Ұрпақ тағдыры М.Сұлтанияұлы


Ұрпақ тағдыры
М.Сұлтанияұлы

Мағауия Сұлтанияұлының бірінші кітабы – 1981 жылы жарық көрді. Басты идеясы – революциядан бұрынғы аласапыран заманның сыр-сипатын, бет-бейнесін анықтау. Роман қазақ ауылдарындағы араздықты негізгі арқау етеді. Көбікті өзінің немере ағасы Иса байдың тегеуірініне төтеп бере алмай, Алтайдан Қобда бетіне қашып барып, төре ламаның қатал шарттарының бәріне мойынсұнады. Тіпті, Иса байдың атақты жүйрігін алып келуге де бел буады. Мұның арты кекшілдікке ұласып, ағайын арасындағы араздық жауыздыққа апарады. Көбікті төре ламаның сеніміне еніп, әрі Доржыдай орта шаруа адамымен достасып, ірі байлыққа қол жеткізеді. Мақым Жапсарбайға ілесіп, Алтай асып кеткенде оның жұттан аман қалған бір-екі тұяқ жылқысы келер жылы жер көксеп қашып келеді. Бұл ушыға бастаған жанжалдың өршуіне отқа май құйғандай әсер етеді. Ортадағы араздастырушылар: “Мақымның екі атын ұрлап алып, әдейі ұрып көзін ағызыпты, құйрығын кесіп шұнтитып қойыпты, соққыға жығыпты” деп гуілдеген өсек таратады. Онсыз да ұрынарға қара таппай жүрген Мақым екі атының қарымын 200 атпен қайтаруды мақсат тұтады.
Әкесінің ауылын алашапқын еткен Мақымның соққысының кесірінен Мырзабек мерт болады. Кенжесінің ажалы өзгеден емес өзінің кіндіктесінен болғаны Көбіктіге қатты батады. Көбіктінің мінезіне де күрт өзгеріс әкелген қанды қырғын оны есалаң халге дейін жеткізеді. Оңды-солды ашуланып, қит етсе кемпіріне қамшы үйіретінді шығарады. Көңіл-күйдегі осы өзгеріс Көбіктінің бойындағы бұрынғы тектілігін ада қып, келініне қол жұмсауға дейін апарады. Бірақ, өзінің бұл ойсыз қылығын Көбікті кешіре алмай, өз басын өзі өлімге тігеді. Бұл туралы Нұрқасым Қазыбек: “Жат жер жат елде жүрсе де, баяқы қысқа күнде қырық рет қырқысатын қазақы кикілжіңнен ажырамаған, сәл нәрсеге өкпелесе үдере көше жөнелетін, жауласып шыға келетін ағайындардың берекесіз тірлігін автор күйіне жазады” – деп көрсетеді.
Автор бұл эпизод арқылы тектілікті ғана меңземейді, сонымен қатар, құсалық, яғни ұрпағының азғындауына деген Көбіктінің қарсылығын құсалық арқылы танытады. Бұл әрекетінде қырық пышақ боп керіскен ұрпағының көкейіне жылт еткен сәуле дарытармын деген үміт те болуы ғажап емес. Автордың көздегені осы. Ата- бабаларымыздың ғасырлар бойы мұрат тұтқаны тыныштық, татулық, береке-бірлік. Көбікті ұрпағының араздығы арқылы қазақ баласының басын шырмаған шырғалаңды ашып көрсетеді. Оқиғалардың ширатыла ширығуы Мақымның Жапсарбайға ілесіп Алтай асуы сойқанының басы еді. Көбікті ауылы содырлықты өзгеден емес өзінен күтеді. Романның астарында бірін-біріне айдап салатын ішкі алауыздықты пайдаланып, өз ұпайын жинайтын төрелердің зымияндығының аса қауіпті екендігін ескеретін мұрат бар. Қазақтың “іштен шыққан жау жаман” дейтін философиялық ойына жетелейтін түйін түйіледі.
Иса бай немере інісінде кеткен кегін алу үшін оның өз ұлы Мақымды пайдаланады. Рас, романның ортасына дейін осылай сабақталып келе жатқан шығарманың соңы күрт өзгеріп, осы қауіпті дерттің шешімін автор дұрыс шеше алмаған. Роман авторы әйгілі “Құпия шежірені” қазақшалаған аудармашы. Бірақ, Мағауия ақсақал Шыңғыс ханнан сый күтіп Отырар қақпасын ашып берген сатқынды керісінше ұлы қағанның жазалайтынына жете мән бермесе керек. Шыңғыс ханның бұнысында: “Өз ұлтын сатқан адам өзгеге де жақсылық жасамайды” деген философиялық тағылым жатыр. Ал, кіндіктесін аямаған Мақымнан Иса бай іш тартуы керек еді. Шығарма оқиғасы басқаша өрбиді. Барлық билік Мақымның қолына көшеді. Дойыр да содыр Мақым билеп – төстеп бара жатқанын байқаған Биағаң Иса бай есейіп-ержетіп қалған Мырзабектің қос ұлы – Бақберген мен Көпбергенге иек артуды мұрат тұтады. Өзінің қарақан басынан басқаға жақсылық ойлап көрмеген зымиян Жапсарбай, әсіресе бірбеткей, намысқой Көпбергеннен құтылудың жолын қарастырады. Қой отарына барғанда, тепкі көрсетеді. Бұған төзбеген қайсар Көпберген қосты өртеп, Жапсарбай мен Домбайды таяққа жығып, иен далаға безіп кетеді де, ит-құсқа жем болады. “Ұрпақ тағдыры” романы “Қобда қойнында” романымен салыстырғанда жоғарыда аталған кемшіліктерді қайталамауға біршама тырысқан. Дегенмен авторлық баяндау мұнда да орын алған. Тартыс, шиеленіс өте босаң. Ширыққан сюжеттің жоқтығы көп жағдайда, нанымсыздыққа жетелейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *