ШОШҚА (Луиджи П.)

ШОШҚА

Нелли Згембридің астына қалдық сабан төсеп қырманда ашық аспан астында түнегеніне бүгін үшінші түн. Қасында екі есек пен қашыр жайылып жүр. Неллиді ашық аспанда түнеуге мәжбүрлеген де солардың қамы еді.
Таңғы шықтан сабан ылғалданған-ды. Нелли оны “жұлдыздардың көз жасына шыланды” деп сөйлегенді ұнататын. Неллиді ұзақты күн мезі еткен тас дөңгелектердің шиқылынан азат етер рақат сияқты болып, айналасынан шегірткенің сүйкімді шырылы естіледі. Бәрібір шалдың көңіл күйі жоқ-тұғын. Сабан үстінде жатып, ол жұлдыздардан көзін айырмайды. Ара-тұра көзін жұмып қойып терең күрсінеді.
Ол өз тағдырына қапалы-тұғын. Тағдыры балаң кезіндегі бірде бір арманын жүзеге асыртпады. Ал жасы жер ортасынан ауғанда соған дейін қол жеткізген болмашы игілігінің өзін тартып алды. Әйелінің қайтыс болғанына төрт жыл болған. Әйтпесе серіктің қажет болатын кезі осы емес пе?!
Шашы ағарып, денесі еңкіштене бастаған мына жасында төсек жаңғыртуға ұялған.
Бір сәт Неллидің ұйқылы-ояу осы бір ойларының бұзылғаны.Жұлдыздардың болмашы жарығынан анағұрлым айқын жарқырауыш қоңыз келіп қонған қасына.
Ұйқылы-ояу, мазасызданып жатқан Неллиге бұл аспан айналып жерге түскендей әсер етті. Есін күрт жиып, орнынан атып тұрғаны. Жаңағы ойларының бәрі көрген түстей ұмтылып сала берді. Жарылған, түтінге ысталған ескі тамы, қашыры мен екі есегі, таяу маңдағы туған қыстағы Раффадели де есінен күрт шыққан.
Жарқырауыш қоңыз оның дәл қасында отыр еді. Нелли әлгі қоңызды күстенген алақанына салып, ұзақ үңілген. Бір сәт оның алыста қалған бақытты жастығының белгісі сияқты көрініп кеткені де рас. Мүмкін бұл осыдан қырық бес жыл бұрын дәл осындай маусым түндерінің бірінде Раффаделилік құрбыларымен бірге тура осындай ай сәулесі құйылып тұрған қырманда орақтың аяқталу мерекесін өткізу үшін қалған Тризуца Туменнианың шашына оратылып қалған сол баяғы қоңыз шығар ау өзі?
— Қайран жастық-ай, шіркін!
Тризуца Туменниа шашына оратылған осынау қоңыздан зәресі ұша қорыққан-ды. Оның бар-жоғы жарқырауыш қоңыз екенін ол білмейтін. Нелли өзінің сол қоңызды екі саусағымен ұстап алып Тризуццаға көрсеткен сәтін есіне алды.
— Мына отты көрдің бе? Оның сенің маңдайыңда жұлдызша жарқырағысы келген,-деп еді-ау бұл сонда.
Бозбала Нелли сол сәттен бастап Трезуца Туменниаға қырындай бастады. Ол басқа уақыт, басқа әлем-тұғын. Алайда отбасылық араздыққа орай ата-аналары екеуінің үйленуіне рүұқсат етпеді. Сөйтіп Трезуца басқа адамға күйеуге шықты. Нелли басқа қызға үйленді. Содан бері де қырық бес жыл өтіпті. Бұл әйелінен айырылған, осыдан оншақты жыл бұрын Трезуца жесір қалған. Ол да түк емес-ау, сондағы жарқырауыш қоңыздың қайтадан оралуы неліктен екен? Жалғызсырап, қайғырып жүрген кезінде Неллидің көзіне қайтадан түсуі қалай өзі? Жарқырауыш қоңыз не үшін мұның жанына қонды?
Қалтасынан қағаз шығарып Нелли әлгі қоңызды орап алған. Түннің қалған уақытын шал ұйқысыз өткізді. Таң қараңғысында Нелли қашырлардан қалған таптаруын соқпақпен Раффадалидегі үйіне оралып келе жатқан қызды байқады.
— Нику, Никутссу, мұнда келші!— деп шал қызды шақырған.
Көздері күлімсіреп тұр еді. Қазір сол күлкісі бүкіл әжімді бетіне жайылмақ-ты. Көптен ұстара тимеген иегін қолымен демеп тұрып Нелли:
— Трезза Тумениа тәтеңді білесің бе? — деп сұраған.
— Әлгі шошқасы бар әйел ме?
Ұнатпай қалған шал қабағын түйген. Раффадалидегілер Трезуца Туменнианы осылай атай бастапты. Оның бұлайша аталуының өзіндік себебі де бар. Трезуцаның бір шошқаны соншалықты құрметпен һәм ыждаһаттылықпен жемдегені соншалықты, әлгі хаиуан өз денесін өзі көтеріп жүре алмайтын жағдайға жеткен. Күйеуі өліп, үйленген ұлдар бөлек кетісімен Трезаның бүкіл пейілі осы шошқаға шындап ауды. Шошқаны сойсақ қайтеді, деушілердің талайы сазайын да алған. Трезуца сондай жанашыр махаббатпен оның құлақ түбін қасыр еді. Соған дәндеп алған әлгі ақшыл қызғылт семіз құбыжықтың өзі де оны көрсе қасыту үшін құлағын тосып тұра қалатын. Осы бір мәртебелі шошқа қыстақтағы өсек-аяңның өзегіне де айналды. Әйтеуір сойылуға тиіс шошқаны не үшін ұзақ жылдар бойы семіртіліп жатқанын да ешкім түсінбейтін.
— Иә, сол… Сол Треза тәтеңді… — деген Нелли. — Білуші ме едің? Міне, мына қағаздағы жарқырауыш қоңызды көрдің бе, абайла, босатып алма, езіп тастама! Соны ал да Треза тәтеңе апарып Нели Згембри беріп жіберді де. Сосын бұл қоңыздың осыдан көп жылдар бұрын Треза тәтеңнің өзі көрген қоңыз екенін айт. Түсіндің бе?Ең бастысы “сол, осыдан көп жыл бұрыңғы қоңыз” деуді ұмытпа! Кешкісін жауабын әкелерсің. Сол кезде тәтті каштан берем. Ал, жүгір енді!
…Үмітсіз шайтан деген. Згембри әзірге қаусаған шал емес, алпыс үш те жас болып па?! Дені сау, мықты, зәйтүн ағашындай тіп-тік. Сосын Трезаның өзі де піскен бұршақтай толысып тұр, дер кезі…
Кешкісін әлгі қыз бала жауабын да жеткізді:
— Треза тәтей шашының ағарғанын, “жарқыраушының” сөнгенін… жеткіз деді.
— Тура солай деді ме?
— Иә.
Келесі күні сақалын қырып, күйеу жігітше киінген Нели Треза Туминнианың үйіне тартты. Мақсаты “жарқырауышының” өшпегенін,жүрек отының баяғысынша бәсеңдемегенін, бәріде сол баяғы Трезамен өткен тәтті күндеріндей екенін дәлелдеу еді.
— Екеуміз үйленіп, шошқаны сойып тойлайық,-деген ол.
Треза оны кеудесінен қос қолдап итерген:
— Қараңды батыр, ақымақ шал! — деген ол.
Треза күлкісіне де ие бола алмай қалған. Шошқаны сою туралы әңгіме ұнамағаны соның өзінен-ақ белгілі еді. Ал үйлену жағы…Шамасы, ойлануға болатын нәрсе сияқты…
Алайда тағдырға қылар не қайран бар?! Екеуінің некелесуіне бұрын ата-аналары қарсы болса бұл жолы балалар кедергі болды.
Рас бұл жолы қалыңдық пен күйеу қарсылықты онша мойындаған жоқ. Аулақ жүрсін! Әр қайсысы бір-бір үй болған! Сырттай өкпелеген сияқты болғанымен екеуі де іштей риза еді. Қалай болған күнде де, жаңағы қарсылықтың өзі олардың махаббаттарына жастыққа тән мағына да берген сияқты еді… Балаларының болса да екеуінің қосылуының дұрыстығын яки бұрыстығы, талқыға салуы екеуінің де көңілдеріне жағатын.
Екеуіңде төрт-төрттен: Трезаның — төрт ұлы, Нелидің — екі қызы және екі ұлы бар еді. Трезаның төрт ұлының бәрі де үйленіп әкеден қалған мұраны тепе-тең жағдайда бөліп алған-ды. Нелидің әзірге тұрмыс құрмаған кіші қызы Нарда әне-міне тұрмысқа шығуға тиісті еді.
Балаларының аузын жабу үшін қариялар үйленбес бұрын, әлдеқандай жағдай болса балалардың арасында талас тудырмау қамымен нотариуске барды. Сол арқылы балаларының арасындағы о бастағы дүрдараздықтың алдын алмақ болды. Алайда соның бәрі бос далбаса екен. Әсіресе Нелидің балалары қатты дауласқан. Ақиқатында оларға тиген үлес мол еді. Трезаға үйленген жағдайда оның жерін өңдеп, кіріс тапса оның өзі түгіл кіші қызы Нарданы орнына қоюға жететінін де есептеп қойған Нели үш баласына марқұм әйелінің дүние мүлкін ғана емес, өзіне тиесілі игліктерді де тепе-тең етіп бөліп берген-ді.
Әсіресе, күйеуге шығуына орай тегін Перонелла деп өзгерткен үлкен қызы Сидораның қарқыны қатты еді. Әңгіме әкесімен бірге өгей шешесінің үйіне қоныс аударған Нардаға ауған тұста аузы көпірген Перонелла ағалары Сара мен Луссаға һәм күйеуіне:
-А на кәрі қақпас кемпір байғұс қызды күйеуге ұзатса, менің басымды кесіп тастаңдар! Кәрі қыз қалпында өтеді ол. Оған корольдің ұлы құда түссе де ана кемпір оған келіспейді!-деген
Оның бұлай сөйлеуіне себеп те бар еді. Ол Трезза Туминнианың Нарданың жасауынан бас тартып, Нелидің өз дүние-мүлкіне билік жүргізуіне келісетініне сенбейтін.
Өгей шешесінің Нардаға туған қызына жасамайтын сыйлықтар жасағанын, алтын сырғалар, сақиналар, маржан моншақтар, жібектен тоқылған түрлі орамалдар, қалыңдығы төрт елі жібек шархат,биік өкше туфли, керемет заттар сыйлағанын айту үшін келген көрші әйелдерге Сидора көгеріп-сазара тұрып:
— Неткен ақымақ едіңдер! Шынында да оның осының бәрін арамдықпен жасайтынына сенбейсіңдер ме! Ол жәй ғана Нарданы, ана шошқасы сияқты семіртіп, өмірінің соңына дейін үйінде ұстап отырмақшы! — деді.
Сидора бұл ойынан жаңағы көршілері Нарданың күйеуге шығатынын айтып келгенде ғана әзер айныған. Күйеу болғанда қандай! Кәдімгі Питрина Шинквеменидің өзіне шықпақ! Ондай алтын жігіт сирек кездеседі! Айтпақшы, ол Трезинаның үлкен ұлының балдызы болатын. Жері, үйлері, мал-мүлкі, жұмысшылары қанша десеңші! Сосын екеуін үйлендіруге Трезаның өзі түрткі болған көрінеді!
— Қойыңдаршы, рас па! Сену қиын! — деген Сидора жаңағы жағымпаздардың табасынан қашпақ райда. — Питрина Шинквемани ма? Нарда үшін шын қуаныштымын! Бұдан өткен қуаныш болар ма?!
Үлкен ағалары Сарудың үйі өгей шешелерінің үйінен таяқ тастам жерде болса да оның үйіне қоныстанған Нарданы іздеп бірде бір бауыры барған жоқ-тұғын. Әйтпесе екі ортадағы миндаль ағаштарының тасасынан өгей шешелерінің қорасы, одан төгілген қи анық көрініп тұратын. Нарда өгей шешесі мен оның ұлдары жағына толық ауып кеткен-ді. Сондықтан да Сидора мен бауырларының оны көргісі де келмейтін. Мейірімді көзқарас пен сыйлық өз дегенін жасады. Қарындасқа зәру Трезаның ұлдары да Нарданы керемет еркелеткен.
Той қарсаңында Сарудың қорасына қабағын түйген әкесі келді. Көптен қырынбаған сақалын сипап тұрып ол соңынан Сидора мен Луццуға жеткізу керегін ескертіп алып Саруға былай деген:
— Биылғы астықтың шығымы жаман, балаларым менің. Бәрімізге де оңай болмайтын түрі бар. Қарындастарың Нарданың тойында болғандарыңды қалайтыныма құдайдың өзі куә! Раффадали қоңыраулары не деп күңіренетіні білесің бе? Олар “Ақша қайда?Ақша қайда?” деп боздайды. Мен бүкіл ақшамды сендерге бөліп бергем. Қазір крестке шегеленетін Ғайса пайғамдардан да кедеймін. Ештемем жоқ. Сенсеңдер де осы, сенбесеңдер де осы. Егер тойға сендер келсеңдер Питрина Шинквемани де өз туысқандарының келгенін қалайды. Олардың Треза жағының адамдары екенін білесіңдер ме? Олармен болса болмаса да аразсыңдар, бұдан ештеме шықпайды. Сөйтіп, былай шештік, тойда олар да, сендерде болмайсыңдар. Қалыңдық жақтан Треза екеуміз, ал күйеу жақтан оның әкесі мен шешесі ғана болады. Сенсеңдер де осы, сенбесеңдер де осы.
Сару алдын ала ойластырғаны даусыз осынау ұзын-сонар мәтінді тура әкесінше ойсыздау, құлықсыздау түрде тыңдап, ақыры иегін қолымен сүйеп тұрып былайша тіл қатты:
— Несі бар, әке. Қожайын сенсің, біз сенің қаның мен тәніңнен жаралдық. Не қаласаң, соны жасаймыз. Тек аналар да болмасын, әйтпесе, тура айтайын саған, әке, мәселе қиын болады…
Әкесі ұлының сөзін тыңдап алып, сәл кідірістен соң былай деді:
— Балаларым, келме дегенді мен аналарға да айтқанмын.
— Ал егер солардың біреуі келсе ше? Шал үндеген жоқ. Соған қарағанда, аналар жақтан біреу келсе, не істейтінін шалдың өзі де білмейтін сияқты еді.
— Жарайды әке, үйіңе бара бер. Біз де ойланармыз, — деген Сару.
Ұзай берген әкесін көзімен ұзатып салып, Сару да үйіне оралды. Сол жерде-ақ шегеге ілулі қоржынынан “шошқа өлтіруші” деп аталатын ұзын пышағын суырып алып, қылшылдатып тұрып қайраған. Жүзін біраз суға салып алып, үй босағасына отыра қалып, әлгі пышағын қайтадан өршелене қайрады.
Осының бәрін көріп, зәресі ұшқан әйелі оны үш мәрте шақырып, жауап ала алмаған соң, көзінен жасы парлай тұрып:
— О қасиетті құдай анасы, Сару, сүйіктім, не жасамақсың? — деді.
Жолбарысша айбаттанған Сару пышағын жалаңдатып:
— Жап аузыңды! Құдай атымен ант берем, әйтпесе тура сенен бастаймын! — деді.
Үні өшкен әйелі белдемшесінің етегімен қос қолдап аузын жауып бұрышқатығылды.Үш бірдей ұлы таңдана қарап отырғанына қарамастан Сару пышағын қайтадан қайрай бастады. Трезаның ауласында қораз шақырған. Оған алқызыл айдары қан түстес екіншісі қосылған.
— Бір.. екі… үш…төрт…бес…алты!
Көрші аулада алты бірдей ерттеулі қашыр тұр. Ай сәулесі астынан қаз-қатар тізілген алты қашар айқын көрінеді. Сару оларды өз үйінің босағасында тұрып санап шықты. Ағаш діңдерінің тасасынан тағы да қалып қойғаны жоқ па деп қиыстай тұрып тағы да бір қараған.
— Әзірге алтау. Тағы да болуы мүмкін.
Тойдың үлкен болатын түрі бар. Демек, өгей шешенің барлық ұлдары әйелдерімен, балаларымен, күйеу жігіттің туыстары тегіс шақырылған! Тек қана қалыңдықтың туыстары ғана құрметтен тысқары қалыпты… Қазір ғой бәрі дастархан басында отыр. Сәл кейінірек музыка, би басталмақ…
Сару күртесін шешіп, өткір пышағын шабу үшін қарына ілді. Оны зәресі ұша қалтыраған әйелі мен үлкен ұлы Нелуссу бақылап тұрған-ды. Сәл бұрынырақ Сару әйеліне от жағып бір қазан су ысытуды бұйырды. Зәресі ұшқан әйелі бір қазан ыстық судың не үшін қажет болғанын түсінбестен, күйеуінің бұйрығын орындаған.
— О қасиетті құдай анасы, әлдебіреу кіріп келсе ғой! О қасиетті құдай анасы, оның ашуын басып, ақылын кіргізе көр!
Ауладан себезгілеп төгілген ай сәулесінің астында қосарлана шырылдаған шегірткелер дауысы естіледі.
— Нелуссу,— деген әкесі.— Сидора тәтеңе, сосын Луссу ағайыңа бар да айт, бүкіл шаруасын тастап осында келсін, түсіндің бе? Ал, жүгір!
Жерден табанын көтере алмаған Нелуссу зәресі ұшып әкесіне қарады. Ұруынан қорыққандай бір қолымен басын қорғаштаған:
— Әке, мен қорқам, әке…
— Қорқасың ба, аһ, оңбаған шірік!-деп айғайлаған әкесі баланы жағасынан ұстап бір сілкіген. Сосын әйеліне бұрылып:
— Сен бірге барасың! Тез барыңдар да, тез келіңдер!-деп бұйырды.
Әйелінің жыламсырап тұрып, тағы бір мәрте сұрауына тәуекелі жетті:
— Құдай үшін айтшы, не істемек ойың бар, Сару?
Сару үндеме дегенді аңғартып, сұқ саусағын ерніне тигізді. Сосын айтқанымды орындайсың дегенді де ұқтырып қойды.
Әйелі мен ұлы ұзай бере Сару ағаштардың тасасымен мысық табандап, өгей шешесінің үйіне жақындаған. Ай жарық еді. Ол Трезаның қорасына қарсы тұстағы ең шеткі үйеңкі ағашына жетті. Жүрегі тарсылдап, қаны басына тепкен. Байлаулы қашырлардың біреуінің аяқ астынан кісінеуі оны сәл кідірткен. Жаңада ғана түскен қашыр қиының исін сезінді. Құлағына іштегілердің көңілді айғайы, ыдыстың салдыры естілді. Жағдайды бағамдау үшін Сару жапырақтар арасынан басын қылтитқан. Аулада ерттеулі алты қашыр, ал үйге жақын тұста семіз шошқа жатқан.Шошқа тұмсығын алдыңғы аяқтарының үстіне созып жатыр. Құлағы салбырап, тәп-тәтті маужырайды өзі. Ара-тұра бір қорс етеді. Алайда, сол қорсылында семіздік пен қанағаттан басқа түк те жоқ еді. Сақтықпен белін бүккен Сару оның арт жағынан келіп, ақырын ғана құлағының түбін қасыды. Рахаттанған шошқа қожайынына жасайтын дағдысымен ұзыннан ұзын созыла түсіп, оған қасуға үйренген мойнын созды. Дәл сол сәтте Сару оның жүрек тұсына пышағын сұққан.
Ол үйіне үлкен қанағатпен, үсті-басын қан жуып оралды. Дәл сол кезде туыстарын ерткен әйелі мен ұлы да кіріп келді.
— Құдай үшін, тыныш! — деген оларға Сару үлкен бір шаруа бітірген адамның қанағатымен. — Не, олардан жаманбыз ба, бізде өзімізше мерекелейміз!Шошқаның төрттен бірі Сидораға, бір ширегі-Луссуға, қалғаны маған. Сіңірген еңбегім үшін! Алдымен тоқтай тұрыңдар, шошқаны союға көмектесіңдер. Луссу, мына жерін ұстай тұр, ал сен Сидора мына жерді. Нелуссу, шкафта тұрған үлкен ыдысты алып кел. Шошқаның бауырын мен ана кәрі мыстанға сыйлаймын. Кәне алыңдар, бауыр кемпірге қалсын!
Сару шошқаның қарнын жарып, баурын суырып алды да, суға бір шайқап алып, ыдысқа салды. Ұлына қарап:
— Нелуссу, атаңа бар да папам жіберді. Мына сыйлықты Треза шешемізге бер деп айтты де. Сосын шошқасы үшін рақмет айтарсың… — деген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *