Халифалар – құрайыш тайпасынан

Халифалар – құрайыш тайпасынан
1199. Абдуллаһ ибн Омардан (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын). Ол:
«Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Адамдардан екеу-ақ қалса да, бұл іс қашан да құрайыштарда болады», – деді», – деп айтқан1 (1820/4).

1200. Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын). Ол: «Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Адамдар бұл істе құрайыштарға ілеседі, олардың мұсылмандары (құрайыштың) мұсылмандарына ілеседі, кәпірлері (құрайыштың) кәпірлеріне ілеседі», – деді», – деп айтқан2 (1818/1).

1 Мұндағы «бұл іс» сөзі халифалық дегенді білдіреді. Әл-Бұхаридің риуаятында
«адамдардан» деген сөздің орнында «олардан» деп берілген. Ибн Хажардың пікірінше, бұл хабарлы сөйлем бола тұра, бұйрық мағынасында айтылған. Себебі кейіннен көпшілік елдерде құрайыштардың биліктен айырылып қалуы оның хабарлы мағынада айтылмағанын айғақтайды. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Абдуллаһ ибн Рауаханы, Зәйд ибн Харисаны, Усама ибн Зәйдті және басқаларды жорыққа аттанатын әскерге қолбасшы етіп тағайындағаны халифа өзінің орынбасары ретінде құрайыштардан басқаларды да тағайындауға құқылы екендігін білдіреді. Ибн Хазмның пікірінше, мұнда хабарлы сөйлем бұйрық мағынасын білдірсе, халифалық билік құрайыштардан басқаларға тыйым салынады. Ал егер сөйлемнен хабар мағынасы меңзелсе, онда құрайыштардан басқалар халифа болмайды. Қалай болған күнде де билік құрайыштардан басқаларға тыйым салынады (қ.: «Тухфат әл- ахуази»). Ән-Нәуәуи мен Қазы Ғияд халифалықтың құрайыштарға тиесілі екендігі жайында сахабалар және олардан кейін келгендер бірауызды келісімде болғандығын айтқан. Пайғамбарымыз (с.а.с.) қайтыс болғаннан кейін оның орнына халифа таңдау кезінде Әбу Бәкір мен Омар мұны ансарларға айтқанда, ешкім бұған қарсылық білдірмеген. Ал эфиопиялық құл басшы болса да, оған бағыну керектігін бұйырған хадистер: «онда халифа тағайындаған одан төменгі лауазымдағы басшы меңзелген» деп түсіндіріледі. Өйткені бұл хадистерде мұндай адамның халифа болатындығы көрсетілмеген. Оның үстіне, әл-Хаттабидің пікірінше, мұнда жалпы басшыға бағыну керектігін баса көрсету үшін мағына әсірелей айтылған, өйткені қара құлдың басшылық лауазымға көтерілуі екіталай.
2 Басқа бір хадисте: «Адамдар жақсылықта да, жамандықта да құрайыштарға ілеседі» деп көрсетілген. Қазы Ғиядтың пікірінше, бұл Исламнан бұрынғы және Исламнан кейінгі кезеңге орайластыра айтылған. Яғни Ислам діні келгенге дейін құрайыштар арабтардың көшбасшысы, әл-Харам мешітінің күзетушілері және қажылық қызметтеріне жауапты адамдар болды. Сондықтан да өзге араб тайпалары құрайыштардың Исламды қабылдауын күтіп жүрді. Ал меккелік құрайыш тайпасы жаппай Исламды қабылдаған кезде, адамдар оларға еріп, Аллаһтың дініне топ- тобымен кірді. Ислам аясында да құрайыштар халифалық билікті қолдарында ұстау құқығына ие болды әрі бұл Қиямет күніне дейін күшінде қалады. Ибн Хажардың пікірінше, бұл хадисте «адамдар» деп құрайыштардан басқа арабтар меңзелген.

1201. Амир ибн Сағд ибн Әбу Уаққастан1. Ол: «Мен Жәбир ибн Сәмураға (Аллаһ оған разы болсын): «Маған өзің Аллаһ елшісінен (с.а.с.) естіген бір нәрсені айтып берші» деп хат жазып, (оны) қызметкерім Нафиғдан2 (беріп жібердім)», – деп айтқан. «Сонда ол маған: «Мен Аллаһ елшісінің (с.а.с.) жұма күні, әсләм (тайпасынан бір адам) таспен ұрып өлтірілген күннің кешінде: «Бұл дін Қиямет болғанға дейін қашанда аяғында нық тұрады3 (немесе сендерге барлығы құрайыштан он екі халифа болады4)», – деп айтқанын естідім.
Және де оның: «Мұсылмандардың бір тобы Ақ Үйді – Кисраның сарайын (немесе Кисраның отбасын) бағындырады», – деп айтқанын естідім5.
Және де оның: «Ақиқатында, Қияметтің алдында өтірікшілер пайда болады, олардан сақ болыңдар!» – деп айтқанын естідім.
Және де оның: «Қашан Аллаһ біреуіңе жақсылық берсе, ол өзінен және отбасы мүшелерінен бастасын», – деп айтқанын естідім.
Және де оның: «Мен Хауыз басына бірінші барамын»6, – деп айтқанын естідім» деп (жауап) жазды» (1822/10).

Муслим ибн Хажжаж әл-Қушайри ән- Найсабури

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *