Тар жол, тайғақ кешу С.Сейфуллин

Тар жол, тайғақ кешу
С.Сейфуллин

“Тар жол, тайғақ кешу” романының авторы Сәкен Сейфуллин 1894 жылы 15 қазанда қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Нілде, Ақмолада бастауыш білім алып, 1908-1913 жылдары Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқиды. Тұңғыш өлеңдер жинағы “Өткен күндер” деген атпен 1914 жылы Қазан қаласында жарық көреді. Барлық жанрда қалам сілтеген қаламгер өз дәуірі үшін жаңа тақырыптар көтерді, қазақ жырының құрылымына тың өрнектер қосады, “Біздің тұрмыс” атты елеусіз жүрген романымен қазақ прозасында психологиялық талдау тәсілдерін орнықтыру үшін зор үрдіс қалады.
Сәкен Сейфуллин қазақ жерінде қазақ төңкерісін жүзеге асырушылардың бірі болды. Ақмола Совдепін құрып, азамат соғысы жылдарында атаман Анненковтың азап вагонында, Колчак лагерінде қорлық көріп, мехнат тартты. Сәкенді адам ретіндегі қайсарлығы, принципке адалдығы үшін де бағалау керек. Ол көптеген жауапты қызметтер атқарды. Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, Қызылордадағы халық ағарту институтының Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, “Еңбекші қазақ” газеті, “Әдебиет майданы” журналының редакторы, Қазақ АКСР Халық комиссарлар Советінің председателі болды.
Халық бақытын жұмысшы-шаруа революциясынан таппақ ниеттегі жалынды қайраткер өзі құрысқан мемлекет ұстанған теріс саясатының аянышты құрбанына айналды.
Дәуір ұранына сәйкес қазақ топырағында тарихи-революциялық тақырыпқа барған тұңғыш роман – “Тар жол, тайғақ кешу”. Ол 1922 жылдары жазыла бастап, 1927 жылы жеке кітап болып шықты. 1936 жылы өңделіп, толықтырылып, екінші рет басылды. Шығармада 1916- 1919 жылдардың оқиғалары қамтылады.
Роман сюжетіне діңгек боп орналасқан аса көрнекті азамат ақын, күрескер Сәкен Сейфуллин тұлғасы зор тарихи-әлеуметтік құбылыстың қазақ жеріндегі дүмпуін, сахара халқының ұлттық-саяси бостандыққа ұмтылған алмағайып тағдырын елестетеді. Автор – қаһарман бар болмыс-бітімі мен дара характер ерекшеліктеріне қарамастан, үлкен жалпылаушылық сипаттарға бай. Қаламгер өз басынан кешкен сұрапыл оқиғаларды еске түсіре отырып, эпизодтық кейіпкерлер өмірінен тікелей баяндау немесе автордың шегіністер арқылы уақыт шындығын көрсететін мәлімет, хабарлар келтіріп отырады. Романда төңкеріс қарсаңы мен кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның бар түкпіріндегі саяси-қоғамдық істердің бағыты, барысы, салалары кең пайымдалады. Автобиографиялық кейіпкер тіршілігі ел ішіндегі іргелі әлеуметтік-психологиялық құбылыстармен тығыз байланысты. Роман композициясындағы екі сюжеттік жүлгенің бірлесе дамуын, бір-бірін толықтырып, мазмұндық жағынан байытуын аңғарамыз. Сәкеннің жеке басынан өткен жағдайлар газет мақалалары, хат, телеграмма мәтіндері, лирикалық шегіністер, әңгімелеу түрлеріндегі тарихи шындық деректерін нақты мысалмен өрнектейді.
Романда белгілі қаһармандар тобының арасында фабулалық негіз бойынша тұтанып, өрістейтін, шарықтау шегіне жетіп, шешімді табатын әдеттегідей тартыс жоқ. Мұндағы тартыс жалпылық көлемде алғанда не ықылым заманнан бері тақымға басқан үстемдігінен айрылғалы тұрған бай-болыс, төрелер мен патша жандайшаптары және материалдық игіліктер бөлісінен ысырылып қалған, әлеуметтік- құқылық бостандығы шектеулі еңбекші бұқара арасындағы әскери, идеологиялық қақтығыс. Тар мағынасында – Анненков, Колчак армиясын жақтаушылар мен Ақмола Совдепі мүшелерінің күресі. Біз қазір құндылықтар парадигмасын ауыстырғанмен, “Тар жол, тайғақ кешудегі” бас қаһарманмен бірге атақты азабын, Анненков вагонын, Омбы лагерінің темір шынжырын көрген Катченко, Бачок, Дризге, Павлов, Нүркин, Асылбеков, Кондратьева, Панкратова тәрізді большевиктердің сенім күші мен төзім қуатын, табандылығын мансұқ ете алмайсыз.
Жоғарыдағы ар-ождандық, әлеуметтік-психологиялық сапалар шығарманың баяндау жүйесі бойынша С.Сейфуллин образында әрекет- сезімдік деректер арқылы мейлінше мол жинақталады. Сәкен революцияға қалыптасқан тұлға ретінде араласады. Образдың туу, өсу тарихынан хабар беретін көріністер жоқ. Іс-қимыл, қайраткерлік үшінде ширығып, шыңдала түсетін тұтас мәнді мінез сипаттарын танимыз. Кейіпкердің саяси-дүниетанымдық бет-әлпеті жауларына қатысты көзқарасынан байқалады. Ақмоладағы қажы, қалыс, саудагерлермен де, Орал, Торғайдағы Алашорда өкілдерімен де Сәкен публицистикалық стильде ашық айтысқа барады. Біз, әрине, мұндай сәттерге уақыт талабы ыңғайымен, әркім өз талғамына орай, түрлі рәуіште көз салуға еріктіміз. Мәселен, автор теріске шығара көрсететін Алаш қайраткерлерін қазір ұнамды қырынан пайымдауға мүмкіншілігіміз мол. С.Сейфуллин жеке өзіне тән сол кездегі пайыммен, тағдыр нұсқауымен дұшпандық жікке бөлінген қарсыластары туралы субъективті тұрғыдан сөйлеуге құлықты әрі мәжбүр. Кедейлердің “Үш жүз” ұйымын сауатсыздығы, орашалақтығы үшін қостамас, идеологиялық жауларын сынағанмен, олардың білімі, айла-шарғысын, шешендігін бағаламай қоя алмайды.
С.Сейфуллиннің теориялық, таптық ұстанымға сүйенгенін жасыру да, ол үшін жазушыны айыптау да керек емес. “Тар жол, тайғақ кешу” – ең алдымен тарихи, әдеби факт және көркем мәтін. Ал мәтін әр заманда әр адам арқылы әр түрлі оқыла береді.
Қаламгер кедей қауымына әлеуметтік аяда көз салады. Жалшы- жарлының сырт кейпіндегі ерекшеліктер шет-шегі жоқ бейнет тауқіметін бедерлейді. Ішкі әсер күйлерін, кейінгі салдарымен бірге алынған іс-әрекет түрлерін бай ауыл тұрмысындағы жай-жапсарға сай риторикалық-публицистикалық стильде суреттеу реалистік мақамға бай.
Ал бұдан басқаша сипаттағы, қыр халқы қадір тұтатын рухани серпіліс сәті – той-думан көрінісі психологиялық тұрғыдан аса қызық. Баяндаушы-қаһарман қалың елмен бірге қуанады. Мұнда шешендік пен поэзия, музыканың беделі өлшеусіз зор. “Шұбыра” аулындағы мереке барша сахара жұртына хас ойын-сауық, архетипіне сай мезеттерді шебер өрнектейді.
Сондай-ақ “Әупілдек” аталатын тараудағы жазушы тағдыр тәлкегінен сүйгеніне қосыла алмай, сол қасіреттен жүрегін жарып шыққан зарлы әнін Әупілдек көлі жағасында әрбір кеш сайын салып, жан жарасына табиғаттың сиқырлы күшінен ем іздейтін әйел жайлы халық жадындағы естелік те қыр өмірінің шынайы детальдармен бейнеленуіне елеулі үлес қосады. Қоршаған ортаның жалпы суретінен әйел зарына ортақ лебіз байқалмайтындай. Алайда қасірет тартқан жандарға деген қоғам қатігездігіне тұспалмен мағыналық егіздесу бар. Шындықты сарабдал бейнелеуден С.Сейфуллиннің фольклор мен ауызша поэтикалық дәстүрлерге қатысты жаңашыл қадамы байқалады. Табиғатты суреттеудегі бұл амал ландшафтың сыртқы қасиеттері автор-қаһарман сана сфералары арқылы көрінуімен ерекшеленеді. Жазушы кейіпкер жан дүниесіне үңілер сәттерде пейзаждық жекелеген бөлшектері субъективті қызмет атқара бастайды, антропоморфизмге негіз беретіндей: жылаған бейбаққа қамыс сыбдыры қосылатындай, көл үстіндегі құстар мұңды дауысты іліп әкететіндей.
“Тар жол, тайғақ кешу” автобиографиялық сипаттағы роман болғандықтан, көп жағдайда автор мен баяндаушы бірігіп, ортақ қызмет атқарады. Алайда бұл екі ұғымның ара-жігі көрінетін сәттер де жиі ұшырасады. Баяндаушы – қаһарман өзінің сюжеттік желіге негізгі түйін ретінде тартылуы нәтижесінде зор тарихи-әлеуметтік оқиғаларға, айналадағы сан алуан құбылыстарға жеке көзқарасы тұрғысынан баға береді. Ол ең алдымен тура сол сәттегі жағдаяттар, көңіл-күй әсерлерін нақты қалпында бейнелеуге міндетті. Шығармада бұл процесс әрі қоғам қайраткері, белгілі жазушы Сәкен Сейфуллиннің қазақ төңкерісінен кейінгі жылдардағы түсінік, толғамдарымен толыға түсіп, барынша объективтендірілген.
Романдағы баяндаушы-кейіпкер тек байқап қоюшы ғана емес, шығарма фабуласындағы әр түрлі мағыналық астарларды талдап, қорытушы, оған қатысты ой-сезімді ашық жеткізуші орайында белсенді эмоционалдық роль атқарады. Міне, дәл осы тәрізді экспрессивті актілерде авторлық позиция анық бетін танытады. Белгілі бір оқиға, құбылысқа байланысты әсер, толғаныс сипаттары баяндаушы- қаһарманның сол сәттегі жан дүниесінен хабар береді де, автор бейнесі арқылы дәлелденген сенімді интонацияға иеленеді. Мұндай жағдайларда мезгіл алшақтықтары сыналған көзқарас дұрыстығы нәтижесінде мазмұндық бірлікке ұласады. С.Сейфуллин романы онда суреттелетін уақыттан көп қалыс жазылмаған. “Тар жол, тайғақ кешуді” осы заман туралы тарихи туынды деп қабылдауға әбден болады. Сондықтан да баяндаушы-қаһарман мен автор арасында дүниетанымдық, саяси айырым жоқ. Алғашқысы тас өткел, тар босағадан жанталаса өтіп жүрсе, соңғысы — әлгі ерлігіне, революционер достар өміріне, дауылды кезеңге таңырқай қарап, ойлана жауап іздейтін азамат – жазушы.
Пейзаж, портрет жасаудағы С.Сейфуллиннің суреткерлік ерекшелігін тану үшін “Әупілдек” әнінің туу тарихы, кешкі ән-сауықта ерекше көрінген Қабиба атты қыздың бет-келбетін сипаттау тәрізді эпизодтарға көңіл аударсақ, терең авторлық толғаныстардың эмоционалды-бейнелеушілік күші мол екенін көреміз.
С.Сейфуллин шығармада ұшырасатын көптеген кейіпкерлерге толық тоқталып жату мүмкіндігі болмағандықтан, авторлық мінездеме беріп отырады. Мысалы, Ақмола үздік Совдеп мүшелерін ресми түрде санамалай келіп, кейбір өзі неғұрлым таныс адамдарға әдеттегідей шыққан тегі мен кәсібін атаумен шектелмей, оған қосымша адамгершілік, азаматтық қасиеттерін, ең басты характер сипатын ескертіп өтеді. Бұл тұста автор-қаһарман істес болған адамдармен ғана танысып қоймаймыз, жазушының едәуір тұрақты, тыныш психологиялық жағдайларда бұрынғы айтыс-дау, жасырын әрекеттердің қызу көрігінен өткен серіктерін бағалаудағы көңіл-күйі мен негізгі ұждандық-этикалық ұстанымдарын аңғарамыз. Жолдастарына берілетін анықтамалардан әсіресе оқшау, ұнамды мінез көрінетіні – қажырлылық, бірсөзділік, ақылдылық.
Алдымен субъектінің іс-әрекеті, мақсаты баяндалады, одан соң автордың эмоционалды-баға беруші тұжырымы түйіледі. Катченкоға байланысты қаламгер ұлттық характер туралы ой қорытқанда, тарихи- әлеуметтік негіздерге жүгінетінін байқаймыз. Ал Дризге мен Павлов мінездемесі қарама-қарсылығы бойынша емес, бірлігі, туыстығы орайында салыстырыла беріледі.
Романда айналада өтіп жатқан оқиға, құбылыстарды терең қуатпен бейнелейтін әсерлі жолдар жиі кездеседі. Бірінде автор – қаһарман халық басына түскен ауыртпалыққа күңіренеді, бірінде идеологиялық қарсыластарына ашынады немесе өзінің, достарының қателіктеріне күйінеді, бұқараның аңқау, надандығына кейиді. Әйтпесе тұтқында жатқанда көрген азап-тауқіметтерін еске түсіріп, шамырқанады, қиын-қыстақтан халықпен бірге шығар жол іздеп, ширығады.
Сәкен Сейфуллин романы ұлттық прозаның балаң шағында туғандығына қарамастан, жазушы көркемдік құралдарының әр алуан түрін пайдаланады. Бұл жолда ұлттық әдебиет үшін мүлде тың тақырып әрі жөргекке ораулы роман жанрының автобиографиялық үлгісіне тән кейбір стильдік-композициялық шектеулер әкелетін кедергілерді жеңе білді. Мәселен, жазушы мұрат тұтатын кейбір характер өлшеміне қарама-қарсы келетін мінез-қылықтарды кездестіріп, ашына толғанатын шағынан басқа жерде аса ірі рухани- эволюциялық мәні бар монологтарға барған. Ширыққан тақырыпқа толы бұл монологтар дүниетанымдық, әлеуметтік-ұждандық сауалдарға терең сезім толқынымен жауап іздеу, нағыз ақиқатқа ұмтылу пафосын өрнектеген. С.Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешуі” қазақ ұлты бастан кешкен ХХ ғасыр басындағы әрі тарихи оқиғаның талғап, оқитын көркем шежіресі болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *