Торғай толғауы. Сарыарқаның сүйіктісі Ж.Молдағалиев

Торғай толғауы. Сарыарқаның сүйіктісі
Ж.Молдағалиев

Ж.Молдағалиевтің “Торғай толғауы” мен “Сарыарқаның сүйіктісі” атты роман-дилогиясы мерзімдік жағынан қарағанда Ұлы Отан соғысынан кейінгі уақыттарды қамтиды. Мұнда сол кездердегі қыр өмірінің шындығы, бүкіл ел басына түскен сұрапыл жылдар ауыртпалығын кейінгі адамдар мінез-құлқындағы психологиялық, өзгерістер суреттеледі. Атап айтатын нәрсе, жазушы өз көзімен көрген сол бір кезеңнің біраз ауыр да ащы шындығын, тұрмыстағы кем-кетікті, материалдық жағдайдың қиын болғандығын нанымды деталь, ұтқыр эпизодтармен жап-жақсы елестетіп береді. Бір тәуір жері романда өмір жолы қызық та бұралаң адамдардың тағдырлары бар. Мәселен: Бәтес, Сұлтанғазы, Бәкен, Зинахметтер бір ғана ауылда кездеспейтін образдар. Олардың тағдыры, жан-дүниесі, мінез-құлқы, әрекет- қарекеті, айтыс-тартысы иланымды шыққан. Ақзейнеп, Күнзила, Айғаным сияқты әйелдер образының шешімдері де өмір шындығынан шалғай жатқан жоқ.
Біздіңше, осындағы өзгеше тың тұлға, сәтті образ Сұлтанғазы деп қараймыз. Сұлтанғазыны сол жылдары ғана бой көрсеткен, одан кейін түбірімен өмірден аласталған “жағымсыз” тип дей қою қиын. Мұндай өзгеден өзін артық санайтын, бетінің әжіміне дейін әзәзілдігін танытып тұратын, ешкімді көре де алмайтын, барын бөле де алмайтын пасық жандар арамызда жоқ емес. Оның ең бір зымияндығы сол – бойындағы арамдық сезімдерді жасыра, жаба білетіндігінде. Әрине, Бәкен мен Сұлтанғазы сынды тоғышар жандар – сұрқия кейіпкерлерді бүтіндей қоғамдық тип, әлеуметтік құбылыс деуге болмайды. Жазушының антипатиясы да осыларға бағышталған.
Екі кітаптан тұратын романдағы оқиғаларға бастан-аяқ араласатын орта кейіпкер – Нұрлан. Жазушының негізгі айтпақ болған идеялары да осы образбен түйінделетін сияқты. Рас, бірінші кітаптағы бала Нұрланмен, “Сарыарқаның сүйіктісіндегі” едәуір есейген бозбала жігіттің арасындағы рухани өсуді, характер дамуын көрмеуге болмайды. Бірақ, тұтастай алғандағы, яғни романның атымен айтсақ, Сарыарқаның сүйіктісі боларлық Нұрланның типтік образы қайда? Қалай, қандай жолмен ол Сарыарқаға сүйікті болып кетті? Бәлкім, ол бүгінгі заманның Біржан салы немесе Ақан серісі шығар? Жасыратыны жоқ, осы сауалдарға оқушы жарытымды жауап таба алмайды.
Нұрлан орталық тұлға болғандықтан оның бойынан кешегі, бүгінгі әлеуметтік топтың, яғни жастардың жиынтық бейнесін, замандастар мінезіндегі жақсы қасиеттерді еріксіз іздейміз. Ал, Нұрлан болса, күрескер замандасымыздың типтік тұлғасын танытудан бұрын, кейбір тұстарда өз қарақан басындағы әрекеттерге құлатып сендіре алмайды. Автор характер логикасы деген бұлжымас заңдылықты сақтай бермейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *