Жігер
Н.Ғабдуллин
1927 жылы 26 желтоқсанда бұрынғы Көкшетау облысы, Рузаев ауданы, Шұқыркөл ауылында дүниеге келген. Жазушы, әдебиет зерттеушісі. 1964 жылы “Ғабит Мүсірепов драматургиясы” атты тақырыпта кандидаттық диссертация, 1973 жылы “Қазіргі қазақ әдебиетінде жаңа адамды бейнелеу проблемалары” атты докторлық диссертация қорғады. 1975 жылдан бастап профессор. 1950 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. 1950-1962 жылдар арасында “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетінде, “Қазақ әдебиеті” газетінде жұмыс істеді, “Жұлдыз” журналында бөлім меңгерушісі болды. 1962-1963 жылдары Алматы шет тілдері институтында аға оқытушы болып жұмыс атқарды. 1964-1970 жылдары “Қазақ әдебиеті” газеті бас редакторының орынбасары, бар редакторы болды. 1969 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Алматы мемлекеттік университетінде қызмет атқарады.
1949 жылы “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінде “Алтын жұлдызды студент” атты алғашқы очеркі жарияланды. Нығмен Ғабдуллиннің “Менің достарым” (1951), “Жаңа таныстар” (1955), “Құрбылар” (1956), “Гүл” (1959), “Қызыл дәурен” (1965), “Өмір қымбатсың маған” (1966), “Сарғайған жапырақ” (1970), “Кейінгі толқын” (1976), “Өмірдің бұралаң жолдары” (1987), “Махаббат жыры” (1997) әңгіме, повестер жинақтары жарияланды. 1983 жылы Отан соғысы кезіндегі ауыл өмірі, қарапайым еңбек адамдарының еңбегі, биік адамгершілік қасиеттер суреттелген. “Жігер” романы қазақ интеллигенциясының жаңа сипатты жаңа өкілін суреттейтін “Біздің жігіт” романы 1990 жарыққа шықты. Э.Хемингуэйдің “Шал мен теңіз”, М.Шагинянның “Ульяновтар семьясы”, В.Быковтың “Альпі аңызы”, “Атар таңға аман жетсе” повестерін, Г.Марковтың “Жер құны” романын т.б. қазақ тіліне аударды. Өзінің жекелеген әңгімелері орыс, өзбек, тәжік, армян тілдеріне аударылды. Әдеби зерттеу ісімен де айналысып, көптеген әдеби сын мақалалар мен “Ғабит Мүсірепов – драматург” (1982), “Уақыт тынысы” (1981), “Замандас келбеті” (1972), “Шығарма арнауы – шындық” (1968) сын-зерттеу, монографиялық еңбектердің авторы.
Романдағы оқиға желісі: ауыл ақсақалы Жақып деген кісінің үш ұлы болады. 1941 жылы Жақып ақсақалдың екі ұлы қатарынан әскерге шақырылады да, кенже ұлы – он үш жасар Хайдар үйде әке-шешеге бас көз боп қалады.
Үлкен ұлы Мәжен – ертерек үйленген, әйелі Сәруәр – мінезі биязы, көп сөйлемейтін, орынсыз күлмейтін, әзіл оспаққа үйірлігі жоқ, жиырма алтыдағы сауыншы келіншек. Қолынан келмейтіні жоқ, киімді өзі пішіп, тіге біледі. Екеуінің бір ұлы бар, ол – бес жасар Сәлім. Екінші ұлы Сейтақ үйленгеніне бір ай болғаннан кейін майданға аттанған, келіншегі жиырмаға жаңа толған Мәуия – сүйкімді, келбетті, мінезі ашық әрі жайдары, өжет, пысық, айтқанынан қайтпайтын, беттегінен таймайтын қайсар. Сұңғақтау келген дене бітімі бар, сөйлеген кезінде екі бетінің ұшына сәл қызғылт бояу тарайтын, көзі күлімсіреген, бойында үйлесімді нәзіктік бар. Романдағы оқиға Жақып ақсақалдың үйіндегі ортаншы келіні Мәуияның босанып, шілдехана жасап жатқан жерінен басталады. Нәрестенің әкесі Сейтақтың елге аман-есен оралуын тілеп, сәбидің есімін Аманжол қояды. Бірақ қуаныш ұзаққа бармайды, келесі күні Сеқтақтың кескілескен ұрыста ерлікпен қаза тапқанын жазған жолдастарынан хат келеді. Одан кейінгі оқиға шегініс арқылы беріліп, Мәуия мен Сейтақтың алғаш қалай кездескені, бір- біріне деген сезімін қалай жеткізгені баяндалады. Кейін Жақып ақсақал Мәуияның ата-анасымен сөйлесіп, құда түсіп қайтады да, артынша бірнеше күннен кейін Мәуия келін болып түседі. Соғыс басталған жылы екеуі де шөп жинау жұмысында жүреді. Сейтақ – сырмашы, Мәуия сырма сүйрейтін өгіздерді жетелейтін. Соғыс туралы суық хабарды бригадир Қабен жеткізеді. Бір аптадан кейін әскерге шақыру қағазын Сейтақ та алады. Ауыл жігіттерімен бірге майданға аттанады. Сейтақ әскери жаттығуда жүргенде, өздерінің К. Қаласына келіп тоқтағанын, бұл жерде екі аптадай болатынын ескертіп хат жазады.
Мәуия жарын көріп қайтуға ата-енесінен рұқсат сұрап, қайнысы Хайдар екеуі қалаға келсе, Сейтақ үш күн бұрын майданға аттанып кетеді, бірақ аз уақыт ішінде араласып, туыстай болып кеткен Сейтақтың досы Жәнібекке жолығады. Жәнібек балалар үйінде тәрбиеленген, жаттығуда жүргенде соқыр ішекпен ауырып, госпитальға түсіп, өз тобынан қалып қойған жауынгер. Ол Мәуияларға үй тауып беріп, көмек көрсетеді.
Ауылдың шетіндегі көк қоңылтыр шатырлы үйде тұратын Жағыпар деген кісі Мәуияға сыртынан ынтық. Ол колхоз қоймасының бастығы, қалтасында бір уыс кілт жүреді. Әйелі Қатшамен туған нағашысының ұлы үйленіп, соған барғанда танысып, отау тіккен. Сұңғақ бойлы, аққұбаша келген Қатша оған ұнап, бір-екі кездесуден кейін үйленіп алған. Бірақ бұлардың отбасылық өмірі жарасымды қалыптаспады. Алғашқы айдан-ақ ол Қатшаның басынан үлкен мін тауып, Қатшаға үйленгеніне өкіне бастаған. Әйелінің көзі қыли екен, кезінде байқамаған. Қатша көзінің қылилығын байқатпау үшін, кісімен сөйлескенде басын бір жағына қарай қисайтып бұра береді. Екеуінің арасындағы салқындық ұлғайа берді, әрі үйленгендеріне жылдан асса да балалары болмады. Жағыпардың ойында “Қазір еркектің қадірі артып тұрған уақыт емес пе, басы бос қыз да көп, қатын да көп. Біреуіне сөз салсам жабыса кетпей ме етегіме… Таңдап тұрып алмаймын ба марқасқасын!”. Оның ойында Мәуия. Шіркін, Мәуияға қолым жетсе…
“Айнакөл” колхозы деп аталатын бұл ауылда жүз қаралы үй бар. Ауылдың іргесінде дөп-дөңгелек үлкен шар айна секілді көл бар. 1929 жылы жаңа ұжымдасқан колхоз осы көлдің шығыс жағынан қоныс салып, аты осы көлдің атымен аталады. Колхоз бригадирі Қабен әскери комиссариатқа барып келе салысымен колхоз жиылысын шақырып, өзінің әскерге кететінін хабарлап, орнына адам сайлауын колхозшылардан сұрайды. Колхозшылар Қабеннің өзіне сеніп, кімнің қолынан не келетінін өзің жақсы білесің, сол адамды өзің ата, біз қарсылық етпейміз дейді. Қабен көп ойланып отырып, бригадирлікке Мәуияның лайық екенін айтады. Келесі күні өзі майданға аттанып кетеді де, жұмыс тізгініне Мәуия ие болып қалады.
Мәуия көктемгі егіс, шөп шабу, егін орағы сияқты негізгі жұмыстар мен шаруашылықтағы қосалқы жұмыстардың барлығын игеріп әкетеді, колхозшыларға рет-ретімен жұмыстар бөліп берді. Даладағы жұмысқа шыққысы келмейтін Мәуияның нағашы апасы ……..болды. Ол туыстығын бұлдап, әрі үш балалы әйелмін, осындай суықта далаға көшіп баратын жағдайым жоқ дейді, оған Мәуия, елдің басындағы жағдайдың қиын екенін айтып, егер жұмысқа шықпаса, туыстығына қарамай, жаза қолданатынын айтады. Осындай бригадирдің ауыр жұмысын атқарып, үйдегі оны-мұны шаруаларды реттеп, күнде кеш жатып, ерте оянады. Сондай күндердің бірінде, түнде терезе тырсылынан оянып кетеді. Терезеге барса әскери шинель киген, иығына асқан жол қапшығы бар әскери адамды көреді. Ол: “Сейтақтың үйі осы ма?” – деп сұрайды. Дауыс таныс секілді, есікті ашса баяғы Мәуия мен Хайдардың Сейтаққа жолығамыз деп К. Қаласына арнап барған сапарында екеуіне Сейтақтың жөнін айтқан Жәнібек екен. Жәнібек Сейтақтан қара қағаз келгенін білмейді, оған Жақып ақсақал естіртеді. Жәнібек ол үйде көп тұра алмайды да, ауыл шетінде тұратын жалғыз үйлі украин шалы Корней қарттың үйіне орналасады.
Мәуия қос басында жүргенде Маржанкүлдің кішкентай қызына суық тиіп ауырып қалады, Мәуия өзі мініп жүрген атын беріп, дәрігерге жіберіп, ауруханаға жатуына көмектеседі. Өзі үйіне кеш жетіп келе жатып, баласын ойлады, аяғын тәй-тәй басып қашан жүреді, “тез өсші, тез ер жетші” деп ойланып келе жатқанда, жолдың жиегінен қараңдап қозғалған біреудің тұлғасын көреді, сөйтсе Жағыпар екен. Ол Мәуияға деген көңілін білдіреді. Мәуия оны атымен қаға, жауап бермей өте шығады. Мәуияның жауап бермегеніне дәмелі болып қалған Жағыпар түнде Мәуияның үйіне келеді, Мәуияның терезесінің шам жарығының өшуін күтеді, келіншектің өзімен кездесуге сыртқа шығады деп ойлайды. Тағаты таусылған ол үйдің терезесіне қарай жақындай бергенде, оң жақ бұрыштан ит ырылдап жібермейді. Ертесіне балалар ши түбінде өліп жатқан қара төбетті көреді.
Жәнібек пен Корней шалдың арасындағы қарым-қатынас достыққа, туыстыққа ұласады. Жәнібек колхоз бастығы Таутанға барып, өзіне жұмыс беруін сұрайды. Таутан оны өзіне орынбасар етіп алады. Жағыпар Таутанды қонаққа шақырып, көзіне түсіп, сол орыннан дәметіп жүретін. Екеуі ол Жәнібектің соңына түсіп, қаңғып келген жетімнің ініне су құю керек деп ойлайды, ол жай келген жоқ, Мәуияның соңынан келді деп тұжырымдайды, қызғаныш оты оянады.
Мектептегі балаларды колхозға көмектесуге босатады. Хайдар жұмысты жақсы істейді. Ересек кісілердің орнына кеп жұмыс істеу, үлкендердің ауыр жүгін арқалау – жасөспірім балалардың топшысын ертерек қайтарумен қатар, ақыл-санасын да есейте береді. Жақып ақсақал оның жұмысты жақсы атқарғанына айырықша қуанады. Алдыңғы екі ұлы да әке абыройына дақ түсірмеген, Хайдарға көп алаңдайтын. Себебі бір рет педкеңеске шақырылып, ұялғаны бар. Ондағы кінәнің себебі: қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім майданға аттанып, орнына жаңа адам келген. Ол бойы мықыр, арқасы құныс, кеудесі кемтар кісі. Хайдар қасында отырған балаға жазуы да өзі сияқты екен деп сыбырлап қалады. Ол күледі. Мұғалім ашуланады, анау сықылықтаған бойы сыныптан шыға жөнеледі. Екеуі қарқылдап күледі, оларға қосылып, бүкіл оқушы күледі. Келесі қылығы жаңағы мұғалімге Хайдар сықақтап өлең шығарады. Кейін мұғалім басқа мектепке ауысып кетеді.
Жәнібек колхоз жұмысын жан-тәнімен атқарады. Корней ақсақалдың досы қайтыс болып, үйде екі жетім қызы қалады. Үлкені Хадиша жасық емес, бір үйді ұстап отырады. Жәнібек әкесі өлгенде бір пұт ұн, біраз ет бергізеді. Жағыпар оны өзіне түртіп алады. Жағыпар әскерден келген Мәженге өсек айтып, Жәнібектің Мәуиямен сөйлесіп тұрғанын жеткізіп, екеуінің арасында бірдеңе бар деп ескертеді. Сеніп қалған Мәжен Жәнібекке қатты-қатты сөздер айтады, Жағыпардың осыларды ұйымдастырып жүрген себебі, Жәнібек бір арба бидайды қоймадан ұрлап, үйіне апара жатқан үстінен түскенін, араға Хадиша түсіп, сотталып кетуден аман қалған болатын. Өмірдің жолы – бұралаң, Жақыптың майданда жүрген үлкен ұлы Мәженнің әйелі Сәруар ауыл кеңесінің секретары Әубәкірден екі қабат болып қалып, ұл туады. Ел ол жігітті көккөз деп атаған. Жасы әлі де отызға тола қоймаған, бірақ ерте семірген, әскерге көзінде ақауы бар деп бармай қалған мақтанды сүйетін, көсемсіп сөйлейтін жігіт. Маржанкүл Мәуияға абысынының екіқабат адамға ұқсайтынын айтады. Мәуия сенгісі келмейді. Сәруар баланы түсіру үшін бірнеше амал жасайды, бірақ одан нәтиже болмайды, суық жаңбырлы күні шоқ ағаштың түбінде туып жатқан өзінің келіні Сәруарды Жақып ақсақал тауып алады. Сәруар өзін-өзі өлтіруге қайыңның түбіне арқан алып келген болатын, бірақ осы жерде туып қалады. Күйеуі Мәжен майданда қолынан жараланып, ол қолы илікпейтін, икемге келмейтін жағдайға жеткен соң әскерден босанып, үйіне келеді. Үйінде Сәруарды көреді, жылап көріседі, Сәруар ешнәрсе айта алмай құр жылай береді. Бір кезде нәрестенің жылағанын естиді. Баланы Сәруардың туғанын біліп, үйінен кетіп қалады да, әке-шешесімен бірге тұрып жүреді. Ұлы Сәлім әкесінің қасында болады, бірақ ол өзі үйіне барып, бірге тұрайық деп сұрайды. Мәжен үйіне бармайды. Сәруар шөп тасып жүргенде, шана аударылып, қайтыс болады. Мәжен өз ұлы Сәлім мен Сәруардың туып алған баласын асырап қалады.
Жәнібекке көңілі кеткен Хадиша, жігіттен қарсылық сөз естігеннен кейін Жағыпарға күйеуге шығады. Жағыпар Жәнібекке қарсы шығуын қоймайды. Жәнібек Мәуияға көңіл білдіреді. Бірақ Мәуия өзінің балалы әйел, ал оның үйленбеген жігіт екенін ескертіп, оған күйеуге шықпайтынын айтады. Жәнібек басқа колхозға ауысып кетеді.