Ұрпағың үзілмесін
И.Қабышұлы
Ислам Қабышұлының “Ұрпағың үзілмесін” романын тарихи оқиғалардың хроникалық тізбегі десе де болғандай. Роман үш тараудан тұрады.
Бірінші тарауда Алтайдан Қобда бетіндегі туыстарына келіп қосылған Расол, Жекейлердің көші баяндалса, екінші тарау Қобда керейінен “Сары ноқта” салығын талап еткен Қытай ұлығы Мадарыңның Асылбек Көбешұлының басын алуымен аяқталады. Ал, үшінші тарауда әйгілі “Жалама айдаған” жылғы қазақтардың басынан өткен нәубет суреттеледі.
Роман авторы – тарихшы ғалым. Сондықтан болар романда тарихи оқиғаларды баяндау басым. Кейіпкерлердің қатысуымен, кейде авторлық баяндаулармен ел-жер тарихы көптен орын алған. Мысалы, тек Жәнібектің тарихы төрт бетке созылған. Моңғолия тарихында баяндалатын Галдан бошиг, Мандухай қатын, Баянмөнх, Шыңғыс хан мен Эрдэнэзуу, Қарақала тарихтары осының дәлелі. Бұның көркемдік тұрғыдан сәтті шешімін таппаса да, танымдық тұрғыдан алғанда берер жемісі аз емес.
Біздіңше, жазушыда фантазия жеткіліксіз. Роман ұзақ кезеңді – Алтайдан Қобдаға ауған қазақтардың Моңғолияға қоныстану кезеңінен бастап, 1917 жылғы Абақ Керей қазақтарын Моңғол мемлекетінің құрамына қабылдаған Богдыханның жарлығы шыққанға дейінгі оқиғаларды қамтиды. Осы уақыт ішінде ерлікке, талас-тартыс, қайғы- қасіретке толы қаншама оқиғалар өтті. Бұл оқиғалардың барлығы дерлік романда көрініс тапқан. Тас пен кірпіші дайын романның қалануындағы олқылық сол – үнемі дамып отыратын тұтас оқиғалы желі жоқ. Үзік-үзік оқиғалардың көп баяндалуы шашыраңқылық пен шұбалаңқылыққа жол берген. Оқиғаны авторлық баяндау басып кетеді. Осыдан барып кейіпкерлердің мінезі авторлық ремарка арқылы көрінгені болмаса, өз қимыл-әрекетімен білінбейді.
Автор идеясы өте көп кейіпкерлерге үлестірілгендіктен образдар сомдалмаған. Аз көрінсе де Асылбектің характерін автор шағын диалог, штрихпен дұрыс ашып көрсеткен. Ойындағысын ойлап айтар ел ақсақалы Жанай бейнесі де біршама ашыла түскен. Алайда дараланған типтік характер жоқ. Басты кейіпкер Сарыбайдың бейнесі тым жасанды. Ол жылқы отарлатқан 4-5 айда моңғол тілін меңгеріп, хат танып алады. Шын мәнісінде Сарыбай ортада Көпберген мен Қайдардың қасында болды емес пе? Моңғол жылқышылары Аюур, Баталардың қасына соңғы бір-екі айда ғана келеді. Моңғолдың “Алтын шежіре”, “Асыл шежіре” сияқты жыр-қиссаларын еркін оқиды. Моңғолдың қанатты сөздеріне дейін біліп алғандығы өте қисынсыз. Ол табынушылармен ілесіп, Богда ханның ордасына барып, обаға, бурханға табынады. Сөйте тұра, олардың тамағын татпайды. Сонымен қатар, романда жасанды сюжеттер көп. Мысалы, Назарбек ұры табанын тілгенде өлген адамдай мыңқ етпейді. Үйдегі қызды іргеден көрпесімен орап қымтап алып кету, Биндарья қыздың Богдаханға қанжар шығарып, сес көрсетуі, тірі сойып, терісін сыпырып қоя берген қасқыр бір шақырымдай жерге дейін жүріп барып жығылады, тағысын тағылар оқырмандарын сендіре бермейді.
Ислам Қабышұлының “Ұрпағың үзілмесін” романында да ұлттық салт-дәстүрдегі ерекшелік өзіндік арнасын тапқан. Әсіресе, ұмытылып бара жатқан тектілігіміз, салт-дәстүріміздегі айрықша қасиеттерге басым тоқталған. Мәселен, іргесіне келіп қоныстанған ағайыны Жекей мен Расолға ауыл – үй жиналып үй көтеріп береді. “Жанай ауылдағы туыстарын шақыртып алып, бидайдай қуырды. Өңі тотығып шынымен ашуланыпты.
— Бәтшағарлар, ақылдарыңды неге шайнайсыңдар. Қой баққаның қой болып кетті дегенде, жылқы баққаның үйірсек жылқыны көрмедіңдер ме? Сол үйіріне қосқан тай-құнанын иіскелеп, өз тұқымын таниды. Сонау Алтайдың атырабынан ағайыным бар, туысым бар деп аңырап келгенде, қара күркеге қалай ғана қаңсытып қойып дәттерің шыдап отырсыңдар. Адамда зерде, жете деген болмайтын ба? Біз де елміз, жанашыр ағайынбыз деп шақыртқанбыз. Сондағы көрсеткен сый-сияпатымыз осы ма? Мына қылықтарыңды бөтен біреу білмесін. Болмағанда Расолға бір үйдің уығы мен керегесі шықпады ма, осы ауылдан? Расолды қора шетіне қоспен қойып қойсам, рулы елге не бетімді айтпақпын. Бүйткен кісіліктеріне болайын!”.
— Романда қытай, орыс, моңғол халықтарының де салт- дәстүрлері де сәтті көрініс тапқан. Басқа ұлттың көзге ұрып тұрар ерекшелігін жазушы кейіпкердің таңданысы арқылы жеткізіп отырған.
— Әскер ұстамайды. Анау сары шапанның етегіне сүрініп жүргендері осы хүрээнің гэлэндері.
— Әйелдері көрінбей, еркектері сиыр сауғаны несі?
— Кешілдер әйел ала ма екен?
— Кешілі несі?
— Ламаның банділері.
Роман социалистік дәуірдің бет-бейнесін айқындау үшін таптық мүддені жоғары қоюы керек еді. Бірақ, жазушы ұлттық мүддені ту еткен. Ірі ұлттардың ұсақ ұлттарға басымшылық көрсетіп, басқыншылық әрекетке жиі баратындығын негізгі идея етіп алған. Бұл үлкен батылдық, ірі жетістік. Шын мәнісінде Моңғолия қазақтары таптық шиеленістен гөрі, ұлттық тартысты басынан көбірек өткізді. Мәселен, ұрпағын аман сақтап қалу үшін Гоминдаң құрығынан қашып Қобдаға ауса, ақтың әскерлерімен де ұлт тұтастығы үшін күресті. Тіпті, моңғол төрелерімен арадағы қақтығыстың өзі мекен-жерінен ауған аз ғана қазақтың халықтығын сақтап қалу жолындағы күресі еді. Сондықтан да Ислам романындағы негізгі тартыс ұлтаралық алауыздық пен достық, басқыншылық пен мейірбандыққа құрылған.