Күтумен кешкен ғұмыр
Б.Нұржекеев
Бексұлтан Нұржекеевтің “Күтумен кешкен ғұмыр” романы қазақ халқының өткен өмір шындығын, ХХ ғасыр басындағы қазақтың рухани тынысын өзек еткен туынды. Роман “Ойда жоқта ұшырасқан келіншек”, “Тағы да ойда жоқта ұшырасқан басқа келіншек”, “Жайма базардағы жолығыс”, “Қыз алып қашу”, “Үзілмей келе жатқан үміт”, “Отыз тоғыз жыл өткенде” деген бөлімдерден тұрады. Романда өнер адамдарының өзара қарым-қатынасы, жастарды өнерге баулудағы ақын-әншілердің рөлі нанымды бейнеленеді.
Романның басты кейіпкері Әтіке жастайынан өнер қуған, ән айтқанда даусында зәредей міні жоқ әнші болып танылады. Жазушы Әтікедей әншінің қайталанбас, дара бейнесін жасаған дей аламыз. Қаһарманның әлеуметтік ортасы, басқа өнер адамдарымен байланысы туралы мағлұмат көп, әншінің шаттығы, қайғысы соншалықты әсерлі, көп хиқаялар айтылып, құрғақ әңгіме күйінде емес, сәйкес бояулармен суреттеуде қаламгер даралық танытады.
“Күтумен кешкен ғұмырдың” авторы даланың қарапайым тіршілігін, сахараның өз заңдылықтарын жақсы біледі деуге болады. Бірақ бұл романда байқалған кемшін тұсы — өнер тақырыбында жазылған басқа шығармалардың көлеңкесінде қалып, тың қаһармандарға, оқиғаларға жаңаша көзқараспен баға беру жағы жетіспейтін сияқты.
Дегенмен, шығарма ішінде кейіпкерлер ісі мен әрекеті оқушыны әсерлендіріп, қаһарманның дара мінезінің ашылуы, ішкі толғанысынан көрініп отырады. Жас әнші Әтікенің сый-сияпатының олқы, атағының ауыл үйден аспай жүргендігін білген Айсары болыс әншінің өз аулына көшіп келіп, өнерін жәрмеңкеде көрсетіп, жұрт жинауға көмектесетініне уәде алып, болыс сый-сияпатты аямай беріп, көндіреді. Айсарының айтқан сөздері алтынның буындай әсер еткенін жазушы былай суреттейді: “Қалай қарғып тұрғанын Әтіке өзі әлі түсінбейді. Әйтеуір, мұны Айсарының сөзі сиқырдай арбады. Шат сезім шалқыған өрттей лап қойып, ой-санасын қуаныш тасқынымен көміп тастады. Басы мен аяғын бірден болжай қою да қиын, әйткенмен өңі түгіл, түсіне де кірмеген үлкен бір бақ-дәулеттің басына қонғалы тұрғанын анық түсінді. Болыс екеуі төс қағыстырып, бір қауым тұрды. Жұрт дабыра болып, баталы сөздер борап кетті. Ғұмыры көрмеген қошеметтен Әтікенің басы айналды. Көз алдындағы сый-құрмет көңіліне сыймай, осының бәрі өңі екеніне сенер-сенбес дүдәмал халден көпке дейін айыға алмады.”,- осы сезімнен ата қонысы Аққайқыға жеткенде ғана көңілі ойран-ботқа болып бұзылып, атақтың буы ақылынан алжастырғанын әнші бірақ түсінеді.
Романда Жайту деген кейіпкер бар. Оның іс-әрекеті бөлек, жан шошитын әрекеттер жасайды. Әтіке Қайныкешті алып қашып келе жатқанда, артынан қуып жетіп, тартып әкетеді. Қызды өз інісі Байтуға апарып беріп, жайбарақат ұйқыға кеткенде бір топ жігіт қызды тартып әкетеді. Жайтудың алты жасар баласы Төребек болған жайды хабарлай келгенде кісі жаны түршігерлік оқиға болғаны былай суреттеледі:
“- Байту ағамның басын жарып, әкелген қызын тартып әкетті. Жайтуға баласының жүзі жадырап тұрғандай көрінді.
— Жетесіз ит, шүйінші сұрап келдің бе менен?
Байтудың барып ит терісін басына қаптағысы келді. Оған деген ызасы шегіне жетті. Жолында тұрған Төребекті жағасынан алып жұлқып лақтырып жіберді. Адымдай беріп арт жағында әлдененің бырш ете қалғанын естіді. Қарағысы келмей қасарысып, қырын ғана көз салды. Аяқ-қолын бауырына жия алмай, өңкиген қара тастың үстінде Төребек сұлқ жатыр екен. Жүгіріп барып бас сала жаздады. Жылап бара жатқан жүрегін зыр ете қалған суық ой сап тоқтатты. …
Ішіндегі удай өкінішті басу үшін де барынша ақырды:
-Аттан! Өлтіріп кетті! Қанға қан! Қан!”.
Бұл оқиғаның тарихи негізі болмаса да автор қиялының жемісі нанымды шыққан деуге болады. Қиын-қыстау кезеңде өз баласын өзі өлтіріп алған Жайтудың тоңмойындығынан туындаған жантүршігерлік әрекеттер бұдан кейін де романда өрби түседі. Әтікенің жоғалып кетуі, Сейітбатталдың кісі қолынан өлуі Жайтудың тікелей қатысуымен жүзеге асырылады.
Бұл роман барысында автор табиғатты суреттеуде қаһарман жан- дүниесіне үңіле отырып, дербес өмір суреті мен табиғат заңдарының сипатын орайластыра суреттейді. Туып-өскен жерін топ жылқыға айырбастаған Әтіке әнші үшін дүние тар қыспақ, тау да, ағынды су да тарылып кеткендей әсер етеді.
“Еңсеңді басып келе жатқан екі бүйірдегі жақпар таулар кенет үркіп кеткендей, кеудесін кейін тартып ала қояды. Содан кейін-ақ ілгерілеген сайын таулар шалқая қашып, қашақтаған төбелері аласарып, айналаң ашылып сала береді. Бірте-бірте жол таудың сағасына қарай тырмысып, өрлей келе сай табаны жайдақтап, келе- келе алдыңнан дөңгеленген кең жазық шығады”,- бұл тұста табиғат суреті мен кейіпкердің күйініші күрсініс деміндей әсер береді.
Шығарманың тағы бір орталық кейіпкері – Қайныкеш. Оның тағдыры қым-қиғаш, тағдыр сынына шыныққан, өмір шындығынан ойып алынған бейне. Қайныкештің таза махаббаты, Әтікемен қашуының өзі саналы батылдығы деуге болады. Қайныкеш өмір бойы Әтікеге деген махаббатты, құштарлықты аңсаумен ғана өтеді. Өмірдің қызығы бала болса, сол баланы сүйгенінен емес, өзін зорлап қосылған адамнан сүйеді. Тағдыр тәлкегіне көнбіс әйел қартайғанда өмір дағдысын өзгертіп, қырық жыл бойы аңсаған адамды көруді армандауында анау айтқан ерсілік жоқ сияқты болып көрінеді: “Қырық жыл тірі деп күтіп өлі екеніне енді ғана көзі жеткеніне өкінді. Ағыл- тегіл егіліп жыласам мына үнсіздіктен сол жеңіл болар деп ойлады. Өйтіп жылауға ұяты жібермеді. Жұрттың оны ерсі көретінін түсінді. Көз жасын үнсіз ғана ұрлана сүртті. Мұнша жыл күтіп, мұнша жыл үміттеніп содан өзіне әл-қуат алып жүрген қария жүрек біресе жиілеп соғып, біресе тоқтап қала жаздап, жүрісінен жаңылған жорғадай шоқырақтап кетті”- деген түйіннен Қайныкеш тұлғасының жан-жақты ашылғанын көреміз.
Тағы бір ескеретін жай романда Айсары болыс пен Үмбетей қажы портреттері сәтті шыққан деуге әбден болатын сияқты. Айсары романның ішінде қоғамға пайдасы бар, өнерді түсінетін, өнерпаздардың жанашыры ретінде көрінеді: “Әлденеге іштей түйіліп, екі беті бұртиыңқырап, шегір көздері сыр бүгіп кісінің бетіне сырғи қарайды. Онсыз да аласа бойы төртбақ тартып, кейпі тап бір бейқам торғайды бас салғалы жиырыла қалған әбжіл мысық тәрізді. Шегір көздері қараған кісісіне шегедей қадалады. Денесінің толықтығы мен бойының быртықтығын жүзінің өткірлігі басып, байқатпайды тіпті. Төңірегіндегілер бүкшие бұғып, еңкіш тартып оның аласалығын тым аңғарта бермеуге де тырысатын секілді”, — деген жолдардан елдің атын екінің бірі шығара бермейтінін түсінген Айсары болыс Әтікенің өз елін тастап көшіп келуін өтінуінде үлкен мән бар екені түсінікті жайт.
“Күтумен кешкен ғұмыр” романында Қошқар руының бірден-бір белді, беделді адамы, біреуді қарпып, біреуді тарпып өмір сүріп келе жатқан Үмбетей қажы портреті сәтті жасалған. “Қажының қазіргі тұрқы төбенің үстіне қадап қойған қарақшы тастан аумайды: серейген күйі сіресіпті де қалапты. Үмбетей – денесі зор, еңселі кісі. Бет әлпетінің өзі кішігірім баланың төсіндей. Жақ сүйектері де жөушенді кісінің жауырын қақпағындай жап-жалпақ. Сынған тостағанның қақ жартысы құсап қабақтары үңірейіп шүңет көзін шым тереңде жатқандай қарауытып көрсетеді. Бүкіл бітім тұлғасының ірілігі көз алдыңа алқ-салқ еткен атан түйені елестетеді”,- деген жолдардан бедел салмағын өзі де білетін қажының бейнесін жасауда жазушы жасандылыққа бармай, қайсыбір кемшіліктері мен осал жақтарын да қалт жібермей, шүбә тудырмайтындай етіп кескіндеген деуге болады.
Б.Нұржекеевтің “Күтумен кешкен ғұмыр” романы өнер тақырыбына арналған, екі адам арасындағы махаббат тақырыбын өзек еткен өмір бойы сүйгенін бір көруді армандап өткен әйелдің құнды моральдық-адамгершілік қасиетін сәтті суреттеген шығарма.