Көктөбе Қ.Найманбаев

Көктөбе
Қ.Найманбаев

Қалдарбек Найманбаев 1939 жылдың 16-шы жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы (бұрынғы Киров ауданы), Асық ата (бұрынғы Бағара) ауылында дүниеге келген.
1956 жылы орта мектепті бітірген соң Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті филология факультетінің журналистика бөлімін 1961 жылы тамамдап шыққан.
Еңбек жолын 1960 жылы (оқып жүріп) “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетінің редакциясында бастап, онда 1969 жылдың аяғына дейін қызмет атқарған: әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары. 1970-76 жылдар аралығында “Білім және еңбек” (бүгінгі “Зерде”) журналының бас редакторы. 1976-84 жылдары “Жалын” баспасының бас редакторы, директоры. 1984-86 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының екінші хатшысы. Одан кейінгі екі жылда авторлардың құқын қорғау республикалық агенттігінің төрағасы, “Ара-Шмель” журналының бас редакторы. 1988 жылдан “Жазушы” баспасының директоры, 1990 жылы Қазақстан Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланған. 1991-96 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының бірінші хатшысы, 1992 жылдан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқасы төрағасының бірінші орынбасары.
Қырық жылғы шығармашылық жолында жиырма кітап жазған. Оның ішінде екі роман, ондаған повестер мен әңгімелер бар. Бірнеше пьесаның авторы. Шығармалары жиырмадан астам тілдерге — өзбек, түркмен, қырғыз, орыс, беларус, украин, молдаван, татар, якут, башқұрт, армян, азербайжан, грузин, эстон, литва, латыш, болғар, словак, чех, неміс, қытай тілдеріне аударылған.
Бұл романды жазу жазушыға қиынға соққан жоқ. Өйткені, өзі жақсы білетін ауыл, ауылдың адамдары. Ең бастысы, адамдары, әрине.
Жазушы сонау кездің өзінде-ақ ауылдағы бүгінгі жағдайды жанамалап болса да болжап айтқан екен. Бұдан отыз-қырық жыл бұрын тәуелсіздік туралы ойлаудың өзі күпіршілік көрінетін күндерде ел, жер жайында ең алдымен, жазушы жұрттың күдіктене бастағанын көзі ашық кісі іштей сезетін. Сол күдікшілдердің бірі Қалдарбек Найманбаев болатын.
Екі кітаптың өнбойында да алып бара жатқан аласапыран оқиға жоқ. Сырт көзге бәрі де тіпті қоңырқай тіршілік болып көрінуі мүмкін. Шынында да бұл — боямасыз өмір. Жетпісінші жылдардағы ауыл тынысы, ауыл адамының бойындағы психологиялық өзгеріс. Бұл — ескі мен жаңаның күресі емес, басқа бір өзгеріс.
Романның басты кейіпкері – Тұрарбек батыр да емес, бай да емес, институт бітірген жас маман. Оқудағы соңғы жылы, үйленуі, кездейсоқ достарынан айрылуы, ауылға қайтуы – бәрі-бәрі оны өзінше бір сынақтан өткізгендей болған. Келгеннен кейін де жырғап кеткені шамалы. Тағы теперіш, тағы төңтеріс тірлік. “Сендейдің талайын көргенбіз, қайтер екенсің”, дейтіндей. “Білсең осы, білмесең, диірменге тартып ұнтақтап жібереміз…”
Үгіліп, ұн боп кету оңай. Ал, бас көтерсең, барар жер, басар тауың бар ма? Көлеңкесімен қорғайтын дөкей туысың… Әйтпесе, бәрін ақшаға сатып алатын алпауыт ағаң… Түк таппағанда, қайын-жұртың… Тіпті құрып кеткенде, бүгін көмектескен болып, ал, керек кезінде сені қолшоқпар ғып жұмсайтын достарың ше?
Мұның бәрінен Тұрарбек жұрдай болатын. Бары – жауаптылық пен жанкештілік. Соңғысына келгенде ол алдына жан салмайтын. Амал жоқ, сол бойы қоңырқай ауыл тіршілігіне бас-көз демей қойып кетті…
Екі кітаптың да сюжеттік желісін тәптіштеп жатудың қажеті бола қоймас. Себебі, оны оқыған оқырманға таныс болар. Одан да романның кейбір қыр-сырларына назар аударған жоқ секілді.
Ендеше, роман-дилогияның бүгінгі оқушыға әсері қалай?
Біз алдымен, большевиктер одан, кейін коммунистер партиясы деп аталған партияның басшылығымен жетпіс жылдай өмір сүрдік. Бұл жетпіс жыл бекер өткен жоқ. Және оны тарихымыздан сызып тастай алмаймыз. Сызып тастауға болмайды. Айтты-айтпады, сол жетпіс жылдың шындығы қай шежіремізде болса да қалуы керек.
Ал енді осы реттегі көркем ойымыздың өнегесі, тағылымы қандай? Ол кездің әдебиетін тек партияны марапаттаған, партияның қол шоқпары болған десек, бұл — бір жақты пікір. Рас, партиясыз күн жоқ, сондықтан оның сойылын соққандар көп. Сол арқылы атақ- даңққа жеткендер, сол арқылы үлкенді-кішілі таққа отырғандар да жеткілікті. Бірақ, соған қарап, жұрттың бәрі қолына қызыл жалау алып, шапқылап жүрді деу, әрине, артық сөз. Өйткені, сондай қиын кездің өзінде де шындық дейтін қылыштың жүзінен қорықпағандар да болды. Ашық кетпегенмен, партияның “кемеңгерлік” саясатын алға тарта отырып, жаңбыр-жаңбырдың астымен өз ойын, өз көзқарасын емеурінмен жеткізген жазушы аз емес.
Жалпы, өткен ғасырдың 50-80 жылдар арасы қазақ әдебиетінің құлашын кеңге жазған кезеңі болды. Небір айтулы туындылар дүниеге келді. Әдебиетіміздің бір талантты ұрпағы өсіп ер жетті. Кемеліне келді. Кемеліне келген соң тарихты да қопарды, тарихты қопара отырып, сол кезеңнің болмысынан шындық іздеді.
Ол кезең – жақсы шығармаларды тасқа басып шығарудың ең бір қолайлы да, өнімді кезеңі болды. Әрине, сол жақсы шығармалармен талай шикілі-пісілі дүниелердің де араласып кеткені шындық. Бірақ, әңгіме ол қойыртпақтар туралы емес.
Кезінде “Көктөбе” алпыс мың тиражбен де шықты. Және тез тарап, тез өтіп кетті. Ал, қазір алты мың тиражбен кітап шығару – қол жетпес арманға арналды.
Мұның бәрін айтып отырғанымыз, өткеннің сағынышы емес, роман-дилогияның өмірге келген кезеңінен қысқа бір елес.
Жазушылар шығармаларын жарысып жазды. Бұл бәсеке – жақсы бәсеке болатын. Кісіні ылғи қамшылап отыратын. Соның арқасында өмірге небір татымды дүниелер келді. Шындығын айтсақ, жоғарыдағы кезең, яғни сол отыз жыл қазақ әдебиетін кеңінен танытқан кезең еді. Алтын ғасыр демей-ақ қояйық, ал, күміс белес болғаны анық.
Жалпы, не нәрсені болса да шектеушілік, кісінің іштей қарсылығын туғызатыны сияқты, партиясыз ас батпайтын кезең, әсіресе, жазушы жұртты ізденіске итермеледі. Қиыннан қиыстырып жазуға жетеледі. Қаламгерлер қыспаққа түскенмен де жол тауып, тың ойларын жұртқа жеткізіп жатты.
Міне, тәуелсіздігімізде он жылдан асты. Бұл шындап келгенде біраз уақыт. Ал, осы уақытта жазушы жұрт қандай керемет шығармалар жазды? Ауыз толтырып айтарлық ештеңе жоқ-ау. Неге? Бостандық алдық. Шектеп жатқан, қолдан қағып жатқан ешкім жоқ.
Сонда бастан кешіріп отырған заман туралы татымды туынды қашан шығады? Қанша сұрау салғанмен ондай шығарма жуық арада дүниеге келе қоймас. Өйткені, біз бұл заманды күні бүгінге дейін ұғып болғанымыз жоқ, електен өткізуге әлі ерте. Қазір шытырман оқиғалы бірдеңелер жазуға (детектив) болар. Ал, кеңінен көсілу қиын. Бұл жерде, әрине, тарихқа тереңдеп кеткендер туралы әңгіме жоқ. Тарихқа бұрын да көп жүгінгеміз. Енді шын зерттеушілердің күні туды.
Ендеше, біз әдебиетіміздің өткеніне әсіресе, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы жетістігімізге ерекше назар аударуымыз қажет. Өйткені, бүгінгінің көп нышаны сол кешегі күннің шығармаларында бар. Тыңнан түрен салатын емес, өткеннің жақсы дәстүрлерін жалғастырса жөн болар.
Роман-дилогияға қайта оралайық. Осы туындыны жазушы бірнеше әңгіме-повесть ретінде бөлек-бөлек жазған. Оның екі-үшеуі мерзімді баспасөзде жеке шығарма ретінде де жарық көрді. Әрине, сюжет бір, кейіпкерлер бір. Тек, әр тарау өзінше бөлек. Ал, бәрі қосыла келгенде, басқаша бір бүтін көркем дүние шыққан.
Қазір қарап тұрсаң, ауыл туралы күдік шынға айналып бара жатқан сияқты. Неге екенін, ауыл алыстап барады, бізден. Жер емген жұрт қалаға жосылып жатыр. Жалпы, әлемдік танымға да, тәжірибеге де қарасақ, дамыған, төрт жағы құбыла елдердің көбі осындай аласапыран дәуірді бастан өткізді. Еңсесі биік көрінетін Еуропаңызда талай қыстақтар бос қалған. Қайбір елдің болмасын өсу, өркендеу жолында мұндай кезең болған. Әлі де болып жатыр.
Ал, Қазақстан да осыны бастан кешіріп отыр. Бұл шындық. Тек, біздің ұлттық болмысымыз бұл бұрылысқа төтеп бере ала ма? Өткен ғасырдың екінші жартысында әдебиетке келіп, талай-талай татымды шығармалар жазған ақын-жазушылардың түгелге жуығы ауылдан келген болатын. Олардың туындыларындағы басты тұлға да сол — ауыл адамдары. Сонда біз туған жерді қалай ұмытамыз?
Қазақи ұғымға келетін болсақ, ұлттық болмысымыз туралы сөз қозғайтын болсақ, ауылды айтпай отыра алмаймыз. Өйткені, қазақ үшін ауыл – қасиетті табалдырық. Әрбір қазақ үшін ауылдан ыстық жер жоқ бұл дүниеде.
Ал, қайталап, айтсақ қазір ауылдан күй кетті. Ауылды арақ жайлап барады. Ауылда немқұрайлылық, немкеттілік төрге шықты. Әрине, көпке топырақ шашып отырғанымыз жоқ. Әйтседе, романдағы жан айқай әлі сол жан айқай. Ауылда Жұрынбайлар бұрынғыдан да көбейіп кетті. Бастықтың есігін теуіп ашатын алпауыттар бүгінгі байлығын маңдай терімен тапқан жоқ. Өтпелі кезеңде орайын тапқандар. Ауылдағы Жұрынбайлардың қазіргі қулығына найза бойламайды. Бұрынғы ортақ меншіктегі жер, мал, құрылыс, техникалық құрал-жабдықтар солардың қолына тегін тиді. Ал, осы талапайдан ұлтарақтай жер тиген кембағал ағайын қаржы болмағандықтан сол болмашының өзін игере алмай отыр.
Ал, ел, жер деп еңіреген Тұрарбектер ше? Әлі еңіреп жүр. Ертерек “оңы-солын таныған” оның көп қатарлары Жұрынбайларға ілесіп кетті… Байып алып, басқа әнге көшті. Сонда мұны қалай түсінеміз? Ауыл азып бара жатқан жоқ па? Апырай, ауыл азса, қазақ қазақ болудан қалмай ма? Тамыры шіріген ағаш сияқты күндердің күнінде опырылып түспей ме? Жоқ, ол күндерді құдай бізге көрсетпесін.
Мүмкін емес, ауылдың азуы мүмкін емес. Қазақ үшін ауыл – қара шаңырақ, алтын бесік! Ендеше, ауылдан айрылмауымыз керек! Қалай, қайтіп? Роман-дилогияның авторы ойландыратын — осы сұрақ. Кезінде қаламгерлер ауыл құриды деп жаза алмады. Жазса, су түбіне кетер едік. Сондықтан күдігін, жүректегі жарасын бүркемелеп айтты. Ертең ауылға ие болатын осылар деп Тұрарбектерге сенді. Көкейдегі күдікті жанамалап болса да солардың аузымен жеткізбеді.
Бүгін осыны ойлағанда “апырай, жазғаны жақсы болған екен” деп шүкіршілік етесіз. Өйткені, қазақ қазақ болғалы қаланы некен-саяқ салса да, зәулім сарайларға сақтықпен қараса да, ұшы-қиырсыз даланы қолдан бермеген. Сол жолда қан төккен, тер төккен. Көп қазақтың күні бүгінге дейін қалада тынысы тарылатыны сияқты. Жас келіннің отауындай шаһар төрінде үлде мен бүлдеге оранып отырса да даланы аңсайтыны, ауылды сағынатыны да рас. Ендеше, өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы қазақ ауылының тыныс-тіршілігін толғаған роман-дилогия бүгін де қазақ әдебиеті дейтін дінаман лектің қатарында.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *