Тұрғылас түлектер
М.Құлыбекұлы
Социалистік күрес жөніндегі шығармалардың қатарынан Махфуз Құлыбекұлының “Тұрғылас түлектер” романын көруге болады. Бұнда жаңа заман орнату жолындағы қайшылықтармен қатар әйел теңдігіне баса назар аударылады.
Әліпбай мен Қожақұл мыңғырылған түлігі мен жасанған байлығына мастанған надан байлар. Осы байлығының арқасында екеуінің де атағы дәуірлеп, тасы өрге домалайды. Әліпбай адуын да ерке бәйбішесі Әйменді ығына көндіріп, тоқал алуға ниеттенеді. Бұл ниетін қоштаған Қожақұл молдаға Әліпбайдың сойылын соғып, атқосшысы болудың өзі үлкен мерей. Әрі шариғат жолы ұйғарады дегенді желеу етіп 17 жасар Қайшаға құрық салады.
Романды оқи отырып, ХХ ғасыр басындағы қазақтың алғашқы романдарының бірінен саналатын Спандияр Көбеевтің “Қалың мал” романымен ұқсас сюжеттерді кездестіреміз. Тіпті, кейіпкерлерінің кәсібі мен есімдері де бірдей. Мәселен, “Қалың малда” азап шегіп азын-аулақ малға сатылып, Тұрағұл байға пенде болатын Қайша есімді әйел болатын болса, Махфуз Құлыбекұлының да бас кейіпкері – Қайша. “Қалың малдағы” қыздың әкесі надан әрі топас Итбай қызының көз жасынан бұрын бес-онды ұсағына мастанса, “Тұрғылас түлектегі” Молдаш қызының бай жерге барып, қолын жылы суға малып отыратындығын көңіліне медеу тұтады. Спандияр Көбеевтің романындағы Қайшаның сүйген жігіті Итбайға жиен, Махфуз Құлыбекұлының романындағы Сейіттің де Қайшаға туыстығы – жиендік. Бұған қарағанда, роман авторының аталмыш шығармаға қатты еліктегені байқалады.
Дегенмен, осы сияқты ұқсастықтарымен қоса, екі роман екі түрлі оқиғамен өрбиді. “Әрине, әрбір шығарманың да өз дәрежесінде танытқыштық әсері болады. Бірақ, шығарманың ұзақ жасауының сыры оның халық өміріне қажетті мәселелерді тереңнен суреттей білгендігіне байланысты. Көркем әдебиет сылдыраған сұлу сөздің жиыны емес, ол өмір шындығын көркем образдар арқылы танытуға тиіс”. Қожаш Қайшасын Тұрағұлдың шеңгелінен көп ұзамай құтқарып алса, Сейіт оқуға аттанып кеткендіктен, Қайшаның қолынан келер ешқандай қайран жоқ. Әліпбайға пенде боп, үш жылын өткізеді. Тек, арайлап революция таңы кедейлермен бірге әйелдерге де теңдік ала келеді.
Жаңа заман ығына жығыла білетін әккі байлар сияқты Әліпбай да бұлаң құйрыққа салып бағады. Малшы-жалшыларына бұрынғыдай дөңайбат танытпай, шырғалап, ұстау әдісіне көшеді. Аяқасты мейірімділік танытып, жомарт қылық көрсете бастаған қожайынның неліктен “жусаннан аласа, бетегенден биік” болып жүргенін олар да түйсінеді. Сондықтан да, оның көлеңкесін сүйіп, құр атағына табынуды доғарып, бойларын аулаққа сала бастайды. Әліпбай алақұйын өзгерістермен жаны қас, бірақ, қанша бұлқынса да заман дегенін жасап тынды. Шарасыздықтан қулыққа басып, ықтай жалдауға көшеді. Оның бұл ішмерездігі де айқындалып, түрменің тас қабырғасын да күзетіп оралады.
Әліпбаймен ісі де, қылығы да ұқсас келесі тип – Қожақұл молда. Жұрт арасында шариғат айтып, арамза молдалық құрып байыған Қожақұл Әліпбай сияқты байлармен терезесі теңесіп, үзеңгіге аяқтары бірдей жетіп жүргеніне күпиеді. Өзіндік ойы, түйгені жоқ молда Әліпбайдың шылауынан көп шыға қоймайды. Арман-мүдделері баю ғана болғандықтан, бірін-бірі жөптеп, бірге іс қылады. Әліпбайдың қулығы ашылып, сотқа тартылғанда, Қожақұл да ер кетеді.
Міне, дала шонжарларының бет-бейнесін, тоғышар тірлігін осы екі образ арқылы тани аламыз. Екеуі де шарасыздықтан жаңа қоғамға мойынсұнып, тізе бүгеді.
Ауылдағы орта шаруа, кедейлер өмірін – Молдаш ұста, Көксеген етікші, Жәнібек аңшы, Оралбайлардың тірлігі арқылы өрбітеді. Бұлар шығарма басында бір-бір байдың жалшысы болады. Байлардың Алланың рақымы дарып, мейірімсіз әпербақандығы, қит етсе қамшы үйірер есерсоқтығы жалшылардың санасына кек ұялатады. Буырқанған ашу-ыза қожайындарына деген суық кекшілдікке жетелейді. Революция жеңгенімен әлі қанатын кеңге жая қоймаған жаңа заман тірлігі, кедейлерге бақ пен теңдік әперер ұжымақ өмірдің жаңалықтары күн өткен сайын жаңғырып, құлақтарына сіңісті бола бастаған кедейлер бел алып қоқилана түседі. Күш біріктіріп бас көтермесе де, қожайындарына ірілік танытып, қамшысына бойұрмайтындай халге жетеді.
Әліпбайдың қатын-баласының етігін тігіп, ас-суын айыратын Көксеген артельге мүше болғаннан кейін, өз еңбегінің жемісін көріп, көсегесі көгерсе, Молдаш ұста, Жәнібек Оралбайлар да ортақ қазанға ас салып, орашолақ тірліктен құтылады.
Романдағы бас кейіпкер – Қайша қалың малдың құрбаны болған қазақтың көп қыздарының бірі. Әкесінің де үлкен шалға пенде болғанымен қоймай, Қайша Әліпбай мен Әйменнің отымен кіріп, суымен шығады. Қорлығы мен мазағына көніп, өлімші болып таяғын да жейді. Әлпештеген ата-анасымен де кездесу мұң болады. Әліпбай жалшыларына көрсеткен қырын бұған да қолданады. Оның Қайшаға деген ең үлкен ызыты – менің атақ-даңқымды сыйлап, үлкен басымды кішірейткенде құшағыма өз еркімен құламады, мені менсінбеді деген кеудемсоқтық. Бірақ, оның бұл әрекетінен ештеңе шықпайды. Қайша күн өткен сайын Әліпбайдан алыстай береді. Жаңа мизамдағы сауат ашу науқаны Қайшаның өміріне түбегейлі өзгеріс ала келеді. Анша қарсылық танытып Қайшаны өз бетімен жібергісі келмесе де, Әліпбай оны сауат ашуға шығарып салады. Тұтқындағы еліктің лағындай күй кешкен Қайша еркіндікке қол жеткізіп еркінше самғайды. Сейіттен күдер үзбесе де, бір бұлдыр сағымның соңынан ілеседі. Одан келген хат өміріне шуақ шашып, мол үміттерге жетелейді. Осы хат екеуінің сезімін жалғастырушы алтын көпір, нәзік арқау іспетті.
Жаңа қоғамның шалғай ауыл өміріне әкелген тағы бір жаңалығы – Қарлығаш сияқты алпауыттың қызының әке-шешесінің ақ батасын аттап, өзінің сүйген Жайнағына қосылуы. Бұрынғы есігінде жүрген етікшісі енді терезесі тең құдасына айналғаны Әліпбай мен Әйменнің ішкі қыжылын одан әрі қалыңдата түседі. Бірақ, оларда құр кіжінуден басқа амал қалмаған.
Романда баяндау үлгісі басым. “Романның баяндау жүйесінің сарқып құяр сағасы бейнелеу болып табылады”. Осы бейнелеу құралдары аталмыш романда аз кездеседі. Шегіністердің орынды пайдаланғанын баса айтқан орынды. Кейіпкерлердің образы көбінде суреттеліп, ішкі-жан дүниенің ашылуы сараң. Автор алдыңғы шығармалардың жетегінен шыға алмаған. Ішкі мазмұнға ену жағы солғын.