ҚАҒАЗ ӘЛЕМ (Луиджи П.)

ҚАҒАЗ ӘЛЕМ

Вианациональеде, даңғылдың ең басында айқай-шулы тобыр жиналып қалыпты. Топтың ортасында дауласқан екі адам. Біреуі— он бес жасар бала да, екіншісі-бет-ауызы піскен қауындай сап— сары синьор.Синьор құтының түбіндей қалың әйнегі бар көзілдірік киіпті.
Соңғысы өзінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысып, қолдарын оңды-солды сілтейді. Бірақ қолдары бос емес. Біреуінде-піл сүйегінен жасалған тұтқасы бар таяқ, ал екіншісінде — кітап бар. Әріптеріне қарағанада өте ескі кітапқа ұқсайды.
Айғайға басқан бала аяғының астындағы тротуарда күлпаршасы шыққан терракот мүсін мен сол мүсіннің тұғыры болған алтын түстес алебастрадан жасалған діңгекшені аяғымен тапап жүр.
Қызықтаушылардың көбі шек-сілесі қатып күлсе, кейбіреуі әлгілерге аяушылықпен қарайтын сияқты. Ал, көше шамдарының діңгегіне өрмелеп кеткен тентек балалар ысқырып, итше ұлып, осындағы айғай-шуды одан әрі ушықтыра түсіпті.
— Бұл үшіншісі! Бұл үшіншісі! — деп айғайлаған синьор. — Мен жүріп келе жатып та оқи беремін. Ал мыналар мені сүріндіру үшін аяғымның астына қасақана әлдебір мүсіншелер қояды. Бұл үшінші мүсін! Қасақана жасап жүр! Бір рет Корсо-Викторияда, сосын виа-Вольтурнода, ал енді мына жерде қойып отыр!
Мүсін саудагері өз кезегінде айналадағы адамдарға өзінің жазықсыз екенін дәлелдеуге тырысып бағуда:
— Олай емес! Оның өзі кінәлі! Ол ештеңе де оқымайды. Тура келеді де, менің тауарымды басып кетеді. Көрмей ме, әлде басқа нәрсені ойланып жүре ме, онда шаруам қанша?! Бірақ болар нәрсе болды…
— Сонда үш рет пе? — деп сұраған айналадағы адамдар.
Ақыры тобырдың ортасын жарып, ырсылдап, терлеген екі полицей келді. Олардың келуі сол екен, бір-бірін айыптаған екі жақтың айғайы да молая түскен. Тәртіп сақшылары осынау көшедегі тегін концертті тоқтатып, жалға алынған күймемен екеуін де ең жақын полиция учаскесіне апаруға шешті.
Күймеге отырысымен-ақ көзілдірікті синьор бойын тіктеп, жан-жағына қарады да басын бір сілкіп тастап,бұл әрекетінен де шаршағаннан соң кітабын аша салып, оқуға кіріскені. Бір сәт басын көтеріп көзәйнегін көтерді де, қайта оқи бастаған. Осынау күлкілі әрекеттерден соң оның қатты толқыныстан күйзелгені байқалып та тұрған
— О құдай! Көзім ештеме көрмеймін! Ештеме де!
Көшір күймені күрт тоқтатты. Полицейлер мен мүсін саудагерінің есі шыққаны соншалықты, синьордың бұл әрекетті шын әлде өтірік жасап тұрғанын да түсінбей қалған. Әлде есінен адасты ма екен? Олар ауыздарын аңқита ашып, аң-таң күйде қарап қалыпты.
Күйме тоқтаған тұста дәріхана бар еді. Аяқ астынан біраз адам жинала қалғаны. Олардың біразы осы күймеге ере келсе, кейбіреулері жәй мына ғажайыпты көру үшін тоқтаған-ды. Жүзі құп-қу көзілдірікті синьор тобырдың ортасымен ғимаратқа енгізілді. Ол ауырсына ыңырсыған. Синьорды орындыққа отырғызды. Ол дірілдеп-қалшылдап алақандарымен аяғын ысқылаған. Тіпті, көзін қарамақшы болған дәріхана қызметкерін де елемеді. Ол аз десе өзін жігерлендіріп, түрлі кеңестер айтқан жұршылықты да елемеген. Жұрттың сөзін тыңдаса қорқатын түгі де жоқ, қатты ашуланғаннан көзі қарауытқан, сабыр сақтауы керек-мыс. Аяқ астынан әлгі мырза басын шайқауды күрт тоқтатып, қолын көтеріп, балаша саусағын ашып-жұма бастаған:
— Кітап, кітап! Менің кітабым қайда?
Аң-таң болған көпшілік бір-біріне қарасты да ізінше ду күлді. Айтпақшы оның қолында кітабы болып еді ғой! Анадай сырқаулы көзімен сол кітапты оқуға да батылы жеткені ме! Ал үш мүсіннің жағдай не болмақ? Әлгі анау… анау бар емес пе? Демек соның мүсіншілерді мұның аяғына қасақана қоя салған болды-ау? Ғажап! Ғажап жағдай!
— Мен оны сотқа бермекпін!-деп орыннан атып тұрған синьор. Сөйтті де қолын алған созып, онсыз да үрейлі көзін бажырайтты. Соның салдарынан оның түр-сипаты күлкілі һәм аянышты бола түскен.
— Бәріңде көріп тұрсыңдар, мен оны сотқа бермекпін. Ол менің көзімнің құнын төле йді!Қанішер! Қане, полицей мырзалар, менің де оның да аты-жөндерімізді жазып алыңыздар. Ал сіздер куәгер боласыздар. Полицей, жазыңыз: Боличчи… ия Боличчимін. Бұл -менің тегім. Валерианомын, виа Номентано, жүз он екінші үй, соңғы қабат. Сосын ана оңбағанның аты-жөнін де… Өзі қайда? Осында ма? Айрылып қалмаңыздар! Менің көзімнің нашар көретінін, аңқаулығымды үш мәрте пайдаланды… Ия, мырзалар, үш оңбаған мүсінді… Ә, тамаша! Рақмет, менің кітабым ғой. Өркеніңіз өссін! Маған күйме қажет, жақсылық жасаңызшы… Үйге, үйге қайтқым келеді менің. Мәлімдеме жасалынды.
Ол қолын алға созып, тәлтіректеп шығар есікке беттеген. Синьорды күймеге отырғызды. Қызықтаушылар арасынан игі ниетті екі адам табылып, оны үйіне жеткізіп те тастаған.
Ұзақ жылдарға созылған біртіндеп естен адасу процесінің ақыры осындай айқай-шулы болды. Көз дәрігерлерінің талайы Болаччиге ықтимал соқырлықтан аман сақтаудың бір-ақ жолы барын, ол кітап оқуды тоқтату екендігін талай-талай ескерткен— ді. Боличчидің өзі күле тұрып, ондайда қалжың есебінде қабылдайтын.
— Не, келіспейсіз бе? — деген дәрігер. — Несі бар, оқи беріңіз, бірақ оның төлемі үлкен болмақ! Қайталап айтайын, көзіңізден айрыласыз. Соңынан өкініп қалып жүрмеңіз, сізге соны ескертемін!
Орынды ескерту еді. Алайда, Боличчи үшін өмірдің мәні кітап оқудан ғана тұратын. Кітап оқуды қойғанша өлгенді тәуір көретін.
Оның осынау құмарлығы әріп таныған кезінен басталды. Өзін туған ұлындай жақсы көретін қарт қызметші әйелге арқа сүйеп, қайғысыз-мұңсыз өмір сүре берсе де болатындай еді. Алайда, бүгін үйінің ішінде тау төбе болып үйіліп жатқан қисапсыз кітаптарды сатып аламын деп қарызға белшесінен батқан. Жаңа кітаптарды сатып алу мүмкіндігінен айрылғанан бері ол үйінде үйіліп тұрған тау төбе кітапты екінші мәрте қайталап оқып шыққан-ды.
Тұрғылықты жеріне, айналысқан әрекетіне сай бояуын ғана емес, сыртқы келбетін де өзгертетін жәндіктер сияқты ол да нағыз қағаз түстес адамға айнала бастағандай еді. Қолдары мен беті — қағаздай аппақ, шашы мен сақалы да қағаз түстес. Сол жылдар ішінде оның тауықсоқырлығы да күшейе түсті. Соңғы кезде кітап оны шын мәнісінде мұжып жей бастағандай еді. Ол кітапты бетіне тақап тұрып оқитын әрі.
Сонау бір қорқынышты оқиғадан соң ол дәрігердің нұсқауы бойынша қырық күн бойы күңгірт бөлмеден шықпады. Мұндай емге онша сенбесе де солай жасауға мәжбүр болған-ды. Қырық күндік ем аяқталысымен Боличчи өзін кабинетіне апаруды талап етті. Бірінші шкафка жақындасымен сипалап жүріп, әлдебір кітапты тауып алды да бетін ашып, әуелі көзәйнекпен, сосын жәй көзбен жанталаса оқи жөнелген. Әрі тура сол күйме ішіндегідей бетін кітаптан айырмай жылап жіберген. Ізінше кең ғимарат ішін баяу аралап, кітап сөрелерін саусақпен сипалап көріп шықты. Бұл оның әлемі еді! Енді сол әлем көзінен бұлбұл ұшып тұр. Сол ғажайып әлемнен естелік қана қалмақ!
Ол ешқашан нақты өмірді сүріп көрмеген-ді. Оны айтасыз, көзімен көрген қызықтары да шамалы. Үстелде, төсекте, көшеде, қоғамдық бақшалардың орыпдықтарыіда, көретіні де жасайтыны да оқу ғана еді. Ал енді кітап оқудан арылған кезінде нақты өмірдің келбетін көруге соқырлығы кедергі келтірмек. Соған сай бұрынғы оқыған кітаптарындағы өмірдің қисынымен ғана тіршілік құрмақ. Өйткені осыдан бастап ол кітап та оқи алмайтын.
Ол кітаптарын тәртіпсіз шашып тастайтын. Кез-келген орындықтарда, еденде, үстелдерде, шкафтарда тау төбе кітап үйіліп жатар еді. Талай-талай сол шашылған кітаптарын іріктеп, мазмұнына сай жинақтап та қоймақшы болған. Алайда оқуға деген құмарлықтан оған да уақыты болмапты. Сол кезде кітаптарын мұқият жинақтаса дәл қазіргідей ойын жинақтай алмай, далбасалап отырмас та еді-ау!
Ол осынау жұмысты атқаратын тәжірибелі кітапханашы іздеп газетке хабарландыру да берген. Араға екі күн салып оған бір данышпан жігіт келді. Ол жігітті соқыр адамның өз кітапханасын тәртіпке келтіргісі келетіні, ол аз десе кітапханашыға нұсқау айтатыны таң қалдырыпты. Алайда жас жігіт байқұс соқырдың есі ауыса бастағанын бірден түсінді. Ол даусыз да сияқты еді. Өйткені, кез келген кітаптың атын естісе болды әлгі байқұс қуаныштан алақайлап, аспанға секіріп, ізінше көз жасын көлдей ететін. Кітапты сұрап алып, беттерін сипап, талайдан бері көріспеген досынша жүрегіне басатын-ды.
— Профессор, бүйте берсек шаруамыз ешқашан аяқталмайды! — деп ренішін білдірген жігіт.
— Иә, иә, дұрыс, дұрыс, — деп жылдам келіскен Боличии. — Бірақ бұл кітапты мына жерге қойыңыз… Тоқтаңыз, менің қолымды кітап қойылған жерге тигізіңізші… Жақсы,жақсы, осы жерге…Соңынан біліп жүрейін.
Негізінен кітаптардың дені саяхаттар, түрлі халықтардың әдет— ғұрыптары, тарих пен белетристика, философия туралы еді.
Ақыры жұмыс аяқталған кезде Боличчиге тас түнек қараң— ғылықтың өзі қорқынышты болмай қалған. Ол өз әлеміне тәртіп орнатқан-ды. Қайтадан сол әлеміне енгендей болып біраз уақытқа тыншығаны да рас-ты.
Осыдан бастап ол ұзақты күн сөреде тізілген кітаптарға маңдайын тіреп, кітапханасында отыратын болды. Оған қарап сол кітаптағы ғаламат білімдер сүйеген маңдайы арқылы миына дарып
жатыр деп ойлауға да болатын. Кітаптағы баяндардың көрністері, оқиғалары нақ, айқын қалпында оның жадында жаңғырып жатты. Сондай-ақ ол өз қиялында бұрынғы оқыған кітаптарындағы оқиғаларды көретін дәрежеге жетті. Әсірессе, оның есіне кітаптарды қайта оқыған кезі жиі түсетін.Таңғы шапаққа бөленген аспан астында портта жанған төрт маяктың, жалғыз кеме жүзіп жүрген шалқар теңіздің келбеті оның санасында сағымдай себезгілеп жаңғырып тұрар да еді. Сондай-ақ оның ішкі әлемінің бір ғажап көрінісі ағашы тұтасқан дөң басында, күзгі күн шапағының отты жалқынында шөп салынған қапқа басын сұққан екі алып қара ат та бар еді.
Алайда ол осынау үнсіз, тілсіз әлемнің ауыртпалығына ұзақ шыдай алмады. Оған өз әлеміне дыбыс пен дауыс енгені керек болды. Ол сонда ғана көмескі естеліктерінен көрініс берген сол әлемді айқын тануға тиісті болатын. Ол қайтадан кітап оқушы адам іздеп, газетке хабарландыру берді. Ақыры оған аяқ-қолы дірілдеп қалған жас синьорина тап болған. Осынау мазасыз қыз оған қайда ұшып бара жатқанын білмейтін, бірден аспанға шарықтап, бірде төмен құлдыраған бейкүнә бозторғайды елестететін-ді.
— Тильде Пальоккини, ал сіз ше?..
— Ах, ия, мен әлгі, о құдай үшін, профессор, қажет емес, көзіңізді олай жасамаңызшы, мен қорқамын…оқасы жоқ, оқасы жоқ. Кешіріңіз, мен қазір кетем,— деген ол кабинетке кіріп келіп.
Ол мұнда осылай пайда болды. Ақыры қыз кетпеген. Қарт қызметші әйел жыларман болып тұрып, осы бір жердің қыз үшін аса қолайлы болатынын ұқтыруға тырысты.
— Ал ана адам қатерлі емес пе? — деген қыз.
Қайдан қатерлі болсын?! Ол мүмкін емес шаруа, тек ана кітаптардың кесірінен аздап жұмбақтау. Ия,ия, бәрі де анау қарғыс атқан кітаптардың кесірі. Тіпті, мына кәрі кемпірдің өзі де соның салдарынан өзінің не әйел, не шаң сүртетін шүберек екенін түсінбей абдырап қалған-мыс.
— Оған жақсылап оқып берсеңіз болды…
Синьорина Тильде Пальоккини оған бажырая қарап, өз кеудесін өзі түрткен.
— Кім, мен бе?
Мұндай бейкүнә дауысты жұмақтан ғана естуге болатын еді.
Алайда Боличчидің алдында өз шеберлігін алғаш көрсеткенде ол әр сөзге мәнер беріп, бірде сыбырлап, бірде дауысын көтеріп, ара-арасында үнсіз қалып, кейде бір-ақ нотаға екпін беріп, ештемеге қажеті жоқ бейкүнә қимылдармен кітаптардағы баяндарға беріліп, өзіне азуын ақситқан көптеген иттерден қорғанғандай оқыған мәтініне сай өз басын өзі қос қолдап ұстаған кезде Боличчидің шыдамай кеткені:
— Жоқ! Қажет емес! Құдай үшін! Олай жасамаңыз! — деп айғай салған.
— Не, нашар оқимын ба? — деп таң қалған бейкүнә синьроина Пальоккини.
— Жоға! Бірақ құдай үшін, қатты оқымаңызшы? Шамаңыз келгенше, қатты дыбыстамай, тыныш оқыңыз, синьорина. Менің бұған дейін кітапты жалғыз көзіммен оқығанымды есіңізде ұстаңыз.
— Ол дұрыс емес, профессор. Кітапты дауыстап оқыған пайдалы. Дауыстап оқымаған соң кітапты мүлдем оқымау керек. Алайда кешіріңіз, оған неге соншалықты көңіл бөлесіз? Тыңдаңызшы (ол саусағымен кітаптың мұқабасын тарсылдатқан). Дыбысы әлсіз… Құмығыңқы…Енді, мен өзіңізді сүйіп жатыр деп сезінсеңіз де болады…
Боп-боз болған Боличчидің қаны басына тепкен.
— Мен оған тиым саламын…
— Жоға, кешіріңіз, не сонда мені өзіңізді шынында да сүйіп алады деп қорқасыз ба? Сүймеймін, сүймеймін. Оны айырманы ұқтыру үшін мысал етіп қана айтқанмын. Міне, қараңызшы, дауысымда бәсеңдетіп-ақ оқиын. Байқасаңыз, “Эс” дыбысын айтқанда дауысым ысқырып шығады профессор.
Жаңа оқу барысында Боличчи онан әрі мықшия түскен. Алайда көп ұзамай-ақ оқу мәнері қаншалықты болса да өзінің осындай күйге түсе беретінін ұқты. Кез келген бейтарап дауыстан оның жоғарыда айтқан өз әлемі басқаша көрінуге тиісті-тұғын.
— Синьорина, тыңдаңызшы… мейірбандық жасап, дауысынызды шығармай тек көзбен ғана оқып көріңізші…
Синьорина Тильде Пальоккини оған тағы да бажырая қараған:
— Не дедіңіз? Дыбыссыз ба? Онда қалай болмақ? Ішімнен бе сонда?
— Тура солай… Ішіңізден ғана.
— Әлбетте, қарсылығым жоқ. Бірақ мені мазақ қылып отырған жоқсыз ба өзі? Егер өзіңіз естімесеңіз, маған сіздің кітапта— рыңызды оқудың қажеті қанша?
— Қазір түсіндіремін, синьорина,— деген Боличчи сабырлы түрде жымиып қойып. Қарсы алдымда әлдебіреу мен үшін кітап оқып отырса одан рақат аламын… Шамасы, сіз ондай қуанышты түсінбейтін сияқтысыз. Бірақ, бұрында айтқанмын бәрі де менің ішкі әлеміме қатысты. Онда өзімнен де басқа біреудің бар болуы менің ойымды жеңілдетіп тастайды. Мен сіздің кітап беттерін ашып отырғаныңызды естимін. Кітаптың баянына қарай үнсіз қалған жағдайыңызды да сезінемін. Ара-тұра қай жерге келгеніңізді сұрап қоямын. Ал сіз маған жауап бересіз. Жәй ғана ишара жасасаңыз да болады. Ал мен қиялыммен сіздің оқуыңызға ілесіп отыратын боламын… Ал дауысыңыз синьроина, менің қиялымды бұзады.
— Бірақ маған сенуіңізді өтінемін, профессор. Менің дауысым әдемі ғой,-деп қарсылығын білдірген синьроина.
— Оны білемін,— деп асыға жауап берді Боличчи.-Сізді ренжіту ойымда да жоқ. Бірақ сіз оқыған кезде бәрінің бояуы өзгеріп кетеді. Түсінесіз бе, ал маған өз әлемімдегі өзгерістің қажеті жоқ. Бәрінің де бәз-баяғы қалпында қалғаны керек маған. Оқыңыз,оқыңыз, мен сізге не оқу керегін айтамын. Келістік пе?
— Иә, келістік, келістік. Кітапты әкеліңіз.
Боличчидің қандай кітап оқу керек екенін көрсете бергені сол еді синьорина Тильде Пальоккини ақырын жылыстап кәрі қызметші әйелмен өсек соғу үшін шығып кеткен. Боличчи болса өзі таңдап алған кітабының оқиғасында жүр еді. Өз қиялында синьорина да сол әлемде жүргендей көрінетін. Ара-тұра:
— Керемет емес пе, ә?
Әйтпесе:
— Бетті алмастырдыңыз ба? — деп сұрап қояды.
Қыздың тынысын естімесе де Боличии оны кітап оқудың қызығына беріліп кетіп, үндемей отыр деп түсінді.
— Дұрыс, оқыңыз, оқыңыз,-деп қызды рақаттана ынталандырып та қоятын.
Ара-тұра кабинетке бір соғатын синьорина Пальоккини Боличчидің ойға беріліп отыратынын көрді. Боличчи болса шынтағын креслоға сүйеп, екі алақанымен бетін жауып отыр.
— Не туралы ойланып отырсыз, профессор?
— Көріп отырмын… — деген ол әлде бір алыс қиырдан естілген дауыспен. Іле-шала ұйқыдан оянғандай болып:
— Бәрбір ол менің есімде. Оларды мен білемін!-деп және қосқан.
— Нені айтасыз, профессор?
— Ағаштарды, дөңдегі ағаштарды. Ана үшінші шкафты қараңызшы, екінші сөреде… Соңынан санағанда үшінші кітап болуға тиіс.
— Сонда не, сізге ана ағаштарды тауып беруім керек пе?— деп үрейлене сұраған синьорина. Жек көрініші де байқалып тұрған-ды.
Синьоринаның оның тілегін орындамасқа қақысы да жоқ еді. Боличчи ашуы көтеріліп, кітаптың бетін жыртып та тастай жаздаған. Қыз әбден мезі болған-ды. Ол тұрақты қозғалысқа, поездардағы, автомобильдердегі, велосипедтер мен кемелердегі тұрақты жүріске бауыр басып алған жан еді. Ұдайы қозғалыс үстінде болатын. Сөйтіп жүріп мына қағаз әлемінен жалыға бастағанын да сезінді. Бірде Боличчи қыздың оқуы үшін әлдекімнің Норвегия туралы жол сапарын таңдаған кезде оның шыдамы да таусылған. Әлгі Тронхейм соборы оның маңайындағы ағаштар, әр сенбі сайын марқұмдар басына гүл қойып кететін туыстары туралы тұс ұнай ма?-деп сұрағанда қыздың аспанға секіргені.
— Жоқ! Әрине ұнамайды маған! — деп айғай салған ол. — Қайтып ұнасын?! Мен ол жерде болғам! Түсіндіңіз бе? Сізге бір нәрсені айтайын, ол жердегі шындықтар мына кітапқа сәйкеспейді!
Ашудан қалшылдаған Боличчи орнынан тұрып кетті. Жүзі де әлем тапырық еді.
— Ондағы ақиқаттар кітаптағы баяндарға сәйкеспейді деуіңізге тиым саламын! — деп айғайлаған ол қолын ербеңдетіп. — Ол жерде болғаныңызға, немесе болмағаныңызға түкіргенім бар! Ол жердегі шындық тура кітаптағыдай! Түйін осы! Осы жерде нүкте қойылуы керек. Мені құртқыңыз келеді ғой! Кетіңіз!Кетіңіз! Енді бұл жерде сізге жұмыс та жоқ, қараңызды батырыңыз! Кетіңіз!
Жалғыз қалған Валериане Боличчи синьоринаның кетер кезінде лақтырып жіберген кітабын сипалап тауып алып, креслосына жайғасты. Қолы дірілдеп, кітапты ашқан. Өзіне таныс кітапты оқыған адамның кейпінде бетіне тақап, ойға батып отырып қалғаны. Оның қиялында Тронхеймнің мәрмәр соборының бейнесі, оған таяу тұстағы мола, әр сенбі сайын марқұмдар басына гүл әкеліп қоятын олардың туыстары сайрап тұрған-ды. Бәрі де тура кітапта жазылғандай еді. Оған салса ештемені де өзгертуге болмайтын… Аяз бен қар аясында да тірі гүлдер жайнап, собордың көгілдір көлеңкесі көзге ұрып тұруға тиісті еді. Ештемені өзгертуге болмайтын. Бәріне алдын ала нүкте қойылып, тұжырым жасалып қойылған-ды. Өйткені ол Боличчидің қағаздан жасалған жекеменшік әлемі болатын…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *