Жібек жолы Д.Досжан

Жібек жолы
Д.Досжан

Дүкенбай Досжан (09.09.1942) – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың (1996), Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты (1987).
Алғашқы өлеңі 15 жасында жарық көрді. Содан бері 8 роман, 18 хикаят, 100-дің үстінде әңгіме жазды. Күн сайын қаламға жүгіну мінезіне, сөзбен сурет салу кәсіби шеберлігіне айналған. Д.Досжан “Отырар”, “Фараби”, “Жібек жолы” шығармалары арқылы “тарихи тақырыптың пионері” (М.Шаханов) аталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алпыс жылдай жабулы архивіне алғаш енген Дүкенбай Досжан нәтижесінде сот құжаттары желісімен “Абақты” (1992) және желтоқсан қырғынының қанды ізімен “Алаң” (1993) дерекнама кітаптарын жазды.
Зерттеушілер Д.Досжан шығармашылығын үш салаға бөліп талдап жүр. Бірінші: көне ғасыр қойнауынан ер түрік аруағын көтерген 60-шы жылдар басындағы тарихи кітаптары. Бұған “Жібек жолы”, “Отырар”, “Фараби” шығармалары жатады. Екінші: бодандық бұғау мен шенеуніктер езгісі зардабынан мінез экологиясына ұшыраған өмірі зая ұрпақтар образдарының галереясы “Зауал”, “Дария”, “Табалдырығыңа табын”, “Жолбарыстың сүрлеуі”, “Кісі ақысы” кітабынан табылады. Үшінші: ғажайып адамдар өмірін көркем тілмен сөйлеткен сериялар тобына “Мұхтар жолы” (1988), “Абай айнасы” (1994), “Алыптың азабы” (1997) атты кітаптары енеді. Дүкенбай Досжан дүниесі суретпен, ешкімге ұқсамас өзіндік бояу-белгімен көреді; оқиғаны ой ағыны, кейіпкердің жан толғанысы, сезім шырғалаңы арқылы суреттеуге машық.
Әдебиетшілердің әр жылдарда жазушыға қаратып айтқан: “Қазақ әдебиетінің шежіреші Бальзагі” , “адам жанының қилы қатпарына еркін бойлап бара алатын, көзіне шалынған түймедейден түйедей ой түюге кәнігі автор бір шығармадар келесі шығармаға үнемі баспалдақтап өсумен келеді”, “архивпен жұмыс істеуге, ғажайып адамдар ғұмырын зерттеуге көз майын сарқып, сұқ саусағы сүйелденген ізденімпаздығына тәнтіміз” деген пікірлері кітапсүйер қауымға кеңінен мәлім.
Д.Досжан 1974 жылы “Трудный шаг” кітабы үшін “Молодая гвардия” баспасының “осы заманғы жақсы роман” сыйлығын иеленді. 1988 жылы Украинаның “Днепро” баспасының “Жібек жолы” романы үшін “тарихи тақырыптағы жақсы кітап” сыйлығын алды. Суреткердің есімі АҚШ-тың “Әдебиет және өнер адамдары” энциклопедиясының 2- ші томына, қазақ энциклопедиясының (бірінші басылымы) 4-ші томына, Абай энциклопедиясына енген.
“Екі дүние есігі” – Юнеско құзырына іліккен Түркістан қаласының тарихын, сондағы Қожа Ахмет Ясауи ғимаратының салыну жай- жапсарын мейлінше мол қамтыған тұңғыш дерекнама. Бес ғасыр көлемінде сәулет ғажайыбы туралы қалам тербеген Шереф ед-Дин әл- Әзди, Ғийасаддин Әлиден бастап Диваев, Марғұланға дейінгі жиырмадай автордың еңбектері салыстырыла сөйленеді. Ғимараттың біздің заманға тозбай жетуін межелеп қалдырған Әмір Темірдің “Иелік қағазы” толымды зерттеледі.
Д.Досжан аса бай архивтің иесі. Абай, Әуезов, Есенберлин туралы ғұмырнамалық шығармаларын жазған кезінде бұрын зерттеушілер назарына ілікпеген, баспа бетін көрмеген Омбы, Қазан, Ташкент архивтерінің қызықты, ауқымды деректері алғаш рет пайдаланылды. Мұның үстіне Сағынай би, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Науан хазірет, Паң Нұрмағамбет секілді тұлғалардың соңында қалған қолжазба шежірелері – алтын қазынасына парапар. Әйгілі қаламдастардың өзіне тіреп жазған хаттары сақталған. Бес жүзге жуық замандастарының мінез қыры, тағдыр талайы түсірілген картотека жинақталған.
АҚШ-тың Герберт Гувер архив қоры, Ясная Полянадағы Толстой мұрағаттар иесі, шетел баспагерлері, әдебиетшілерімен үзбей хат жазысып тұрады.
Президентіміз Н.Назарбаев 1996 жылы 30 желтоқсанда Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын тапсырып тұріп: “Әдебиетке және өнерге өз үлесін мол қосып, кәсіби, қоғамдық деңгейде көпшілікті мойындатып қана қоймай, шет елге де есімі танылған таланттар, яғни табиғи дарынымен қоса жоғары кәсіби табыстарға жетіп үлгерген композиторлар, жазушылар, әртістер – қоғамымыздың асыл байлығы” (“Егемен Қазақстан” , 1996 жыл 31 желтоқсан) деп атап көрсеткен мәртебелі тізімде Д.Досжанның есімі болды. Суреткер әлденеше марапаттың иегері.
Кітап Палатасының мәліметі бойынша Д.Досжан кітаптары осы күнге дейін 3 миллион 3 жүз мың таралыммен басылған, әлемнің 19 тілінде жеке жинақтары шыққан. 2 томдық таңдамалы шығармалары О.Сүлейменовтің алғысөзімен “Жазушы” баспасынан 1990 жылы жарық көрді.
Дүкенбай Досжан өзінің тарихи “Жібек жолы” романына шығармашылық үлкен ізденістер арқылы қиын әрі ұзақ жолмен жетті. Мұның басты себебі қаламгер бала кезінен қираған қала орнын жалаңаяқ кезіп, сол топырақтың ыстығы мен суығын жастайынан сезініп өсті, өлмейтін аңыз ертегілерін санасына мол сіңірді. Көне кітаптар куәлік бергеніндей, батысында Дунайға дейін, шығысында Балқаш көліне дейін, Қырымнан Еділдегі Бұлғарға дейін созылған кең алапты иеленген Дешті Қыпшақ ұлысы, оның гүлденуі мен құлдырауы жазушыны қаламгерлік жолайрықта әлдеқашан толғантқаны мәлім. “Фараби”, “Отырар” (1965) хикаяттары, “Құм жұтқан қалалар” (1967) атты кітапқа топтасқан тарихи очерктер тізбегі жазылды, автор бұларға іштей қанағттанбады, көне шежіре сүрлеуіне қолына шам алып түсті, архивтерді сүзді, 60-шы жылдар басындағы Отырар, Сығанақ қалаларының қазба жұмыстарына белсене қатынасты, байырғы қыпшақ қалаларының құлаған қорғандарын ерсілі-қарсылы аралап өтті, көнекөз қариялармен жүздесіп, аңыз бен әңгімелерді жазып алды. Деректі дүниелерді молынан жинақтап алғаннан кейін, бәр-бәрін ойша топшылаған ол өзінің шығармашылық ғұмырындағы ең негізгі кітаптарының бірін жазуға отырды да – оған он жыл тер төгіп еңбектенді.
“Жібек жолы” романын шындығында шартты түрде ғана тарихи шығарма деп атаған болар едік. Өйткені негізгі екі-үш кейіпкерден басқасы автордың қиялынан туған, әрі роман сұлбасы көбіне ойдан шығарылған қияли – философиялық желіге құрылған. Романның тұтас бітім-болмысы ұлтымыздың тарихи трагедиясының, дәлірек айтқанда қазіргі қазақтардың тағдыр көлеңкесіне айналған қайғысы — өмірі бітпейтін билік таласы, ру, жер дауы, жесір дауы, тағысын тағылар деп есептейтін авторлық тұжырымға табан тіреген.
Оқырманның көз алдына алғашқы беттен-ақ қыпшақтың шалқар даласындай кең көрініс, кезеңді оқиға ашылады. Таңғы намазға шақырған азаншының үніне ұйыған Отырар қаласы. Алтын мен жібекее малынған хан сарайында жас ақын Хисамеддин Отырардың әкімі Иланшы Қадырханға ширатпа шежіредегі шабытты жырларды дестелей оқиды. Жібек жолмен шығыстан батысқа, батыстан шығысқа үзбей шұбап жатқан көпестердің, кезбелердің, елшілердің, жансыздар мен шабарманның тізбегі үзіліп бітер емес. Құт-береке дарыған өңірді өңдеп жатқан еңбекқор диқан. Інжу жағасында саз балшықты илеп, ғаламат берік қыш құйып оны отқа өртеп жатқан сунақтар, есімі беймағлұм сәулетші уақытқа бас имейтін, күнге күймейтін, желге мүжілмейтін ғажайып кесенелер мен сарайларды қыштан қалап тұрғызумен әуре.
Жасыл белес көсегенің баурайында әскери жаттығу жасап жатқан батырлар, Әл-Фарабидің тастан соғылған кітапханасында шау тартқан шежіреші қарт Әнет баба даусы күңгірлей естіліп, жер жүзінің шартарабынан жиналған кітап пен шежірелер тізілген ширатпа қолжазбаны күңірене оқиды. Дана билеушінің айрықша мақтанып, қызғыштай қоритыны да осы қолжазбалар еді.
Мәңгі мазасыз, ұлаңғайыр әлемде тыныштық орнады. Бірақ, бұл алдамшы тыныштық, қасіретке толы зар заман алда. Бір-біріне деген адалдығымен тыныш өмірді сақтайтындарына ант-су ішіп, хан ордасында Отырар әмірінің оң көзі Исмаил ғалым шығыс қағанының елшісімен төс қағыстырады, бірақ осы кезде Атрабат даласында қапталы қанға бөккен, ердің алдыңғы қасына қос дабыл іліп бос қоя берген иесіз аттың қаңғып келе жатқаны аза бойыңды қаза тұрғызғандай. Айдалада арындаған сәйгүлік жаманшылық хабаршысындай, халық қасіретінің символындай елес береді.
Базарлап қайнап, Отырар, Сығанақ, Тараз, Испиджаб шаһарлары алуан тілде сөйлеген у-дудан жаңғырып тұрғанда соғыстың зұлым рухы – Тәңірі жіберген Сүлде осы өңірде айналшықтап жүргендей. Аса мол маңғол қолының табанына тапталған Керулен даласы дүрлігіп жатты, сұрапыл жойқын ұрыстардан, жекпе-жек шайқастан аспан асты жаңғырықты: алтын шатырда отырған мысық мұрт, қабылан көз жиһангер: “Мен – шығыстың жаналғышымын!.. әлемнің әміршісімін!” деп гүр-гүр етеді.
Роман оқиғасы өрбитін әуелгі желі осындай. Қыпшақ өркениетін күйреткен қайғылы хал әрі қарай жалғаса түседі.
“Жібек жолдың” беттерінде ежелден адам баласына тән күйініш- сүйініш сезім құбылыстары барща әсерімен көрінеді, мұнда тарихта болғаны, жазушы қиялынан туғаны бар: отыздай кейіпкер қатысса да, автор сол трагедиялық зұлмат кезіндегі халық тағдырын жіті қадағалап, сол кезеңдегі қоғами-әлеуметтік және тұрмыстық салт- сананы кең тыныспен қамти көрсетеді.
Жазушы оқырманды қыпшақтардың тұрмыс-тіршілігімен, әдет- ғұрып, ырым-жорасымен, өнерімен және кәсібімен ерінбей егжей- тегжейлі таныстырады; автор бірде тұтқын қыздардың тұрағы жер асты құжыраларына жіпсіз жетелеп алып кетсе, біресе бейнеті мол шетсіз-шексіз керуен жолымен сапар шеккізеді, енді бірде Үргеніште азғындай бастаған, байлықтан тасқан хандар мен бекзадалар халық тағдырын ойыншық етіп, ауыр тұрмыстан жапа шеккен бейшараларды мәңгі езгіге салып қою үшін зекет салықтың жаңа түрлерін ойлау тауып жатқан мемлекеттік кеңес – Дуан-арыз мәжілісінің куәсі болсаң; енді бірде өңкей жалған сөйлейтін жатжерлік жәдігөй елшілерді Отырар әкімінің қабылдағанына қайран қаламыз. Дарға асу, азаптау көріністерінен жанымыз түршіксе, ел еркелері: сыпа, сал, сері, масқарапаз, қомағайлардың іс-әрекеттеріне іштей риза болып, езу тартасыз; жауырынға қарап көріпкелдік болжам айтатын Жалаңаштың бейшаралағына, Бауыршық сұлтанның опасыздығына зығырданымыз қайнаса; сарбаз әйел Баршынның кіршіксіз махаббаты, көріпкел Ғаббастың даналығы, қыпшақ әміршісі Иланшы Қадырханның өз елінің қамын жеген парасатты көрегендігі, қайсарлығы және рухани күш- жігері оқырманды тебіренте түсері анық.
Осыншама қыруар тарихи оқиғалар іріктеліп, сұрыпталып, үлкен нысанаға келісті көркем тұжырымға бағындырылған, сондықтан да, А.В.Луначарский: “бір жерге үйе салған болымыс тозаңы” тәрізді әсер қалдырмайды. М.Горький: “Өз бабаларын білген ұрпақ – жақсы қаруланған ұрпақ” дегендей “Жібек жолы” романының танымдық және тәрбиелік маңызы: өткенді айта отырып бүгінгіге өнегелі сөз жеткізу болмақшы.
Жатжерлік басқыншылармен ұзақ уақыт беріспей шайқасқан Отырар шаһарының қасіретті тағдыры романның негізгі желісі дедік.
Автор Отырар мен оның мәдениетінің құрып кеткен себебі тек қана Шыңғысхан түмендерінің шапқыншылығы демейді: бұл ойды тереңдете түсіп, оның түп себебі халықтың басы бірікпеуі, ел басында отырған адамдардың азғындығы, өз бастарынан артылмауы, биік мұраттарды мансұқ етушілік дегенге көзімізді жеткізеді. Романист мынадай айдай ақиқатты есімізге салып отыр: бейбіт, жасампаз өмірге тек мейірбаншылықпен, тату-тәтті көршілік қатынаспен, туған жерге деген махаббатпен, адал еңбекпен ғана қол жеткізуге болады дегенді шегелейді.
Романдағы көптеген кейіпкерлерді Дүкенбай Досжан кесек қалпында, жанды бейне түрінде бере алған. Тарихи қазбагерлік, тілдік, этнографиялық экскурстар, суреттемелер, түйіндер нанымды әрі дәлелді көрінеді. Бұл жөнінде жазған тарихшы әдебиетшілер, сыншылар өз кезінде (А.Машанов, Б.Әлімжанов, Т.Тоқбергенов, К.Сыздықов, тағы басқалар) “Жібек жолы” романының көркемдік құндылығын бірауыздан мойындаған еді.
Роман композициялық жағынан мүлде жаңаша: аңыздар мен әуездер “түйін” деп аталған және олар шебер тілді авторлық ой ағынымен берілген; қираған Отырарды, сорабы жоғалып кеткен Жібек жолын жан-тәнімен тебірене жоқтаған лирикалық-философиялық ой ағыны ғажайып бір жасыл әлемге енгендей әсер қалдыратыны анық. Мұның үстіне сол заманның тыныс-тіршілігін қаз-қалпында көзге елестету үшін автор тосын, соны сөздер ойлап табады. Мысалға, хансарайдың әшекейлі еденіне өрген “мозайканы” – зертас, қыш құйып, оны отқа өртеушілерді – қышкер, барабанның ірі түрін – дабыл, кешегі өткен асыл сүйекті бабалардың кісілік қалпын бас-басына суреттей келіп – сал, сері, сыпа, софы машайық дегендерді көзге елестетердей жеке дара мінездеме беріп толымды суреттейді.
Тегінде жазушының оң жамбасына келіп, ғажайып бояумен шыншыл суреттейтін көркемдік әлемі – тарихи тақырып. “Жібек жолы” – таза тарихи тақырыпқа тұңғыш түскен – пионері деуге әбден келеді. Бүгінгі таңда дүниеге есімі мәшһүр көптеген қазақ қаламгерлері өздерін толғандырған тарихи тақырыпты Д.Досжаннан көп кейін бастағаны мәлім. Түптеп келгенде мәселе шығарманы кімнің қашан бастағаны, қалай аяқтағаны да болмас, бар гәп сол келелі тақырыпта қандай көркем тәсіл, қандай сөздік құрал, бояу-белгілермен бере білгендігі басты нысана болмақ. Бұл ретте қазақ прозасында “Жібек жолы” романының өзіндік ойып алар орны ерекше демекпіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *