Томирис
Б.Жандарбеков
Аттар құстай ұшып келеді. Тұяқтары жерге анда-санда бір тиеді. Иелерінің асығып келе жатқанын сезгендей, ауыздықтарымен алысып, межеге жетпей тоқтар емес.
Сақтардың қуаныштан естері шығып кеткендей. Жүгенді бос тастап, аттарды еркіне жіберген. Құлаштарын кең жайып шауып келеді. Көсіліп жатқан даланы бейне бір құшақтап алғылары келгендей. Еріндеріне жұға бастаған дала шаңын құшарлана жалайды. Аңқыған дала иісіне кеуделері толар емес. Көздерінен аққан жас. Толастамайды. Бұған ұялатын сақтар жоқ. Кеше ғана қан майданда сыр бермеген айбынды жауынгерлер енді міне балаша еңіреп келеді. Өмір зардабын молынан татқан сақтар. Ұлы Дала – Отан-Анаменен кездесуге әбден асық…
“Сақтар” тарихи роман-диалогияның авторы Болат Жандарбеков көп жылдар бойы елінде болмаған тиграхаудтар мен сақ массагеттердің Ұлы Далаға жете бергендегі көңіл-күйлерін осылайша сипаттайды. Роман екі кітаптан тұрады. Соның “Томирис” атты бірінші кітабы біздің жыл санауымызға дейінгі алтыншы ғасырда Қазақ даласында болған тарихи оқиғаларды оқырмандар алдына тосады.
Қалам шеберлері шығармаларының ішінде көшпенділер тарихының терең тамырына көз салған туындының ұтымды жері – суреттеліп отырған оқиғалардың сол кездері өмір сүріп, тарих сахнасында сан-қилы әрекеттерімен орын алған ел басқарушылар, атақты қолбасшылар есімдерімен тікелей байланысында. Ақылды да, айлакер, даңқты жаулап алушы, өмірі аңызға айналған парсылар патшасы КИР, жас та болса батырлығымен көзге түскен, ел намысын қорғау жолында жанын пида қылған сақтар қолбасшысы СПАРГАПСИС, әсіресе, осы айтылған шығарманың дүниеге келуіне тікелей себеп болып отырған, сақ-массагеттердің әйел патшасы, даңқты Томирис.
Роман-диалогия өзінің тарихи деректілігімен қызықты. Бұған келтірер дәлелдеріміздің бірі – жоғарыда біз атап кеткен тарихи есімдер болса, екіншіден – шырғалаңға толы оқиғалардың көпшілікке кеңінен таныс бола бастаған көшпелі тайпалар – сақтардың өмірі, қоғамдық қатынастары, тұрмыс-салт, рухани дүниесі. “Бастарына үшкір тақия кигендер”, “хаома сусынын дайындайтындар”, “күшегендердің алтынын күзететіндер” атты есімдермен көне тарих келбетінде қалған дала иелері – сақтардың — өздерінің тарихта қалдырған іздері себепті осы күндері талай жаңа ойлар жүйесінің қалыптасуына негізгі итермелеуші болып отырғаны белгілі ең негізгісі. Болат Жандарбековтің “Сақтар” тарихи роман-диалогиясы кезінде Цицерон “Тарихтың атасы” деп атаған, біздің заманымызға дейінгі 490-425 жылдар аралығында өмір сүрген грек тарихшысы Геродоттың тарихи еңбектеріне негізделіп жазылған.
Жиханкез тарихшы Геродот кезінде Кіші Азияны түгелдей аралап, Вавилонда, Финикиада, Эгей теңізінің аралдарында, Пелопеннесте, Орта Греция қалаларында болып, көптеген деректер жинаған. Ал оның “Тарих” атты әйгілі еңбегі осы сапарлар барысында жинақталған деректерді топтастыру нәтижесінде дүниеге келген.
Тоғыз кітаптан тұратын шығармада қазақ даласына тікелей қатынастары бар көшпелі тайпалар – сақтар туралы деректер көптеп кездеседі. “Осы халықты (вавилондықтарды айтып отыр – Қ.А.) өзіне бағындырғаннан кейін Кир массагеттерді жаулап алмақшы болды. Біреулердің айтуларына қарағанда бұл массагеттер сандары жағынан өте көп және де батыр тайпа. Олардың тұратын жерлері Шығыста Аракс өзенінің арғы бетінде күннің шығысына қарай исседондарға қарсы.
Енді біреулер оларды скифтер тайпасына да жатқызады” – деп хабарлайды Геродот.
Б.Жандарбеков болса жазушылық шеберлігінің арқасында осындай бір тарихи деректерді көркемдік шыңына жеткізе алған. Әр оқиға өзінің әсерлігімен қатар, оқырманды түрлі ойға қалдырады. Тарих тереңіне бойлай еніп, сол кездері болған түрлі оқиғаларды жай ғана емес, терең логикалық жолмен қабылдауға мүмкіндік тудырады.
“Томиристі қаулай қоршаған, тек оның өзіне ғана бағынатын жеке ұландары – “қояншықтар” қатарынан әрең өткен ұлы Кирдің елшісі шатырға енгенде, оның көздеріне бірінші іліккені Томирис болды. Сақтар падишасы төмендеу болса, ол піл сүйегінен кең қылып, тамаша әшекейлеп жасалған тақта отыр. Үстінде жауынгерлер киетін киімі, жан-жақтан түскен май шамдарының сәулесіне шағылысып, балықтың қабығындай жалт-жұлт етеді. Тізесінде асыл тастармен безендірілген қол қаруының қынасы. Оның бір жақ шетінен сақтардың әйгілі семсері – ақинақтың теңіз жануарының сүйегінен жасалған сабы көрінеді…” Парсылар елшісінің сақтар патшасы Томириспен кездесуін Болат Жандарбеков осылайша суреттей келе, бұл сюжет арқылы көшпелілер мен парсылар ара-қатынасын әсерлендіре сипаттайды. Бірнеше жолдар арқылы олардың бір-біріне деген көзқарастарын, араларында туындап келе жатқан үлкен қайшылықтардың түп- тамырын мегзеп те үлгереді.
“Массагеттердің киімдері скифтердікіне ұқсас, өмір сүру дағдылары да соларға жақынырақ. Ат үстінде жүріп те, жаяу да бірдей соғысады. Садақ тарту, найза ұстау, айбалтаны негізгі қару ретінде пайдалану оларда әдетке айналған. Аттарына мыстан жасалған қаптама кигізеді (соғыс кезінде – Қ.А.). Аттардың қорғаныс кеудешелері де сондай заттан жасалған. Тіпті олардың жүгендері, ауыздықтары, құйысқандары да тегіс алтынмен безендірілген. Темір мен күміс бұларда (сақтарда – Қ.А.) мүлдем кездеспейді. Керісінше, алтын мен мыс қалағаныңша” – деп көрсетеді Геродот. Осы жолдар арқылы грек тарихшысы сақтардың өз жерлерін сыртқы жаулардан тойтаруға әрқашанда дайын жүретіндіктерін сыртқы бейнелерінен-ақ байқауға болатындығын айтып отырса, екіншіден олардың мол байлық иелері екендігін білдіреді. “Массагеттердің патшасы қайтыс болған соң орнына патшаның әйелі болды. Оны Томирис деп атайтын. Міне соған бір уақыттары Кир өзінің елшілерін құдалыққа аттандырады. Ондағы ойы Томиристі өзіне әйел ету еді. Алайда Томирис Кирдің негізгі ойы бұны әйелдікке алу емес, оның арқасында (Томиристің – Қ.А.) бүкіл массагеттер елін билемек екенін сезіп қалған Томирис Кирге әйел болудан бас тартады” – дегенді айтады Геродот. Олай болса көркем шығарма авторы Б.Жандарбековтың алдындағы негізгі міндеті осындай бір тарихи деректерді пайдалана отырып, парсылар мен сақтар арасындағы жағдайды барынша түсіндіру. Геродот жоғарыдағы мәселелерге жай назар аударып отырған жоқ. Сақтар елі өте бай. Оларда алтын көп. Бұл бір. Екіншіден олар жауынгер халық. Ал намыс тұрғысынан алып қарағанның өзінде оларды аттап кету Кир үшін тиімді емес. Соғысу жолы да амалдан шығудың жолы емес. Ендігі амал сақтардың падишасын пайдалану.
Романда бұл ситуация төмендегі жолдармен берілген. “Парсы елшісі сақтарды неліктен оны бұлай қарсы алып тұрғандарын бірден түсінді. Бірақ сыр бермеді. Сәл ғана басын иіп сәлем берген ол, бойын тез түзеп алып сөзін бастап кетті: “Менің қожайыным және әміршім саған мына сөздерді айтады… Сенің иығыңа бақыт құсы – Құмай қонды. Себебі мен – Құрыш – сені өзімнің әйелім ретінде таңдап отырмын”…
— Не? Әйел? Мені ме?
Елшінің айтқаны кенеттен болғандығы соншалықты болар, Томирис Мардтың не (парсылар елшісі – Қ.А.) дегенін бірден түсінбей қалса керек. Ал сөз төркіні өзіне әбден жеткенде ғана рахаттана бір күліп, зілсіз дауыспен:
— Менің күйеуім бар ғой! Және де массагеттер патшасының екі бірдей күйеулері болғаны дұрыс болмайды ғой. Оның үстіне екеуі де патша тұқымынан болса ше? – деді.
— Сенің әсемдігің аспандағы айдың шұғыласына тең. Ендеше, жарқыраған күн соған одақтас болайық деп ұсыныс жасап тұрғанда, айдың сөніп келе жатқан оттың шоғына ұқсағаны тіптен де болмас – деді елші. Дауысы қатқыл. Өзін тіпті маңғаз ұстайды. Бойы толған тәкәппарлық. Алдындағы тұрған сақтарды жабайы санап, менсінер емес.
Бұл менмендікке шыдамаған Рустем ашуына ие бола алмай елшіге қарай тұра ұмтылған болатын. Қолының онысын сәл қимылымен тоқтатып тастап, былай деді “Елші, әміршің мен билеушіңе айта бар. Еркіндікте өскен дала қызы Томирис Отанының биік аспанын, шексіз даласын өте сүйеді. Және де оларды ешқашанда тар қапас, патшаның әйелдерінің сарайшығына айырбастамақ емес. Тағы да айта бар, елші. Томирис күң де емес. Өмірінде кепілдікте де жүрмек емес. Томирис патша болып туған, патша болып өледі де. Мені мұқият тыңда елші. Сөздерімнің бірін де қалдырмай жеткіз Кирге: “Парсылар патшасы! Мен сені жақсы түсіндім. Саған мен емес, менің патшалығым керек қой! Олай болса әлі де кеш емес. Қайт райыңнан. Өзіңді патшалардың патшасымын деп санайды екенсің. Мейлі солай-ақ болсын. Жүрген жеріңде жүре бер. Бірақ бізбен соғысамыз деп ойлама. Мен саған бұл сөздерді сақтардың қасиетті қаруын қолыма ұстап отырып айтамын. Сен қанішерсің. Ешқашанда қанға тоймағансың. Ал сен егер менің сөздеріме құлақ салмасаң – ант етемін. Мен сені қанға тойдыра аламын!
Ал енді, елші, бар. Жолың болсын. Осы сөздерді қожайыныңа еш мүлтіксіз жеткіз!”.
Романда оқырманға қатты әсер етер жерлердің бірі – парсылар мен сақтар арасындағы ұзаққа созылған шайқас. Бұған дейін Кир бастаған парсылардың қалың қолы сақтардан айтарлықтай қарсылық көрген жоқ болатын. Кир әскерлерінің сақтар даласына тежеусіз өтуі, парсылар қолбасшысының сақтарды ашық бетпе-бетте жеңе алмай талай зұлымдықтарға баруы, шайқастар барысында сақтардың айбынды батыры Рүстемнің қаза табуы, соғыстың ауыр зардаптары т.б. романда толық суреттемесін тапқан. Және де олар дерексіз де емес. Мысалы Геродотта Томиристің баласы Спаргапистің парсылардың қолына абайсызда түсіп қалғандығы, кейін шешесінің қолын байламау үшін өзіне қанжар салып өлгені туралы дерек болса, осы заманда жазылған шығарманың авторы осындай бір сәттерді романда тамаша көрсетеді. Міне, соңғы шайқастың да уақыты келіп жетті. Бұл жерде Б.Жандарбековтің соғыс психологиясын қаншалықты терең түсіне алғандығына таң қалмасқа болмайды. Шайқас алдында қарсы тұрған екі өлімге бара қою оңай емес. Оның үстіне болатын бұл қақтығыс ең шешуші соғыс болмақ. Не көшпенділер елінен, жерінен айрылмақ. Не парсылар жеңіп, онда сақтар үшін құлдық заман орнамақ.
“Парсылар соғысқа әбден дайын. Енді шайқастың басталуын мазасыздана күтуде. Сақтар болса сасатын емес. Жайбарақат. Күнделікті тіршілік.
— Енді қашан – деп мазасыздана іштерінен парсылар.
— Олардың сасатын түрлері жоқ қой – деп ойлап үлгермеген Гарпагтың таң қалғаннан ах ұрған дауысы кенеттен шықты. Парсылардың көз алдарында жаңа ғана жайбарақат жатқан сақтардың ордасы көзді ашып-жұмғанша соғысқа дайын тұрған қалың қолды атты әскерге айналды да кетті.
— Міне, соғысқа осылайша дайындалу керек – деген сөздерді ғана айтын үлгерді Кир артында тұрған нөкерлеріне.
Аттардың дүрсілі. Қиқулаған сақтардың дауысы жан шыдатар емес. Талай қан майданда болған парсылардың мазалары кетіп, бойларын қорқыныш билей бастады. Осылайша сақтар бірден соғыс барысын бірден өз пайдаларына шеше алғанын Б.Жандарбеков айтып отыр. Бұл басталған шайқастың керемет те, ауыр болғанын Геродот та айтады. Екі жақ та жан аямаған. Барлық күштерін іске қосқан. Шыдамаған Кирдің өзі енді қолындағы ең соңғы күші – талай шайқастарда шешуші жеңістерге жеткізіп жүрген он мыңдық жансыздар тобын бастап шайқасқа енген. Ендігі жерде кімнің айласы басым түссе сол жеңуге тиіс. Ол үшін ең қажеттісі шыдамдылық қажет. “Томиристің де күткені осы болатын. Ол шайқас даласына тағы да бір көз салды. Сақтардың жағдайы ауыр. Қарсылықтары да бәсеңдей бастаған сияқты.
— “Сіңілілерім!” Саңқ еткен Томиристің дауысын бүкіл дала естігендей болды. “Парсылар енді массагет қыздарының айбыны мен қаһарын да байқап көрсін. Жауға еш аяушылық болмасын!”.
— Жауға еш аяушылық болмасын! – бұл массагет қыздарының Томириске бір ауыздан берген жауабы еді.
Бұл шайқас даласына елін, жерін сүйген, құл болуды қаламай, одан да майдан даласында қарсыластарын өздерімен бірге өлімге ала кетуге дайын жеті мың массагет қыздарының енген кезі болатын. Томирис шайқасқа жас кездерінен соғыс тәсілдерін әбден меңгерген, садақты ерлерден кем тартпайтын, сермеген қылыштары мүлт кетпейтін жас қыздарды енгізген еді. Сақтардың патшасы осы кезеңді әбден күткен еді. Қаншама жауынгер болса да қыздардың ерлер сияқты ұзақ шайқасқа шыдамайтынын Томирис сезбеді емес. Олай болса жауды жеңудің ең бір ұтымды жері, оларға тұтқиылдық көрсету. Шешуші кезде басымдылық көрсете алу. Міне, Томиристің де сенгені осы болатын. Өздерінің күштеріне сеніп, әбден масаттанған парсылардан сақтар патшайымы өзінің шыдамдылығының арқасында, соғыс тактикасын шебер қолдану нәтижесінде тағы да басым түсті. Ендігі жерде шайқас даласында тек бір ғана адамның дауысы естіліп тұрғандай.
“Қайдасың менің сүйікті күйеу жігітім! Мен сенімен кездесуге асықпын! Қайдасың сен, оңбаған парсы!” Бұл ашына айқайлаған Томиристің үні еді…
Геродот болса шайқас туралы төмендегі деректі айтады: “Кирге берген ақылының жерде қалғанын білген соң Томирис өз әскерлерімен парсыларға шабуыл жасады. Менің ойымша – дейді грек тарихшысы – бұл шайқас бар болған шайқастардың ішіндегі ең жойқыны еді. Қарама-қарсы тұрған екі жақ алдыменен бір-біріне садақта оқ жаудырды. Жебелері таусылған соң семсерлері мен найзаларын ұстап жекпе-жекке көшті. Қарсыластар ұзақ шайқасты. Шегінер түрлері жоқ. Ақырында массагеттер жеңді. Майдан даласында бүкіл парсы әскерлері қырылды. Кирдің өзі де қаза болды”.
Кирдің денесін таптырған Томирис оның басын қоржынға салуды бұйырды. Сөйтіп былай дей бастады “Мен тірі қалып, шайқаста сені жеңдім. Бірақ сен де менің түбіме жеттің. Айламен сен менің баламды қолға түсірдің. Енді, міне, мен саған берген сертімде тұрмақпын. Сені қанға тойдырамын”.
Геродоттың тарихы мен Б.Жандарбековтың “Сақтар” тарихи роман-диалогиясының ұштастығы көп. Көне тарихшы өзі бір кездері жабайылар деп ат таққан көшпенділер – сақтардың — өмір сүрген қоғамына, салт-дәстүрлеріне, рухани дүниесіне және де атақты, әлемді билеген парсыларға қалайша төтеп бере алады деген сұрақтың жауабын іздестіру арқылы көз салса, бүгінгі кезеңде қазақтардың ата- бабаларымыздың көне тарихына көркем шығарма негізінде назар аударған Б.Жандарбеков сақтардың тарихтағы алған орнын, қалдырған өшпес іздерін тек олардың жауынгершілік қасиеттерімен ғана түсіндіруден аулақ.
Ауыр кезеңдердің бірінде Томиристің қол астына біріккен сақтардың аса бір қауіпті қарсыластарына өз тәуелсіздіктерін бермеуі кездейсоқ жай емес.
Олай дейтініміз, автор парсы-сақтар соғысын негізге ала отырғанменен, негізгі сақтар тайпаларының өз ара-қатынастарын да аттап кетпейді.
Бірақ бастарына ауыр күн туған сәтте – Отанды қорғап қалу – сақтар үшін басты қасиет болғандығын Б.Жандарбеков астын сыза айта отыра, сол кезде Томирис секілді елді біріктіре алған ел басшысының тарихтағы орнын ерекше көрсетеді.
“…Біз сендермен (парсылармен – Қ.А.) соғысуға асыға қойғанымыз жоқ. Ал егер де сендер қайтсек те бізбен соғысамыз деп өңмеңдеп қоймасаңдар, онда, жолдарыңда біздің ата- бабаларымыздың молалары бар. Соны тауып алып бірін бұзып көріңдерші… Сол кезде біздің қалай соғыса алатындығымызды көрерсіңдер. Бұл парсылармен соғысқысы келе қоймаған сақтардың оларға деген жауабы болатын.
Дегенмен парсылар бұл ескертпемен санасқан жоқ. Қайта көшпелілерді қорқақтар деп санап, олардың еліне баса көктеп кіре бастады. Көптеген жерлерді жаулап алған олар, сақтардан соншалықты қарсылық күтпеген де еді. Солай бола тұрса да сақтарға қарсы соғысты бастамағанымен, әйтеуір бірде жауапты кезеңнің келетінін парсылар да сезбей қоймаған шығар. Сол сәт те келіп жетті. “Бабаларымыздың зираттарын жауға қор қылдырмайық. Басқа шегінер жер қалған жоқ!” Бұл сөздерді иесі сақтар патшасы әйгілі Томирис еді…
Ұрпақтан ұрпаққа ендігі жерде Б.Жандарбековтің роман- диалогиясы арқылы жеткен осы бір мағыналы сөздер, ерлікке толы оқиғалар оқырмандар үшін өте бағалы.