Бұлтқа салған ұясын Ә.Тарази

Бұлтқа салған ұясын
Ә.Тарази

Ә.Таразидің “Бұлтқа салған ұясын” (“Тас жарған”) романындағы Омар ойының алғырлығы, дүниетанымының кеңдігі Кеңістікті еске түсіреді. “Мұхитта кейде бір қызық құбылыстар болады екен: судың беті тып-тыныш, жыбырлап қана момақан жатады, ал терең тұңғиықта жүздеген шақырымға созылған ағыстар ондаған айдаһар бір арада кездесіп майдан ашқандай айқасып, бұлқынысып, бірін-бірі буындырып, тозақ биін билеп жатады. Соңғы кезде тапқан Омардың жайдары, жадыраңқы қалпының тереңі де сондай еді: Ұлмекен”, — деп жазады Ш.Мұртаза.
Адам өлерінің алдында немесе басына қиын-қыстау күн туғанда, тіршіліктің қым-қуат қарекетімен сабылып жүрген замандастарындай емес, өзінің ең бір қимас асылын немесе балалық шақтағы сәбилік, күнәдан пәк, періштеден таза кезін, болмаса адамның санасына сәби кезінде сіңіп, мәңгі-бақи орын тепкен оқиғаларды, мифтерді немесе естіген ертегісін еске алатыны анық. Жазушы Тарази осы жайтты шебер меңгеріп, Уақыт пен Кеңістік проблемасына өзгеше үңіле білген. Романдағы Райгүлдің еске алатын ертегісі – “Ашыл тас”. Ертегі қаһармандары да, оқиға өтетін жер де, яғни, мезгіл мен мекен қамтыған мәселе – бәрі де кешегі уақытта өткен.

Ашыл тасым, ашыл-ай,
Мен қарағымды көрейін,
Дидарына тояйын-ай… (45, 437-б.).

Кешегі ертегі бүгінгі өзін-өзі өлімге қиып тұрған Райгүл қиялында сәл өзгеріске ұшыраған:

Ашыл тасым, ашыл-ай,
Мен Дадамды көрейін,
Нахақ жарығымның
Дидарына тояйын!

Дада-Аспанбай – көңілі таза, өзгеше жан. Жазушы оған ғарыш (космос) адамының сипатын дарытқан. Кешегі Уақыттың ертегісінде ағасы қарындасын, лаққа айналып кеткен мұңлық қызды іздеп, зарласа, бүгінгі Уақыттың ағымындағы Райгүл Аспанбайды сағынады, ет-жүрегі елжіреп, онымен қоштасады.
Романдағы көптеген кейіпкерлердің іс-әрекетіне, сөзіне, ойына философиялық тұрғыдан келген Әкім Тарази Омардай күрделі тұлғаға да өткенді еске алу, онда да жан әлемінде, санасында ірі өзгерістер тудыратын жайттарды сіңіре отырып, Уақыт пен Кеңістікке бүгінгі мезгіл мінбесінен үңілуге тырысады.
Неге ғана кешегі Уақыттағы бір сурет бүгінгі жігіт ағасы болып қалған Омардың мәңгі-бақи есінен кетпейді?
“Иә, құдай! Тірі болса Балапанның өзі разы болсын, өлген болса – аруағы разы болсын, қидым жас жанымды, мына жетімекті аман қалдыр, алар болсаң – ал мені, мені ал, мені ал! Қидым жанымды, қидым! Ал енді, айналдым, айналдым! Қидым жас өмірімді!
Сөйдеді де шашы жалбырап, ақырын жылжып, Омарды үш рет айналып шықты”.
Бір облыстың бірінші басшысы, тағдыр тауқыметін аз ғана уақыттың ішінде біршама бастан кешіп үлгерген Омардың мәңгі-бақи есінде қалғаны – шашы жалбырап, өзін айналып жүрген анасы. Жанындағы қыруар адамды таң қалдырып, вертолетті де сол кешегі Уақыттағы оқиға өткен жерге қондыруы – санада мәңгі-бақи сақталып қалған кешегі суреттің әсері. Кешегі сурет, кешегі Уақыт Омардың өле- өлгенше санасынан өшпек емес. Уақыт та, Кеңістік те шексіз болғанымен, Уақыт та еш уақытта тоқтауды білмегенімен Омар санасындағы сол сурет, сол оқиға бүгінгі Уақыттың өлшемі сияқты. Даналық пен надандықты, ізгілік пен зұлымдықты, жақсылық пен жамандықты, әсемдік пен көріксіздікті Уақыт пен Кеңістік сияқты аса күрделі философиялық категориялардан іздестірсек, солармен тығыз бірлікте, байланыста алып зерделесек, жоғарыдағы қарама- қарсылықтар бірінсіз-бірі өмір сүрмейтінін Гераклит осыдан, шамамен, екі жарым мың жылдай бұрын дәлелдеп кеткен. Жақсылықтың қарама- қарсы баламасы – Жамандық. Бұл қарама-қарсылықтардың, бірі жойылса, екіншісінің қажеті бола қояр ма екен?… Сірә, қандай құбылыс болсын, оны біртұтас бірлікте көрудің мән-маңызы айрықша болса керек.
“Тас жарғанның” бас қаһарманы Омар “қаршадай баланы атып өлтірді” деген жаланың тұсында жүнжіп, күйремейді. Керісінше, “қызмет”, “жұмыс” деп жүрген күнделікті тауқыметінен аз да болса босағандай, ендігі бос уақытын өзін-өзі сынауға, басқа уақытта уақыт жетпегендіктен түп-тамырына жете алмай жүрген қыруар сұрақтарына жауап іздеуге жұмсайды, өз мүмкіндіктерін, өзінің күш-жігерін барлауға бағыштайды. Омар – күрделі тұлға, депутат, басшы, жан-жақты жетілген, білімдар инженер, түр-тұлғасы да аса сымбатты азамат. Оның көп қылықтары коммунистік мораль, идеология рухында тәрбиеленген оқырман үшін оғаш көрінеді. Ұлмекенмен байланысы, купеде бейбас бұзақылармен төбелесуі, милиционер жігіттің зәресін алып, адамды ойланбай жұтатын өзен оппасына сүңгіп кетуі, аңшылықтың нәтижесінде опық жесе де, жақсы мылтыққа құмар болуы т.б. қылықтары бір түрлі әсер тудырады.
Ә.Таразидің стилі туралы сөз еткенде, “Тас жарғандағы” Аспанбай образының тиімді алынғанын айттық. Жер бетінде тіршілік етіп жатқан миллиондаған, миллиардтаған адамдар өз қылығына өздері есеп беріп жата ма? Адам деген жаратынды алдында не нәрсе күтіп тұрғанын біле ме? Немесе сол адам бақыт деген ұғымның өзін толықтай танып біле ме? Адам өмірінің мән-маңызы неде? Мүмкін, оның бұлтартпас қағидасы, заңдылығы, ережесі бар шығар? Адам сол қағидаларды орындамағандықтан бақытсыздыққа душар болып жүрген шығар?
Міне, Аспанбайдың ой-түсінігі, толғам-талпынысы – бәрі-бәрі жер бетіндегі адамдардан өзгешелеу көрінгендіктен бе, автордың стилі оның идеясымен шебер ұштасқан. Аспанбай бейнесі ғарыштық, басқа планетаның адамдарына көбірек келіңкірейді.
Жалпы, қыбырлап, жер басып жүрген адамдарға сын көзімен қарау, олар білмейтін, сезбейтін жайттарды алдын-ала біліп отыратын образды жасау, сондықтан да ғарыштық адамға, ғарыштың өзіне қол созу — Ә.Тарази стиліне тән қасиеттер.
Ұлмекеннің терең тербеністен, ұзақ толғаныстан соң туған мына сөздері және авторлық баяндау – осы ойларымыздың нақты дәлелі.
“… Ай өтер, жыл өтер, кәдімгі ет пен сүйектен жаралған қатын екеніме көзің жетер, жылатып кеткен жарыңды, зарлатып кеткен перзентіңді сонда ойларсың. Аһ ұрып ойларсың. Айтпасаң да ішіңде жатар. Ол өмір бола ма? Омаржан бүгінгі түніміз ақтық түн, ақырғы түн. Мен сенімен қоштасуға келдім. Сен де менімен қоштас. Қайда жүрсең де тілектесің боламын. Тек – тілектесің. Көмекшің болмаймын, бола алмаймын. Сүйемін, сүйемін, сүйемін. Сүйгендіктен енді сенімен қоштасамын. Мені енді жайыма қалдыр. Тірі мүгедек күйеуімді ая… от пен мұздың арасында енді мені күйдірме, азаптама, қалдыр, қалдырып, өз жөніңе кет, өтінемін. Жалынамын”. Бұл – Ұлмекеннің сөзі.
“… Енді мен көретін қызық қалмады дегендей Ғарыш та сығырайған жалғыз көзін жұмыпты”.
Бұл – авторлық баяндау, автор сөзі.
Асылы, шетінен романтик, бірдеңені іздеп жүретін, көп нәрсені білгісі кеп жүретін кейіпкерлерін бейнелегенде автор стилінде байқалатын ойнақылық, шымырлық, сол қаһармандардың “от пен мұздың арасында” тұрғанын суреттеу барысында, солардың толғанысын, тебіренісін, жүрек сөзін, сырын беру барысында үлкен салмаққа, ойлылыққа ие болады. Осынау екі сипат жазушыға өз кейіпкерлерінің ішкі әлеміне, жан дүниесіне үңілуде, “әр адамның жанында ашылмай жатқан кенді” жарқыратып көрсетуде ұтымды үйлесім тапқан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *