ЕСТЕН КЕТПЕСІМ МЕНІҢ (Луиджи П.)

ЕСТЕН КЕТПЕСІМ МЕНІҢ

Бартолина Фьеренцо:
— Менің шын атым — Каролина. Бірақ марқұм күйеуім Лина деп атайтын. Демек менің атым да сол,-деген сөзді өзінің болашақ әйелінен құда түсудің алғашқы күні-ақ естіген.
Оның бірінші күйеуі марқұм Козима Тадди болатын.
— Міне, мынау сол
Лина бұған қалпағын көтеріп, сәлемдескен райда күлімсіреп тұрған еркектің суретін көрсетті. Линаның марқұм күйеуінің суреті қабырғада ілулі тұрған-ды. Оған қарсы тұста орындықта отырған Бартолино сәлеміне жауап ишарасы есебінде еркінен тыс басын изеген…
Таддидің күні кешегі жесірі Лина Саруллидің басында қонақ бөлмеде ілінген қожайынның суретін алып тастау туралы ой екібастан жоқ еді. Бұрын бұл үй марқұм күйеуіне тиісті болды. Үйді жобалаған да сол инженер Козимо Таддидің өзі. Сөйткен үйді марқұм күйеуі бүкіл дүние мүлкімен Линаға мұраға қалдырған-ды
Болашақ қосағының көңіл-күйін есепке де алмаған синьора Сарулли әңгімесін одан әрі жалғастырды:
— Атымды өзгерту ойымда да жоқ еді. Бірақ менің естен кетпес күйеуім: “ сені Каролина емес, Кара Лина деп атағаным дұрыс” деген. Естілуі бірдей болса да соңғысында бір сезім бар. Жаман емес қой, а?-деген ол.
-Тамаша екен, тамаша! — деген Бартолино құдды марқұм күйеуі тура өзінен сұрап тұрғандай.
— Демек, Кара Лина, келістік қой? — деп күлімсіреген Сарулли.
— Келістік. Ия, ия, келістік, — деп күбірледі есі шаққан Бартолино.Оған марқұм күйеуі қабырғадан мазақ қылып тұрғандай көрінді.
Араға үш ай салып, ерлі-зайыпты Фьеренцолар Римге той саяхатына аттанды. Вокзалға көптеген достары мен туысқандары жиналды.
— Байғұс бала-ай, мынаның қай жері әйел?! Оған әйелі дегеннен гөрі күйеуі деген көбірек сәйкеседі, — деп түсіндіріп жатты Фьеренцолар отбасының ежелгі досы һәм Лина Саруллидің жақын құрбысы Ортензия Мотта өзінің күйеуіне.
Алайда Ортензия Моттаның бұл сөзін бұрын Линна Тадди ал қазір Линна Фьеренцо болған Линна Саруллиді шынында да әйелден гөрі еркекке ұқсайды дегені деп қалмаңыз. Кара Лина тым нәзік әйел болатын. Бір-ақ нәрсе белгілі: ол Бартолинадан тәжірибелілігі ғана. Ал Бартолинаңыз тіптен ғажайып. Толық, жалтырбас, қызылшырайлы бетінде балға тән аңқаулық бар, сондай-ақ басының жалтыры да қызық. Әдейі сондай қызық бала болып көрінуі үшін төбесін әдейі жылтыратып қырған сияқты. Байғұсқа соның өзі-ақ жараспай тұр.
— Оны неге байғұс дейсің? — деген уыздай жас Ортензияның кәрі күйеуі Мотта. Бартолиноның бұл жолғы үйленуіне түрткі болған бірден бір адам да сол еді. Сондықтан оған әйелінің жаңағы сөзі аса ұнай қоймады. — Бартолино-әлдебір топас немесе қабілетсіз адам емес, ол— қабілетті химик.
— О,ия, тамаша химик! — деп күлген Ортензия
— Өте тамаша! — деген күйеуі.— Фьеренцо — көрнекті химик. Егер ол өзінің терең де ерекше зерттеулерін бастырып, байқауға ұсынса, біздегі ең үздік университеттердің кез келгенінің профессоры болар еді. Бүгінге дейін оның бірден бір құмар ісі химия ғана болды. Ол-нағыз ғалым. Сондай-ақ тамаша күйеу де бола алады. Өйткені оның жан-дүниесі өте таза.
— Бұл айтқаның дұрыс енді,-деп келісе салған Ортензия. Көкейінде “Тазалығы мен пәктігінде шынында да шек жоқ” деген астарлы ой жатқан.
Бұған дейін, яғни Бартолино Лина Саруллимен некелескенге дейін күйеуі Фьеренцоның нағашысы синьор Ансельмомен ана үлкен баланы үйлендіру туралы сөйлескен сайын Ортензияның ішек сілесі қататыны да рас еді.
— Иә, иә, оны өзіміз үйлендірмесек үйленбейді,— дейтін мұндайда кәрі Мотта күлкіден булыққан әйеліне бір қарап алып.
-Үйлендірсеңдер үйлендіре беріңдер, — дейтін Ортензия.— Мен оған күліп жатқаным жоқ, Жәй…мына кітабымда қызық бірдеме бар екен…
Сол бір күйеуі синьор Ансельмомен кезекті шахмат ойыны үстінде әңгімелесіп жатқан сәтте Ортензия Мотта шынында да жарты жылдан бері сал болып, креслода отырып қалған кемпір Фьеренцо ханымға әлдебір француз романын оқып отырар еді.
Айтатын несі бар, ол да бір көңілді кештер еді-ау. Бартолино болса өз кабинетінде. Ал оның кәрі де ауру шешесі Ортензия оқыған кітаптың бірде-бір жолын ұқпаса да ұққан сыңай танытып отыратын. Ал бұрышта екі шал шахмат бәсекесіне беріліп жатпақ. Бартолиноны үйлендірудің қажеттілігі айдан анық — тұғын. Бұл үйдегі көңілді тіршілік сонда ғана басталмақ. Сөйтіп бәрі жабылып жүріп байғұс баланы үйлендіріп тынды.
Дәл қазір Ортензияның ойында ерлі-зайыпты Фьеренцолардың той саяхаты ғана. Ол күлімсіреп қойып, күйеуі айтатындай “жүрегі таза, пәк”, басы жалтыраған тәжірибесіз баламен Линаның оңаша қалған сәттерін көзіне елестететін. Лина болса-болмаса да табиғатынан көңілді, инженер Таддимен төрт жыл бірге ғұмыр кешті. Инженер батылдығы өз алдына, өте тәжірибелі еркек еді.
Лина бірінші және екінші күйеуі арасындағы айырманы түсініп қалған да шығар-ау өзі…
Поезд жүрер алдында Ансельмо өзінің жаңа келініне: “Бартолиноны саған табыстадым… Оған Римді көрсет…” деді. Өйткені Бартолино туғалы Римде болған емес. Лина ол қаланы бірінші күйеуімен өткен үйлену тойының саяхатынан-ақ жақсы біледі. Сол кездің ғаламат қызықтары санасында әр сәтіне дейін, әр мезетіне дейін сайрап жатқан-ды. Құдды одан бері алты жыл емес, небәрі алты-ақ ай уақыт өткендей.
Бартолиномен бұл жолғы саяхпаты да сағыздай созылып бітпей қойды. Ол байғұс тіпті, шымылдықты түсіруді де білмейді екен… Поезд Римге жетісімен Лина күйеуіне:
— Ендігі шаруаның барлығын маған қалдыршы, өтінем сенен, — деді.
Жүк көтеруші кіріп келген.
-Үш шабадан, екі картонка, жоқ үш картонка, саквояж, тағы да бір саквояж, сосын анау және ана сөмкені. Ештеңе ұмытпадық па өзі? “Викторя” мейманханасына! — деп бұйырған ол
Алаңға шығысымен Лина көзтаныс көшірді бірден таныды. Омнибусқа отыра бере Лина күйеуіне:
— Қонақүйді көресің ғой, аса бай емес, бірақ өте ыңғайлы. Бағасы да қалыпты. Қызметі тәуір. Тіпті, орталық жылу жүйесіне қосылған, — деді.
Линаның есінен бір шықпайтын марқұм күйеуіне бұл қонақүй ұнаған еді. Демек, ол жер Бартолиноға да ыңғайлы болуға тиіс. Байғұс-ай өзі ырсылдап әзер жүріп келеді.
— Абыржып келесің-ау,ә? — деген оған Лина. — Біріншіде… мен де абыржығанмын… Көрерсің, Рим саған ұнайды. Әне, анау Пьяцца-Делле-Терме. Диоклетианаға, Санта-Мария-дельи— Анджели шіркеуіне қарашы! Кәне, бері қарай бұрылшы! Виа— Националені көр. Бұл жерге сосын келеміз…
Қонақүйде Лина өзін туған үйінде жүргендей сезінді. Өзін әлдебіреулердің есіне алғанын да қалаған. Себебі, оны мұндағы қызметкерлердің бәрін біледі ғой… Мәселен анау қарт дәліз қызметкерінің есімі-Пиппо. Солай емес пе? Әлбетте солай. Алты жыл өтсе де бұл оны ұмытпапты.
— Бізге қандай бөлме берілді,-деп сұраған Лина.
— Он тоғызыншы. Екінші қабатта. Кең әрі әдемі бөлме.
Алайда Лина қарт дәліз қызметкерінен:
— Ал үшінші қабаттағы он тоғызыншы бөлме берілмес пе екен? Біліңізші, Пипо, бос па екен?
— Сәл күтіңіз, — деп басын иген дәліз қызметкері.
— Ол анағұрлым қолайлырақ, — деп түсіндіре бастаған Лина күйеуіне. — Жатын бөлме қасында, кішкентай жасырын жері де бар… Сосын тыныш, ауасы да кең. Ол жер бізге қолайлы болады. Марқұм күйеуіме де ұнаған. Әуелде бізге де екінші қабаттан берген еді. Соңынан оны күйеуім ауыстырды.
Әлгіндей болмай оралған дәліз қызметкері он тоғызыншы бөлменің бос екенін, қаласа орналасуыларына болатынын жеткізді.
— Әрине! Әрине! — деп шап еткен Лина алақанын шапалақтап.
Бөлмеге кірісімен-ақ бұрыңғы заттардың орын орнында тұрғанын көріп, ол қуаныштан күлімсіреді. Мебельдер орнында, түсқағаздар да бұрынғысынша… Бартолино болса әйелінің қуанышына бәлендей көңіл бөлген жоқ.
— Не, саған бұл жер ұнамай ма? — деген Лина айна алдында қалпағын шешіп жатып.
— Жоқ, жақсы екен, — деп былдырлаған Бартолино.
— Қарашы! Мынау сурет бұрын жоқ болатын. Оның орнында жапондық тәрелке ілулі тұратын. Сынып қалған болды-ау. Айтсаңшы, саған мына бөлме ұнамай ма? Жоқ, жоқ! Сүймей-ақ қойшы… Алдымен жуын. Қол жуытан жер мына жерде. Ал мен өзімнің бұрынғы орныма барамын. Қош бол!…
Сөйтіп ол бөлмеге еніп кеткен.
Бартолино Фьеренцо алақтап жан-жағына қарады. Шымыл— дыққа жақындап, оны ашып кең жайлаудай төсекті көрді. Шамасы, әйелі өзінің алғашқы неке түнін инженер Таддимен дәл осы төсек— те өткерген тәрізді.
Бартолиноның көзіне сонау қонақжайдағы Козимоның суреті ап-айқын қалпында елестеген. Ол бұл жолы да оған мысқылдай күліп тұрған сияқты еді.
Римдегі күндерінде Лина сол өзіне таныс бұрынғы төсекке ғана жатуды былай қойғанда, тек қана марқұм күйеуімен бірге барған мейрамханадан ғана тамақтанатын болған. Лина бұрынғы Козимо екеуі қыдырған көшелерді әбжілдікпен оп-оңай табатын. Сондай-ақ күйеуі екеуі Козимо көрсеткен мұражайларды, шіркеу— лерді, галереяларды, бақшаларды армансыз аралады.
Алғашқы күндері Бартолинода мүлдем ес болмады. Әйелінің марқұм күйеуінің талғамына, кеңесіне һәм тәжірибесіне сай ғана әрекет жасауының өз намысын оятатынын айтуға да батылы жетпеген.
Алайда, Линаның сол әрекеттерінің бірінде де арам пиғыл жоқ-тұғын. Ол ештеңе байқамаған, байқауға тиіс те емес еді.
Козимо Тадди оны тәжірибесіз, өмірді түсінбейтін он сегіз жасында үйіне кіргізіп алған-ды. Өзі тәрбиелеп, оған өз көзқарастары мен дағдыларын дарытқан. Бір сөзбен айтқанда, Линаоның қолтумасы болатын. Ол алғашқы күйеуіне бәрі үшін де қарыздар еді. Қазір ол бәріне де Козимоның көзқарасымен қарап, соның көзқарасымен баға беретін.
Ал сонда не үшін екінші рет күйеуге шықты? Оның да жауабы оп-оңай. Козимо марқұм оған көз жасын көлдей қылғанымен қайғыдан құтылмайтынын екібастан үйретіп кеткен-ді. Өлгендер тірілмек емес, тірі адам тірлігін жасау керек. Егер Козимо емес, бұл өлсе де инженер қайта төсек жаңғыртар еді. Оған сөз бар ма?! Сондықтан да …
Сондықтан да Бартолино бәрін де өзі сияқты, жоқ-ау… екеуіне де ортақ ұстаз Козимо Тадди сияқты жасауға тиіс еді. Ештеңеге бас қатырып, ренжуге де болмайды. Оралыңның барында ойнап, күлу парыз. Жоқ, Линаның әрекетінде ешқандай да арам пиғыл болмайтын.
Бәрі де дұрыс ау. Десе де, ана күйеуі сияқты Линаны Бартолиноның сүйуіне немесе еркелетуіне неге болмайды екен? Марқұм күйеуінің көзге көрінбес ықпалын жою бөлек әңгіме, сонда Бартолинаның әлдебір әйелдік сезімін де оята алмағаны ма?
Бартолино Фьеренцо қолапайсыздау жігіт болса да әйелін еркелету, иліктіру жайын ойланатын. Алайда, оған тағы да сол орашалақтығы кедергі келтірді.
Ақиқатында ол көп нәрсені іштей ойластырған. Алайда, әйелі өзіне бір қарап, жүзі қызара тұрып “саған не болған?” десе болды, әлгі әзірдегі батылдығынан түк те қалмайтын.
— Маған ба? — дейтін ол есі шығып. Сонымен әңгіме тәмам.
Олар той саяхатынан оралған кезде қайғылы оқиғаның үстінен түсті. Олардың некесінің басты күнәкары Мотто аяқ астынан дүние салыпты.
Мұның алдында Тадди қайтыс болғанда Ортензия Линаны туған әпкесіндей қамқорлығына алған. Соған сай Линаның алдына да үлкен міндет тұрды. Жалпы, Лина оны сабасына түсіруді қиын болады деп ойламаған. Ақиқатын айтқанда, Ортензияның қайғыдан қан жұтарлық реті жоқ та еді. Әрине, байғұс Мотто кәрі де болса жақсы адам-тұғын. Бірақ кәрі адамның аты кәрі адам ғой…
Күйеуінің қазасынан кейін он күн өткен соң келген Лина оның қапалы жағдайын көріп, біразға дейін өз өзіне келе алмады. “Күйеуі қаза болғаннан бері ақшадан тарыққан ғой” деп шешті Лина. Абайлап тұрып құрбысынан өзінен көмек керек пе деп сұраған.
— Жоқ,жоқ,— деп қысқа қайырған көзі жасаураған Ортензия. — Сен түсінбейсің ғой…
Демек, Ортензия шынында да күйеуін жоқтайтын сияқты. Лина сол жағын түсінбей-ақ қойды. Ол туралы Бартолинамен де сөйлескен.
— Енді…,-деп иығын бір көтерген Бартолино. Саналы да есті әйелінің осындай қарапайым нәрсені түсінбейтініне ұялып, қызарып та кеткен. -Қалай десек те, күйеуі өлді ғой…
— Ә, күйеуі ме? -деп қалған Лина. — Ойбай-ау ол әкесіндей адам ғой!
— Оның да өзіндің маңызы бар емес пе?
— Бәрібір ол Ортензияға әке болған жоқ!
Линанікі дұрыс-тұғын. Ортензия өте көп жылады.
Үйленгеніне үш-ақ ай болса да, Ортензия Бартолинаны жас келіншегінің бұрыңғы күйеуі туралы жиі айтатыны қапаланды— ратынын байқап үлгерген. Линаның сағат сайын марқұм күйеуін есіне ала тұра, не үшін екінші мәрте күйеуге шықанын Бартолино түсінбей-ақ қойды. Осындай күмәнді ойларын нағашысы Ансельмомен де бөлісіп көрді. Алайда нағашысы жиенінің көңілін тыныштандыруға тырысты. Линаның онысын ақ көңілділігі деп түсіндіріп, Бартолиноға оған бола ренжімеу керек екендігін ұқтырған. Коззимо Таддиді есінен шығармаса да Линаның екінші рет тұрмыс құруында тұрған да түк жоқ. Жай, жүрек түкпірінде естеліктердің қалуы заңды нәрсе… Әйтпесе, ойында жамандық жоқ, сондықтан Бартолиноға бұрынғы күйеуі туралы бүкпесіз айтады-мыс. .. Нағашысының бұл пікірі Бартолиноны онша тыныштыра алған жоқ. Әрі оны Ортензия жақсы түсінетін. Ол тіпті, үйлену тойы саяхатынан соңғы әйелінің бұрыңғы өмірі туралы естеліктерінің Бартолиноны мазасыздандыратынын жақсы түсінді. Ерлі-зайыпты Фьеренцолар көңіл айтуға келгенде Ортен-зия Бартолиноға күйеуіне деген адалдығын айқын көрсетуге тырысқан.
Моттоның жесірінің осы қасиеті Бартолиноға қатты әсер етті. Сөйтіп алғаш рет Ортензияның күйеуін шын жоқтайтынына сенімсіздік білдірген. Өз әйеліне қарсылығын да жасырмаған.
— Ал, сен күйеуің өлгенде жыламап па ең? — деген әйеліне жүзі алаулап тұрып.
— Бұл жерде менің қатысым қанша? — деген Лина. — Біріншіден, менің марқұм күйеуім…
— Жас-тұғын, — деп бөліп жіберді Бартолино әйелін.
— Сол себепті де жылағам, — деп жалғастырды Лина, — жылайтын ретім де бар ғой.
— Қатты емес қой бірақ? — деп қойып қалған Бартолино.
— Қатты жылағам… Бірақ ақыры өз өзіме келгем. Айтқаныма сен, Бартолино! Ортензия өзін-өзі құртып жүр.
Алайда Бартолино оған сене алмайтын. Әйелінің бұл сөзі оның Линаға емес бәрінен де бұрын Козимо Таддиге деген жеккөрінішін оятқан. Осыдан бастап Бартолино алғашқы күйеуінің әйеліне өмірге деген өз көзқарасын күштеп танғанын түсінді. Линаның өзіндік көзқарасы, пікірі жоқ болатын. “Шамасы, ол адам арсыздау болды-ау өзі” деп ойлаған Бартолино. Жобасы, марқұм күйеуі жатын бөлмеде кездескен сайын мұның қазіргі әйеліне көзін де арсыздана қысып отырды ма екен?…
Осыдан бастап қабарғыдағы ана суретті көру Бартолино үшін азапқа айналды. Сондай-ақ қайда барса да көз алдынан кетпей қойды. Бартолино кабинетіне кіріп келсе де күлімсірей қалпағын көтеріп сәлемдескен Козимо Тадди алдынан шыға келеді. Құдды “кіріңіз, кіріңіз, ұялмаңыз. Бұл менің кабинетім болған. Оны білуші ме едіңіз? Қазір оны өзіңіздің химиялық зертханаңызға айналдырыпсыз, солай ма? Несі бар, керемет жасағансыз! Өлгендер қайтып келмейді, өмір де жалғаса беруге тиіс…” дейтін сияқты.
Козимо Тадди бәтшағар жатын бөлмеге енсе де қыр соңынан қалмайтындай. Шиқылдап күліп: “Қош келіпсіз! Өз үйіңіздей сезініңіз! Қайырлы түн болсын!Ал, менің әйелім қалай екен? Мен оған біраз нәрсені үйреткем… Несі бар, өлгендер қайтіп келмейді. Тірілер тірлігін жасауға тиіс …”дейтін сияқты.
Жоқ. Бартолино енді мұндайға төзе алмайды. Әйелі де, осынау үй де, бәрі-бәрі де оның есіне ана марқұмды салып тұратын. Қанша тырысса да Бартолиноның бұрынғы байсалдылығынан түк те қалмай, ашуланшақ бола бастады. Ақыр соңында әйелін бұрынғы дағдыларын қойдыру үшін, өзін таңғажайып жағдайда ұстай бастағаны.
Өкінішке орай, алайда өзі жек көретін дағдылардың бәрін әйелі жесір күнінде үйренген-ді. Козимо Тадди өте көңілді адам болғандықтан барша дағды мен өрескел мінезден аулақ-тұғын.
Қалай десек те, Бартолино өзінің алғашқы өзгерісі туралы пікірді әйелінен естіді:
— О, Бартолино,күн өткен сайын марқұм күйеуімнен аумай барасың! — деген Лина. Қалай десек те Бартолино жеңілгенін мойындаудан аулақ еді. Өзі қаламаса да, бүкіл күш-жігерін салып, жаңа дағдыларға ие болуға тырысты. Бартолиноның не жасаса да, қаншалықты өзгерсе де Лина үшін тек қана бір адамды — марқұм күйеуін есіне салатыны қызық еді.
Алайда Бартолино да алған бетінен қайту ниеті жоқ-тұғын. Оның үстіне Линаға оның жаңа дағдылары ұнай да бастаған. Тіпті өзін бұрынғы марқұм күйеуімен бірге өмір сүріп жатқандай сезінуі де қызық еді…
Соны түсінген күйеуі күн санап артып келе жатқан ашуының әсерімен әйелінің сазасын бермек те болған.
Жалпы, Бартолиноның бар өші, кегі әйелінде емес, сол әйелін басы байлы бағындырып, әлі күнге дейін өз дегенінен шығармай отырған марқұм Козимода еді. Бартолино әйелінің көзіне шөп салу туралы ниеттің өз басына аяқ астынан келгенін түсінді. Алайда сол ниеттің бас иесі Бартолиноның сұрбойдақ кезінде ұзақты күн химиямен айналысуын қойғызу үшін соған ұқсас бір ақыл— кеңесін айтып қалған Ортензия болатын.
Ақыры, Ортензия Моттоның сол ниетінің жүзеге асатын түрі де бар сияқты ма-ау… Құрбысының көзіне шөп салудың дұрыс нәрсе емес екендігін бүкіл болмысымен ұқтыра отырып, Бартолиноға сұрбойдақ кезінде өзінің …
Қысқасы, болған оқиғаның өзіндік қисыны да бар еді.
Бартолино болса сол қисынды бәлендей түсіне де қойған жоқ. Жаратылысынан аңқау ондай адамның оны түсіне қоюы да екіталай. Ол қарт Моттоның бөлмесінде жападан-жалғыз отырған— ды. Аяқ астынан көзі керует алдында жарқырап жатқан бір нәрсеге түскені. Алтын баулы медальон екен. Шамасы Ортензия төсектен тұрғанда түсіріп алғанға ұқсайды. Бартолино медальонды көтеріп, Ортензияның келуін күткен. Жүйкесі тозған байқұс медальонды қолына соққылап отырып, қақпағының ашылып кеткенінде байқамай да қалды. Ашылғаны бар болсын, көрген нәрсесі оны әбден абдыратып тастаған. Медальон ішінен өзі жек көретін Козимо Таддидің шағын портреті қалпағын көтеріп, бұл жолы да бұған жымия сәлемдесіп тұрған…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *