ЖЕЛПІГІШ (Луиджи П.)

ЖЕЛПІГІШ

Тамыздың осынау қапырық тал түсінде үлкен алаң ортасындағы өңсіз де шаңды қалалық бақшада жүрген адам сирек. Тіпті, алаңды қоршаған биік сары үйлердің өзі де адам төзгісіз қапырықтан қаңырап қалғандай еді.
Тута кішкентай ұлын көтеріп қалалық баққа келді.
Көлеңкедегі орындықта кең қоңыр костюм киген арық шал отыр. Басына қол орамал тартып алыпты. Оның сыртынан уақыт дәрігейімен сарғайған панама қалпақ киген. Жеңін тап-тұйнақтай қылып түріп алған шал газет оқып отыр. Оның қасында басын қолына сүйеген жұмыссыз жігіт ұйқы соғып жатыр.
Шал ара-тұра газет оқуын тоқтатып май-май қалпағы әне— міне басынан түскелі тұрған көршісіне бұрылып қарап қояды. Шамасы, осы қазір құлайды деген қалпақтың әлдебір құдіретпен жерге түспеуі шалдың жүйкесіне тиетін де сияқты. Енді болмаса әлгі сайтан қалпақты жұлып алып, жерге бір-ақ ататын түрі бар. Бір күрсініп алып, шал төңіректе басқа орындық бар ма деген үмітпен жан-жағына алақтап қарап та қояды. Сәл жырақта сондай бір орындық тұрған-ды. Ал онда шал қараған сайын бір тісі жоқ аузын қайта-қайта ашып, есінегеннен басқа шаруасы жоқ семіз кемпір отырған-ды.
Күлімсіреген Тута аяғының ұшымен басып, ұйқыдағы жұмыссыз еркекке жақындады.Ол абайлап қана жігіттің қалпағын түзеген. Шу дегенде оған таң қала қараған шал ашуланып қабағын түйген.
— Құдай тілегіңізді берсін, синьор,-деген Тута шалға. Әрі ұйқыдағы жұмыссызға емес сол шалға жақсылық жасағандай тоқмейілси күлімсіреген. — Байғұс нәрестеге садақа беріңізші.
— Жоқ! — деп дүңк еткен шал (оның не үшін ашулы екенін кім біліпті?). Сөйтті де ол қайтадан газетіне үңілді.
— Әйтеуір арам өлмеспіз, — деп күрсінген Тута. — Құдай бізді де аяр.
Ол нашар киінген кемпірдің жанына отырып, бірден әңгімеге тартқан.
Тута таяуда ғана жиырмаға толған-ды. Бойы аласа, төсі үлкен, беті аппақ қардай әрі қос бұрым етілген шашын екі айырып тарайтын. Көздері болса, қулана жайнап тұр. Ара-тұра ернін тістелеп қояды. Кішкентай да қайқы танауының қусырылатыны тағы бар. Тута кемпірге өз қайғысын айта бастаған. Күйеуі…
Мұңыңды айтқын келсе, ерік өзіңде, бірақ мені алдаймын деп ойлама дегенді кемпір бірден ұқтырған.
— Заңды күйеуің бе?
— Шіркеуде некелескенбіз.
— Ә, шіркеуде ме?!
— Не, ол аз ба? Бәрібір күйеуім ғой.
— Жоқ, қызым. Ол имандылық емес.
— Неге имандылық емес?
— Солай, имандылық емес?
Ал кемпірдікі дұрыс еді. Олардың некесі ақталмаған. Таяуда Тутаның күйеуі одан құтылуға тырысып, Римге кетіп қалуға мәжбүр еткен. Сол жерден біреудің баласын емізіп, күнін көруге тиісті еді. Тутаның барғысы келмеген. Ұлы болса жеті айлық, бұған кім нәрестесін емізе қойсын?! Екі апта әлдебір делдалдың үйінде тұрды. Тұрақ пен тамағы үшін төлер ақшасы жоқ еді. Делдалдың әйелі болса, мұның мазасын ала бастаған.
Содан кейін-ақ Тутаның сүті тартылды. Қазір ол тіпті өз баласын да тойдыра алмайтын жағдайда. Делдалдың әйелі одан сырғасы мен қыстақтан ала шыққан заттарын тартып алды. Сөйтіп көшеде қалған.
Оған қыстаққа қайтуға болмайтын. Оралғысы да келмеді. Күйеуі бәрібір қуып жіберер еді. Енді не істеу керек? Жас нәрестесі аяқ-қолын бірдей байлап отыр. Ешкім оны тіпті күтуші етіп те алмайды.
Кемпір Тутаның әңгімесін сенімсіздене отырып тыңдады. Өзі де қара басының қайғысы туралы ешқандай ренішсіз баяндаған. Ара-тұра “білесің бе, қалжыңдап тұрған жоқпын” дегенді де қосып қояды. Тіпті, жымиып күлімсірегенін қайтесің?!
— Қай жақтың тумасы ең? — деп сұраған кемпір.
— Кореденмін.
Ол әлдебір қиырға ойлана көз салып отырды. Ол жақтан туған мекенінің сұлбасын көргендей ме-ау…
Сосын басын бір сілкіп қойып, нәрестеге қарап былай деген:
— Мынаны қайда жіберуім керек? Осындай тәтті балақанымды осы жерге тастап кетуім керек пе сонда?
Сөйтіп нәрестенің қолын алып қатты-қатты сүйген.
— О баста күнәкарлыққа барғансың ғой. Ендігі жылаудың қисыны қанша?!
— Күнәға барған мен бе? — жас ана кемпірге қараған. — Күнәға батсам, жазамды құдай берді. Ал жазықсыз нәрестенің кінәсі қанша? Жазығы не оның? Жоқ, құдай бәрін әділдікпен жасамайды. Олай болса, ақылсыз пенделерін сынға салу да қисынсыз. Бірдеме қылып күн көрерміз.
— Қайран өмір-ай! — деп күрсінген кемпір орнына әзер тұрған.
Оның сөзін естіген қастарынан ауыр денесіне таяқты сүйеніш етіп өтіп бара жатқан екінші бір кемпір:
— Көретінің қайғы ғана! — деп іліп әкетті. Нашар киінген кемпір боқташағының арасын ашып, аузы буылған қапшықтан нан алып бұған ұсынды:
— Мә, жейсің бе?
— Жегенде қандай! Құдайдың нұры жаусын саған,— деп жауап қатқан Тута.-Ақыры нанға да аузымыз тиді. Сенесің бе, таң атқалы нәр сызған жоқпыз.
Ол нанды екіге бөліп, үлкенін өзіне қалдырды, кішісін нәрестенің қызғылт саусақтарына ұстатпақ болған. Нәрестенің оны қысып ұстар ыңғайы байқалмайды.
— Бұл нан, Нино, бұл нан, нан. Тәтті! Жұмсақ! Нан, нан!
Аяғын әзер сүйреткен кемпір жөніне кеткен. Оған таяқ ұстаған екіншісі ілесті.
Бақта адам көбейе бастаған. Күзетші гүлдерге су құйып жүр. Алайда, ұйқыдағы адамша маужыраған гүлдерді судың құдіреті де оята алмайтын сияқты. Гүлдерден мұң лебі есетіндей. Жұмыртқа қабығы, қағаз қалай болса солай шашылып жатқан көгілдір газондардың да сипаты көңілсіз еді.
Тута бақшаның қақ ортасындағы аласа да дөңгелек су бұрқағына қарап тұр. Ондағы іркілген су бетін лай басыпты. Жақын отырған адамдар оған әлдебір нәрсе лақытырып жіберсе ғана лай суға аздап қозғалыс түседі.
Күн орнына отырған. Орындықтардың бәрін қою көлеңке басты. Сондай орындықтың біріне ақ көйлекті бикеш келіп жайғасқан. Жасы отыздар шамасында. Бетін секпіл басқан оның ұйпа-тұйпа шашы жирен-тұғын.
Синьораның аптаптан қажыған сыңайы аңғарылады. Әрі беті балауыздай сап-сары матрос көйлегін киген тентек баланы ара— тұра өзінен қуып қояды. Сондай-ақ нашар көретін көздерін жан— жаққа жүгіртіп әлдекімді іздейтіндей. Мұнан соң ол “ойнайтын біреу тауып ал” деген раймен баланы өзінен әрірек итерді. Алайда, баланың шешесінен ұзар ниеті байқалмайды. Ол Тутаның нан жеуін бақылап отырған-ды.
Синьораға қызыға қарап отырған Тута сол жерде-ақ оған тіл қатқан:
— Сұрауға рұқсат етіңіз, синьора! Сізге кір жуушы немесе қызметші керек жоқ па? Жоқ қой, өкінішті-ақ!
Шешесінің сөзіне құлақ аспаған баланың өзінен көз айырмай отырғанын байқаған Тута оған былай деп тіл қатты:
— Нәрестені көргің келе ме? Мұнда кел, сүйіктім. Келе ғой.
Шешесі баланы Тутаға қарай итермелеген. Ол құлықсыздау жақындады. Кішкене нәрестеге таяқ жеген мысықтың көзқарасымен қарап тұрған бала бір кезде оның қолындағы нанды тартып алсын. Нәресте шар еткен.
— Әй,әй! Байғұс Нином-ай! Сен оның барлық нанын тартып алдың ғой. Жылағанын көріп тұрсың ба? Ол-аш! Бір түйірін үзіп берсеңші.
Тута баланың шешесін шақырмақ болған. Алайда, синьора отырған орындығында жоқ еді, жырақта ақ панама қалпағын желкесіне қарай баса киген жуан, сақалды еркекпен әңгімелесіп тұрған.
Қолын айқастырып, тылсымды райда күлімсіреген ол қобалжулы әйелді бей-жай тыңдап тұр. Ал нәресте болса шырылдап жылап жатыр.
— Олай болса, қолыңдағы наннан мен өзім үзіп алам,— деген Тута.
Сол сол-ақ екен синьораның ұлы жылап қоя берген. Зәресі ұшқан шешесі жүгіріп келді. Тута сыпайы түрде болған жайды түсіндіре бастады. Қырсық бала бір үзім нанды қос қолдап ұстап, тірі адамға бергісі келмейді. Шешешсінің үгіттеуінен де түк шықпады.
— Саған осы нан керек қой иә, нан керек қой иә. Сонда жемексің бе?— деп сұраған жирен шашты синьора.
— Ол ештеңе түсінбейді. Ештеңе жемейді.Қаным басыма теуіп тұр, өтінем сізден, оның нанын алып қоймаңызшы!
— Солай-ақ болсын, мейлі, — деп күрсінген Тута. — Ала ғой балақан, жей ғой, балақан. Алайда балақан хауызға жүгіріп барып нанды суға тастап жіберді.
— Оны балықтарға бердің бе, Нинни?-деп күліп айғай салған Тута.— Ал менің байғұс балам аш қалды. Ал менде сүт те, үй де, ештеңе де жоқ. Сенесіз бе, синьора, ештеңем жоқ!
Синьора өзін бақша түбінде күткен танысына асығулы еді. Ол сөмкесінен екі сольдо шығарып Тутаға ұсынды.
— Тәңір жарылқасын,-деп айғай салған Тута оның артынан. — Жыламай-ақ қойшы, нәрестем менің. Мен саған тәтті сатып әперем. Кемпір берген нанның арқасында байып сала бердік, ақыры. Жылама, Нино. Біз енді баймыз.
Нәресте жылауын тоқтатты.
Тиынды алақанына қысқан Тута біртіндеп бақшаға жинала бастаған адамдарға таңданыспен қарайды. Кішкентай қыздар жіппен секіріп, балалар ойнап жүр. Жас нәрестелерді емізушілері қолдарына көтеріп алған. Күтуші әйелдер солдаттармен махаббат қызығына беріліп әлек. Төңірек толы бұршақ, түрлі тәтті сатушылар.
Аяқ астынан бақ араның ұясына айналып сала берген. Сол кезде Тутаның жанарынан от байқалып, еріндері тылсымды жағдайда жымиған.
Оның дәл қазір қайда баратынын, не істей қоятынын білмейтініне ешкім де сене алмайтын. Тіпті, оған дәл қазір Тутаның өзі де әзер сенер еді. Бірақ ақиқат жағдай сол Ол қалалық баққа аздап көлеңкеде демалу үшін ғана келген-ді. Бір сағаттай отырып қалыпты. Жарайды, кешке дейін отырсын, сосын қайда бармақ? Нәрсетесімен түнін қайда өткізбек? Келесі күнді ше? Қалған өмірін ше? Қыстақта туысқандары да, жақындарыда жоқ. Ал анау адам оны білгісі де келмейді. Білген күнде де қайтіп жетпек? Демек, амал қалмады деген сөз. Аяқ астынан Тутаның есіне өзінің сырғасы мен заттарын тартып алған ана кәрі мыстан түскен. Әлде соған оралса ма? Соны ойласымен-ақ басына қан құйыла жаздаған. Ол ұйықтап жатқан нәрестесіне қарады.
— Солай, Нино, демек өзенге батуымыз керек пе? Міне, былай…
Өзенге лақтыратын адамша нәрестесін жоғары көтерген. Сосынғы кезек өзінікі. Жоқ! Олай болмайды! Ол басын көтеріп күлімсіреген. Сосын өтіп жатқан адамдарға қарады. Күн орнына отырған кез еді. Алайда, аптап басылмаған. Тута омырауын ағытып, аппақ төсін шығарды.
— Ыстық па?
— Ыстық болғанда қандай!
Оның қасында екі қалпағының астынан қос бірдей қағаз желпігіші шығып тұрған қалпақты аласа шал тұрған-ды. Қолына тағы да бояуы ашық екі желпігіш ұстапты. Ал қарына ілген тоқыма себеті түрлі-түсті желпігішке лық толы…
— Не бәрі екі-ақ сольдо.
— Жөніңе жүре бер,-деген Тута. — Неден жасалған өзі? Қағаз ба?
— Саған не, жібегі керек пе еді?
— Несі бар, — деп күлімсіреген Тута екі бақыр жатқан алақанын ашты. — Менде бары мынау ғана. Бір сольдоға бересің бе?
Шал келіспеймін дегенді аңғартып, басын шайқаған.
— Екі сольдо. Онан арзанға бере алмаймын.
— Мә, ұста. Тезірек желпігішіңді бер, аптаптан өліп барам. Нәресте ұйықтап жатыр. Бірдеңе қып өмір сүрерміз. Құдай көмектеседі.
Ол шалға екі сольдо беріп, желпігішті алды да, омырауын онан әрі ашып, желпи жөнелген.
Желпігіш оның жартылай жалаңаш төсін рақаттандырған. Күлімсіреген Тута қасынан өтіп жатқан солдаттарға жарқыраған, өткір де сиқырлы көздерін қадап тұр еді…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *