НЕКЕ ТҮНІ (Луиджи П.)

НЕКЕ ТҮНІ

Төрт көйлек,
төрт ақ жайма,
төрт юбка-
бәрі де төрттен.
Бұл шешесінің өрмекшіге тән төзімділікпен қызына жиған жасауы. Қара бақырға дейін үнемдеген байлығы. Әрі сонысын көршілеріне көрсетуден еш танған да емес.
— Орташа жасау, бірақ тап-тұйнақтай.
Ауыр еңбекті аңғартатын, азапты көп көрген, қан-сөлсіз, арық қолдарымен ол ұзындығы да, ені де табытты еске түсіретін ескі сандықтан әдемі заттарын шығарар еді. Қасиетті заттарды ұстағандай имандылықпен шәлілер мен көйлектерді ыждаһаттылықпен шығарып, төсек үстіне жаяр еді. Олардың біреуі -жағасы кестелеулі, төменгі жағына жібек өрнек салынғаны неке қиярға арналған. Ал қалған үшеуі сәнге киілмек. Осы заттарды шығара отырып шешесі: “орташа жасау. Бірақ тап— тұйнақтай”… деуден әсте танып көрген де емес. Сол сәтте қуаныштан қолы дірілдеп, дауысы қалтырайтын.
— Өздеріңізде білесіздер, мен жалғыз қалдым ғой, — дейтін ол. — Мына қолдарыммен атқармаған шаруам жоқ. Қазір олардан да күш тайды. Қысы-жазы еңбектендім. Өзендер мен бұлақтар басында кір жудым, миндаль жемісін ұсақтап, майлы жеміс жинадым. Бұл төңіректе мен жұмыс істемеген, жеміс жинамаған немесе суын тасымаған қыстақ та жоқ…Айтатын несі бар?! Көзімнен қанша жас тамғанын, маған қаншалықты ауыр болғанын бір құдай ғана біледі. Сондай күш пен қуат бергені үшін жаратушыға мың да бір тәуба. Алайда еңбегім текке кеткен жоқ. Енді алаңсыз өле берсем де болады. Ал мені ана дүниеде күтіп отырған діндар серігіме қызым туралы сұрай қалса, шын жүректен былай деп тіл қатармын: “Алаң болма, байғұсым. Мазаңды кетірме. Қызымыздың жағдайын жасадым. Енді ол азап көрмейді. Мен екеуміз үшін де біраз бейнет көрдім”. Көңіл бөлмей— ақ қойыңдар, бұл жолғым қуаныштың көз жасы.
Сөйтіп Анто тәтей иегінің астынан ораған қара орамалының шетімен көз жасын сүртер еді.
Су жаңа киінген сол күні ол өзіне мүлдем ұқсамайтын. Әрі оның сол жолғы әңгімесі жұрттың бәріне бір түрлі әсер қалдырды.
Көршілері жаппай оны мақтап жатты. Ал оның мойынына көгілдір орамал байлап, қоңыр атластан тігілген (сәнқойын қарасаңшы) некеқияр көйлегін киіп те үлгерген қызы Марастелла өз өміріндегі ерекше оқиға қарсаңында бөлменің бір бұрышында мұқият сәнденіп жатты. Анасының жылағанын көріп ол да өксіп— өксіп алған.
— Марасте, Марасте, саған не болды?
Оны жапатармағай қоршаған көршілері сабырға шақыруға тырысқан.
— Қуансаңшы, қуан. Ойыңа не түсті өзі? Бүгін жылауға болмайды. Мұндайда не дейтінін білесің бе? Жүз лирге татитын қайғың болса да, онымен бір тиын қарызыңды да жаба алмайсың дейді.
— Мен әкемді ойыма алдым, — деген бетін қолымен жапқан Марастелла.
Әкесі осыдан жеті жыл бұрын бақытсыз жағдайда қаза болған— ды. Байғұс порт кеденінде қызмет ететіндіктен әр түн сайын қайықпен күзетке шығатын. Бірде дауыл үстінде Дуэ-Ривьере маңында жүрген сол қайық аударылып, үш адамымен бірге суға батты.
Жағалау тұрғындары сол қайғылы оқиғаны әлі ұмыта қойған жоқ-ты. Олар Марастелла мен шешесінің екі күндік табанды іздеуінен соң табылған жаңа порт аймағында жатқан үш мүрдеге жылап келіп тұрған сәттерін де ұмытқан жоқ болатын. Екеуі де жел өтінде, салқын теңіз жиегінде тұрғанын ұмытып, қайғыдан зар еңіреп, қолдарын аспанға созып тұрған сәт еді ол Мұнан соң Марастелла әке мүрдесінің жанына тізерлеп шөгудің орнына қолын кеудесіне қойған қалпы, екінші бір мүрденің жанына келіп:
— Аһ, махаббатым менің! Махаббатым менің! Мені кімге тастап кеттің? — деп күбірлеген.
Мұндай ашық мойындаудан естері шыққан Анто тәтей, марқұмның туысқандары һәм жағалаудағы жұрт тұрған орындарында қалшиып тұрып қалған. Ал жігіттің шешесі (Марқұмның аты Тенос Парти еді, әрі тамаша жігіт болатын) Марастеллоның айғайын естіп, оны құшақтап кеудесіне басқан. Сол арқылы оның өзіне де, марқұм ұлына да қаншалықты жақын екенін ұқтыруға тырысты. Ол аз десе:
— Қызым! Қызым менің!, — деп жұртқа естірте бар дауысымен айғай салған.
Марастелла “Әкемді ойыма алдым” деген кезде көршілердің оған түсіністікпен қарап, аяғандары да сондықтан еді. Жоқ, дәл қазір бақытсыз қыз ойына әкесін алған жоқ сияқты еді. Мүмкін әкесін ойлауы да кәдік, өйткені әкесі тірі болса күйеуі өлгеннен соң бір тиын қаржысыз қалған Марастелла шешесі үшін керемет бақытты болып көрінген осынау оқиғаға ешқашан келіспес те еді.
Қызының қарсылығын жою үшін Анто тәтейге біраз тер төгуге тура келген.
— Маған қарасаңшы сен! Бір аяғым көрде тұрған кемпірмін, неменеңе сенесің? Ешқандай қолдау-көмексіз ертең жападан— жалғыз қалғанда не істемексің? — деген ол.
Шешенің сол сөзі рас та еді. Десе де Марастелла өз қарсылығын нанымды дәлелдермен түсіндіруге тырысқан. Өзіне ұсынылып отырған дон Лизи Кириконың лайықты адам екеніне дау жоқ. Алайда жасы еңкейген адам, оның үстіне кәрі бойдақ. Әйелі өлгеніне бір жыл да толған жоқ, Ендігі үйленуі махаббаттан емес, қажеттіліктен екені де белгілі. Жай оған үйге қарап, тамақ пісіретін әйел ғана керек. Үйленгендегі мақсаты да сол ғана.
Алайда мұндай уәжге келісе қояр шеше қайда?!
— Онда шаруаң қанша?! — деген ол. — Саған арқа сүйейтін ақылды адам керек. Шал дейсің бе? Ойбай-ау, әлі қырыққа да толған жоқ қой. Оған тисең кемшілік көрмейсің, қызметі жақсы, жалақысы мол Күніне бес лир табады. Ол дегенің нағыз байлық емес пе?!
— Айтары жоқ, жақсы-ақ қызмет!
Басты кедергі де сонда еді. Анто тәтей оны о баста-ақ түсінген. Бар гәп дон Кириконың қызметінде!
Мамырдың әдемі бір күнінде бақытсыз шеше осы төңіректегі ең асқақ дөңнің басына қыдырыстау үшін көршілерін шақырған.
Дон Лизи Кирико әйелдерді қыстақ үстінде асқақтаған дөң басындағы мола төңірегінен байқап, өзіне шақырды.
— Қалай? Енді не айтасың? Құдды бақшадағы сияқты. Гүлдері қандай көп, — деді Анто тәтей үйге қайтар жолда Марастеллаға. Оның үйінің төңірегіндегідей гүл еш жерде өспейді. Төңірегі — егістік. Шарбағынан сыртқа қарасаң бүкіл қыстақ көрінеді. Ал бөлмесі қандай десеңші?! Аппақ, тап-таза әрі кең. Кешке есік— терезесін ашып, отын жақсаң… өз үйіңе өзің рақаттанасың. Басқалардікінің бәрінен де артық. Бас қатыратын не бар мұнда?
Көршілері де үндемей қалған жоқ:
— Тура, тура айтады. Сосын бәрі де үйренуге байланысты… Бірнеше күн өткеннен соң ешқандай айырмашылық байқамайсың. Көресің ғой әлі… Сосын қызым, марқұмдардан ешкімге зиян жоқ. Қауіпті тірілерден ғана күту керек. Сен бәрімізден де жассың. Біз сол молалы аймаққа бірімізден соң біріміз келеміз әлі… Ол жер үлкен. Сол жердің толық қожайыны һәм мейірбан күзетшісі болып шыға келесің…
Мола төңірегіндегі сол бір көктем күніндегі серуен Марастеллоның көкейіне тәп-тәтті қиял да орнықтырған. Осы бір тәтті сезім оның жүрегіне атастырылудан үйлену тойына дейінгі он бір ай бойына билік жүргізді. Алайда сол бір серуеннен қалған үрей де бар еді. Жас қыз әсіресе кешке қарай әлденеден алаңдап қорқатын да болған.
…Қолтығына екі үлкен орам қысқан дон Лизи Кирико босағадан аттаған кезде Маростелла көз жасын сүртіп те үлгерген жоқ еді. Өзі керемет өзгеріпті.
— Қасиетті құдай анасы! — деді Анто тәтей. — Түр-сипатыңыз не боп кеткен, сүйкімді адам?
— Мен бе? Аһ, мына… сақал…— деп далбасалаған, өлікке тән бозғылт еріндеріне жасанды күлкі үйірілген дон Лизи Кирико.
Ол қырынам деп жүріп бет-аузын оңдырмай кескілеген-ді. Кедір-бұдыр жүзіне әбден берік тұрақтаған сақалды алу барысы оны жүні жұлынған текеге ұқсатып жіберген-ді…
— Оны қырынуға мәжбүрлеген менмін, — деп әңгімеге араласқан күйеу жігіттің семіз де болса ширақ әпкесі донна Нело.
Қолына бірнеше бөтелке шарап ұстап, ентігіп босағадан аттаған бұл әйелдің үстіндегі сусылдаған көйлегінің дауысы бөлме ішін ерекше бір өзгеріске енгізіп жібергендей еді.
Оған дон Лизи Кирикодан аумайтын арық та тұжыраңқы күйеуі ере келді.
— Не, оған берген кеңесім дұрыс емес пе? — деген донна Нело шәлісін шешіп жатып.-Онда қалыңдықтың өзі айтсын. Қалыңдық қайда өзі? Қарашы, Лизи, саған айтпап па едім! Жылап тұр… Сенікі дұрыс, қызым. Кешігіп қалыппыз.Бәріне Лизи кінәлі. “Сақалымды қырайын ба, қырмаймын ба?” деп екі сағат ойланып-толғанып тұрып алды ғой. Қазір жас көрінбей ме, ә? Ақ сақалды күйеу жігіт, оның үстіне тура үйленетін күні… ғажап емес пе?
— Әлі өсіремін ғой… — деп әпкесінің сөзін бөлген Кирико үлбіреп тұрған қалыңдығына қараған.-Кәрі көрінуім өз алдына, үрейлі де сияқтымын…
— Нағыз есексің. Әдемі болса да, өңсіз болса да еркектің аты қашан да еркек, — деген қаны басына тепкен донна Нело. — Сосын, үстіңдегі костюміңнің жаңа екендігін ұмытпа! Әйтпесе оны қайтадан жаңартуыңа тура келеді! Ол Лизи Кириконың қолтығындағы тәттілер салынған орамнан аққан қант үгінділері түскен костюмін қаға бастады.
Уақыт тығыз. Шенеуніктердің уақытын алмас үшін тез арада муниципалитетке, ал сосын шіркеуге бару керек еді. Үйлену тойы кешке дейін аяқталуға тиіс болатын. Қызметтік міндетіне өте жауапкершілікпен қарайтын дон Кириконың талабы солай. Тоя тамақтанудан соң шулап көңіл көтеруді ұнататын әпкесінің кесірінен ол дастархан басында да мазасызданып отырды.
— Музыка талап етеміз! Әуенсіз де той бола ма екен? Кәне, би билейік! Соқыр Сидороға адам жіберіңдер! Гитара мен мандолин әкелінсін!
Әпкесінің дуылдатқаны соншама інісінің оны оңаша шығарып алып:
— Қойсаңшы Нело, қой! Ешқандай көңіл көтеруге зауқым жоқ екенін түсінуің керек қой!
Әпкесі оған бажырая қараған:
— Неге? Не үшін сонда?
Дон Кирико қабағын түйіп күрсінген:
— Өзің ойласаңшы, ана байғұстың көз жұмғанына бір жыл да…
— Не, әлі күнге дейін ойлап жүрсің бе? — деп оның сөзін бөлген донна Нело мысқылдап. — Сөйте тұра үйленіп жатырсың ғой. Оһ, байғұс Нунсиято!
— Иә, тағы да үйленіп жатырмын, — деп көзін төмен салды дон Кирико, — бірақ маған музыканың да, бидің де керегі жоқ. Жан— дүниемнің қалауы басқа, күн орнына отырар кезде ол кетуге жиналып енесінен қызының заттарын даярлауды өтінді.
— Өзіңіз де білесіз, кешкісін ана жоғары жақта қоңырау соғуым керек.
Үйден аттанар тұста Марастелла анасының мойынына оратылып ағыл-тегіл жылаған. Байғұстың ол жаққа ана адаммен баруға құлқы жоқ-ты.
— Біз сені шығарып саламыз, жылама, — деп сабырға шақырмақ болған Анто тәтей. — Жылама, ақымақ!
Бірақ шешесінің өзі де көз жасына ерік берген. Оған көршілері де қосылды.
Көңілсіздеу қыз ұзату болды бұл!
Бұрынғысынан анағұрлым қызара түскен Кириконың әпкесі донна Нело ғана осы бір көңіл-күйді түсіне алмады. Өзінің айтуы бойынша “он екі үйлену тойына қатысқан. Алайда солардың бәрінде де көз жасы, қуаныш бірге жүрген-мыс”.
— Анасынан айырылар қыз, қызынан айырылар ана жыламақ, қағида солай! Ал енді сол үшін тағы да бір көтеріп қойып, жөнімізді табалық. Лизи асығып тұр ғой.
Сөйтіп бәрі жолға шыққан. Бұл рәсім тойдан гөрі жерлеуге көбірек ұқсайтын. Осынау мұңды оқиғаны байқап тұрған адамдар есіктерінен, терезелерінен бастарын жылтитады немесе жолда тоқтай қалып: “байғұс қалыңдық-ай!” деп күрсінеді.
Жоғарыда, қоршау алдындағы шағын алаңшада Марастелламен қоштасып, оған сәт тілеу үшін ұзатушы топ сәл кідіріс жасады. Күн орнына отырып, аспан алқызыл түске боянған. Теңіз екеш теңіз де алаулап жатқандай еді. Төменде баяғыша абыр-сабыр мен гу-гу тойшыл қауымның дабыралы айқай-шуы, үнсіздікке бөккен моланың ақшыл күңгірт қабырғасына келіп жаңғырып жатты…
Лизи Кириконың кешкі ғибадаттың уақытын хабарлап қаққан қоңырауының күміс сыңғыры ұзатушы топты үйіне оралуға үгіттеген белгі де сияқты еді. Осынау қоңырау дауысына сай мола қабырғалары да бозғылттанып бара жатқандай. Бәлкім осының бәрі, қоюлана бастаған іңір қараңғылығының да әсері шығар? Олардың да үйге оралатын кезі болған. Қалындыққа бақытты өмір тілеген жұрт асығыс-үсігіс үйлеріне тарқай бастады.
Марастелланың көңіл-күйін біліп, есеңгірегендей болған шешесі мен екі жақын құрбысы ғана кідірген. Жақында ғана алаулап тұрған кешкі аспан аяқ астынан күңгірттеніп сала берді.
— Мүмкін кіріп шығарсыздар? — деген дон Кирико қақпа алдында тұрған әйелдерге.
Алайда Анто тәтей оған үндеме деген сыңайда белгі берді. Марастелла байғұс жылап тұрып, шешесіне қайтадан үйге алып қайт деп жалынған.
— Құдай үшін! Құдай үшін! — деп жалбарынған ол.
Қыз дауыс көтерген жоқ-ты. Бірақ оның ақырын, қалтыраңқы дауысы байғұс шешенің жүрегін жарардай әсерлі еді. Енді ше! Қыздың зәресі ұшып тұр. Қыз түнгі көлеңкелердің арасында ағарған мола крестерін өз көзімен көрген.
Дон Лизи Кирико кіреберістің сол жағындағы бөлменің шамын жағуға кетті. Ол үйдегі заттарды түгендеген. Сондай-ақ қалыңдығы шешесін өзін алып кетуге көндіре ме, әлде көндірмей ме деген күдікпен сәл толқып та тұрған-ды.
Дон Кирико бәрін түсінді, әрі қызды аяды.Ол жасы келген өңсіз адам есебінде өзінің жас қосағына ұнамайтынын толық ұғынған. Сондай-ақ оның өз жүрегі де қайғыға толы еді.
Таяуда ғана кешкісін шағын крест қадалған қарапайым молаға келіп, тізерлеп тұрып, алғашқы қосағымен қоштасу есебінде еңкілдеп жылағаны да есінде. Осыдан бастап дон Кириконың сол қосағын ойлауға қақысы да жоқ. Осыдан бастап, оған екі қосағының алдында да міндетті болу жауапкершілігі жүктелмек. Алайда өзі ұзақ жылдан бері атқарып келе жатқан, осы молада мәңгілік тұрағын тапқан таныс һәм бейтаныс барлық адамдарды күзету міндетіне жас қосағына қамқорлық жасауы еш кедергісін тигізбеуі тиісті-тұғын. Өткен түні ғана осы моладағы крестерді аралап жүріп, сол турасында салтанатты түрде уәде де берген.
Ақыр соңы Марастелла шешесінің дегеніне көніп, үйге енді. Анто тәтей де үйге енген қызының барлық үрейден арылуы үшін есікті тарс жапты. Шынында да көзге таныс заттар Марастелланы біршама сабасына түсіргендей.
— Ал енді шәліңді шеш, — деген оған Анто тәтей.
— Айтпақшы өзім шешейін. Міне, енді үйіңе де ендің…
— Осыдан бастап ол осы үйдің толық қожайыны, — деген дон Кирико қосағын еркелеткен жымиыспен.
— Естідің бе? — деп іліп әкетті шешесі. Мақсаты күйеу баласының аузынан тағы да бір сөз шығару еді.
— Иә, ол менің де, осындағы барлық заттың да иесі,— деп жалғастырды Кирико.-Оны мәңгілкке ұмытпасын. Оның қасында осыдан бастап, өзінің туған анасындай сүйіп қорғайтын, қамқоршы адамы болады. Сосын ештемеден қорықпауы керек.
— Әрине, қорқатын несі бар! — деп мақұлдаған Анто тәтей. — Жас нәресте емес қой. Онда қорқатын түк те жоқ. Сосын осыдан бастап, жұмысы да көбеймек. Солай емес пе? Рас қой?
Марастелла да рас айтасың дегенді аңғартып басын шұлғыған. Алайда Анто тәтей мен екі құрбысы аттанар тұста қайтадан көз жасына ерік беріп, шешесінің мойынына оралғаны. Ал шешесі болса, бұл құшақтан шеберлікпен құтылды. Соңғы рет құдай мен күйеуіне сену керегін ескертіп, көз жастарын сүрткен құрбыларын ертіп жүре берді.
Қыз шешесі кетерінде тарс жапқан есік алдына келіп, сілейіп тұрып қалған. Бетін басып, өксігін тоқтатпақ болды. Сол кезде аяқ асты көтерілген желден есік сықыр етіп ашылған.
Дәл сол сәтте бетін алақанымен басып тұрған Марастелла оны аңғармады. Неге екенін өзі де білмейді. Құдды түсіндегідей жан— дүниесі қаңырап та тұрды. Алыстан шегіртке дауысы естіліп, бөлмеге гүлдердің жұпар исі жайылған. Алақандарын бетінен алған ол байтақ молаға төгіліп тұрған ай сәулесін байқады. Ай жарықтықтың өзі де төңіректі сыйқырлап тұрғандай еді. Айналадағының бәрі ап-айқын көзге шалынады.
Дон Лизи Кирико есікті жаппақ болған. Сол кезде үрейі ұшқан Марастелла бұрышқа тығылып айғай салсын:
— Жалынамын, маған жолмаңызшы!
Осынау жеккөрінішті дауыстан қатты жапа шеккен Кирико тұрған орнында сілейіп қалған.
— Мен саған тиіскем де жоқ қой, — деп міңгірлеген ол. — Бар— жоғы есікті жаппақ болғам.
— Жоқ, жоқ , — деген күйеуін өзінен барынша аулақтатқысы келген Марастелла жанұшырып. — Ашық тұра берсін. Мен қорқып тұрғам жоқ…
— Ендігі жағдай не болар екен?— деген шарасы таусылып дон Кирико.
Төңірек құлаққа ұрған танадай еді. Жартылай ашық есіктен алаңсыз үйіне оралып келе жатқан шаруа адамының дауысы естілді. Түнгі салқында барынша күшейе түсетін шабылған шөптің исі аңқыған.
— Егер маған қасыңнан өтуге рұқсат етсең, есікті жабар едім,— деген өзін қор сезініп, қапаланған Кирико. Алайда есік ашық күйінде қалды.
Марастелла болса сол баяғы қалпынша бұрышта тұрған. Лизи Кирико қоршауға қарай тартты. Ол жақтан үйге оралғаны сол еді қарсы алдынан есі ауысқан адамша өзіне қарсы жүгірген қалыңдығын көрді.
— Менің әкем қайда? Маған оны көрсетіңізші? Моласын көрсетіңізші?
— Несі бар, дұрыс айтасың. Сені онда апарам,-деген Кирико.— Әр кеш сайын ұйқтар алдында мен моланы аралап шығам. Өйткені міндетім сол ғой. Ал бүгін саған бола сол міндетімді орындай алмадым. Кеттік. Шамның қажеті жоқ. Бізге аспан шамы сәулесін түсіріп тұрады.
Сөйтіп олар төңірегіне лаванда гүлі жайқалып өскен соқпақпен тартқан. Төңіректе ай сәулесімен байлардың молалары ағараңдайды. Ал кедейлердің басына қойылған темір крестерден онсызда қара жерге қап-қара көлеңке түсетіндей.
Айналадағы шегірткелер дауысы одан сайын қоюланып, қиырдан теңіз толқындарының дауысы естіледі.
— Мынау жерде, — деген Кирико. Бақытсыз оқиғаның ескерткіші есебінде міндетін орындау үстінде қаза болған үш адамға арналып қойылған тас тұрған шағын ғана қарапайым моланы нұсқап.
— Сосын бұл жерде… Спарти да жатыр,-деп қосқан ол Марастелланың мола түбіне тізерлеп отыра бергенін байқап қалып.— Сен осы жерде жылай тұр, ал мен сәл әрірек, ана тұсқа барам…
Шағын молаға аспаннан ай сәулесі құйылып тұр. Сол бір сәуірдің ғажайып түнінде әрқайсысы бір бір моланың түбіне келіп тәу етіп тұрған екі қара сұлбаға сол бір ай сәулесі ғана куә еді.
Бірінші қосағының моласына келіп басын иген дон Лизи Кирико:
— Нунсия, Нунсия, естіп жатырсың ба мені? — деп еңіреп тұрған-ды…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *