ҚОСАЛҚЫ ТАБЫТ
Екі дөңгелекті арба Сан-Бьяджо шіркеуіне жақындаған кезде өз усадьбасынан оралып келе жатқан Мендолла дөңге көтеріліп, молада не болып жатқанын білу туралы ойлаған. Муници— палитетке Қасиетті Дарын атымен мәшһұр мола күзетшісі Ночо Фанпинудің үстінен шағым түскен. Соның анық-қанығын тексеруі керек еді.
Нино Мендолланың муниципалды кеңесші болғанына жылға жуықтаған. Осы қызметке тағайындалғаннан бері өзінде көңіл— күй де жоқ. Басы айналатын болды. Өзі де мойындамаса да ата— бабасының ана дүниеге аттануға себепкер болған Опоплексия науқасынан іштей қауіптенетіні де рас. Өйткені, көңіл-күйінің аяқ астынан бұзылатын кезі көп. Оның жәйі тіпті екі дөңгелекті арбаға жегілген атына да мәлім-ді.
Алайда, қалашық сыртына шыққан бүгінгі күні ол өзін жақсы сезінді. Алған әсерлері де жақсы. Ішкі үрейіне жол бермес үшін ол дәл сол жерде молаға тексеріс жүргізбекші болды. Осы бір шаруаны Муниципалитеттегі әріптестеріне атқарамын деп уәде бергеніне де талай болған.
— Тірілердің мұң-мұқтажы бұдан аз ба екен?— деп ойлаған ол дөңге шығып келе жатып. — Солай, бұл оңбаған қаланың өлгендеріне дейін адамға маза бермейді… Қалай десек те осының бәрі қарғыс атқыр тірілердің әлегі еді. Ақиқатына келгенде, марқұмдар үшін моладағы күтімнің қалай болғанының маңызы жоқ. Десек те, ана маскүнем әрі есуас Панпиноның қылығына қарағанда о дүниелік болса мұның өзінің де жағдайы аса жақсы бола қоймайтынға ұқсайды…Жә, оны кәзір көрер.
Бәрі де жай өсек болып шықты. Қасиетті Дарын атымен мәшһүр Ночо Панпино жақсы күзетші екен. Түрінің өзі не тұрады?! Нағыз аруақ дерсің өзін. Көздерінде тіршілік белгісі жоқ, ал дауысы масаның ызыңындай… Қысқасы, күзетшінің өзі моладағы жағдайды бір қарап шығу үшін көрінен жаңа шыққан өлікке ұқсайтын-ды. Ақиқатында оған бәрібір еді. Төңіректегі адамдардың бәрі тәртіпті, байсалды.
Осындай әсерді бүлдіретін бей-берекет жапырақтар ғана. Аллеяда бұтақтардан шашылып жатқан жапырақ көп-тұғын. Бұтақтардың қайсібір жерлерін кесу де керек сияқты. Бір ғажабы, көп кінарат торғайлардан келетін сияқты. Қабыртастардағы жазулардың мазмұнын бұзып, қажет емес жеріне қиы арқылы сансыз үтірлер, леп белгілерін қойып тастапты бәтшағарлар…
Осынынң бәрі ұсақ-түйек нәрсе ғана.
Алайда, Ночоның кіреберістің оң жақтағы бөлмесіне енген Мендола:
— Ал, мынау не тағы? — деп сұрауға мәжбүр болған.
Қасиетті Дарын атымен машһүр Ночо Панпинаның боп-боз еріндері жымиыстың иширасын жасады.
— Табыт, ұлы мәртебелім.
Бұл шындығында да табыт, әрі өте әдемі табыт еді. Каштан ағашынан шабылып, жылтыратылған, мыс шегелермен алтын түстес әшекейлер тағылған. Табыт бөлменің қақ ортасында тұрды.
— Рақмет, табыт екенін өзім де көріп тұрмын, — деген Мендола, — Бірақ мұнда не үшін тұр?
— Бұл табыт Пиккаронье сабазға арналған, ұлы мәртебелім.
— Пиккароньеге? Қайтіп, ол әрі тірі ғой?
— Жоқ, жоқ, жоғары мәртебелім. Құдай оған ұзақ өмір берсін. Бірақ бәрі де болуы мүмкін. Өткен айда оның әйелі қайтыс болды,— деген Панпина.
— Онда тұрған не бар?
— Ол мұнда табыттың соңынан жүріп келген. Оның жасындағы адамға оңай ма? Сосын мені шақырып алып: “ тыңда, Қасиетті Дарын, Бір айдан соң мен де осында келемін” деген. Ал мен оған: “Қайдағыны айтпаңыз!?” деймін ғой, баяғы. Ал, ол болса: “Тыңда, бұл табыт маған жиырма унцияға түсті. Әдемі екенін өзің де көріп тұрсың. Әйелімнің аруағы риза болу үшін ештемеге де қарағаным жоқ. Бірақ рәсім өтті. Ана дүниеде осыншалықты әдемі табыттың қажеті қанша?! Оны текке шірітудің өзі күнә. Міне, біз былай жасаймыз. Марқұм әйелімді мына әдемі табыттың ішіндегі мырыш табытпен жерлейміз. Ал әдемі табытты менің үйіме апарасың. Болашақта өзіме керек.Іңір түсісімен таяуда табытты алып кету үшін адам жіберем” деген.
Мендолланың ештемені естігісі де, көргісі де келмеді. Ол Пикароньенің әйеліне арналған табытты өзі үшін алып қалғанын жария ету үшін қалаға жетуге асыққан.
Бурбондар дәуірі кезінде Қасиетті Януария орденін алған қорғаушы Джероламо Пикаронье аймаққа дүниеқоңыздығымен, қулығымен әйгілі адам еді. Есепшоттарын төлеуге келгенде де сараңдық танытатын. Ол туралы түрлі түрлі қауесеттер де айтылатын. Алайда, бұл оқиға, деп ойлаған Мендолла байғұс атын қамшылай отырып, бұл оқиға бәрінен де асып түседі. Сондай-ақ нағыз шындық! Өйткені, табытты өз көзімен көрді емес пе?!
Аты байқұс қос дөңгелекті арбаны сықырлатып, жүйткіп келеді. Жаңағы оқиғаны Панпиннаның жылаңқы дауысымен өзі айтып берген кезде, естіген жұрттың қыран-топан күлкіге бататынын көзіне елестеткен Мендолла оған назар да аударар емес. Оның ойын жол жиегіндегі Дольчемасколо деген біреу ұстайтын “Аңшылар тұрағы” асханасынан естілген “Тоқта!Тоқта!” деген жан түршігерлік айғай бұзды.
Айғайлаған Мендолланың аңшы достары Бартоло Гальо мен Гаспария Фикарро болатын. Асхана жанындағы жүзім сабақтарының саясында отырған олар Мендолланың аты үркіп алып қашты деп ойлапты.
— Қайдағы үрку?! Жәй, мен өзім қатты айдадым…
— Сонда не, ұдайы осылай қатты жүресің бе? Не, өле алмай жүрсің бе? — деген Гальо
— Білсеңдер ғой, достарым менің!-деген ырсылдап арбадан түсіп жатып Мендолла. Бірақ оның көңіл күйі жоғары еді. Табытқа байланысты оқиғаны достарына сол жерде-ақ айтып салған.
Алғашында екі досы да оған сенбегендей рай танытқан. Мендолла ант-су ішкен. Осылай да осылай,жаңағы табытты Қасиетті Дарынның құжырасында өз көзімен көрген…
Сол жерде аңшылар да Пикароньенің бұрыннан белгілі бірер ерлігін айтып салды. Мендолла екі аяқты арбасына қайта отырмақ болған. Алайда, достарының тапсырысымен Дольчемасколо кеңесшіге де бір стакан шарап әкелуге тиісті еді.
Достары қанша айғайласа да Дольчемасколоның орнынан тапжылар түрі байқалмайды.
— Ей, Дольчемасколо! — деп айғай салған Гальо
Бас киміні бастыра киіп, жеңін түрініп алған трактирші селк етіп:
— Кешірім өтінемін, жаңағы әңгімені тыңдаймын деп бір түрлі боп қалғаным. Бүгін таңертең мұнда Пикароньенің иті келді. Бәтшағар ит қожайынының үйінен Канателлоға дейінгі аймақта емін-еркін жортып жүреді, бәтшағар. Сол иттің не істегенін білесіңдер ме? Тұп-тура сөреде тұрған жиырма шошқа шұжығы оралған орамды ала қашқаны! Тамағыңа кептеліп қалғыр! Бақытыма орай, куәгер болатын екі адам бар еді қасымда.
Достардың ішек сілесі қата күлген
— Шұжығыңды жоғары қарай ілмейсің бе, достым? -деген Мендолла.
Дольчемаскола ашудан жұдырығын аспанға біледі.
— Жоқ-ау, құдай атымен ант етейін! Одан шұжығымның құнын өтеп алам!Ақшасын төлейді әлі,-деген Дольчемасколо оған басын шайқай қарап отырған келушілеріне қарап. -Көресіңдер ғой, мырзалар. Мен бір тәсіл білем, өз дегеніме жетем.
Алайда, ол өзінің қандай тәсіл тапқанын айтқан жоқ. Бар айтқаны тәңертеңгі оқиғаға куә болған екі шаруаны күтіп отырғаны ғана. Кешкісін соларды ертіп Пикароньенің үйіне бармақ екен.
Ақыры бір стакан шарап бұйырмаған Мендолла арбасына отырды. Гальо мен Пикарра есеп айырысып, Пикароньеден бірдеме өндіріп алудың мүмкін еместігін ескертті де жөндеріне кетті.
Бурбон королінің заманында Қасиетті Януария орденін алған қорғаушы Джероламо Пикаронье қаладан шыға берістегі бір қабатты үйіне ие болу үшін жиырма жыл уақытын сарып етіпті. Алайда жұрт арасында сол үй үшін қорғаушы соқыр тиын да шығарған жоқ деген өсек те айтылатын.
Өсек-аяңға сенсек, үйі тастан тұрғызылған. Сол тастарды Пикаронье өзі жинастырыпты.
Сондай-ақ ол ғалым, заңгер, ақылды һәм философияның терең білгірі еді. Оның біреуі гноцисизм, ал екіншісі христиан діні туралы кітабы неміс тіліне аударылыпты деген қауесет те бар.
Алайда, сөйткен Пикароньенің жаңалық атаулыға жаны қас еді.
Әлі күнге дейін жиырма бірінші жылдың сән үлгісімен киінетін. Ескіше сақал қоятын. Аласа, еңкіш, сөзге жоқ қабағын ұдайы түйіп жүретіні және бар. Иегін ұдайы қасып отыратын. Өзінің ішкі ойларын өзі ғана мақұлдап, былайша күбірлеп отыратын ғадеті бар еді:
— Фу-фу…фу-фу, Италия! Италияға не істеді өздері? Фу— фу,Италия. Көпірлер мен жолдар… Фу-фу… көшедегі жарықтар… әскер мен флот… фу-фу, фу-фу…ф-фу…Жалпы білім беру… Ал егер менің есек боп қалғым келсе ше? Осының бәрі қате…Жалпы білім беру… Салықтар! Ал, Пикаронье төлеп жатыр…
Ақиқатын айтқанда ол өте аз төлейтін. Ал кейде түрлі амалдар қолданып, барша төлемдерден құтылып кетіп отыратын. Ең соңында былайша мәлімдейтіні тағы да рас еді:
— Салықтарда шаруам қанша? Темір жол ма? Ешқайда барып жатқаным жоқ, әлде көшедегі жарық па? Кешкісін үйімнен де шықпаймын. Ештемеге шығын келтірмеймін. Рақмет, маған ештеме бермей-ақ қойыңдар. Аздап тыныстау үшін ауа берсеіңдер жетеді. Әлде ауаны жасағандар да сендерсіңдер ме? Мүмкін, күнделікті жұтатын ауа үшін де ақша төлеуім керек шығар?
Ол шынында да өзімен өзі оңаша тіршілік құратын. Тақауға дейін мол кіріс беріп келген кәсібін де тоқтатқан. Жинаған ақшасы да мол болуға тиісті еді. Соның бәрін кімге қалдырар екен? Оның ешқандай туған-туысы да жоқ-тұғын. Жақсы, банк билеттерін өзі үшін сақтап отырған ана әдемі табытқа салсын— ақ. Бірақ үй-жайын, Канателло маңындағы жайылымдық жерін қайтпек?
Дольчемасколло екі шаруаны ертіп қақпадан кіріп келгенде күзет иті Түрік трактиршінің мұнда өзі үшін келгенін түсінгендей бұларға ұмтылған. Қарт қызметші келді. Алайда, итті тыныштандыруға оның да дәрмені жетпеді. Бақшадағы беседкада кітап оқып отырған Пикаронье итін ысқырып шақырып алып, қарғы бауынан ұстады. Қызметші итті сол жерде шынжырға байлаған.
Іскер адам есебінде Дольчемасколо әдемі киінген-ді. Күнделікті жұмыстан әбден қалжыраған кедей шаруалардың жүдеңкі жүзі оның бүкіл болмысына сәулет беріп, мәртебесін асыра түскендей. Ол аз десе, оның оң жақ миығында бірер түп түгі аңдыздап шыққан әдемі меңі бар-тұғын.
Қораға кіріп келген ол жек көрінішпен былай деді:-Бұл не қылған ит! Ірі десең ірі, әдемі десең әдемі! Мұндай иттің бағасы да үлкен болуға тиіс!
0 баста мысқылды мадақты ұқпаған Пикаронье басын изеп, келушілерден шаруа жайын сұраған:
— Отырыңыз, сізге не керек?
0л қабырғаға бекітілген орындыққа иек қақты. Үстелге жақын жайғасқан Дольчемасколо екі шаруаға бұрылып:
— Сендер де отырыңдар,-деді.
Сосын Пикароньеге қаратып: Сізге заң білгірі есебінде бір кеңес алу үшін келдім, — деген.
— Кеңес? Бірақ менің қорғаушылықты қойғаныма көп болған, құрметтім.
— Білем. Бірақ, құрметтім, сіз ескі үлгідегі заңгерсіз. Ал менің марқұм әкем ұдайы “ескі көзқарастағы адамдардан аулақ жүр, ұлым” деуші еді. Білем, сіз өз ісіңіздің хас шеберісіз, қазіргі жас қорғаушыларға өз басым онша сене бермеймін. Сосын ешкімге ауыртпалық келтірер ниетім де жоқ. Әзірге есім дұрыс қой… Мұнда сізден кеңес алу үшін ғана келдім. 0л сіздің ғана қолыңыздан келеді, құрметтім!
Пикаронье маңғаздана көзін жұмған:
— Айта бер, құлағым сенде.
— Сіздің білетініңізге күмәнім жоқ, — деп Дольчемасколоның бастай беруі мұң екен, Пикаронье мінез байқатқан:
— Білесің деуіңді қоймадың. Ал өзің не білуші ең? Мен білем, сен білесің, ол біледі дей бергенше іске көшсеңші, құрметтім!
Аздап абдырап қалған Дольчемаскола сөзін қайта жалғастырған:
— Енді құрметтім, менің айтайын дегенім мынау: менің жол жиегінде асханам бар ғой…
— Білем. “Аңшылар тұрағы” ғой. Онда талай болғам.
— Канателлоға таяу шабындығыңызға бара жатып талай соққансыз. Дұрыс айтасыз, жүзім сабақтары көмкерген қалқаның астына нан, жеміс, сосын шұжық сияқты тағамдар да қоям ғой… Пикаронье мақұлдап басын изеп:
— Оны көргем, тіпті естігенім де бар, — деді.
— Естіп пе едіңіз?
— Естігенде қандай! Сол тағамдармен бірге аузыма түскен құмның сықырлағанын талай-талай естігем. Төңіректегі құмның бәрі дастарханыңа түсіп жататын…Жә, іске көшелік.
— Әңгіме былай ғой, — деп әңгімесін жалғастырған Долчемаскола ренішін әзер басып. — Мәселен мен сөреге шошқаның шұжығын қойған екем. Сөйтіп оны сіз, құрметтім… Ох тағы да айтып қала жаздадым-ау… Осындай аңқаулығым бар… Құрметтім білмейтін сияқты. Жолшыбай бізге аңшылар, сондай-ақ иттер де келіп-кетіп тұрады… Іске көш дейсіз, айтайын. Сөйтіп бір ит сөреге бұқпантайлап келіп, ондағы шұжықты бас салған…
— Ит?
— Ит, құрметтім. Мен оның соңынан жүгірдім. Маған жұмыстан келе жатып асханама соққан мына екі шаруа ілесті. Рас қой, ә? Сол иттің соңынан үшеуміз бірге жүгірдік қой? Бірақ оған жете алмағанбыз. Қуып жеткен күнде де ит тістеп топыраққа домалаған шұжықтың не сиқы қаламақ? Ондай шұжықты иттің аузынан алудын өзі күнә! Бірақ мен итті танығам. ОНың кімдікі екенін де білем…
— М,-м… Сәл кідір , — деп сөзге араласқан Пикаронье. — Қасында қожайыны болды ма?
— Жоқ, құрметтім, — деп Дольчемасколо шап етті.— Аңшылардың арасында оның иесі жоқ-тұғын. Иттің үйден қашып кеткені беп— белгілі. Иттердің байлаудан қашып, далаға ұмтылатыны белгілі ғой… Жарайды. Жаңа айтып өттім, иттің кімдікі екенін білетінмін. Оны мына куәгерлерім де біледі. Ал, енді құрметтім, маған мынаны айтыңызшы, иттің қожасы сол шығынның орнын өтеуге тиісті ме, әлде жоқ па?
Пикаронье көп ойланған жоқ:
— Әрине, тиісті, ұлым.
Дольчемасколо қуаныштан орнынан атып тұрған. Бірақ өзін өзі тез билеп шаруаларға бұрылды:
— Естідіңдер ме, қорғаушы мырза итттің иесі шығынның орнын толтыруға тиісті деді.
-Тиісті болғанда қандай! Тиісті болғанда қандай! — деп нығарлаған Пикаронье.— Не, саған тиісті емес деп пе еді?
-Жоқ, құрметтім,-деген бақыттан басы айналған Дольче— масколо екі қолын ғибадат үстіндегі адамша айқастыра тұрып. — Бірақ сіз мені кешіруге тиіссіз, құрметтім. Қараңғылау адамбыз ғой. Сол шығынды өзіңіз өтеуге тиісті екеніңізді айту үшін біраз әңгіменің басын қайыруға тура келді. Өйткені, шұжығымды ұрлап әкеткен ит сіздікі болатын…
Пикаронье әуелде Дольчемасколоға абдырай қарады. Ізінше көзін төмен түсіріп, кітап оқуын жалғастыра бергені.
Шаруалар да аң-таң. Дольчемасколо оларға үндемеңдер дегенді ыммен ұқтырды.
Кітап оқығансып отырған Пикаронье иегін бір қасып алып, тіл қатқан:
— Демек, сол ит менің Түрігім екен ғой?
— Ант етуге әзірмін, синьор,-деген Дольчемасколо.
— Сөйтіп мұнда екі куәгеріңді ертіп әкелдің ғой,ә,-деген Пикаронье сабырмен.
— Жоқ, құрметтім, — деген Дольчемасколо, — жай, сіздің мені айтқаныма сенбеуіңіз мүмкін деген күдікпен…
— Ә, солай екен-ау? — деді Пикаронье. — Бірақ саған сенем, құрметтім, отыр. Қулықтан ада жігіт сияқтысың. Айтқаныңа сенем, Ақшаңды төлеймін. Мені сараң адамдар қатарына жатқызатынын білуші ме ең?
— Оны кім айтып жүр, құрметтім?
— Жұрттың бәрі айтады. Айтатын несі бар, өзің де солай ойлайсың. Екі… ф-фу.. екі куәгер…
— Ақиқаттың салтанат құрғанына не жетсін, шіркін!
— Керемет! Бәрі дұрыс! Жақсы айттың, ақиқат салтанат құруға тиіс. Мен салық төлемеймін, құрметтім. Өйткені онда әділдік жоқ. Ал, әділ есепшоттарға тұрақты түрде төлем жасаймын. Шұжықты ұрлаған менің итім ғой? Айт, сонда қанша төлеуім керек?
Осында аттанарда қу да тәжірибелі қорғаушымен дауласатынына бек сенімді болған Дольчемасколоның мынадай күтпеген ымырадан есі ауып қалғандай еді.
— Болмашы ғана, синьор. Енді орамда жиырма немесе сол шамалас шұжық болуға тиіс. Айтатын несі бар.
— Жоқ, жоқ, — деп қоймаған Пикаронье.-Қанша төлеуім керек екенін айт? Тезірек, ұлым. Еңбектендің, шығын шектің, есесін толтыру керек қой, қанша?
Дольчемасколо сәл күлімсіреп, иығын бір қаққан:
— Енді орамда жиырма дана… Жуандығы мынадай…Бір лир жиырма бақырдан екі килодай…
— Соншалықты арзанға сатасың ба сонда, -деп таң қалған Пикаронье.
— Енді білесіз бе, — деген Дольчемасколо елжіреген дауыспен.— Ол шұжықтарды жеген сіз емессіз ғой…Сондықтанда өзім сатып алғандағы құнын айтып тұрмын.
— Сол да сөз болып па? -деп келіспейтінін сездірген Пикаронье.— Мен жемесем, менің итім жеді. Мөлшерлі шамаң екі килограмм шамасында екен. Килограмы екі лирден болсын. Келісесің бе?
— Енді, еркіңіз білсін…
— Сонымен төрт лир. Керемет. Ал енді есептейік ұлым: жиырма бестен төрт алғанда қанша болады?
— Қателеспесем жиырма бір болады.
-Тамаша. Сен маған жиырма бір лир бересің. Сонымен әңгіме тәмәм.
Трактирші өз құлағына өзі сенбей қалған.
— Не… Не дедіңіз?
— Жиырма бір лир, — деген Пикаронье бейбіт райда. — Мұнда екі куәгер отыр. Ақиқат салтанат құру керек деген өзіңсің. Сен менен кеңес сұрауға келдің ғой. Міне, былай ұлым, кеңес, яғни заң кеңесі үшін мен жиырма бес лир алам. Тариф сондай. Ал мен саған итім үшін төрт лир берешекпін. Осылайша маған жиырма бір лир бересің де, үйіңе қайқаясың.
Не жыларын, не күлерін білмеген Дольчемасколо тіл-ауыздан айрылып, оның бетіне қарап қалыпты. Қорғаушының шынын айтып отырғанына сенгісі де келмеген. Бірақ, қалжыңдап тұрмаған сияқты…
— Мен… сізге ме?-деп күбірлеген трактирші.
— Әлбетте маған, — деп түсіндірген Пикаронье. — Сен трактиршісің, ал мен әлсіз болғандықтан қорғаушы ғанамын. Тарт— қан зардабыңның орнын өтеткізуің керек. Сондай-ақ заң кеңесін бергенім үшін менің еңбегімнің де қайтарымы болуға тиіс… Алда— жалда тағы да бір оңбаған ит шұжықтарыңды алып қашса, оның шығынын иесі төлейтінін осыдан бастап білетін болдың. Бұрын білмейтінсің. Солай емес пе? Мұндайды білу үшін жалақы төленеді, шырағым. Сол білімді үйрену үшін менің де біраз уақытым мен күшім кеткен! Не, қалжыңым деп тұрсың ба?
— Дұрыс қой…-деп екі қолын екі жағына жайған Дольчемасколо даусы дірілдеп.— Мен сізге шұжығымның шығынын кешірем, синьор. Мені кешіріңіз, қараңғы адаммын ғой. Осымен шыныда да әңгімені доғарайық.
— Болмайды!Болмайды, құрметтім! — деген жан дауысы шыққан Пикаронье.— Мен сенің берешегіңді кешіре алмаймын. Заңның аты— заң. Қазір ғана әділдік салтанат құруға тиіс деген өзіңсің. Мен шығынды өтеймін, өтегім келеді. Өтеймін де… кеңесімнің ақысын алам. Менің тұп-тура бір сағат уақытымды алдың, Жиырма бір лир! Тариф сондай. Егер сенбесең, тыңда. Басқа бір заңгерге бар да… маған қанша берешек екеніңді анықтап ал. Үш күн мұрсат беремін. Егер сол уақыттың ішінаде ақшамды төлемесең сотқа берем, ұлым. Оған күмәнің болмасын.
— Бірақ, синьор…,-деп қолын қусырып мыңқылдаған Дольчемасколо. Оның түрі де өзгеріп кеткен еді.
Басын қақшаңдатқан Пикаронье:
— Ендігіңді тыңдамаймын да! Сені сотқа берем,-деген.
Дәл осы жерде Дольчемасколо сыр беріп алды. Оның ашуы басына тепкен. Шығынға батқаны үшін дейсіз бе? Мүлдем олай емес. Оны алда тұрған ықтимал әжуа мен мазақ қинаған. Тіпті о баста өзіне жақтас боп келген екі шаруаның да иықтары селкілдеп күлкіге булыға бастағандай еді. Ал бұл болса өзін ақылды санап алдын-ала мақтанған, жеңетініне сенген. Жеңістің өзі де қол созым жерде тұрғандай еді. Өзі қазған орға өзі түскен ол ашуына ие бола алмай қалды.
— Не үшін екенін білесіз бе? — деген ол қорғаушыға жақындай түсіп.— Өйткені итіңіз ұры. Сізден тәлім алған да…
Пикаронье қақшаң етті. Трактиршіге ашулана қарап тұрып:
— Қараңды батыр! Саған әлі тәртіпті адамды қорлағаның үшін де жауап беруіңе тура келеді! — деді ол.
-Тәртіпті адам?! — деп бажылдаған Дольчемасколо қорғау— шының көтеріле берген қолынан ұстап сілкіп, сілкіп жіберді. Екі шаруа трактиршіні ұстамақ болып ұмтылған. Алайда сол жерде шалдың қолынан әл кетіп, бүкіл салмағымен Дольчемасколоның соза берген қолына асыла құлады.
Дольчемасколо зәресі ұшып, қолын босата салды. Орындыққа бүкіл салмағымен құлаған шал күрт қисайып, жерге ұзыныннан созыла жантая берді.
Екі шаруаның зәресі ұшқанын байқаған Дольчемасколоның жүзі не күлгені не жылағаны белгісіз әлем-тапырық күйге түскен.О, сонша не болыпты? Ол тіпті шалға қолын да тигізген жоқ қой.
Шалдың бетіне үңілген шаруалар зәресі ұша тұрып:
— Қашыңыз…қашыңыз, — деген.
Дольчемасколо аң-таң болып екеуіне қарайды.
Осы сәтте сықыр етіп есік ашылып, екі жүк көтеруші шалдың өзі үшін сақтатқан әдемі табытын алып кіргені…
Табытты көрген мұндағының бәрі есінен танып тұрып қалды.
Қасиетті Дарын атымен мәшһүр Ночо Панпинаның кеңесшісі келіп ескерту жасаған соң өз шаруашылығында тәртіп орнату үшін әдемі табытты шалға қайта беріп жібергенін трактирші білмейтін. Дольчемасколо таңертең Мендолланың өз трактирінде айтқан әңгімесін есіне түсірді. Тылсымды шақырту арқылы дер кезінде жеткендей болған мына бір бос табыт қорғаушының ажалы келгенін ұқтырғандай еді. Ал сол тағдыр өз дегенін жасату үшін мұны, трактирші Долчемасколоны қару есебінде пайдаланған сияқты еді.
Ол басын қос қолдап ұстап айғай салған.
— Мынау сол! Мынау сол! Бәріне осы табыт кінәлі! Бәрің де куәсіңдер! Мен оған қолымды да тигізгем жоқ! Бәріне осы табыт кінәлі! Ол бұл табытты алдын-ала өзіне арнап сайлаған. Ол өлуге тиісті еді. Табыт келген кезде жаны да шықты!…
Ол табыт көтерушілердің қолына жармасып, сілкілеп естерін кіргізбек болған.
— Солай емес пе, ә? Өздерің айтыңдаршы!
Алайда табыт көтерушілер міз бағар емес. Жүздерінен таңданыс та аңғарылмайды.Олар өз жұмыстарын атқарып, табытты дер кезінде әкелген-ді. Білетіндері сол ғана. Дәл мына жерде Пикаронье қорғаушының шын өлі қалпында көрудің өзі олар үшін үйреншікті құбылыс-тұғын. Табыт көтерушілер “бізге бәрібір” деген райда:
— Міне, табыт та әзір…, — деген.