Орыс тілінен аударған Өмірзак, Мұкай
ҚАРА ШӘЛІ
І
— Тоқта, — деді Банди өз досы д’ Андреаға. — Мен оған ескертейін, егер тағы да қитықса, рұқсатсыз енесің.
Екеуі де тауықсоқыр еді. Бір-біріне бетпе-бет қарап тұрған. Екеуін көбіне ағайынды-інілілер деп те қабылдайтын: жастары бір құралыптас, әрі бір-біріне өте ұқсас еді-екеуі де ұзын бойлы, арықша, найзадай тіп-тік тұғын. Әрбір істерін мұқият, тап— тұйнақтай етіп атқаратын. Бір-бірімен әңгімелесе тұра олар бір— бірінің пенснесін немесе галстугін, ең жоқ дегенде сюртуктерінің түймесін тартқылап тұрды. Екеуі аз тілдесті. Күнделікті өмірдің ауыртпалығы екеуінің де бозғылт жүздерінен айқын аңғарылатын.
Олар бірге өсті. Бір-біріне септесе жүріп, біреуі университеттің заң, екіншісі медицина бөлімдерінде оқыды. Ал қазір екеуі екі жерде істейтін, олар кешкілік қана кездесіп, қала сыртындағы ұзын аллеяда жиі қыдырыстайды.
Екеуінің ежелгі достығы соншалықты, бір-бірін қас-қабақтан тану үшін бас шұлғи салу немесе көзбен ұқтыру әбден жеткілікті еді. Сейілге шыққан олар қысқа-қысқа тіл қатысты. Ал мұнан соң сол қысқа сөздердің өзі үлкен ойларға жеткілікті болғандықтан үн-түнсіз ұзақ жүретін. Олар болдырған аттарша бастарын төмен салбыратып, баяу аяңдады. Бірде-біреуі шарбақтан төмен үңіліп, кешкі күннің шапағына бөленген әдемі дөңдер мен жазықтарға немесе теңізге қараған да жоқ. Мұндай ғажайыпқа сенудің өзі қиын. Төңіректегі әлемге бір мәртеде көз тастамай тікеден тік жүре берудің өзі де қызық-ау!
Осыдан бірнеше күн бұрын Банди өз досына:
— Элеонораның денсаулығы болмай жүр,— деген.
Оған жалт қараған д’Андреа сырқаттың оншама ауыр емес екендігін бірден ұқты.
— Не, сонда қарап шыққанымды қалай ма?,— деген ол.
— Жоқ, қаламаймын, — деген.
Сөйтіп екеуі де анасындай болған, өздеріне еңбегі сіңген сол бір әйелге өкпелегендей тұнжыраңқы қалыптарында сапарларын жалғастыра берді.
Д’ Андреа ата-анасынан жастай айырылған-ды. Сөйтіп, өзіне білім бере алмаған нағашысының қолына тап болған. Жасы он сегізге толғанда Элеонора Банди мен оның кішкене інісі де жетім қалды. Ол азапты үнем арқылы мұраға қалған болмашы дүниені барынша созуға тырысқан. Мұнан соң жұмыс істеп музыка мен әннен сабақ беруіне тура келді. Інісін осылай өсірген. Сол інісі мен оның досына осылай білім берген.
— Мен семізбін, ал сендер арықсыңдар. Сендердің бүкіл майларың маған ауған дейтін ол жас жігіттерге көңілдене тұрып.
Ол шынында да толық еді, әрі күн санап семіріп бара жатқан. Алайда, Элеонораның жүзі мәрмәрдан соғылған періштелерді— кіндей нәзік әрі жұқа болатын. Әдемі қара көздерін ұзын кірпіктері көмкерген. Сондай-ақ әуенді дауысы о бастағы ұнамсыздау әсерден түк те қалдырмайтындай еді. Өзіне көз сала қарағандардан қатты қапаланып жүрді. Сол сәтінде өзінің сыртқы келбетін білетін ол мұңая күлімсірейтін.
Мүмкін қисынға сәйкеспейтін де шығар, алайда үлкен сезіммен рояльда ойнап, ән шырқайтын. Егер тұрпайы тәрбиесі, провинциялық ой-санасы, ең соңында, жетім інісі болмаса оның әнші болатын-ақ реті бар еді. Кезінде ол сахнада ойнауды да армандады. Қаладағылардың өз қабілетін бағалауы қалай десекте, оның жанын біраз тыныштандыратын. Оның үстіне Элеонора жасы бір шамалас екі жетімді өсіріп шығарды. Оның осынау еңбегі зая кеткен жоқ-ты.
Доктор д’ Андреа ұзақ күтті. Ал досы шыға қоймады.
Ол отырған қонақ бөлме аласа болса да жарық-тұғын. Ескі үлгідегі, түсі оңған, сызылған жиһаздардың ескіліктің рухы есіп тұрды. Осынау жиһаздардың өткен кезеңдегі даңқты келбеті қарсы беттегі айнадан да көрініп тұрған. Құдды бұл бөлмеде марқұмдардың суреттері ғана бар сияқты еді. Қабырғадағы осынау марқұмдардың суреті бірден-бір жаңа зат — Элеонораның кабинет роялына ызғарлана көз тастайтын.
Сабыры сарқылған доктор есікке жақындап тың тыңдады. Жылы ғана құмығыңқы дауысты естіп, ақырын есік қаққан.
— Кір,-деді Банди есікті ашып. Не үшін қитығатынын түсінбей тұрғаным.
— Өйткені менің еш жерім ауырмайды! — деп айғай салды Элеонора.
Еңгезердей, құп-қу, әдеттегісінше қара киінген ол былғары креслода отырған. Оның дәл қазіргі балаға тән бет әлпеті таң қалдыратын. Әрі онысы ұятсыздық та болып көрінетін. Әсіресе, көздеріндегі жасыруға тырысып тұрған ессіз қарсылығы қисынға сәйкеспейтін еді.
— Жоқ, рас айтам, ауру емеспін деген ол қайта қайталап. Құдай үшін, мазамды алмаңдаршы, мені ойламай-ақ қойыңдар.
— Жақсы! — деп қысқа қайырды інісі. Карло саған не болғанын анықтайды.
Інісі сөйдеді де есікті тарс жауып шығып кетті. Элеонора жүзін алақанымен жауып, иығы селкілдеп өксіген. Д’ Андреа оған зер сала қарады. Оған осынау көріністің ұяттылау көрінгені де рас.
— Не болды өзі? Не боп қалды? Шынында да маған да айтқыңыз келмей ме? — деген ол.
Элеонора жылауын тоқтатпады. Д’ Андреа ақырын ғана оның алақандарын бетінен алмақ болған.
— Қойсаңызшы, қорықпай айтыңыз. Мен қасыңыздамын ғой, — деген ол.
Элеонора басын шайқады. Аяқ астынан жылап жібергені:
— Карло! Карло!
Д’ Андреа ебедейсізденіп тұрып, оның үстіне төнген:
— Маған айтыңызшы…
Сол кезде Элеонора оның қолын бетіне басып тұрып, баяу да жалынышты дауыспен:
— Маған өлуге көмектесші, Карло. Құдай үшін, көмектесші! Қалай өлерімді білмеймін, әрі шамам да жетер емес.
— Өлуге ме? — деп күлімсіреген Карло. — Қайдағыны айтады екенсіз. Өлудің қажеті қанша?
— Мен өлуге тиіспін деген Элеонора көз жасына булығып тұрып. — Айтшы, оны қалай жасаймын. Сен дәрігерсің ғой? Енді өмір сүре алмаймын. Маған өлу керек. Басқа амал жоқ, тек өлім ғана.
Карло Элеонораға таңданып қарады. Элеонора да оған көз тастаған. Бірақ бірден көзін жұмып, әлденеден үрейленген сыңай танытты.
— Солай, солай, — деген ол өзіне өзі келісімен. — Мен өлдім, Карло, өлдім!
Д’ Андреа қолын тартып алған.
-Не, не дедіңіз! — деп күбірледі ол.
Элеонора саусағын ерніне тигізіп, есік жақты нұсқады.
— Тек анау біліп қалмасыншы, құдай үшін оған ештеме айтпа. Ең алдымен маған өлуге көмектес! Бірдеме бере сал, дәрі есебінде іше салайын. Сені дәрі берді екен деп ойлайын. Тек, бірден сеспей қатайыншы. Өз қолымнан келмейді. Қорқам. Өлуді ойлағаныма екі ай, бірақ тәуекелім жетер емес. Айтшы, Карло маған көмектесесің ғой?
— Немен көмектесуім керек сонда, — деп сұрады есі шыққан д’ Андреа.
Элеонора оның қолынан қайта ұстап, жалынышты раймен:
— Ал егер өлгенімді қаламасаң мені басқаша бір жайлы етудің… жолын таба аласың ба?
Бойын тіктеген д’ Андреа амалсыз қабағын түйді.
— Карло, жалынып сұраймын, деген Элеонора. Мұндайға төзе алмаймын. Тек Джорджо біліп қалмасыншы. Егер екеуіңе жасаған жақсылығымды ұмытпасаң, маған көмектес, құтқар мені, Карло! Осы азаптың бәріне шыдап жүре бермекпін бе? Қаншама іс тындырдым, қаншама азап көрдім? Менің жасымдағы адамға бұл ұят қой! Қорқынышты, өте қорқынышты…
— Қалай болды өзі, Элеонора? Ол адам кім өзі? — деп сұраған д’ Андреа осынау әдеттен тысқары мойындаудан соң.
Элеонора тағы да есік жаққа иек қағып, бетін алақанымен жапты:
Қажет емес! Қазір ол туралы ойлағым да келмейді! Не, Джорджоны да аямайсың ба? Ол үшін қандай азап екенін түсінсеңші!
Қайтіп сонда! Бұл қылмыс қой! Екі есе қылмыс. Мүмкін көмектесудің басқа бір амалы бар шығар?
Жоқ! — деп күрт кесті Элеонора, Жетті, мен түсіндім. Менен аулақ жүр. Енді жақсы болып қалдым.
Басын креслоның арқалығына тастап, денесін бос ұстады.
Есі шыққан Карло д’ Андреа оған көзәйнегінің астынан қарап тұр. Ол әзірге осынау мейірбан да тазалық пен кісіліктің үлгісі сынды әйелдің осынша ұятқа қалғанына толық сене алмай тұрған— ды. Ондай шаруа Элеонора Бандидің қолынан келер ме? Жас күнінде де бірнеше ұсыныстардан бас тартты емес пе? Ал енді келіп, жасы жер ортасынан ауған кезде… Ал мүмкін бәріне сол жасының келуі кінәлі шығар?
Карло оған зер сала қараған. Осынау толық та бейкүнә әйелге мұндай ой әсте үйлеспейтін.
Кет! — деген оның осынау күдігін толық түсінген Элеонора. — Барда Джорджоға айт! Маған қолынан келгенін жасасын! Бар!
Д’ Андреа бөлмеден атып шықты. Басын көтерген Элеонора оны көзқарасымен ұзатып салды. Есік жабылған кезде Элеонора да есінен танған…
II
Д’ Андреа кетісімен екі айға созылған ауыр қайғыдан соң Элеонораның жағдайы алғаш рет жеңілдеп қалды. Оған бүкіл қиындық артта қалғандай көрінген.
Оның мұндай азаппен күресер қауқары қалмаған. Тағдыры қалай шешілсе де бәрбір еді.
Қазір інісі келіп өлтіруге тиіс. Несі бар… Ол енді құрметке де, аяушылыққа да татымайды. Рас, ол інісі мен оның досы үшін қыруар жақсылық жасады. Ал енді келіп, өзіне тиесілі бүкіл алғыс пен рақметтен айырылғалы тұр.
Тағы да зәресі ұшып көзін жұмған.
Элеонора іштей өзін жазғырды. Ия, бәріне өзі кінәлі, ұзақ жылдар бойы барша пендешілікті жеңіп, өзін таза оймен өмір сүруге мәжбүрледі әрі өзін өзі құрбандыққа шалуды борышым деп есептеді. Ал қазір соның бәрінен айырылғалы тұр. Қандай қорқынышты!
Оны ақтап алудың інісі үшін де еш маңызы жоқ еді. Элеонора інісіне: “Джорджо, мүмкін бәріне сен кінәлі шығарсың!” дей алатын. Ар-ождан биігінен есептесе, ол рас та еді.
Ол інісі үшін анасындай болды. Барлық жасаған жақсылықтары үшін інісі де, оның досы да алғыстарын білдірген емес. Олардың жан-дүниесі үнсіздікпен, көңілсіздікпен, ессіз қайғымен уланған— дай еді. Университетті бітірісімен екеуі де жұмысқа кірісті. Екеуі де ұзақ жұмыс істеді. Ақыр соңы оларға өздерінен басқа ешкім қажет те болмай қалды. Сол сәттен бастап олар Элеонораның алдындағы қарыздарын өтеуге жанталасты. Ал ол қамқор— шыларын қатты өкпелететін. Сөйтіп міне, оның да тағдыры мағынасыздыққа ұрынғалы тұр. Осы жасөспірімдерге қажеті болмай қалғанын сезінгенде Элеонораның не істеуі керек еді? Жастықшағын қайтарып алудың мүмкін емесі онсызда белгілі!
Інісін тіпті алғашқы алған жалақы да иліктіре алған жоқ. Мүмкін, әпкесінен жақсылық көруін ол өз тағдырын сол әпкесіне басыбайлы болу деп түсінетін де шығар? Элеонраның оған жай ғана:
Мен туралы ойламай-ақ қой, Джорджо. Маған сенің жақсы болғаның ғана керек дегісі келген.
Алайда, Элеонора інісінің осыған байланысты:
— Қайдағыны айтады екенсің?! Мен өз борышымды ұмытқан жоқпын. Тоқтай тұр, әлі бәрін де қайтарамын! — деген жауабын естіп те қойған.
— Қайтарғышын. Маған керегі сол ма еді! — деп айғай салғысы келген Элеонора. Элеонора шынында да бауыры үшін басын бәйгеге тігіп жүрсе де онысын міндетсінген жоқ-ты.
Алайда, Элеонора інісінің тоңмойындылығын да білетін. Сондықтан да ол әңгімеге қайта соққан жоқ. Алайда осынау жатбауырлылықтың, салқындықтың оған ауыр соққаны да рас еді.
Інісінің жалақысы өскен үстіне өсе түсті. Ол әпкесінің барлық жағдайын жасады. Сабақ беруді тастауында талап еткен. Сөйтіп бірде өзі үшін азап көрінетін әрекетсіз сағаттардың бірінде өзіне де оғаш көрінген “осы тұрмысқа шықсам қайтеді?” деген ойдың келе қалғаны.
Ия, ол небәрі отыз тоғыз жаста болатын. Сосын толықтығын ескерсе… күйеу жігіт дегеніңді маңдайдан шертіп жүріп таңдап алатын реті бар. Алайда, бауырының қарыздар сезінуін қайтіп қойғызу керек?
Элеонора сөйтіп өзіне де түсініксіз жағдайда сәндене бастады. Бұрынғыдай емес, күйеуге тиетін қызша киінетін болды.
Кезінде бұған жүрегін ұсынғандардың дені бұл күнде бір-бір әулеттің отағасы. Бұрындары ол туралы ойланбайтын. Соңғы кезде уақытылы отбасын құрып кеткен құрбыларын қызғанатынды да шығарды.
Баласыз, байсыз қалған жалғыз Элеонора ғана еді…
Мүмкін әлі де кеш емес шығар-ау өзі? Оның бақытты жастығы шынында да аяқталып, жеміссіз хәм нәтижесіз далбаса өмірінің басталғаны рас па екен? Шынында да жандүниесіндегі осынау желпіністі басып тастауы мүмкін бе? Осынау түнекте мәңгі қалмақ па шынында да?
Оны осындай ойлар қажыта бастаған. Осынау мазасыздық Элеонораның қара басына әсер етіп, оның күлкісімен қоса жағымды дауысына да өзгеріс енгізді. Сөздері ащы, мысқылды райға ауысқан. Ол мінезінің өзгергенін түсінді, соған сай өзіне, толық денесіне жеккөрінішпен қарай бастаған. Көкейіне мезгілсіз ұялаған осынау кемшіліктері оны ретсіз мазалайтынды да шығарды.
Сол екі ортада інісі біраз қаржы үнемдеп, жер сатып алып, үй тұрғызды. Інісі әпкесін сол үйде бір ай тұруға үгіттеген. Алайда, бауырының бұл әрекеті оған өзінен құтылғысы келіп жүргендей көрінгені. Сөйтіп, Элеонора усадьбада мәңгілікке тұрақтап қалуды шешкен. Інісі сонда ғана азаттық алып, әпкесі оны мазаламайтындай сезінді. Сондай-ақ бұл Элеонораның өзі үшін де жасы келген шақта күйеуге шықсам деген жаңсақ ойынан құтылудың бір жолы сияқты еді.
Алғашқы күндері жақсы өтті. Элеонораға осынау тірлігі ұнай да бастағандай еді.
Көп ұзамай ол азаннан тұрып, егіске шығуға да көндікті. Әр адым аттаған сайын кідіріп, әр тал шөбі сыбдырлап жататын егістік даланың дауысын, қыстақ қораздарының шақырғанын қызыға тыңдайтын.Тастарға шыққан қынаның жасыл жолақтарына немесе зәйтүн ағашының құлаған діңіне өскен барқыттай жұмсақ мүкке қызыға қарайтын.
Осы бір қаладан жырақ аймақта басқа бір дүниеге енгендей тың ойлар мен сезімдерге ие болу, өзімен еркелете әңгімелесіп, өз қыстағы туралы небір қызық оқиғалар айтып тастаған жер иеленушінің ақкөңіл әйеліндей кейіпке ену оған керемет ұнайтын-ды. Сол әйелдердің қарапайым баяндаулары арқылы оған өмірдің жаңа қырлары ерекше маңызымен белгілі де бола бастаған.
Жер иеленушінің өзі мазасыз адам еді. Өзін алдыңғы қатарлы көзқарастардың адамымын деп атайтын. Айтса айтқандай, оның өмірден көрген-түйгені де көп. Тіпті сонау Американың өзінде болып, сегіз жыл бойы Бенноссариеде де тұрыпты. Ендігі мақсаты-жалғыз ұлын да өзі сияқты жер иеленуші ету. Сол баласы он үш жасқа толғанда “сауат ашсын” деген мақсатпен училищеге оқуға берген. Ал соңынан сонау алып ел Америкаға жібермек ойы бар еді.
Сол Джерландоның жасы қазір он тоғызда. Алайда қанша оқыса да техникалық мектептің үшінші сыныбынан әрі аспай қойды. Ол ебедейсіз, балтамен шабылғандай шомбал, әрі әкесінің тұрпайы тәрбиесі әбден қажытқан жігіт. Мектепте жүргенде қалалық құрдастарынан үйренген қылықтарының арқасында онан әрі топастау көріне бастаған-ды.
Әр таң сайын ыңғайға көнбейтін қайратты шаштарын сулап, екіге бөліп тарайтын. Алайда, суы кепкеннен кейін сол шаштары үрпиіп шыға келетін. Оған бас сүйегіндегі табиғи ісігін қоссаңыз не болмақ?…Қасы үрпиіп өсетіні өз алдына, тебіндеп шыға бастаған мұрттары мен сақалы байғұс Джерландоның сықпытын одан әрі қашыра түсетін. Аяйтындай — ақ реті бар — зауқы соқпаса да ұдайы кітап оқып отырмақ. Ұлын ұйқысынан ояту да әкесі үшін нағыз машақат болатын. Өйткені, жасөспірім жастыққа басы бір тисе тамаққа тойған қабан торайша қамсыз, қаракетсіз ұйықтайтын. Мұнан соң, басы ұйқыдан ісініп, теңселген еріншек жігітті жалшы кезекті азапты оқуын жалғастыру үшін қалаға әкетпек-ті.
Синьорина келген кезде Джерландо одан өз шешесін әкесімен сөйлесіп көруге үгіттеуді өтінген. Ондай азапты оқуды қарғыс атсын! Ондай оқуды дұшпанының басына ғана берсін!
Элеонора оған көмектесуге тырысқан. Алайда, әкесінің ондай әңгімені естігісі де келмейтін. Әлбетте, Элеонораны сыйлайды. Бірақ өзгелердің шаруасына араласудың қажеті қанша?!” Сол сол— ақ екен Элеонора бір жағынан аяушылықтан, бір жағынан іші пысқандықтан, біржағынан— қызық үшін байғұс балаға барын сала көмектесе бастады.
Әр күн сайын түстіктен кейін Элеонора оны өз бөлмесіне шақырар еді. Қолтығына кітабы мен дәптерін қысқан, абыржулы һәм ұялулы бозбала сөйтіп оның босағасынан аттайтын. Синьораның жай ғана өзінің топастығын мазақ етуі де мүмкін еді. Ол содан қысылатын. Алайда, мұнда жазық қанша?! Бәрі әкенің бұйрығы! Айтатын несі бар, бұдан ғалым шықпайтыны белгілі. Ал егер мәселе ағаш отырғызуға немесе өгіз айдауға келсе, ондай шаруаны бұл тастай қылмақ! Оның Элеонораға тіпті бұлшық еті білеуленген қолдарын көрсетіп, аппақ тістерін ақсита ыржия күлген кезі де бар…
Алайда күндер өте келе Элеонораға оның келгені ұнамсыз оқиға бола бастады. Сабақтары тоқтаған, қаладан рояль алдырған Элеонора бөлмені іштен жауып алып, музыкаға берілетін-ді. Бірде кешкісін Элеонора өзінің көмегінен, кеңестері мен қалжыңынан айырылған бозөкпенің терезесінің түбіне жасырын келіп, әні мен рояль дауысын тыңдайтынын байқап қалды. Элеонора оның бетін қайтармақшы болған. Ол ойнап отырған роялін күрт тиып, баспалдақпен жылдам түсті.
— Мұнда не істеп жүрсің?
— Жай, тыңдап…
— Саған ұнай ма?
— Өте. Керемет ұнайды, синьора! Құдды пейіштегідей.
Элеонораның ішек сілесі қатып күлді. Сол күлкісінің бозбалаға қатты әсер еткені. Балконнан түсіп тұрған жарықтан тысқарылау, қараңғылау жерде ол Элеонораға бас салған…
Оқиғаның баяны мынау:
Күтпеген жағдай болғандықтан Элеонора оны кеудеден итере алмады. Тұрпайылықтан есі ауып, құлқы соқпаса да әлгіден жеңіліп тынды…
Келесі күні ол қалаға кетті.
Енді не болмақ? Джорджо неге келмей жатыр? Әлде д’ Андреа оған айтпады ма екен? Мүмкін бұған қайтіп көмектесу керектігін ойланып жүрген шығар?
Ол құдды алдында тұрған терең ордан қорыққандай бетін алақанымен жапты.
Әлбетте, мұндайға еш қайран жоқ. Жалғыз амал өлу ғана. Бірақ қайтіп, қашан өлмек? Аяқ астынан есік ашылып босағадан боп— боз болып есі шыққан әрі жылаған Джорджо көрінді. Оны д’ Андреа демеп тұрған.
— Бір-ақ нәрсені білгім келеді. Сол адам кім? — деген әр сөзін шегелеген Джорджо тісінің арасынан сыздақтата сөйлеп.
Элеонора көзін көтерген жоқ. Баяу ғана басын шайқап, еңіреп жылап жіберді.
— Айтасың! Кім болса ол болсын, бәрібір сол адамға күйеуге шығасың! — деп айғай салды Банди.
— Жоқ! Ол мүмкін емес! Болмайтын оқиға! — деп жыламсырады басын онанда төмен түсіріп, саусақтарын қысқылаған Элеонора.
— Әйелі бар ма?
— Жоқ, әйелі жоқ. Бірақ ол мүмкін емес шаруа. Осы айтқаныма сен!— деген Элеонора жылдамдатып.
— Ол кім, ол кім? Айт! — деді Банди.
Інісінің ашулы көзқарасына төтеп бере алмаған Элеонора басын әзер көтеріп:
— Айта алмаймын…,— деді.
— Айт, әйтпесе өлтіремін! -деп айғайлаған Банди жұдырығын әпкесінің төбесіне үйірді.
Екеуінің ортасына тұра қалған д’ Андреа:
— Кеткенің дұрыс. Айтса маған ғана айтады,— деді.
Сөйтіп оны бөлмеден шығарып жіберді.
III
Інісі ымырадан аулақ еді.
Үйлену тойының қарсаңында ол жанжалды табанды түрде жалғастырды. Мазақтан сақтанған ол әр адамға өзінің мазаққа ұшырағанын анайы түрде айтып берді. Ол ақылынан адасқандай еді. Жұрт та оны түсінді.
Оның үстіне Джерландоның әкесімен келісу де оңай шаруа болмай шықты.
Шал аяғы аспаннан салбырап түскен озық көзқарастардың… адамы бола тұра бұл оқиғаға шу дегеннен-ақ сенбеді. Онан соң:
— Күмәндарыңыз болмасын! Мен оны тапап тастаймын! Жүзімнің қалай тапталғанын көріп пе едіңіздер? Ең дұрысы былай жасаймын, аяқ-қолын байлаймын да өз қолдарыңызға беремін. Ал сосын оған ойларыңызға келгендеріңізді жасай беріңіздер. Ал шыбыртқы жағына мүлдем де алаң болмасын. Жанын шырылдату үшін шыбыртқымды үш күн бойы суға салып қоямын.
Бозбаланың ойы мүлдем ол емес екенін түсінген шал тағы да айран-асыр болған.
Не айтып тұрсыздар өздеріңіз? Түк түсінсем бұйырмасын… Анандай синьора қарапайым шаруаның баласына шықпақ па сонда?
Одан да жаманы мүлде бас тартып: Сіздер кешіріңіздер, синьора кішкентай қыз емес. Ненің жақсы, ненің жаман екенін біледі. Менің ақымағыммен олай жасауы керек емес еді. Мұндай сөз айтуға тиісті емес едім, бірақ амалым не? Әр күн сайын бөлмесіне апарды да отырды. Енді, ар жағын өздеріңізде білесіздер… Әлі піспеген бала ғой… Ондай есалаңдарға не тоқтау?! Сонда не, қыруар ақша жұмсап өсірген баламды жоғалтуым керек пе?! Өкпелемей-ақ қойыңыздар ол менің баламның шешесіндей…
Бандидің жасау есебінде усадьбаны, оған қоса ақша беруге уәде етуіне тура келген.
Бұл тойдың тағдыры осылай болды. Сондай-ақ Элеонора тұратын қала үшін бұл ерекше оқиға еді.
Ұзақ жылдар бойы тек құрметке ие болып келген әйелдің осындай мазаққа ұшырауы кейбіреулерді рақатқа да бөлегендей еді. Бұрынғы құрмет пен бүгінгі мазақтың арасында аяушылыққа да орын жоқ.
Жұртшылық бәрінен бұрын оның інісін аяды. Жұрт күткендей өзі де салтанатқа қатыспаған. Байғұс досын осындай қайғылы сәтте жалғыз тастап кете алмайтындығын айтқан д’ Андреа да келе алмаған.
Кезінде Элеонораның ата-анасын емдеген қарт дәрігер (реті келгенде айта кету керек, университеттен оралған д’ Андреа әр түрлі амалдардың көмегімен одан науқастарының денін тартып алған) куәгер болуға келісті. Дәрігермен бірге ере келген екінші бір шал неке қиярдың екінші куәгері болған.
Олармен бірге жабық күймеге мінген Элеонора алдымен мерияға барып, сосын қала шетіндегі кішкене шіркеуге соққан. Ал келесі күймеде тымырайған, тұнжыраңқы күйеу жігіт Джерландо келе жатты. Оның қасында ата-анасы бар еді.
Маңызды кейіпке түскен олар мерекеге сай киінген-ді. Қалай десек те, олардың ұлы нағыз синьораға, қорғаушының әпкесіне үйленбек қой. Оның үстіне жасау есебінде жер, жақсы үй оған қоса ақша берілмек. Болашақ оқу туралы ойланатын кез де осы. Усадьбамен әкесінің өзі айналыспақ. Өйткені жердің жағдайын біледі. Тек қалыңдықтың кәрілеу екенін айтпасаң… мүмкін соның өзі де жақсы шығар. Әне-міне мұрагер де өмірге келмек… Сосын табиғат заңдылығына сай ана дүниеге жасы үлкен Элеонора аттанбақ. Сол кезде ақшалы, әрі бай Джерландоға да азаттық тиеді.
Үшінші күймеде отырған күйеу жігіт жағының адамдары— қартаң шаруалар, әкесінің достары һәм екі кемпір мен анасының әпкелері дәл осындай пендешілік қиял жетегінде еді. Қалған туысқандар мен Джерландоның француз достары усадьбада күтіп отырды. Олардың бүгінгі сәндері де керемет, еркектер көк сукно күрте, ал әйелдер ашық түсті көйлек киіп, жаңа жамылғылар жамылған. Өйткені, күйеу жігіттің әкесі озық көзқарастардың адамы болғандықтан… бәрін де өз деңгейіне сай жасаған-ды…
Мерияға жетісімен Элеонора көз жасына еркіндік берген. Туысқандары оған күйеу жігітті итермеледі. Алайда, қарт дәрігер оның аулағырақ тұрғаны дұрыс болады деп тапты.
Әзірге толық сабасына түсе қоймаған Элеонора азаматтық неке қияр рәсімі өтетін залға кірді. Оның қасында баяғы бөзөкпе бала тұрған. Ұялғаны өз алдына, табиғатынан қолапайсыз бөзөкпе онан әрі тұрпайылау көрінетін. Элеонораның қаны басына тепті. Ол күйеу жігіттің үйленуден бас тартуын қалаған. Алайда екеуі де қатігез айыптауды мойындағандай амалсыз келісім берген. Шіркеу рәсімі де асығыс-үсігіс орындалып, үйлену тойының қайғылы керуені усадьбаға қарай беттеген. Элеонораның ескі достарынан қол үзгісі келмеді. Алайда, амал не, күйеуі, қайын атасы мен енесі отырған күймеге жайғасуына тура келген…
Олар жол бойы үн-түнсіз отырды.
Шал мен кемпірдің есі шыққан. Олар қабақ астынан қалыңдыққа ұрлана көз тастап, бір-біріне қарасқаннан кейін төмен қарап отырып қалды. Джерландо болса томаға-тұйық терезеге қарап, өз ойымен болып отыр.
Усадьбада оларды айғай-шумен, мылтық атып, алақан шапалақтап қарсы алды. Алайда олар да дәстүрге сай өздеріне жымия көз тастаған қалыңдықтың сықпытын көріп, амалсыз тыншыған. Көп ұзамай қалыңдық кетуге рұқсат сұраған. Оның оңашаланғысы келген-ді. Алайда, неке төсегі жайылған бұрыңғы бөлмесінің босағасына енісімен Элеонора қалшиып тұрып қалды. Сонда онымен бе? Жоқ! Жоқ! Жоқ! Жүрегі айнып қалтыраған ол, келесі бөлмеге еніп, іштен бекітіліп алды. Мұнан соң креслоға жайғасып, бетін алақанымен жапты.
Есіктің ар жағынан айғай мен күлкі естіледі. Джерландоны құттықтаған меймандар қалыңдықтың өзінен гөрі жасауы мен отбасын мадақтап жатты.
Терезеге қараған Джерландода үн жоқ. Ұяттан жүзі өртеніп барады.
Ұят екені рас. Өйткені, синьораға үйленді ғой. Бәріне құлқы соқпайтын сабаққа мәжбүрлеген әкесі кінәлі, ал синьора болса, мұны ақымақ санап, қалжыңдауды ұнатты. Сөйтіп ойнақтап жүріп, от басқан. Әкесіне жақсы, өйткені жер алды. Ал бұған қандай жақсылық? Мына маңғаз синьорамен қайтіп өмір сүрмек? Бұл одан қорқады. Оның үстіне синьораның өзі де бұған ұят пен мазақтан құтылу үшін шықты. Бұл оның жүзіне қайтіп қарамақ. Оның үстіне әкесі де сайтан алғыр мектепті тастап кетуіне қарсы. Ол жерде де біраз мазаққа ұшырайтыны анық. Өйткені, әйелі өзінен жиырма жас үлкен. Оның үстіне аса семіз, дәу. Құдды тау дерсің.
Джерландо осындай оймен әрі-сәрі жүргенде әке-шешесі кешкі асты күтіп отырды. Ақыры олар дастархан жайылған салтанатты залға да енген. Тағамды қаладан келген трактирші әзірлеген. Әрі ол өзімен бірге аспаз бен екі жалшы ерте келіпті.
Балконға шыққан әкесі ұлына былай деп бұйырық берді:
— Бар да әйеліңе айт, дастарханға келсін.
— Бармаймын,— деп бұрқ етті Джерландо жер тепкілеп— өздерің барыңдар!
— Ол мені емес, сені күтіп отыр, миғұла! деп айғайлады әкесі.— Байы сенсің. Кәне, бар! Бар да, алып кел!
— Не жасасаңдар да еріктерің. Бірақ мен бармаймын,-деп қитықты Джерландо.
-Шыдамы таусылған әкесі оны жағасынан ұстап, май құйрықтан жақсылап тұрып бір тепті.
— Не, ұяласың ба? Бәрін бүлдірген өзіңсің! Енді келіп ұялуын қарай гөр, мұның! Кәне, бар! Ол сенің әйелің!
Меймандар жүгіріп келіп, екеуін татуластыруға кірісті. Бәрі де Джерландоны әйеліне баруға үгіттеп жатыр:
— Онда тұрған не бар? Бар да бір стақан ішуге шақыр!
— Ойбай-ау, оның атын да білмеймін ғой, — деп жыламсырады Джерландо. Біреулер күліп жатыр, енді біреулер тойының талқанын шығарған ұлын жазалауға ұмтылған әкені басып әлек. Біраз шығын шығып, ақша шыққаны да рас.
— Оны атымен ата, — деп сыбырлаған шешесі. — Аты кім еді өзінің? Элеонора ма? Ендеше Элеонора деп атайсың. Өз әйелің ғой. Бар, ұлым, бара ғой…
Джерландо есікті тарсылдатты, әуелде ақырын қаққан, күткен, жауап жоқ. Не десе екен? Бірден “сенге” көшсе ме? Қап, ұятын қарашы енді! Неге жауап бермейді екен? Естімеген шығар. Ол қаттырақ тарсылдатты. Тағы күтті. Тыныш.
Әбден есі шыққан ол шешесі айтқандай әйелінің атын атады. Құдай ұрғанда онысы “Элеонора” болып шықты. Сол қатесін түзеп айтқысы келуі мұң екен, айғайының әмірлі болып естілгені:
— Элеонора!
Қалыңдықтың дауысы мүлдем басқа бөлмеден естілді:
— Бұл кім?
Күйеу жігіт сол есікке беттеген.
— Бұл мен, — деді ол. — Бұл мен Джер… Джерландо… Анда бәрі әзір тұр…
— Бара алмаймын. Менсіз-ақ отыра беріңдер.
Бойы жеңілдеп қалған Джерландо залға кірді.
— Ол келе алмайды. Келе алмаймын деп өзі айтты!
— Нағыз ақымақсың! — деп айғайлаған әкесі (ұлына айтар басқа қаратпа сөзі екібастан жоқ еді). — Бүгін дастархан жайып отырғанымызды айттың ба? Күшпен әкелуің керек еді!
Сол жерде шешесі де көмектескен. Ол күйеуіне әзірге қалыңдықтың мазасын алмау керек екендігін ұқтыруға тырысты. Қонақтар да қолдай жөнелді.
— Солай ғой…
— Енді ұялады ғой…
Атасының Элеонораға қолынан көп нәрсе келетінін көрсетуі керек еді. Дегені болмай қалған ол қатты ашуланып, тамақ әкелуге бұйырды.
Жұрт қалалық дастархан мәзірін көреміз бе деген. Шынында да дастарханның жайылуы жұрттың есін шығарды. Әртүрлі төрт рюмка, әлдебір шанышқылар, пышақтар мен бәкілер, папирос қағазына оралған әлдебір аспаптар дастарханда.
Қонақтар үстелден жырақта отырды. Мерекелік киімнен терлеген олар бір-біріне қарады. Күнге күйген беттердің бүгінгі сәні де өзіне сәйкеспейтін. Оларға күс басқан шаруа қолдарымен мына күміс шанышқыны ұстаудың өзі ыңғайсыздау еді (сондай— ақ қайсысын ұстау керек, үлкенін бе, кішісін бе?). Әсіресе, жиналған жұрттың есін ақ қолғапты жалшылар одан әрі шығара түскен.
Әкесі ара-тұра желкесін қасып қойып, тамақ шайнаған қалпы Джерландоны қажай бастады.
— Жалпиып отырғанын қарашы! Есек десе есек! Дұрыс қой, мұндай жануардан әйел қайтіп қашпасын?! Дұрыс жасайды. Онікі дұрыс, ұялады ғой. Ал мен оның орнында…
Кешкі ас томаға-тұйық аяқталды. Қонақтар әлденені сылтауратып үйлеріне тарай бастады. Қараңғылық та қоюланып қалған кез еді.
— Ал енді не істемек ойың бар? сұрады әкесі, жалшылар дастарханды жинап болған кезде. Не істемексің? Ендігі амалды өзің тап!
Сосын әйеліне вилла жанындағы олардың үйіне барып қарап келуді өтінді.
Жұрт тарқаған соң, Джерландо не істерін білмей, жан-жағына қараған.
Ол өзінен жасырынып көрші бөлмеде отырған әйелдің көңіл— күйін де сезінді. Бір шықса, енді шығатын шығар? Шу басылды ғой. Енді не істесе екен?
Ох, шешесімен бірге кетсе немесе ауладағы ағаштың түбіне жайғасып ұйқы соқса қандай жақсы болар еді!
Мүмкін ол өзінің шақыруын күтіп отырған шығар? Мүмкін ол өзін шақырып алып, сосын…
Джерландо құлақ түрген. Ешқандай дыбыс жоқ. Ұйықтап қалған сияқты. Қараңғы да түскен. Балконның ашық қалған есігінен бөлмеге ай сәулесі құйылды.
Джерландо жарықты жақпастан орындық алып, жалаңаш жағалаудағы бүкіл қыстақ, сәл жырақта теңіз көрініп тұрған балконға шыққан.
Түн ашық еді. Аспанда баданадай жұлдыздар жарқырайды. Теңіз бетінде күміс келбетті ай сұлбасы жүзіп барады.
Аяқ астынан байғыздың қайғылы да мұңды дауысы естілгені. Оған екіншісі үн қосқан. Құдды жаңғырық сияқты. Түн қараңғылығында олар бір-бірімен осылай тілдесіп жатты.
Ернеуге сүйенген ол олардың дауысын тыңдаған. Біртіндеп бойын буған сенімсіздігі де тарқағандай ма…
Мұнан соң ол усадьбаны қоршап жатқан қабырғаға көз салып, осынау жердің, мына ағаштардың, зәйтүндердің, миндальдардың, жүзімдіктердің өзіне тиесілі екенін ойлаған.
Иә, әкесі текке қуанбапты. Осыдан бастап олар ешкімге де тәуелді емес.
Жалпы алғанда, оның оқу туралы ниеті де жаман емес сияқты. Анадай әйелмен ұзақты күн үйде отырғанша, мектепке барып жүргені дұрыс емес пе?!…
Алда-жалда достары мазақ қылса оның да қисынын табар. Дәл қазір Джерландоның өзі синьор! Мектептен қуып шығады деп те қорықпайды. Сосын, қуа да алмайды! Осындағы мырзалардың алдында ұятқа қалмас үшін өзі де осыдан бастап сабағын дұрыс оқымақ. Өйткені, көп ұзамай өзі де солардың қатарына қосылмақ. Төрт жыл оқығаннан соң агроном немесе жер өлшеуші боп шыға келмек. Балдызы, синьор адвокатты айтады да, аяғым аспаннан салбырап түсті деп ойлайды ау, бәтшағар! Оқасы жоқ. Әлі алдына өзі-ақ келеді! Келгенде қандай! Сол кезде бұл оған: “маған кімді ұзатқансыңдар өзі? Ана кемпірді ме? Мен ғалым адаммын. Жерде жатқаным жоқ, маған жас та сұлу, ақшалы, жақсы отбасынан шыққан әйел керек!” дер-ау! Осындай тәтті ойдың құшағында жатып ол ұйықтап кеткен.
Төңіректе байғыздар бір-біріне үн қосып, мұңдарын шағысып жатты. Жерге ай сәулесі төгіліп, шегірткелердің шырылы естілді. Қиырдан әлденені ескерткен тәрізді мұхиттың жарға соғылған толқынының дауысы естіледі.
Түн ортасында есіктен Элеонораның сұлбасы көрінген.
Ол Джерландоны ұйықтап жатыр деп ойламаған. Оны біртүрлі аяп кеткен. Сосын қорқынышты да еді. Ол оны оятып, бөлмесіне алып кетуге шешім қабылдағанын жеткізудің қисынын таба алмай кілт тоқтаған. Алайда, оған қолын да тигізе алмады. Атын да атай алмады. Сөйтіп Элеонора көнілсіз бөлмесіне оралған…
IV
Бәрі де оп-оңай орнына түскен. Келесі күні таңертең Элеонора Джерландомен шешесі есебінде сөйлесті. Оның айтуы бойынша Джерландо осы үйдің толық қожайыны, екеуінің арасында ештене жоқтай, не істесе де өз еркінде. Элеонора өзі үшін бір-ақ нәрсе сұраған: ол өзі туған күнінен жақсы білетін қарт қызметші әйелмен кішкене бөлмеде оңаша тұруға тиіс.
Түн ортасында балконнан көтеріп әкеліп асханадағы диванға жатқызған Джерландо көзін әзер ашқан. Аузын апандай ашып есінеген ол қабағын түюге тырысты. Мейлі, оны иліктірудің оңай емесін бәрі де білсін! Элеонораның әр сөзіне басын шұлғи бергені және рас. Алайда бұл жайды естіген ата-анасының қаны басына тепті. Джерландо осылай болғанының дұрыс екеніне, өзінің оған қуанатынына қанша талаптанса да олардың көзін жеткізе алмады.
Әкесін сабасына түсіру үшін Джерландо оған қазанның алғашқы күндерінде мектепке оралуға уәде берді. Қалыңдықтың сорына қарай шешесі Джерландоға ең жақсы бөлмеде тұруға, ең жақсы орында ұйықтауға, ең жақсы мектепте оқып, ең жақсы асханада тамақтануға пәрмен берген.
— Байқа, одан көз жазып қалушы болма. Әйтпесе сендерге өзім келіп, әйелдің күйеуіне қалай қызмет ету керек екендігін көрсетемін!
Ақыр соңы қайыненесі таккапар келінімен мүлдем сөйлеспеуге ант-су ішкен. Күйеуге бұлай қарау деген не масқара! Әрі қандай күйеу десеңші! Ал ол болса күйеуіне мүлдем лайықсыз.
Сөйтіп, Джерландо оқуға беріліп, емтихандарына дайындала бастады. Әлбетте, уақыт аз, үш-ақ апта қалған. Алайда, оның осынау бір данышпандықты игеріп, үш жылғы уақытты ақтап, аттестат алып шығатынын не ала алмайтынын бір құдай ғана білетін.
Алғашқы күндердің ауыртпалығы өткен соң Элеонора кәрі қызметші әйелдің кеңесімен болашақ нәрестесіне жабдықтар дайындай бастады. Мұндай ой оның басына үш ұйықтаса да келген жоқ.
Кәрі қызметші Джеза оған таңсық осы істе көмектесіп жаялық, бас киім тігуді үйретті. Тағдырдын оған әзірлеген сыйы осы екен. Элеонора болса оны мүлдем естен шығарыпты. Оның не ұлы, не қызы болмақ. Сөйтіп ол бүкіл ғұмырын сол нәрестеге арнамақ. Жаратушы ұл берсе қандай ғанибет болар еді десеңші! Жасы болса еңкейіп қалды, ана жаққа аттанар уақыты да алыс емес. Қыз баланы анандай әкеге қайтіп тастап кетпек. Оның үстіне қыз бала басқаға емес, анасына тартуға тиіс қой.Ал ұл балаға кез— келген ортаға сіңісу қиынға соқпайды.
Осындай ойлар мен жұмыс қажытқан ол сергімек болып үйінен алып келген кітаптарының бірін қолына алды. Ара-тұра есік жаққа иегін қағып қойып, қызметші әйелден:
— Анау не істеп жатыр? деп сұрайды.
Құлықсыздау Джеза да иығын бір қағып қойып, жек көрінішті дауыспен:
— Басын кітапқа салып алыпты. Мүмкін ұйықтап жатыр. Оны кім біліпті?! — дейді.
Джерландо болса ой құшағында-тұғын. Ол өз өмірінің соншалықты бақытты болмағаны туралы ойланған.
Иә… Қазір ол қожайын. Бірақ сол билігін ешкімге жүргізе алмайды. Әйелі бір жағынан бар да сияқты, екіншіден жоқ та сияқты. Ата-анасымен болса-болмаса да араз. Қара басына деген өкпесі де қара қазандай. Бастың ішінде түк те жоқ. Болған нәрсенің өзі ағып кетіп жатыр…
Ойдан қажыған ол жұмыс істей алмайтын. Нәпсісі де қинап барады. Әйеліне жақындағысы келеді. Бірақ ол қабылдамайды. Айтатын несі бар, қазір сол әйел өзіне де ұнамайды. Қалай десе де, бұл не азап өзі? Күйеу деген аты бар, бәрін шешетін ол емес, бұл ғой!
Ол орнынан тұрып бөлмеден шықты. Әйеліне беттеген. Ашық тұрған есікті көруі мұң екен жеккөрініші бірден жойылған. Ауыр дем алып, қорқатын түгі жоқ, бәрінің оп-оңай екенін ойына алған.
Бірде ол қаладан кезекті емтиханнан құлап оралды. Жетті! Оқу бітті осымен! Ол үстел үстіндегі кітаптарды, дәптерлерді, сызбаларды, сызғыштарды, қарындаштарды жинап алып, далаға шығарып, өртеуге кірісті. Жүгіріп жеткен әкесі оны тоқтатпақ болған. Сол сол-ақ екен Джерландо шарт етсін:
— Менің шаруама араласпаңыз! Енді менің өзім де қожайынмын!
Жүгіріп шешесі келген. Егіс басынан алып-ұшып шаруалар да жетті. Оттағы қағаз болса түтіндеп, бықсып барып лап еткен. Айғайды естіп балконға Элеонора, оған ілесе күтуші әйел шықты. Жалаңаш-жалпы Джерландо ашу-ызадан боп-боз болып ұзаққа созылған азапты тіршілігінің құрал-жабдықтарын отқа тастап жатты.
Күлкісі келген Элеонора көзден таса болуға тырысқан. Оның мазағын байқап қалған енесі ұлына айқай салсын:
— Біздің синьора қуанып тұр, көрдің бе! Оған күлкілі!
— Жылайтын да кезі болады! — деп айқай салды балконға бұрылған Джерландо.
Бұны естіген Элеонора боп-боз болып кетті. Ол осы кезге дейін сүріп келген тыныш та мұңды өмірінің аяқталғанын түсінді. Ол да тағдырының берген бір мезеттік дамылы екен. Мына жануарға бұдан не керек? Элеонораның күші де сарқылған. Кез келген сәтсіздіктен ажал құшуы да мүмкін еді.
Сол кезде Элеонора Джерландоны көрді. Ентіккен ол ашудан қаракүреңденіп тұрды.
— Жетті! Мазақ болып біттім! Әкем шаруа! Демек мен де шаруа болам! Демек, өзіңді өзің синьора жасауыңды қой! Андағы шүберектеріңді құрт! Нәрестеге ондай боқташақтығыңның керегі жоқ! Ол да мен сияқты шаруа болады! Ана кемпірді қуып шық! Үйге өзің қарайсың. Менің шешемнен қай жерің артық, сен де солай жасайсың! Түсінікті ме?
Элеонора да орнынан тұрды:
— Шешеңде менің шаруам жоқ,— деді ол одан көзін айырмай. Мен — менмін. Сен менен шаруа әйел жасай алмайсың!
— Сен менің әйелімсің! — деп айғай салған Джерландо тұрпайы оның қолынан ұстады. Не айтсам соны жасайсың, не бұйырсам соны істейсің? Түсіндің бе?
Мұнан соң ол қызметші әйелге бұрылып есікті нұсқады:
— Қараңды батыр! Маған қызметші қажет емес!
— Мен сенімен кетем, Джеза! деп айғайлаған қолын босатуға тырысқан Элеонора.
Бірақ Джерландо оны босатпады. Онан да қаттырақ қысып, оны жерге отыруға мәжбүрлеген.
— Дәмесін қара! Осында қаласың! Менен кете алмайсың! Осы еркелігің де жетеді! Қане, апаныңдағының бәрін алып шық! Жападан жалғыз қиналуың осымен тоқтады. Осы жылағаным да жетеді!
— Сонда не үшін жылап жүрсің, деді көзі жасаураған Элеонора. Сенен ештеме талап еткенім жоқ қой.
— Солай ма, талап етпедің бе? Ал маған тиіспе, менің жаныма жолама дегеніңді қайда қоймақшысың? Сонда маған сөйлесуге болмайтын мәртебелі синьора сенбісің? Маған тамақ беру үшін қызметші жалдадың-ау! Барлық әйелдер сияқты маған тамақты өзің беруің керек!
— Менен саған тағы не керек?— деді Элеонора ызасын әзер басып.— Егер саған қызмет етсін деп ойласаң…
Элеонораның мұнан арғыға шыдамы жетпеді. Көзінен жасы парлап, басы айналып, ессіз-түссіз құлап түсті. Есі шыққан Джерландо оған жан ұшыра ұмтылды. Элеонораны құлатпай, Джеза екеуін креслоға жатқызды.
Кешке жақын оның толғағы басталды.
Үрей мен өкініштен есі шыққан Джерландо шешесіне ұшты. Шұғыл түрде әлдебір баланы қаладағы дәрігерге жіберды. Әкенің қаупі басқада. “Егер келіні түсік тастаса, усадьбаның жайы не болмақ?” Сол жерде-ақ ұлына бас салды:
— Ақымақсың! Ақымақ!? Не бүлдірдің? Өліп қалса не болмақ? Баласыз өтпексің бе? Құрисың? Мектепті тастап кеттің! Ал өзің қолыңа күрек те ұстай алмайсың. Құритын болдың!
— Ештемеде шаруам жоқ. Тірі қалса болғаны! деп айғай салды Джерландо.
Жүгіріп келген шешесі де аспанға қолын созып:
— Дәрігер, тезірек дәрігер әкеліңдер! — деп айқайлады.
— Оған не болды? -деді Джерландо да үрейден боп-боз болып. Әкесі оны есікке қарай итерді:
— Жүгір! Тезірек!
Джерландодан ес кеткен. Ол жүгірмек болған, бірақ көз жасы ырық бермеді. Жарты жолда ол дәрігерді әкеле жатқан баланың арбасына жолықты.
— Тезірек, тезірек! деп айғайлады ол. — Ол өлгелі жатыр! Шалынып құлаған Джерландо үсті-басы шаң болып онан әрі жүгірген.
Джерландо дәрігерді алып келгенде, Элеонора хал үстінде жатқан. Үсті-басын қан жуып кеткен еді.
— Қанішер! Қанішер! деген қожайынының асты-үстіне түскен Джеза.— Бәріне анау кінәлі. Ол оған қол салды.
Алайда, Элеонора онысын жоққа шығарып, басын шайқаған. Ол қанмен бірге бүкіл тіршілігі, барша қуаты сарқылып, денесі салқындап бара жатқанын сезінді. Соның өзі жақсы. Өлімнен қорқатын түк те жоқ. Тіпті мынадай тіршіліктен ажалдың өзі артық. Қағаздай боп-боз болған ол көзі мәңгілікке жұмылар сәтті күтіп, төбеден көз айырмай жатты… Өң мен түстің арасында үйлену тойында куәгер болған қарт дәрігерді көргендей ме-ау… Элеонора оған қарап жымиған…
V
Джерландо күндіз-түні ажалмен арпалысып жатқан әйелдің қасынан шықпады.
Ақыры оны креслоға жайғастырды. Бет-жүзі боп-боз, қан— сөлсіз еді. Элеонора Джерландоны көрген. Ол да ауыр науқастан тұрғандай еді. Сондай-ақ төңірегіне үйірілген оның ата-анасын да байқады. Оларға онан әрі үлкейе түскен қап-қара көздерін қадады. Мына адамдармен өзінің арасында ешқандай байланыс жоқ сияқты. Ал өзі болса әлдебір қиырдан жаңарып оралған тәрізді. Мына адамдармен де, төңірегіндегі өмірмен де ешқандай байланысы, қарым-қатынасы болмағандай.
Оған тыныстау ауыр соқты. Болмашы дыбысқа бола жүрегі тоқтап қалып, ізінше қайта соғатын. Ол жылдам шаршайтын.
Басын креслоның арқалығына шалқайтып, көзін жұмып осы жолы өліп қалмағанына өкінгені де рас. Онан әрі тірлігі не болмақ? Мынау азапқа қайтіп төзіп, мына адамдардың жүзіне, төңіректегі заттарға қалай қарамақ? Өйткені өзі бұлардан тым алыста, жырақта ғой. Өткен күндердің адам төзгісіз, жиркенішті сипаттары оның санасына қайта оралып жатты. Құдды әлдекім сол бір қорқынышты күндерді қасақана есіне түсіретіндей.
Ол енді тұрмайтынын, сәлден соң жүрегі жарылып өлетіні туралы ойлады. Алайда ақиқат басқаша болған… Көп ұзамай ол орнынан тұрып, Джезаға сүйеніп, бөлме ішінде жүретін болды. Араға бірнеше күн салып далаға да шыққан. Мұнан соң әр кеш сайын усадьбаның оңтүстік шетіндегі құмды аймақпен жүре алатын болды. Ол тұстан теңіз жағалауы айқын көрінетін. Алғашқыда оны Джерландо мен Джеза, соңынан тек Джеза ғана сейілдетті. Ақыры жалғыз өзі қыдыратындай да жағдайға жеткен.
Ол жүз жылдық зәйтүн ағашы түбіндегі тасқа отырып, жағалаудағы жиегін толқын иректеткен тұстарға қарайтын. Жарқыраған күн көзінің ылғалды тұмандарды бүркеніп, сұрғылт теңіздің айдынына түскенін, одан бұлттардың қаншалықты жалқынданатынын, ылғалды аспандағы алғашқы жұлдыздардың жымиысын, жерге Юпитер жұлдызы сәулесінің баяулап түсіп, айдың жарқыраған сәтін қызыға көрер еді.Енді түскелі тұрған қызыліңірдің тәтті мұңына шомылып, ылғалды ауаны жұтатын. Сондай-ақ жерден тысқары құдірет сынды жан-дүниесіне бір сабыр менен салқындықтың енгенін де сезінетін.
Сол тұста жер жалдаушысының отбасында оған қарсы қастандық ұйымдастырылып жатты. Әкесі мен шешесі Джерландоның көзін әлдеқандай жағдай болмай тұрғанда мұрагерліктің жайын ойлау керегіне жеткізуге тырысты.
— Оны бекер жалғыз қалдырасың, — деді әкесі. — Ұмытпа, қазір ол сенің қамқорлығыңа риза. Қасынан ұзамай, сеніміне енуге тырыс. Ал сосын… қызметші әйелдің сол бөлмеде ұйықтамау жағын қарастыр. Қазір оған түнгі уақытта қызметшінің қажеті де жоқ.
— Құдай сақтасын! Менің басымда ондай ой жоқ… Қайдағы жоқты айтады екенсіңдер! Ол маған ұлына қарағандай қарайды. Маған айтқан сөздерін естісеңдер ғой! Құдды әне-міне ана дүниеге кеткелі отырған кемпір сияқты сөйлейді…
— Кемпір деймісің,-деп сөзге араласқан шешесі. Әрине, бойжеткен қыз емес, бірақ кемпір деуге де болмайды. Демек…
— Жеріңді алып қояды, ақымақ! — деген әкесі. — Саған айтып тұрмын, қателессең далада қаласың! Балаларың жоқ, ол өлсе заң бойынша жасауы туысқандарына тиесілі. Көп нәрсені бүлдірдің, оқуды тастап, уақытыпды текке жоғалттың. Саған тиесілі соқыр тиын да жоқ. Кеш болмай тұрғанда сол жағын ойлан. Несін күтесің?!
— Онымен дұрыс сөйлесу ләзім, — деп сыбырлаған шешесі.Онымен адамша: “Осылай да осылай, маған не тиесілі? Бәрін де сенің өзің айтқаныңдай қылып жасадым ғой. Енді менің жағдайымды да ойла. Маған не тиесілі? Не істеуім керек?” де.Несіне қорқасың? Құдайға шүкір, соғысқа бара жатқан жоқсың.
— Сосын мынаны қос, — деді әкесі. Былай де: “Не, ініңді жарылқағың келе ме? Өзіңе не жасағанын білесің? Сонда мені итше қуып тастағаны керек пе саған?” дейсің. Сосын күтесің. Егер сені құйрықтан бір теуіп, итше қуып тастаса біз де құримыз.
Джерландо үн-түнсіз. Шешесінің кеңесі оның жынына тиген. Сондай-ақ қанағатқа бөлейтін әсері де бар еді. Әкесінің болжамы болса, болмаса да зәресін ұшырып ашуландырған. Енді не істесе екен? Ол әңгіменің ауыр болатынын білді. Сондай-ақ сөйлеспеуге болмайтынын да түсінді. Амал не, байқап көру керек.
Бұл кезде Элеонора үстелге келе алатын болған. Бірде кешкі ас үстінде Джерландоның төмен қарап дастарханнан көз айырмай отырғанын байқады.
— Неге тамақ ішпейсің? Саған не болған?
Джерландоға керегі де осы сауал ғой. Тіпті мінез-құлқымен осындай сұрақты тудыруға түрткі болған кездері де көп. Алайда ол ата-анасы үйреткен сөздердің бірін де айта алмады. Жай ғана қолын сілтей салған.
— Саған не болған? деді Элеонора нығарлап.
— Ештеңе, деді Джерландо абдырап. — Әкем мазамды кетірді…
— Тағы да мектеп пе? — деген Элеонора оны әңгімеге тартуға тырысып.
— Одан да жаман, — деді ол. Тиісе береді.Болашағыңды ойла дейді. Өзінің кәрі екенін, менің қолымнан түк келмейтінін айтады… Әзірге сен осында жүргенде әрине… Ал сосын… ештемесіз қаласың дейді…
— Әкеңе айт, — деді оның қызарғанын көргісі келмей көзін қалқалаған Элеонора шын жүректен, — әкеңе айт, алаң болмасын. Бәрін ойластырып қойғам. Әңгіме соған көшкен екен, онда біліп жүр, егер мен өлсем ол да құдайдың ісі. Менің бөлмемдегі комодтың екінші жәшігінде сары корсеттің астында сенің атыңа жазылған хат жатыр.
— Хат? — деп қайта сұраған Джерландо. Элеонора басын изеді.
— Ия, алаңдамасаң да болады.
Таңертең Джерландо екі езуі екі құлағында ата-анасына барып Элеонорамен болған әңгімені айтқан. Алайда олар, әсіресе әкесі, онша қуаныш таныта қоймады.
— Хат дейсің бе? Соған да мәз болып!
— Ол не хат болды екен? Өсиет болды-ау! Демек, байлығын күйеуіне қалдыратын болған. Ал сол хат тәртіпке сай жазылмаса ше? Әйел тиісті дәрежеде жаза алады дегенге кім сенеді? Сосын нотариуссыз оның күші де жоқ… Ал інісі болса сот қызметкері. Сотқа сүйрейтіні айдан анық!
— Соттан әділдік күтпей-ақ қой. Сотынан құдай сақтасын! Біз сияқты кедейлердің шаруасы емес ол. Олар онда ойына келгенін жасайды. Қараны-ақ, ақты-қара етеді.
— Ал мүмкін сол хат мүлдем жоқ шығар! Одан құтылу үшін айтыла салған шығар!
— Сен сол хатты көрдің бе? Көрген жоқсың. Міне солай! Араларыңда бала болса бір сәрі. Өзіңді алдауға жол берме! Бізді тыңда, түсінесің бе нәресте керек. Хат та сөз болып па?!
Бірде кешкісін Элеонора жар жиегінде отырғанда алдынан сайтандай сопаң етіп Джерландоның шыға келгені.
Ақпан айы әзірге жылы, әуеден көктем исі аңқып тұрса да, тоңазыған Элеонора қара шәліге оранып алған-ды. Төменде жап— жасыл астықты алқап пен теңіз толқып жатты. Көкжиек те нәзік қызғылт түске боянып, төңірекке әдемі реңк беріп тұрған. Жарқыраған күннің астында қиырдағы қыстақтар да әдемі көрінетін.
Элеонора бояулардың осынау сыйқырлы үйлесімін қызықтаудан жалығып, басын зәйтүн ағашының діңгегіне сүйеп жатқан. Қара шәлісін басына ораған. Соған сәйкес жүзі бұрыңғыдан да бозғылт көрінетін.
— Мұнда не істеп жатырсың, — деген Джерландо. — Мына қалпыңда қайғылы Мариям анадан аумайсың.
— Жәй қарап… — деп бір күрсінген Элеонора көзін жұмды.
— Мына қара шәлінің өзіңе қалай жарасатынын білсең ғой…
— Жараса ма? — деп мұңдана күлімсіреген Элеонора, — тоңған соң жамылғам.
— Жоқ, оны айтпаймын. Жай… жүзіңе жарасады, — деді Джерландо оның жанына жайғаса беріп.
Элеонора көзін жұмған. Жылап жібермес үшін амалсыз күлімсіреген. Аяқ астынан есіне босқа өткен жастық шағы түсті. Он сегіз жасында ол шынында да сұлу еді.Джерландоның аяқ астынан жақындауы оның ойын бұзды.
— Маған қолыңды берші, — деген Джерландо оған.
Элеонора түсінді. Бірақ түсінбеген рай танытты.
— Қолымды? Не үшін? — деген ол сені жоғары тартып шығара алмаймын ғой. Күшім жетпейді. Өзім де әзер қозғалам. Кеш болды, үйге қайталық.
Сөйтіп орнынан тұра берген.
— Айтайын дегенім ол емес. Жай, қараңғыда отыра тұрайықшы. Мына жер жақсы екен…
Джерландо кезерген еріндерін күлкіге әзер икемдеп, оны тізесінен құшақтамақшы болған.
— Жоқ! Есіңнен адастың ба, жібер! — деп айғай салған Элеонора. Құлап түспес үшін ол Джерландоның иығынан ұстап, ізінше
итеріп жіберді. Джерландо тізерлеп тұрған-ды. Элеонораның иығынан түскен қара шәлі оны тұтастай бүркеп тастады.
— Маған сен керексің! Сен керексің!, — деп Элеонораның тізесін құшақтаған ол мас адамша былдырлап, әйел иісіне елтіген қалпы оны белінен құшақтамақшы болды.
Элеонора әзер құтылып шықты. Жар жағасына жүгіріп барып:
— Маған жақындама! — деп айғай салды.
Джерландо райынан қайтпады. Сол кезде Элеонора төменге қарғыған…
Джерландо есі шығып тұрып қалған. Қара жерге соғылған әлде ненің дауысын естіді. Жар жиегінен төмен қарап, жерде жатқан қара киімді денені көрді. Ал жерге жете қоймаған қара шәлі әуеде қалықтап, түсіп келе жатты…
Ол басын қос қолдап ұстап үйіне беттеді. Көзіне зәйтүндер тасасынан түскен ай сәулесі түсті. Джерландо қалт тұрып, сол бір түнгі сәулеге көз салуға тырысты. Бәріне куә ару ай дәл қазір тек өзін ғана кінәлап тұрған сияқты еді.