ҰЗЫН КӨЙЛЕК
Диди үшін бұл нағыз саяхат болды. Палермодан Суникаға дейінгі жол оңай ма екен? Бақандай сегіз сағат поездбен жүреді.
Суника ол үшін қанша алыс десе де қасиетті жер еді. Оның алыстығы шалғайлығымен емес, кеңдігімен бағамдалатын. Кішкентай кезінде Дидиге әкесі Суникадан түсі ерекше жемістер әкелетін-ді. Сол жемістердің исін Диди содан кейін есіне түсіре алмай-ақ қойды. Әкесі мұнан соң да жергілікті жердің ағаш ыдыстарына салынып, үсті жүзім сабақтарымен бүркемеленген түрлі жемістер, бір жақ бүйірі қызғылт-күңгірт, ал келесісінде жапырақтары сақталған алмұрттар, түсі құбылып тұратын өрік, керемет дәмді сицилиялық лимондар да әкелген.
Десек те ес жия келе Диди Суниканың бар-жоғы Орталық Сицилиядағы шаң басқан қала екенін, ал әкесі баяғы керемет жемістерді әппақ жартастары көз қарықтырып, күкіртті топырақтары күреңіткен Суникадан емес, сол қаладан бірнеше миль жырақтағы Чумиа атты поместьеден әкелгенін де білді. Солай бола тұра, Суника аты аталған жерде Дидидің көзіне жасыл жүзімдіктері мен әдемі бақшалары жайқалған, бал аралары быжынаған, тоған сулары көп, жасмин жұпарын бұрқыратқан, цитрус және апельсин ағашты керемет аймақ елестер еді.
Ақиқатында Диди соның бәрін әкесінен естіген-ді. Өз басы Палермоға тиіп тұрған Багериядан қарға адым ұзаған емес. Аптаптардан жасыл өскіндер қорғап тұрған саялы Багерияға Дидиді жазда апаратын. Ал өткен жылы ол Санта-Фладия апельсин ормандарына тым жақын тұсқа қоныстанды. Рас ол кезде қысқа көйлекпен шапқылап жүрген кезі еді.
Ал бұл жолғы ұзақ сапарынаол өмірінде алғаш рет ұзын көйлек киді.
Диди өзінің өзгергенін бірден сезінді. Есейіп қалған-ды. Тіпті, денесінің сымбаттана түскенін де байқаған. Сол сол-ақ екен таңқыш танауы мен шұңқырлы иегін көтеріп, нағыз бикештерше тәкаппарлана қалғаны. Қалай десе де, ұзын көйлегі оның әзірге толыса қоймаған шидей сирақтарын көрінер көзден жасырып тұрған.
Дұрыс қой. Бірақ көрешегін ағасы Кокодан көрді. Сайқымазақ Коко бірінші класты купенің қызыл диванының арқалығына қолын кербездене созып тастап, аузындағы сигаретін бір езуінен екіншісіне алмастыра тұрып, ара-тұра бұған:
— Диди, күлкімді келтірмеші, — деп мазақ қылғаны ғой.
Сондағы қанының басынатепкені-ай! Ағасының бетін аймандай еткісі келіп те кеткен.
Сол кездегі сәнге сай ағасының мұрт қоймағаны қандай жақсы болған. Ондай жағдайда Диди оған мысықша бас салып, мұртының бір талын қалдырмай жұлып тастар еді.
Десек те, Диди сабырмен күлімсіреп, оған түк болмағанадай жауап берген:
— Қымбаттым, егер мұншалықты ақымақ болмасаң…
Дидидің түсінігінде ағасы ақымақ қана емес, нағыз нақұрыс. Суникаға аттанар тылсымды саяхат қарсаңында екеуі салауатты түрде біраз әңгімелескен-ді. Ал сондай әңгімеден соң мұнын көйлегін, сондай-ақ аяқ астынан маңғаздана қалған бет-әлпетін мазаққа айналдыруға бола ма екен?!
Қалай десе де бұлардың саяхаты бекінісі мықты таудағы қамалды алуға аттанған әскери саяхатқа ұқсамайтын ба еді? Ал сол шайқастың ең басты қаруы, түсінген адамға мұның көйлегі емес пе? Сонда сол бір керемет қаруды сәндеп даярлау, оның пайдалануды үйрену де айып болып па?
Соның алдында ғана бір кеште Коко оған алдағы шаруалары туралы айтпақ та болған. Диди оған таңдана қарады.
Қайдағы шаруа? Ол не шаруа сонда? Екеуінің арасында әңгіме қылатындай қандай шаруа болуы мүмкін?
Таңданысынан арылған соң Диди шек сілесі қата күлген.
Өз басы өзгенің де, өзінің де шаруаларын таңдамастан сөз қыла беретін бір ғана адамды білетін-ді. Ол өзі таба ұстаған донна Бебе, немесе жай ғана донна Бе деп атай салатын күтушілері донна Сабетта болатын. Дидидің түсінігінде бұл үйде өз шаруасын ойлаудан бір босамайтын сол ғана еді. Диди ерке мінез-құлқымен өзін мезі етіп жібергенде әбден шыдамы таусылған ол жыламсырап тұрып басын қос қолдап ұстап:
— Құдай үшін, синьорина! Маған өз шаруамды ойластыруға мүмкіндік беріңізші!-дейтін.
Сонда Коко мұны сол Бебемен шатастырып алған жоқ па екен? Ақиқатында Коко ешкімді ешкіммен де шатастырған жоқ-ты. Сол кеште Коко өздерін аса игілікті де маңызды шаруа күтіп тұрғанын жасырмай айтып салған. Маңызды болғанда қандай десеңші! Өте маңызды! Сондай-ақ мұның үстіне киген ұзын көйлегі де маңызды екен…
Әкесі жиі-жиі бірер аптаған Суникаға кететін. Сол сапардан оралған әкеден Диди Чумия поместьесі, Монто дьези күкірт кеніштері, басқа да кен орындары, үйлер мен иеліктер туралы көп естіді. Дидиге осынау байлықтардын бәрі де барон Брилла әулетінікі екені, сондықтан өзінің әкесіне тиесілі екені белгілі болатын. Ал ақиқатына келгенде мүлдем де олай емес. Осы игіліктің қожайыны Нигренти Федальпенди Суника маркиздер еді. Дидидің әкесі барон Брилла бар-жоғы оның қамқоршысы ғана-тұғын. Әкелеріне жиырма жыл бойы ырысты тұрмыс, ал Диди мен Кокоға тоқшылық силаған осынау қамқорлықтың күні үш айдан соң аяқталуы тиісті еді.
Он алтыдан енді асқан Диди баршылық пен тоқшылық аясында бой жетті. Ал жиырма алтыдан асқан Коко әкелері өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай ете жүріп Суника маркиздердің байлығына қамқорлық жасау құқығын иемденгенше отбастары көрген кедейшілік пен кемшілікті еміс-еміс болса да білетін.
Ал енді сол кедейлік тағы да алдан шыққалы тұр. Мүмкін бұл жолғысы бұрынғыдай бола да қоймас, алайда жиырма жыл тоқшылықтан кейінгі ондай тіршіліктің қиынға соғары да анық.Сол бір бақытсыздықтың алдын алу үшін олардың әкелері ойлап тапқан жоғарыдағы “әскери жоспарды” іске асырулары керек еді. Суникаға жасалған саяхат олардың алғашқы стратегиялық айласы болатын.
Ақиқатын айтқанда алғашқы да емес. Гәп мынада— осыдан үш ай бұрын әкесі мен Коко ол жаққа барлауға да барып қайтқан. Екі аптадай сонда болып Нигренти отбасымен жете танысқан-ды.
Коко дұрыс түсінсе отбасында үш қыз және үш ұл бар. Оның анық көзі жетпеген де нәрселер жеткілікті. Бүкіл Суниканың төбесінде асқақтаған таудағы ескі қамалда Нигренти әулетіне жататыны яки жатпайтыны белгісіз тағы да екі сексеннен асқан кемпір бар-тұғын. Алайда олар бүгінгі маркиздің де, оның әжесінің де әпкелері емес болатын.
Қырық бес жастағы Андреа есімді маркиз қамқорлықтың мерзімі аяқталғаннан кейін, өсиет құжатына сәйкес мұраның негізгі бөлігіне ие болмақ. Бұлардың әкесі Қиялшыл деп атайтын Андреаның екі бауырынын бірі священик. Ал Сырбаз деген лақап атымен белгілі екіншісі нағыз жалқау. Алайда бұлар үшін екеуі де қауіпті. Ақиқатында жалқаудан көрі Священик қатерлірек. Маркиздің қарындасы Кокодан бір жас үлкен, жиырма жеті жаста. Оны кейде Агата, кейде Титина деп атайды. Ол балауыздай боп— боз арық қыз-тұғын. Әрі көзінен мұң арылмайтын. Сүйекті, сап— салқын қолдары ұдайы қолапайсыз дірілдеп тұрар еді. Шамасы мейірбан да, таза пенде болуға тиіс. Сексендегі екі кемпріге күтім жасаудан қолы босамаған байқұс қыз ғұмыры сол қамалдан ұзап шығып көрмеген де сияқты. Өзі кесте тігетін, сондай-ақ рояльда керемет ойнайтын.
Қамқорлықтың мерзімі аяқталып қалған тұста әкелерінің жоспарына сәйкес Диди маркиз Андреаға тұрмысқа шығып, Коко осы Агатаға үйленуге тиісті еді.
Бұл туралы алғаш естігенде Дидидің бет-жүзі күрт қызарып, таңданыстан көзі алақтап кетті. Жоқ, оның есін шығарған жаңалықтың өзі емес, бауыры Коконың осынау мәжбүрлі әрекетке оп-оңай көне салғаны, сондай-ақ өзін де солай жасауға итермелегені еді. Аман қалудың амалы сол ғана ма екен! Сонда ақша үшін өзінен жиырма сегіз жас үлкен шалға күйеуге тимек пе?
— Қайдағы жиырма сегіз жас? — деп оны сабасына түсірмек болған Коко.-Қайдағы жиырма сегіз жас, Диди? Неге өтірік айтасың? Жиырма жеті-ақ жас… Енді жиырма жеті жас, сосын бірнеше ай ғана…
— Нағыз оңбағансың, Коко, одан басқа ешкім емессің! — деп айғайлап оған жұдырығын білеген Диди. Алайда оған Коко былқ еткен жоқ:
— Мен саған айттым ғой, үйленсем мейірбан қызға үйленем. Олардан мейірімді адам болмайды, Диди. Олар нағыз мейірбандар! Сондай әрекетіме қарап сен мені оңбаған деп атайсың. Рас, ол менен бір жас үлкен, бірақ біліп қой, сүйкімдім, мейірбан адамның уыздай жас болуы міндетті емес. Ал мен болсам, мейірбандыққа зәрумін. Менің қандай шалағай, бейбас екенімді өзің де білесің. Папам айтатындай нағыз алаяқпын. Ақыл кіретін кезім болды. Мен алтын өрнек салынған туфлимен және барон тәжімен жүруге тиіспін. Ал басымда алтын жіппен әдіптелген жібек баулы барқыт қалпақ болады. Мейірбан барон Коко аталамын. Керемет емес пе ә, Диди?
Сол жерде ол басын бір жағына қисайтып, нағыз топас пенденің кейпіне енген. Ернін шығарып, алақандарымен теке сақал пенденің кейпін көрсетті.
Диди амалсыз күлкіге булықты. Соны пайдаланған Коко балауыздай боп-боз байқұс маркиз қызға қандай бақыт сыйлайтынын саусақпен санап, реті келсе қарындасын да сондай айла жасауға үгіттеуге тырысты. Коко Суникада болған екі аптада Агата қолапайсыздығына қарамастан оған кетәрі еместігін аңғартқан. Солай! Онда тұрған не бар екен? Ағалары, әсіресе Сырбаз ағасы (айтпақшы, оның өзінің қамалдан тысқары бір жерде әйелі бар-тұғын. Балаларының санын да ешкім білмейтін) Агатаның бұл өмірден күйеусіз өтуіне мүдделі еді. Ал қыздың өзі үшін Коко -нағыз құдайдың бере салған сыйы. Ол Агатаны өзімен бірге Палермоға, ғажайып жаңа үйге ала кетуге тиіс. Ал онда салтанаттар көп, театрлар, саяхаттар, автомобильмен сейілдеу қызықтары күтіп тұр. Әлбетте, қандай күмән болсын, Агатаны сұлу деп айта алмайсың, бірақ үйленуге жарайтындай енді… Ең бастысы мейірбан, сондай-ақ барға қанағат ететін талабы аз қыз.
Коко сайқымазақтана отырып, өзінің болашақ өмірі туралы ұзақ көсілді. Ақыры мезі болған Дидидің шыдай алмай кетіп:
— Сонда маған қандай шаруа жүктеледі? — дегені.
Терең күрсініп алып Коко былай деді:
— Енді саған келгенде Диди сенің шаруаң… біршама машақатты. Өйткені ол саған қатысты ғана шаруа емес.
— Сондағы айтпағың не? — деген Диди қабағын түйіп.
— Енді айтайын дегенім… маркиздің төңірегінде көзін сатып жүрген әйелдер көп. Оның ішінде әсіресе бір әйел…
Сол жерде Коко қолымен бедерлеп, әлдебір әйелдің керемет сұлулығын сипаттауға тырысты:
— Жесір… отыз жаста… оның үстіне бөлесі…
Коко таңдайын тақ еткізіп әлгі бәсекелесінің маңызын онан да гөрі асыра түскен.
— Мейлі тие берсін! — деген Диди жүрегі айнығанын жасыра алмай.
— Оп-оңай айта саласың,ә?! Сен өзі маркиз Андреаны… Андреа деген әдемі ат емес пе? Маркиз Андреа дегеннің өзі керемет естіледі… Айтпақшы оңаша қалған кездеріңде оны жай ғана “Нене” десең де болады. Өзін еркелетіп Титина дейтін қарындасы оны солай атайды ғой… Бәсім бар, сен тіпті сол Нененің қандай еркек екенін де білмейсің! Бір нәрсені біліп қой, оның топастығы… Енді… ерлігі дегенім ғой… жиырма жыл бойы қамалдан аттап шықпауға да жеткен. Түсініп тұрсың ба, бақандай жиырма жыл! Шын айтам, дүние -мүлкі қамқорлыққа өткен, жиырма жыл бойы далаға аттап шықпаған. Сол жиырма жылдың ішінде шашының қаншалықты өскенін көзіңе елестетіп көрші! Бірақ оған бола алаңдама. Міндетті түрде сол шашын алдырады. Әр күн сайын қамалынан сыртқа да шығатын болады. Саған бұл ұнай ма?Сөйтіп ол сулығын жамылып тауға аттанбақ. Әлбетте, салт атпен. Көк ат мінбек. Рас, көк аты кәрі… бірақ ол тамаша шабандоз ғой… Ия,ия ол салт атпен сейілдеуге шебер. Кәдімгі қарындасы Титинаның рояль ойнағаны секілді… Көзіңе елестетіп көрші, банкроттыққа ұшырағаннан бері жиырма бес жыл бойына ол Суникада, қолы бос жағдайда жүрді. Нағыз қызық өмір кешкен. Римде, Флоренцияда, Парижде сосын Лондонда, құрлықтың барлық ірі қалаларында болған. Жаңағы мен айтқан бөлесіне жас кезінен ғашық деген де сыбыс бар. Айтпақшы, бақталасыңның атын айтып қояйын— Фана Лопес. Тіпті екеуі атастырылған да сияқты. Рас, маркиз кедейленгенде бөлесі күрт айнып, басқа біреуге күйеуге тиіп кеткен. Бірақ маркиздің шаруасы оңалған соң… Енді ол жағын өзің де түсінесің. Әрине, бұл орайда бізге қолайлы бір ақиқат және бар. Оған өкпелі маркизаның өзіне құмартып жүрген тағы да бір отырып қалған қыз бөлесі Тутссе Ла Дияға үйленуі де мүмкін. Оның үстіне Диди, жиырма жыл қорлық пен тежеу көрген маркиз өте ашушаң. Әй, сірә да, ана кәрі қызға оңай бола қоймас-ау… Бірақ бізге өз дегенімізге жету керек.
Сол кезде Коко ұзын-сонар сөзін былай аяқтаған:— Ал енді, Диди еңкейіп саусақтарыңмен етегіңді сәл көтерші.
Осыншалықты ұзын сөзден мезі болған Диди:
— Не үшін? — деді.
— Сенің аяқтарыңмен қоштасқым келеді. Енді оны ешқашан көрсетіп жүре алмайсың.
Коко қарындасының аяқтарына қолын көтеріп қоштасу ишарасын жасады.
— Құрбың Роро есіңде ме? Ұзын көйлек кигенде оның аяғымен де осылай қоштасқам. Оны да енді қайтіп көрмейтін шығармын дегем. Бірақ көрдім ғой.
Боп-боз болған Диди: — Не айтып тұрсың өзі? — деді.
— Өліп жатқанда көргем! — деп түсіндірді Коко. — Байғұс Роро— ай, оның мүрдесін сан-Доминико шіркеуіне әкеліп табытының бетін ашып қойды емес пе? Тәңертең шіркеуге барсам жарқыраған шырақтар түбінде сол табыт тұр. Табыт төңірегінде жүрген шаруа әйелдер оның үстіндегі неке көйлегіне қызыға қарайды. Күйеуі Ророны сол неке көйлегімен жерлеуге шешіпті. Аяқ астынан сол әйелдердің іш киімінің өрнегін көруі үшін марқұмның етегін көтеріп қалғаны. Мен Ророның аяғын солай көргем.
Мазасы кеткен Диди түні бойы дөңбекшіп, ұйқтай алмай шықты.
Төсекке жатарының алдныда Диди ұзын жол көйлегін айналы шкаф алдында тағы да бір мәрте киіп көрді. Әлгі кім енді… Фана Лопестің сұлулығын айтып тамсанған Коконың сөзінің жүйкесіне тигені. Диди өзін көрінбеген сол әйелдің алдында қор,кішкентай, арық сезінді. Күні бүгінге дейін ұзін көйлектің етегі бүркеп көрмеген аяқтарына да бір қарған. Есіне марқұм Роро Кампидің аяғының түсе кеткені.
Диди көрпе астында жатып та өз аяғына өзі бірнеше мәрте қарап шықты. Өзі аяғының өзіне бар-жоғы ұзын, жансыз ағаш сияқты сезіліп кеткені! Сол сол-ақ екен Дидидің көзіне ұзын шашты маркиз Андреамен үйлену тойынан соң— ақ өзінің табытта жатқан келбетін көзіне елестетті.
Мына мылжың Коконы қайтсе екен?!
Диди купеде отырғанда да қарсы алдында шалқайып жатқан ағасына аяушылықпен қараған.
Соңғы екі-үш жылда ағасының кезінде келісті болған жүзінің сәл-пәл өзгеріске түсіп, көздері мен миық тұсын әжім шиырлай бастағанын аңғарды. Дидиге ол ішкі ойларынан өртеніп бара жатқандай көрінді. Ішкі мұңның жалыны мен мазасыздық оның бет-жүзін өзгертіп , құрғатып, көздерінң алдында қаракүлгін ісіктер қалдырған сияқты еді. Ол құмар ойындарға бейім Коконың кеш оралатынын білетін. Әкесі ұлын кабинетіне шақырып алып түрлі күмәнді әрекеттерін бетіне басып, ұрсып та жатар еді. Бір жағынан сол сөздерде жан да бар сияқты.
Ағасының тіршілігінен өз көзқарастарына қарама-қайшы әрекеттерін аңғаратын Дидидің оған деген жеккөрініші де ояна бастағанадай ма ау? Өзін жақсы көретін, кішіпейіл ағасының осы үйдің босағасынан әрі шығысымен нағыз оңбағанға айналатынын да ойлап көрген. Мүмкін ол әбден бұзылып біткен жексұрын да шығар. Әкесінің оған жекуі де тегін емес болар. Қалай десе де ағасының өзіне деген пиғылы дұрыс еді. Ал қарындасына соншалықты мейірбан бола тұра басқаларға зардабын тигізу неліктен сонда?
Мүмкін осынау бұзылғандықтың сыры үйден тысқары, белгілі жасқа жеткен соң ұзын шалбарлы ер адамдар мен ұзын көйлек киген әйелдер түрлі күмәнді әрекеттерге баратын бұл білмейтін бейтаныс әлем де шығар! Ешкімнің бұған сырын ашып айтпағанына қарағанда, сол әлем үрейлі болуға да тиіс. Ол әлем туралы ересектер өзі сияқты бейкүнә жастардан жасырып, сыбырласып айтып, ыммен ұқтырып жататын-ды.
Гүл жайнаған бозбаладан ағасын оңбағанға айналдырып, құрбысы Роро Кампиді күйеуге бір жылдың ішінде өлтіріп тыңғанына қарағанда ол тіршіліктің қорқынышты болғаны да— ау өзі?…
Күні кеше ғана бүркеу, жасыру дегенді білмей келген аяғына ұзын көйлек етегінің ауырлау болып көрініп кеткені. Жан-дүниесі де әлем-жәлем, бір шама қайғыратын да сияқты. Осы ойлардан құтылу үшін ол көзін ағасынан аударып, әкесіне қараған. Әкесі тізесінде жатқан тері портфельден әлдебір құжаттарын шығарып оқып отыр.
Қызылжиекті портфельден әлдебір құтының қырлы тығыны байқалады. Диди көзін соған тоқтатты. Ұзақ жылдардан бері жүрегі ауыратын әкесінің осы бір дәрі құтысын серік қылғанына да талай болған.
Ал әкесінен қас-қағым сәтте айрылып қалса не болмақ? Жоқ,жоқ ол туралы ойлаудың қажеті қанша? Дәрі құтысына жиі— жиі қол созғанына қарамастан әкесінің өлім туралы ойламайтынын өзі де жақсы біледі. Міне, бұл жолы да төмен түсе беретін көзәйнегін қайта-қайта көтергіштеп, ара-тұра жалтыраған басын түкті қолдарымен бір сипап қойып, қағаздарын қарап отыр. Кейде қағаздан басын алып купе терезесінен әлдебір қиырларға да қарап қояды. Сол кезде жап-жасыл көздері безеулі қызғылт бетіне, ақ түсе бастаған жирен мұртына сәйкеспейтін жағдайда әлдебір үмітттердің дегенімен от шашатындай.
Осыдан үш жыл бұрын шешесі қайтыс болғаннан соң Диди әкесінің өзінен жырақтай бастағанын, тіпті жатбауыр бола түскенін аңғарғандай еді. Міне, қызының өзі де оған дәл қазір бөтен адамша қарап отыр. Әкесін айтпағанда, Коконың өзі де жат бола бастағандай. Дидидің түсінігінде бәрінің басын біріктіріп отырған анасы қайтыс болғаннан бері бұрыңғы ынтымағы жарасқан үйішілік тәртіпті жалғастырып келе жатқан тек өзі ғана сияқты.
Әлбетте, әкесі де, ағасы да үйден ұзап шықса болды өз тіршіліктерін жасамақ. Қалай десе де бүгінгі тіршіліктері бұрынғы бір-біріне рухани қолдау көрсетіп, үй-ішілік сабыр орнатқан бағзы тұрмыстарына ұқсамайтын.
Диди сол ынтымақ пен жылуды сағынады. Ара-тұра анасының көйлектері жатқан ескі сандықтың алдына тізерлеп отыра қалып, ебіл-себіл жылайтыны да рас.
Отбасының жылуы мамасының көйлектері жатқан табыттан аумайтын жаңғақ ағашынан шабылған ескі сандықта сияқты— тұғын. Содан ескен жып-жылы леп Дидидің есіне балдан тәтті балалық шағын салатын.
О, мама!
Анасы қайтыс болғаннан бері өмірдің өзі құлазып, қажетсіз бірдемеге айналған сияқты. Айналадағы тіршіліктің бәрі
көлеңкеден тұратын сияқты. Сонда мұның ертеңі не болмақ? Сонда осынау бос кеңістік мұның мәңгілік тұрағына айналмақ па? Дидиге өмірдің мәнін оралтатын да бірдеңе керек қой?
Сөйтіп Дидидің өмірі мақсатсыз, мағынасыз жалғасып жатқан.
Ол терезеден ай бетін көмкерген түтін түстес бұлттарға мұңая қарап жатып талай түндерін өксумен өткізген-ді. Ай екеш айда сол бұлттардың тасасынан құтылып шығуға тырысатындай еді. Сөйтіп Диди бос, мағынасыз кеңістікке ұзақ-ұзақ қарап тұратын, армандарға беріліп, көз-жасына берілетін. Оның мұңдануға құлқы жоқ еді. Керісінше, көңілді өмір сүріп, ән шырқағысы келетін. Алайда, төңірегі толы бос кеңістік. Жас қыз осынау мұңының есесін байғұс донна Бебиден ғана қайтарар еді.
Тәлімгері, қолдаушысы жоқ ол бәрінен де айрылған-ды. Ол өмірде қандай жол таңдау қажетін де білмеді. Бүгінгі ойына ертеңгісі кереғар шығып жатты. Бірде театрдан оралып, балерина болуды армандаса, келесі күні үйге қайыр садақа сұрап келген монашкаларды көргенде мейірімділік шараларымен айналысқысы келіп кететін. Ал араға аздаған күндер салып өзіне неміс тілі мен музыкадан дәріс беретін фрау Венсель сияқты теософияға беріліп, дүние-жүзін шарлауды армандайтын. Кейде көңіл ауаны живописьпен айналысуды қалайтыны да бар. Жоқ, жоқ!Тек сурет салу болмасыншы! Осы бір өзіне де түсініксіз құлқы сурет салудан сабақ беретін суретші Вольпе аурып қалып, орнына оның нақұрыс ұлы Карлино Вольпе келгеннен басталған сияқты… Ол қалай болып еді өзі? Иә, бұл:
— Қандай бояу алуым керек, ашық қызылын ба, әлде күңгіртін бе? — деп сұраған.
Ал ана оңбаған:
— Мынандай алқызылын, синьорина,— деп мұның ернінен сүйіп алғаны.
Содан бері бұл бояу, қылқалам, мольберт атаулыны жек көреді! Сол жолы Диди мольбертін ана оңбағанның бетіне атқан. Содан соң бояу мен қылқаламын лақтырған. Арсыз немеге жасыл, сары һәм қызыл бояуға малынған бетін де жуғызбастан қуып шыққан.
Соған қарағанда, оны кез келген адам басынатын сияқты… Сондай-ақ өз туған үйінде мұны қорғайтын да ешкім жоқ. Кез келген көлденең көк атты үйіне кіріп келіп, мұны емін-еркін сүйе алатын сияқты. Сонау бір тұрпайы сүйістен соң көкейіне сезік кірген. Ернін қаны шыққанша ысқылап жуған. Сол бір жексұрын сәт ойын түссе амалсыз аузын сүрткілейтіні де рас еді.
Жалпы мұнда ерін бар ма өзі? Ол өз ернін де сезінбейтін сияқты. Ерінді былай қойғанда ол өз денесін де түсініп сезінбейтін сияқты еді. Мүмкін ол да өз болмысынан тысқары мүлдем бөлек қиялдарға беріліп жүретінінің салдары шығар. Әйтеуір жан-дүниесі толқынысқа толы-тұғын.
Ол аз дегендей осыдан бастап өзге түгілі өзі де дұрыс түсінбейтін денесіне ұзын көйлек киетін болды. Әкесі мен ағасы болса сол көйлектің ішінде нағыз толысқан әйел денесі бар деп түсінеді. Бірақ олар қателесетін— Диди сол көйлектің ішіндегі дененің әлі де болса балғын екенін түйсінетін. Сол дене әлі күнге дейін жалғыз марқұм анасы ғана сезініп аялайтын, сол кездегі бақытты ақиқаттарды сағынатын балғын да мұңды қалпында еді. Дидиге салса, ол денеге қамқорлық жасап, көңіл бөлуге тиісті жалғыз адам да сол марқұм шешесі-тұғын. Анасы қайтыс болғаннан бері Диди өз денесін өзі сезінуден де қалды. Анасы қайтыс болғаннан бері өз төңірегінде ұйыған баяғы бақытты мейіріммен қоса денесі де буға айналып орнында бос кеңістік қана қалғандай сияқты еді.
Ал мынау сапар…
Әкесі мен ағасына тағы бір қараған Диди өз жеркенішін сезінді.
Екеуі де бүк түсіп ұйықтап жатыр екен. Әкесі қорылдайды, маңдайынан шып-шып тер білінеді. Ал тар жағасынан әжімді мойындары байқалады.
ЬІңыранған поезд тауға қарсы өрлеп келе жатты. Төңірек бір тал шөбі жоқ құлазыған мидай дала. Ара-тұра сымдары жерге жетердей салбыраған телеграф бағаналары ұшырасады.
Мына тар купенің өзінде де мұның өз еркін өзіне қиғысы келмейтін екі адам өзін қайда апара жатыр? Намысқа тиетін шаруаға, алдау-арбауға, өзін саудалауға апара жатқанын бұл біледі. Алаңсыз ұйқы соғып жатқандарын қарашы өздерінің. Ия, жалпы өмірдің өзі осындай. Басқаша болуы мүмкін де емес. Олар сондай тіршілікке әбден бауыр басып алған. Сондықтанда алаңсыз ұйқы соғады. Екеуі мұны ұзын көйлек кигізіп, лас бір шаруаға әкеле жатқаны белгілі. Бірақ соған бола ренжитіндері де байқалмайды. Бара жатқан жері бала күнінде ғажайып ертегілік әлем болып көрінетін Суника. Не үшін апармақ сонда? Бір жылдан соң Роро Кампи сияқты өлу үшін бе?
Мынау беймәлім дүниені күту, алаңға толы тіршілік немен бітпек? Шамасы өлі қалашықта, ескі қамалда, анау ұзын шашты кәрі күйеуімен аяқталатын сияқты ғой өзі… Мүмкін әкесінің қулыққа құрылған жоспарлары жүзеге асса Агатаның орнына сексендегі ана кемпірлерді мұның күтуі де ықтимал.
Кеңістікке көзін қадаған Диди күңгірт қамалдың ішін көзіне елестетті. Онда бұрын болып па еді өзі? Ия, бір мәрте түсінде көргені бар. Ал енді сол қапаста мәңгілікке қалмақ. Қашан көріп еді, ә қазір екен ғой. Бірақ соның өзі де тым ертеде көрген түсі сияқты болып кетеді кейде. Ал енді сол бір мағынасыз өмірге, мыңдаған масасы тынымсыз ызыңдаған, ескіліктен сарғайған жалаңаш қабырғалар ауқымына мәңгілікке енбек. Осыдан бастап көрері қамалдың қызыл кірпішті едені ғана болмақ.
О,құдай, ықтимал көңілсіз тірліктен қашып құтылудың да жолы жоқ. Оның игі арманына мына алаңсыз ұйықтап жатқан екі еркек, ескі қамалдағы баяу уақыттың өзінше ыңыранып әзер жылжыған мына поезд кедергі. Ал ана екі еркек болса әлі де алаңсыз ұйқы соғып жатыр.
Көзіне әлденелер елестей бастаған Диди өзін күтіп тұрған ықтимал өмірдің ауырлығын, түкке тұрмайтын бос кеңістікті, өмірдің ықтимал қиындықтарын сезінді. Қолын әкесі орындықта ашық қалдырған тері портфельге соза берген. Дәрі шынысының жарқыраған бірнеше қырлы тығыны оның назарын бұрын да талай-талай аударған.
Ағасы мен әкесі ұйықтап жатыр. Диди ішінде қызғылт уы анық байқалған ыдысқа біраз уақыт қарап отырды. Мұнан соң ашу үстінде тығынын алып, ыдыстың аузын ашып, ұйықтап жатқан ағасы мен әкесінен көзін айырмастан жұтпақ болған. Диди әкесінің маңдайын қонған масаны қолын сермеп үркіткенін көріп отыр.
Бір сәтте ыдысты ұстаған қолы сылқ етіп тізесіне түскені. Аяқ асты тас біткен құлағы ашылып, шабан поездың тарсылдаған дауысы естілді. Диди өз көмейінен шыққан ащы өксікті ешкім естімесе екен деген. Олай болмады… Әкесі мен ағасы атып тұрып мұның үстінен төніп тұр… Кеңірдегінен алар ма еді оңбағандарды!
Ештеңе естімейтін, енді қайтіп ештеңені көре де алмайтын қолын жайған қалпында сылқ түскен…
Араға үш сағат салып ұзын көйлек киген марқұм қыздың денесі бала күнгі қиялында керемет ертегілік әлем болып көрінетін Суникаға жетті.