СИЦИЛИЯ ЛИМОНДАРЫ
— Терезина осында тұра ма?
Жилет киген қызметші қарсы алдында баспалдақ алаңында тұрған жас жігітті аяғынан басына дейін сүзіп шыққан. Қыстақ тұрғынына ұқсайды. Көтеріп алған жағасынан құлағы көрінер емес, суықтан қолы да көгеріпті. Бір қолында кір-қожалақ сөмкесі, екіншісінде ескі шабаданы бар.
— Терезина? Қайдағы Терезина? — мұртын сақтық үшін қырып алып, қою қабағына жабыстырып тастағандай қалың қасын керген қызметші.
Жас жігіт танауынан сорғалаған сорасын түсірмек болып басын шайқаған.
— Әнші Терезина.
— Ә, солай ма?! — деп күлімсіреген қызметші. — Не, сонда оны жай ғана Терезина деп атайсыз ба? Ал, өзіңіз кімсіз?
— Үйде ме, жоқ па?-деген жас жігіт қабағын түйіп. -Оған Микуччо келгенін айтыңыз. Сосын мені ішке кіргіз.
— Ол кісі мұндай уақытта үйде болмайды, — деп күлген қызметші.— Сина Марнис ханым театрда. Сосын…
— Ал, Марта тәте ше?
— Демек, қожайындардың туысқаны болдыңыз-ау? — қызметші райын күрт өзгерткен.— Кіріңіз, рақым етіп, кіріңіз. Үйде ешкім жоқ. Марта тәтей де театрда. Түн ортасы аумай оралмайды. Ханымның бенефисі өтіп жатыр. Ол кісі кім еді өзі сізге? Бөлеңіз болды-ау, шамасы?
Микуччо бірден жауап берген:
— Жоқ, біз екеуміз… жоқ, ол маған бөле емес… Мен… Мен Микуччо Бонавиномын. Өзі біледі. Екеуміз жерлеспіз. Оны көру үшін келгенмін.
Мұны естігеннен кейін қызметші баяғы кішіктігінің қажет емес екенін түсінді. Мейманды ас үй жанындағы әлдебіреу қорылдап ұйқы соғып жатқан кішкене бөлмеге әкелген.
— Осында отыра тұрыңыз, қазір шам әкелемін.
Микуччо алдымен қорыл естілген жаққа қарады. Алайда ештеме көре алмаған. Сосын аспаз бала көмекшісімен ас дайындап жатқан ас үйді шолып шықты. Танауына ыстық тамақтың дәмі келіп, тіпті басы айналып кеткені. Микуччо Мессин провинциясындағы шағын қаладан поездбен жеткен-ді. Таң атқаннан нәр сызбағаны тағы рас.
Қызметші шам алып келді. Екі қабырғаның ортасына тұтылған шымылдықтың ар жағындағы қорыл иесі де ұйқылы-ояу:
— Ол кім, тағы?— деген.
— Тұрсаңшы, Дорина! — деп айғай салды қызметші. — Мен мұнда Бонвичинно мырзаны алып келдім.
— Бонавино, — деп түзеткен оны қолын үрлеп жылытып отырған Микуччо.
— Бонавино, ия Бонавино, ханымның танысы. Өлген адам сияқты ұйқтайсың. Есік қоңырауы соғылса да тырп етпейсің. Маған дастархан жаю керек. Қайсысына үлгерем? Ас үй мен аспаздың ортасында зыр жүгіріп, өлетін-ақ болдым.
Әлдекім естірте күрсініп, қақырынған. Ол аз десең, сол тұстан аттың кісінегеніне ұқсас сүйкімсіздеу бір дыбыс та естілген. Қызметшінің жоғарыдағы ескертуіне алған жауабы сол ғана.
Күлімсіреген Микуччо әлгі адамның күңгірт бөлмені кесіп өтіп, шамы жарқыраған заңғар залдың есігін қалай ашқанын көріп отыр. Онда үстел жаюлы тұрған. Тағамнан майысқан үстелге таң қала қарағаны сол еді, баяғы қорыл қайтадан жалғасты. Амалсыз көзін шымылдыққа аударған.
Қолына сүлгі ілген қызметші сабыры сарқылып, ерсілі-қарсылы адымдайды. Біресе ақыры ұйқысынан оянбаған Доринаға, біресе бүгінгі салтанатқа орай ғана жалдануына байланысты ананы— мынаны ежіктеп сұрап мазасын алған аспазшыға күңкілдеп ашуын білдіріп қояды. Мазасыз адам көрінбес үшін Микуччо көмейіне келген түрлі сауалдарын шыдамдылықпен тежеп отыр. Әлбетте, өзінің Терезинаның күйеу жігіті екенін ескертіп қойғаны дұрыс еді. Бірақ Микуччо үндеген жоқ. Не үшін екенін өзі де білмейді. Егер сол сөзді айтса қызметшінің Микуччоға қожайын есебінде қарайтыны да анық-тұғын.
Ерсілі-қарсылы безілдеген қызметші қасынан өте берген бір тұста Микуччоның шыдамай кетіп:
— Кешіріңіз, бұл кімнің үйі өзі? — деп сұрап қалғаны.
— Біздікі деп пайымдағаныңыз дұрыс. Өйткені осында тұрып жатырмыз ғой,— деген қызметші де қасынан өте беріп.
Микуччоның басын шайқағаннан басқа амалы да қалмаған.
Сайтан атсын, демек рас болғаны ғой, бақыт құсын құйрығынан ұстағаны ғой! Керемет деп осыны айт! Түрі мырзадан аумайтын қызметші, аспаз, оның бала көмекшісі, шымылдықтып ар жағында қорылдап жатқан ана Дорина, осының бәрі Терезинаның қызметшісі болғаны-ау? Осылай болар деп кім ойлаған?
Ол санасында қиырдағы Мессин провинциясындағы Терезина мен шешесі қалт-құлт күн кешкен кедей үйшікті есіне алған. Осыдан бес жыл бұрын, бұл, яғни Микуччо болмаса, шешесі мен қызы аштан өлер еді. Терезинаның көмейінде жатқан қазыналы қабілетті ашқан да бұның өзі ғой! Ол кезде Терезина өзінің қандай қабілетке ие болатынын да түсінбей, бозторғайша сайрап ән шырқайтын. Қайғыны, кедейлікті ұмыту үшін көңілін әнмен жұбататын. Сондай-ақ оған шешесімен арада жиі болып тұратын кикілжіңді де ұмыту керек еді. Микуччо әкесі өліп қалған Терезинаны сол кезде тағдыр талқысына тастап кете алар ма еді?Ал қыздың ол кезде тамақ алатын да ақшасы жоқ-тұғын. Мунципалды оркестрде сыбызғышы болып істейтін Микуччо болса жан бағарлық тиын-тебен табатын. Бәрінен бұрын жүрек әміріне билігін жүргізер не болмақ, сірә да?
Иә, ақиқатында ол шынында да тағдырдың қалауы болатын. Сәуірдің тамылжыған бір күнінде бұл Терезинаның әзірге ешкім көңіл аудара қоймаған ғажайып дауысын бәске тігуге бел шешкен. Микуччо аспанның тоқымдай бөлшегі көрініп тұрған терезе түбінде Терезина шырқаған сицилиялық махаббат әнін мұқият тыңдаған-ды. Сол әннің нәзік те құмарлылыққа толы сөздері әлі күнге дейін көкірегінде сайрап та тұр. Сол күні Терезина аса қапалы еді. Әкесінің қайтыс болғаны өз алдына, сондай-ақ қыз Микуччоның ата-анасының қарсылығына да қапаланатын. Микучононың өзі де мұңды еді. Терезинаның әнін естіп көзіне жас та алған. Сол бір әнді бұл бұрын да естіген. Бірақ Терезина оны ешқашан мұншалықты қапаланып айтқан жоқ-ты. Оның керемет әсерге бөленгені соншалықты, араға бір күн салып Терезинаға да, оның шешесіне де ескертпестен дос дирижерін ертіп келді. Терезинаның әншілікке машықтануы сол күннен басталған. Ол Терезинаны әншілікке баулу үшін бүкіл жалақысын салды. Терезина үшін пианино жалдаған, нота сатып алған, ара— тұра үйретуші мұғалімге сыйлықтар жасап тұрды. Ол да бір дәурен екен-ау! Терезинаның өзі де мұғалімі айтатын қабілетіне сай даңққа бөленуді армандады. Ол кезде ризалығында шек жоқ Терезина Микуччоға бүкіл жақсы қылықтарын еркімен бағыштайтын-ды. Ол кезде бірлескен өміріне олардың екеуі де сенетін.
Ал Марта тәтей болса соның бәріне әлденеге қапалана бас шайқайтын. Байқұс кемпірдің өмірден алған сабағының молдығы соншалықты, ештемеден үміт те күтпейтін. Оның басты алаңы— қызы болатын. Жатса-тұрса оның кедейліктен құтылуын қалайтын, сондай-ақ Микуччо үшін бұл әрекетінің қаншалыққа қымбатқа түсетінін де білді.
Алайда, Микуччо да, Терезина да кемпірдің осы тұрғыдағы ескертулерін жүре тыңдады. Кемпір жас та белгілі бір композитор қызының концертінен соң оған үздік ұстаздардан дәріс алу керегін айтқанда да қатты қарсыласқан. Оның дұрыс болмайтынын түсінген. Сөйтіп, Терезина қайткен күнде де консерваторияға түсу үшін Неапольға баруға тиісті болды.
Сол кезде бәлендей бас қатырып ойланбаған Микуччо ата— анасымен жанжалдаса жүріп, священик нағашысы мұраға қалдырған имениені сатты да Терезинаны музыкалық білімін аяқтау үшін Неапольға оқуға жіберді.
Микуччо оны содан бері көрген жоқ-ты. Хаттар… ия, хат жағына өкпе жоқ. Әуелі Терезинаның өзінен, сосын шешесінен хат алып тұратын болған. “Сан-Карло” театрындағы тамаша дебютінен соң Терезинаны алдыңғы қатарлы опера театрлары таласа -тармаса шақыратын болды. Сөйтіп ол сахналық өмірге мәңгілікке енген. Терезина сөйтіп жүріп, бұған пошта жапсырмаларына жазып, сәлем хаттар атттандыратын. Оның уақыты мына: “Қымбатты Микуччо, мамам жазған хаттың бәрін де өзімдікіндей көр! Аман жүр және мені есіңе ал!” деген тәрізді сөздерге ғана жететін-ді. Алдын-ала жасалған келісімге орай Микуччо оған сахнаға әбден көндіккенше бес-алты жыл уақыт берген-ді. Асығатын не бар, екеуі де жас қой! Сол бес жылдың ішінде Микуччо жаңағы тақілеттес шағын хаттарды Терезина туралы өсек-аяң айтатындарға қарсы қару есебінде пайдаланды. Ізінше Микуччо өлімші болып ауырған. Дәл сол кезде Микуччоның өзіне ескертпестен Марта тәтей мен Терезина мұның атына әжептәуір қаржы жіберді. Сол қаржының біраз бөлігі емделуге кетті де, қалғанын ата-анасынан тартып алғандай болған бұл Терезинаға қайтарып беру үшін осында келген. Өйткені бұған ақша қажет емес-тұғын. Жоқ, Микуччо ол ақшаны пайдалануды арсынған жоқ, керісінше Терезинаның жұмсағанын қалады. Ал мынадай тұрмыстық жағдайды көргеннен соң… Несі бар, бірнеше жыл күткен, әлі де күте тұрады. Шамасы, Терезина ақшасыз емес сияқты. Болашағына жететін байлығы бар көрінеді. Демек, өзіне деген о бастағы күдіктерді жоққа шығарып, дегеніне жеткені де рас.
Осындай ойлардан көңіл хошы жоқ Микуччо орнына тұрып суықтан көгерген қолдарын үрлеп жылыта бастаған.
— Тоңдыңыз ба? — деп сұраған қасынан өтіп бара жатқан қызметші, — қазір келеді. Ас үйге барыңыз. Жылыныңыз.
Микуччо оның сөзін құлағына да ілген жоқ. Оның шікірейген түрі жынын келтірген. Көңіл-хошы жоқ ол ойланып отыр еді. Енді аздасын есік қоңырауы қағылып, бұл селк етті.
— Дорина, ханым оралды! — деп айғай салған қызметші. Асығыс— үсігіс фрагін жөндеген ол есікке ұмтылды. Алайда, артынан ілесе берген Микуччоны көріп, кілт тоқтап: — Өзім айтқанша осында күтіңіз! — деді.
Шымылдықтың ар жағынан есінеген дауыс естіліп, көйлегі умаж-тумаж, семіз тіршілік иесі де шыға берді. Оның алтын түстес шашы ұйпа-тұйпа. Мұрнына дейін түсіре таңып алған орамалы бар еді.
Микуччо оған таңдана қарап қалыпты. Ол да бейтаныс адамға жатырқай қарайды.
— Ханым оралды, — деген оған Микуччо.
Дорина есін жылдам жинады.
— Қазір,қазір.
Ол орамалын шымылдықтың ар жағына лақытырып, дәлізге қарай жылжыды.
Мынау боянған құбыжық пен қызметшінің бұйырықты дауысы Микуччоның көңілін онан әрі түсіре түсті. Ар жақтан Марта тәтейдің көңілді дауысы естілген.
— Анда,залға,залға, Дорина!
Себет толы гүлді көтерген Дорина мен қызметші төңіректерінде жорғалап жүр. Микуччо бөлмеде не болып жатқанын көру үшін мойнын созды. Фрак киген бір топ еркек кірген. Көз алдының қарауытып кеткені. Жан дүниесі толқып, көзінен жас та шығып кетті. Микуччо ішкі толқынысын басу үшін барынша күш салған. Біреу күледі. Терезина ма екен? О,құдай, несіне мәз болады, сонда?
Микуччо тарс жұмып алған көзін ашқан. Қарсы алдында адам танымастай өзгерген Марта тәтей тұр еді. Басында қалпағы, үстінде бай барқыт жамылғысы бар.
— Микуччо, сенсің бе?
— Марта тәтей!— деген ол бір шама жасқана тұрып.
— Ескертпей келгенің қалай? Не боп қалды. Қашан келдің өзі? Тура бүгін келуіңді қарашы? О құдай!
— Әлгі не үшін келгем… — деген аузына сөз түспеген Микуччо.
— Тоқташы,-деп сөзін бөлген Марта тәтей.-Қайтсек екен? Қайтсек екен? Көрдің бе ұлым, адамдар көп. Бүгін Терезинаның бенефисі өткен. Аздап осында отыра тұр…
— Онда…Кеткенім дұрыс шығар…
Жаны қиналған Микуччоның тамағы кеберсіді.
— Жоға, осында отыра тұр дедім ғой, — деген кемпір асып-сасып.
— Енді, қай жерге отырарымды да білмей тұрғаным…
Қолғап киген қолымен отыра тұр дегенді аңғартып Марта тәтей залға өте берді. Микуччоға дүние қаңырап қалғандай көрінген. Ізінше Терезинаның:
— Кешіріңіздер мырзалар, — деген дауысы естілді.
Терезина қазір осында кіріп келеді деп ойлаған оның тағы да көзі қарауытқан. Алайда, ол келген жоқ. Зал болса шулап жатыр. Бірнеше минуттан соң қолғабын, қалпағын және жамылғысын шешкен Марта тәтей келді. Өзі тым сабырлы.
— Осында күте тұрайық, Жақсы ма? — деген ол. — Мен сенімен бірге бола тұрамын. Анда тамақтанып жатыр. Ал біз осында боламыз. Дорина тамақ әкеледі. Екеуміз рахаттанып отырып, бұрыңғы керемет кезімізді еске алайық. Жарай ма? Сенің мұнда келгеніңе әлі де сене алар емеспін,ұлым. Ана жақта қандай мырзалар отырғанын білсең ғой?… Байқұс қыздың келуге уақыты да жоқ. Өзің де білесің, қызымет барысы дегендей…Ал оның өнердегі жолын білуші ме ең? Газеттерден оқып па ең? Адам сенбестей жағдай. Бірақ, мен толқып тұрмын. Бүгінгі кешті сенімен бірге өткіземін дегенге сене де алар емеспін…
Кемпір оның назарын аударғысы келгендей тынымсыз сөйлеген. Сосын күлімсіреп қолын сүртіп бұған қарады.
Дорина келіп дастархан жайған. Асығыс еді. Өйткені, залдағы отырыс та қыза түскен-ді.
— Ол келе ме? Оны көре алам ба? — деп алаңдай сұраған Микуччо.
— Әрине келеді, — деп асығыс — үсігіс сөйлеген жек көрінішін әзер жасырған кемпір. — Бір минут босаса бірден келеді. Маған өзі айтқан.
Бір сәтте екеуінің көздері кездесіп қалған. Бір-бірін жаңа көргендей күлімсірегені. Ой-саналары қолайсыздықты жеңіп, үнсіз сәлемдескендей де еді. “Сіз-Марта тәтейсіз” дейді Микуччоның көздері. “Ал сен, Микуччосың, менің қымбаттымсың, менің ұлымсың. Байқұс мүлдем өзгермепсің де” дейді Марта тәтейдің көздері. Алайда, басқа ақиқаттарды ашпас үшін Марта тәтейдің көздері бірден күңгірттенген.
— Тамақ ішеміз бе?-деген Марта тәтей.
— Қасқырдай ашпын,— деген Микуччо аздап көңілі орнығып.
— Алдымен шоқынып алайық,-деген Марта тәтей.
Алғашқы тамақты көтеріп қызметші енген. Микуччо кемпірдің өзіне тамақты қалай салып алғанын бақылап отыр. Ақыры өзі де қолын тамаққа салмақ болған. Поездағы ұзақ жолдан кейін қолдарының кір-қожалақ екенін көріп, ұялғанынан қызметшіге қарады. Қызметші болса тамақ жеңіз дегенді аңғартып, күлімсіреп басын иеді. Бақытына орай Марта тәтесінің көмектескені.
— Тоқта, тамақты мен салайын.
Микуччоның риза болғаны соншалықты, кемпірді сүйіп алғысы келген. Тамақ салынғаннан кейін қызметші шығып кетті. Микуччо да асығыс-үсігіс шоқынған.
— Жарайсың ұлым.
Марта тәтей онысын мақұлдап қойды.
Көңілі жайланып, өзіне деген сенімі оянған ол кір-қожалақ қолдарын да, қызметшіні де естен шығарып, тамақ ішуге кіріскен.
Ерсілі-қарсылы жүгіріп жүрген қызметші есікті ашқан сайын ана жақтан күлкі, дабырлаған дауыс естіледі. Толқыған Микуччо мұның себебін ұқпақ оймен кемпірдің өзіне деген құрметке толы көздеріне үңіледі. Одан ұққаны қазір ештеңе сұрау керек жоқ сияқты. Әңгімені кейінге қалдыруы керек тәрізді. Екеуі бір-біріне күлімсірей қарап, қиырдағы өз қалалары, достары мен таныстары туралы әңгімелескен. Марта тәтейдің сұрақтары да таусылар емес.
— Неге ішпей отырсың?
Ол ішімдікке қол созған. Сусылдаған жібектің дауысы, жылдам басқан қадамдар естіліп, ол жақтан Микуччоның көзін қарықтыратын жарық төгілген.
— Терезина…
Оның аузы аңқиып қалыпты. Ханша! Нағыз ханша дерсің!
Қып-қызыл болып, көзі мен аузын аңқита ашқан ол оған үнсіз телміреді. Бұлай болуы мүмкін бе еді өзі? Төсі де, иығы да, білегі де жартылай жалаңаш… Үстіндегі асыл мата мен асыл әшекейлерден көз тұнады. Ол Микуччоның алдында осындай кейіпте тұрған-ды. Қалай десе де бұрыңғы Терезина емес еді. Бұрынғы Терезинадан не қалды сонда? Даусы да, көзі де, күлкісі де басқа. Құдды шым-шытырық түстегі сияқты.
— Қалың қалай Микуччо? Толық жазылдың ба? Жарайсың! Қателеспесем, ауырдың-ау деймін, осы? Әңгімелесеміз ғой.. Бірақ сәл кейінірек… Ал қазір мамаммен отыра тұр.
Жібек көйлегін сусылдатып Терезина залға асыққан.
— Неге тамақ ішпейсің?
Марта тәтейдің қамқорлыққа толы даусынан ол есін қайта жиды. Бірақ оған көзін де салған жоқ.
— Құдай үшін тамағыңды іш,-деп кемпір тәрелкеге ишара жасады.
Микуччо екі саусағымен паравоздың түтіні сіңген кір-қожалақ жағасының түймесін ағытқан. Ауа жетпей тұрған-ды.
— Тамақ па?
Ол “тойып тұрмын” дегенді аңғартып бірнеше рет қолын кеңірдегіне апарған. Сол сәтте-ақ өзін қор сезініп, іштей күбірлеген де.
— Қандай болып кеткен өзі?..
Марта тәтей де оны мақұлдай бас изеп, тәрелкесін сырып қойды.
— Ойлаудың өзі күлкілі… — деген ол көзін жұмып, терең ойға батқан қалпында.
Микуччо тас түнек қараңғылықтың арасынан екеуін бөліп тұрған орды көргендей еді. Жоқ, бұл өзінің бұрыңғы Терезинасы емес-тұғын. Бәрі бітіпті. Бәрі әлдеқашан аяқталыпты. Соны түсінбеген, білмеген жалғыз өзі ғана екен. Туған өлкесінде оқиғаның осылай өрістерін оған талай-талай ескерткен де. Алайда, ол соның бірін құлағына ілмеген. Ал қазір өзін Терезинаның үйінде қор жағдайында сезініп отыр. Егер мына мырзалар, тіпті ана зыр жүгіріп жүрген қызметшінің өзі мұның, яғни Микуччо Бонавиноның өзін, мына ханшаның күйеу жігітімін деп сезініп, поезбен отыз алты сағат жол жүріп, сонау қиырдан жеткенін естісе артын ашып күлер еді-ау. Әлбетте,мұны мазақ етушілер қатарында мына мырзалар, ана қызметші, аспаз бен оның бала көмекшісі һәм Дорина да болмақ. Егер Терезина мұны залға жетелеп апарып, “қараңдаршы, мына ақымақ, мына жексұрын флейташы әліне қарамай маған үйленгісі келеді!” десе мына отырғандардың бәрінің күлкіден қырылып қалуы да кәдік-ау өзі. Рас, кезінде Терезина бұған уәде берген. Алайда, түптің түбінде өзінің осындай дәрежеге жететінін ол да ойлады дейсің бе? Рас, бұл Терезинаның жолын ашты, көмектесті. Алайда, Терезина қазір бұдан әлде қайда асқақтап, биіктеп кеткен. Бұл болса бұрынғысынша жексенбі сайын қала алаңында ақ тер көк тер болып флейтада ойнайды. Сол рас болса Терезинадан дәмеленуінің қисыны қайсы? Ойлаудың өзі күлкілі. Сосын мынандай ханым үшін өз заманында оның жолына жұмсалған ана болмашы тиын— тебен не тұрады? Шығын болған болмашы тиын-тебенін бұлдап осында келуінің өзі күлкілі емес пе! Сосын ол кезінде Терезина өзінің емі үшін жіберген ақшадан қалтасында соқыр тиын қалмағанын да есіне түсірді. Сол кезде қатты ұялып, қалтасындағы әмиянын суырып ап қараған.
— Мұнда келгендегі бір себебім, Марта тәтей, сіздер жіберген ақшаны қайтару еді. Қарыз дейсіз бе, басқа дейсіз бе оны өзіңіз біліңіз. Қазір Терезинаның қандай ханша екенін де білмеппін. Бұрыңғы жағдайды еске алудың өзі де күлкілі. Сосын сіздер жіберген ақшаға да татымаймын ғой мен. Бәрінің біткенін білем. Ақшаны қайтаруым керек. Тек толық қайтара алмайтыным өкінішті.
— Қайдағыны неге айтасың, ұлым?!-деген көзі жасаураған Марта тәтей.
Микуччо оған үндемеңіз деген белгі берді.
— Оны шығындаған мен емес. Мен сырқаттанып жатқанда ата— анам шығындады. Мен ештеңе білгем жоқ. Мейлі, оның өтемін енді солар қайтарсын. Жұмсағаннан қалған ақша мынау ғана. Ал енді кетейін.
— Кеткенің қалай? Ол не сөз тағы?-деген Марта тәтей. — Тоқта, тым құрымады Терезинаға ескертейін. Сенімен сөйлесуім керек деген өзі емес пе? Қазір барайын оған…
— Жоқ, барудың керегі жоқ, — деген Микуччо. — Мейлі ана мырзалармен отыра берсін. Оның орны сол жер. Оны бір көргеніме де разымын. Одан да оларға сіз барыңыз. Қалай күліп жатқандарын естідіңіз бе? Маған өзімді мазақ қылғандары керек емес? Мен кетейін.
Микуччоның ешкім күтпеген бұл шешімі Марта тәтейге де қатты әсер еткен сияқты. Оны қызғанғандай сияқтыма-ау. Байқұс кемпір қызын көрген сайын бір нәрседен күдіктенетін. Соның әсерінен талай-талай жылаған да болатын. Кешегі кедей тіршілік пен аста-төк тұрмыс арасындағы ақиқаттан оның кәрі жүрегі сыздап жүрген-ді.
— Енді мен оны … Енді мен оны қорғай алмаймын,ұлым,-деп ақиқатын айтқан кемпір.
— Неге? — деп сұраған Микуччо оның жауабын кемпірдің көздерінен оқығандай еді.
Қайғыға батқан Марта тәтей дірілдеген қолдарымен бетін жауып, көз жасына ерік берді.
— Иә, иә, кеткенің дұрыс ұлым,— деп кемсеңдеген кемпір.-Дұрыс айтасың. Ол енді сенікі емес… Егер мені сол кезде тыңдасаң…
— Демек…
Жан дауысы шыққан Микуччо оның бір қолын бетінен жұлып алған. Алайда, кемпір одан аяушылық күткендей еді. Микуччо өз-өзін күрт билеп алып:
— Ә, демек ол маған лайықты емес екен ғой. Жарайды, жарайды, онда өзім кетейін. Демек, әлгі…неткен ақымақ едім, Марта тәтей, ештемені де сезбеппін. Жыламаңыз…Амал не, өнердегі өсу жолы деген осы…
Ол үстел астындағы шабаданы мен сөмкесін алып сыртқа беттей берген. Алайда, сол жерде сөмкеде сапар алдында Терезаға деп арнап алған лимондары жатқанын есіне түсірді.
— Ох, қараңызшы Марта тәтей, — деген ол. Сөмкесін ашып Микуччо үстел үстіне исі аңқыған жемістерді қойды.-Осыларды анау бекзада меймандардың бетіне лақтырсам ба екен?
— Құдай үшін! — деген кемпір олай істеме дегенді аңғартып.
— Сабыр, сабыр сақтаңыз, — деп күлген Микуччо бос сөмкесін қалтасына салып жатып. — Мен оны оған сыйлыққа алғам. Қазір тек сіз үшін қалдырамын, Марта тәтей.
Ол лимондарды алып, кемпірдің танауына жақындатты.
— Искеңіз,Марта тәтей, иіскеңіз. Біздің туған жеріміздің исі. Ғажап, осы лимондар үшін салық та төлемеппін-ау. Жарайды. Тек өзіңіз үшін ғана қалдырамын. Ал оған менің атымнан “өнерде сәт сапар” тілеңіз.
Ол шабаданын алып шығып жүре берді. Алайда, көшеге шықпай жатып рухы түскен. Ешкімі жоқ бөтен қалада алданған, қорланған қалпында жалғыз қалған-тұғын. Көшеде жауын шелектеп құйып тұр. Оның бейтаныс көшеде құйған жауын астында жалғыз жүруге жүрегі дауаламады. Мысықтабандап басқан Микуччо кері оралып, баспалдаққа отырған. Бір сәт тізесін құшақтап, үнсіз жылады.
Дастарқан жиналған соң Сина Марнис қайтадан баяғы бөлмеге енді. Жападан жалғыз анасы жылап отыр екен. Ал залдан меймандардың көңілді дауысы мен күлкісі естіледі.
— Не, ол кетіп қалды ма? — деп таңдана сұраған ол.
Марта тәтей көзін жерден көтерместен басын изеді. Сәл-пәл ойланған Сина да бір күрсініп:
— Байқұс-ай! — деген.
Алайда, сол жерде күлімсірегені.
— Оның саған қандай лимондар әкелгенін қарашы,-деген көз жасын сүртіп жатқан шешесі.
— Ой, қандай керемет! — деп аспанға секірген Сина. Ол бір қолын кеудесіне қойып, екіншісімен лимондарды ұстаған.
— Қажет емес, қажет емес! — деп қарсылық білдірді шешесі.
Алайда, залға жүгіріп кірген Сина:
— Сицилия лимондары! Сицилия лимондары! -деп айғай салған— ды…