осы байлықты алып, қашпақ болған сәтінде тұтылады. Роман оқиғасы Ұлы Отан соғысының басталған, жүріп жатқан және аяқталған кезеңдерін айналып өтпеген. Арнайы броньмен теміржол бойындағы қызметте қалдырылған Дархан ауылдастарының қайғысы мен қасіретін бірге көтеріседі. Әр түрлі пиғылды кейіпкерлердің іс-әрекеті осы бір қиыншылық кезінде оған барынша таныс бола түскендей болады.
Аяулы жары Гүлияның басына мазар тұрғызып жүрген кезде баяғы бір шақта бауырларына бала қылып салып алған Гүлияның ағасы Долдаштың ұлы Мұратқа іздеу салады. Нәтижесінде Мұраттан туған Жалғас Дарханды іздеп келеді. Гүлиядан айырылып қалған кезде Дархан Мұраттан да көз жазып қалған болатын. Сөйтсе ол балалар үйінде тәрбиеленіп, есейіп, үйлі-баранды болған. Барлық азаматтар қатарлы майданға аттанып, оралмаған екен. Соңында жары, осы Жалғас деген ұл қалыпты. Дархан шал Жалғасты отымды өшірмейтін өмірімнің жалғасы деп түсінеді. Кезінде заман екпінімен шекараның арғы бетіне асып кеткен Таңатар шал ұлы Дарханға ошағының отын сөндірмеуді аманат етсе, енді Дархан шал бұл аманатты Жалғасқа тапсырады.
Романның тілі шұрайлы. Өмір шындығы қаламгердің көркемдік қиялына сай шеберлікпен өрнектелген.