Ботакөз
С.Мұқанов
Сәбит Мұқанұлы Мұқанов 1902 жылы 22 сәуірде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. Ол бала кезінен өлең-жырға құмар әрі бейім болған. 1919-1922 жылдары болашақ жазушы әр түрлі әлеуметтік жұмыстарға ат салысты. Кеңес өкіметінің қалыптасу жолына еңбек сіңіргенін жасыру қажет емес. 1922-1926 жылдары Орынбор рабфагында, 1928 жылы Ленинград университетінің филология факультетінде, 1933-1935 жылдары Москвадағы Қызыл профессура институтында оқиды. Әр кездері “Қазақ әдебиеті” газетінің редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының председателі, Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында профессор болған. С.Мұқанов – “Сұлушаш” дастанының, “Адасқандар” (“Мөлдір махаббат”), “Жұмбақ жалау” (“Ботагөз”), “Сырдария”, “Өмір мектебі” (трилогия), “Аққан жұлдыз” (трилогия) романдарының, “Балуан Шолақ” повесінің, “Шоқан Уәлиханов” драмасының, “Жарқын жұлдыздар”, “Қазақ қауымы” атты зерттеулердің, “Ақ аю” поэмасының, неше жүздеген өлең және мақалалардың авторы, ең өнімді қаламгерлердің бірі. Жазушы өзі өмір сүрген замана сыры мен тарихи шындық қатарларын бірдей ынта, жігермен шынайы бейнелей алды. С.Мұқанов 1973 жылы қайтыс болды.
“Ботакөз” романы сахара өңіріндегі алапат саяси қозғалыс қарсаңындағы халық өмірін өрнектеумен басталып, жалпы республика көлемінде Кеңестер билігінің орнығу мерзімін баяндаумен аяқталады. Романовтар әулетінің үш жүз жылдық династиясын тойлау алдындағы 1912-1913 жылдар “Тұңғиықта” атты бөлімнің сюжеттік арқауын тартады. Шығармадағы кеңістік аумағы оқиға барысының Итбай ауылы, Бурабай қаласы, Омбы, Петербург төңірегінде, одан кейін алтын өндіретін жердегі поселок, Ержан, Байтөбет ауылдары, Қызылжар, Минск, Н. Қалаларының, Меңіреу атты ну орманның қосылуы нәтижесінде мол мекендік өлшемде өтуі мезгіл рухын эпикалық тыныс, психологиялық нанымдылықпен сомдауға жол ашқан. Романдағы көркемдік уақыт Асқар, Ботакөз, Амантай, Кузнецов, Бүркітбай, Итбай, Кулаков, Мадияр сынды діңгек кейіпкерлердің характер қырларын, дүниетанымдық ізденістерін әрекеттік аяда мейлінше сенімді ашып көрсетуге жағдай тудырады. Заман әсері адамдардың мінез-құлық, ынта-аңсарын толық билеп, қоғамның әлеуметтік, моральдық-этикалық келбетін кескіндейді.
Негізгі фабуладан тыс элементтердің бірі – авторлық шегіністе Итбай болыстың мираскерлік тарихын: бабаларының патша айналасы, губернатормен жақын таныстығы, артық сый, пара арқылы біршама еркіндікке жету фактілерін келтіру үстем топ өкілінің мінездік этимологиясын дайындауға мүмкіндік жасаған. Кейбір уездік әкімдерден қорықпайтын, көршілес казак байлары арасында достары көп, ел билеушілеріне айбарлы Итбайдың уыздай және Ботакөзді екі әйелі үстіне алу ниеті сол уақыттағы қазақ тұрмысы, дәстүрі тұрғысынан, атқамінерлердің түсінігі бойынша ерсі қылық емес.
“Ботакөз” – С.Мұқанов қана емес, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің зор табысына кепіл. Шығармадағы символикалық мағынасы бар үш бөлім (“Тұңғиықта”, “Таң атарда”, “Күн күлімдегенде”) табиғи хронологияны сақтай отырып, даладағы зор өзгеріске дайындық пен әлеуметтік катаклизмнің ішкі себептерін көркем образдарға тән нанымды жағдайлар арқылы бейнелейді. Бүкіл әлемді толқытқан ғасыр оқиғасы сар селеу басқан қазақ жеріне де күтпеген жойқын жаңалықтар алып келеді. Оны әркім әр түрлі қарсы алады. Қуанғандар да, кейігендер де, қасірет кешіп, дағдарғандар да бар. Қыр халқы үшін, әрине, революция стихиялық құбылыс болатын. Романда замана айдынынан бір-ақ шыққан жандардың дауылмен бірге қозғалған жанкешті әрекеттері характер, дүниетаным табиғатын аша түсетін айшықты нәрімен бедер табады. Оған жазушының ойлау қуаты мен асау қиялы да, кестелі тілі де еркін жетеді.
Біз қазақ қызы Ботакөздің от басындағы күйкі тіршілік құрсауында қалып қоймай, замана қыспағымен ашық күреске шығуы, жеке тағдырындағы қиын түйіндердің күрмеуін өзі шешіп, әлеуметтік өмірдегі биік белестерге көтерілуін рухани ерлік, ұлттық ділімізде бар табиғи қасиеттердің өзгеше жаңғыруы деп санаймыз.
Көркемдік-эстетикалық деңгейі жоғары туындыдағы сюжеттік тартыс жүйелері көп салалы. Өзіне тән стильдік өрнекке әрқашан адал жазушы оқиға, әрекет ырғағын селкеу шығармай, тұтас арнамен дамытып отырған. Итбай болыс пен мұғалім Асқар Досанов, ұлт- азаттық көтерілісінің батыр көсеміне айналатын Амантай, урядник Кошкин, тілмаш Горбунов, социал-демократ Мадияр, алашорда басшысы Базархан Меделханов, қара шаруалар Балтабек, Кенжетай, Бүркітбай, революционерлер Кузнецов, Булатов, монархияшыл Алексей Кулаков сияқты әр түрлі мүдде, ынта, құштар көңіл мен саяси мақсаттар үшін сайысқа түсетін дара болмысы анық тұлғалар шығарманың образдар әлеміндегі сұлулық, романтика, натуралистік тілек көріністері іспетті сезімдер палитрасын терең қамтып, дәуірдің неғұрлым шынайы, толымды кескінін мүсіндейді. Роман қаһармандары уақытпен бірге өзгеру үстінде көрінеді. Пейзаж суреттері, психологиялық параллелизм, диалогтар нанымдылығы, метафоралық сөз өрнектері Сәбит Мұқанов талантының өрлеу барысындағы кесек сипатын танытады.
Тегінде фольклор жанрларын классификациялау едәуір жүзеге асқанмен, әр қайсысы бір-бір мұхит сияқты роман әлемін алақанға жайғандай өлшеп-пішіп шығу – шарттылығы мол, адастырар жері жеткілікті міндет. Біз “Ботакөзді” әлеуметтік роман деп, онда көтерілетін басты оқиғалар мазмұны мен жазушы дүниетанымының негізгі айшығын ескеріп сөйлейміз. Әйтпесе бұл туындыда қазір қолданып жүрген терминологияның жанрға қатысты бірталай бөлігіне жауап беретін қасиеттер баршылық.
Айналып келгенде барлық көркем дүниеден әлеуметтік сыр түйірін табуға болады. Тіпті саясат, орта, адамдарға көңіл аудармай, ой, сезім, түйсіктер әлемін қуалайтын шығармаларда да осы мақсаттың өзінен қоғамдық психологияға тән ұғым қыртыстарын көру қиын емес.
Ал “Жұмбақ жалау” өмірге келген тұста Еуразия кеңістігі бойынша тарихи-әлеуметтік уақыт факторын айналып өту мүмкіндігі жоқ еді. Демек, біз “Ботакөзді” әлеуметтік роман дегенде, ондағы суреттеу нысаны, заманның түрлі адамдарға тән көзқарастар бағдарына шаққандағы объективті кейіп-кескіні, автор аңсары, кейіпкерлер болмысы мен тағдыры, сан алуан оқиға, құбылыстардың сыртқы және ішкі себептермен астарластығы, нақты мезгілдің абсолютті уақытқа, нақты мекендік межелердің ғарыштық өлшемге қарым-қатынасы іспетті мәселелерді ойға аламыз.
Бұл тұрғыда алдымен назар аударатын нәрсе – “Ботакөзде” 1917 жылғы Қазан төңкерісі негізгі идеялық концепт құрайтын орталық құбылыс екендігі. Оқиға 1912 жылдан басталады да, эпилог кеңестік дәуір орнаған кезеңнің елесін символикалық түрде қамти суреттейді.
Романда контрастылық ойлау жүйесі басым. Оқырман кез келген жаңа дерек, әрекет, сөз, қиял, шешім астарынан бұдан бұрынғы заман сұлбасын сезіп, іштей екі мезгіл, бөлек сипатты мінез, жағдай өзгешеліктерін салыстырумен болады. Мәтінді қабылдаудағы іліктестік (ассоциация) заңдылықтары аяққа шырмалып отырады. Өткен мен қазіргі сәттің, белгісіз, бірақ топшыланатын болашақтың көзге көрінбес байланыстары, біршама қарама-қайшылықтары шығармадағы драматизм құрылымын айқындайды. Ол, сөз жоқ, туындының оқуға тартымдылығын арттырады. Мұндай объективті сипат романдағы негізгі қаһармандардың бәрінің басынан байқалады. Әсіресе, Итбай, Амантай, Ботакөз, Темірбек, Кулаков бейнелері арқылы құбылыстың образдық моделі түзілген. Кузнецов революция үшін өмірін арнаса, Алексей Кулаков монархия жолында жан бермек. Екеуі ашық жүздеспейді. Бірақ көркем туындыдағы кереғар дүниетанымдық күрес басқа тұлғалардың арман-тілегі, әр алуан тағдырлары, ашық сөз эфирі, іс-қимыл нобайлары арқылы тұжырымдамалық шешіміне жетеді.
Мадияр, Сарыбас, Меделханов кейпіндегі алашордалық идея шығарманың мазмұн аясын өсіреді. Ушаков, Кошкин, Горбунов, харизматикалық әсері зор патша ағзам – екінші бір саяси-әлеуметтік жүйенің, яғни Ресей самодержавиесінің байырғы тұрақтылығына кепілдік берушілер. Лиза, Бүркітбай – мейлінше либералдық сипаттағы кейіпкерлер. Амантай адам мінез-құлқына саяси орта әсерін дәлелдейтін, амалсыздықтан, жалтақса да жаңа жағдайға ішкі түйсікпен ұмтылатын, алайда үлкен харакеттік, “биоэнергетикалық” мүмкіндігі мол жан. Асқар – о бастан ауытқымас сана жемісі, догма. Ботакөз – ұлттық намыс пен жалпыәлемдік зорлықтың тайталасында дүниеге келген соны шешім, революцияның жалынан ұстаған қазақ қызы. Әдеттегі қалыпқа сыймайтын ұғым болғандықтан, кентавр сияқты таңырқатар эмоциясы мол, сонымен де – жаңашыл бейне немесе нақты хронотоп, яғни мекеншақ аясындағы диалектикалық кернеу. Диалектикалық парадигма Итбай, Итбайдың әкесі – Байсақал мен Бүркітбай болмысына қатысты да аңғарылады. Өткені сол заманда төсек жаңғырту арманы барша қазақ байларына хас мінез болатын. Итбай соншалық кәрі емес және соншалық зұлымдыққа да бармайды. Өзі керемет ырымшыл. Ондай адам обал-сауапқа қарай алады. Оның үстіне қорқақ әрі аңғал. Ботакөз батылдығына тұсау болмайтын – осы жағдайлар. Ал Итбайдың әкесі Байсақал – баласы мен мұғалім, оқыған жігіт Асқар Досанов арасында татулық орнауын тілеумен болатын жуас қария. Үстем таптың жуандығынан гөрі көңіліндегі тілек, сөзге ілесу басым. Бүркітбай кедей болса да, әншейіндегі, ел арасындағы қызық- думанның ойсыз перісі. Оған ақ та, қызыл да бәрібір. Бұл да тарихи шындық болатын.
Дегенмен, қантөгістер жүзеге асады. Дүние қопарылып түседі. Адамдар жауығады, атысады, бірін-бірі аямайды. Төңкерістер заңдылығы сол. Бұл шартты ақиқат шығармада шынайы көрініс табады. Оның символдық нышаны – Темірбек өлімі, бауыры үшін Ботакөздің ескі әлемге өшпендігілі артуы. Қоғамдық ахуалдар стихиясы жеке тұлғалардың жан түкпіріндегі терең рухани, дәйекті мән- мағыналармен тамырласып жатыр.
Қазіргі заман “Ботакөз” романын да қайталай оқып, жаңаша пайымдауға бастайды. Осы тұрғыдан алғанда Петербургтегі алаш көсемі Базархан Меделхановтың насыбай атқандағы сөзді бұрмалап сөйлегені, өз түсінігін алға ашық жайғаны болмаса, ересен жаманаты суреттелмеген. Соған қарап Асқарды теріс бағалау қажет емес. Ол да – тарихи қажеттілік тудырған бейне. Өткені теңдік, бауырластық, адамгершілік ұрандары, ізгілікті жан иелерінің шынайы мүддесіне қайшы соқпайтын қазіргі демократиялық идеялардың көрінісі сол дәуірде аса зор саяси қақтығыстар түрінде өмір сүрді. Уақыт толғағы Ақпан, Қазақ төңкерістерін дүниеге әкелді. Жер беті шыр айналып қоя берді. Біздің ұлттық ой-санамыз пролетарлық интернационализмнің қалың орманына сіңісіп кетуге мәжбүр күй кешті. Күрес аренасындағы жеңімпаз күштер қатарына Ботакөз, Асқар, Амантайлардың қосылуы- заңдылық. Тарихты кері шегере алмайсыз. Күйінсеңіз де, қуансаңыз да, мейлі. Бәрібір сіз өз қандастарыңызды жабайы санаған Алексей Кулаковты қуаттай алмайсыз. Өйткені ол монархияны, орыс империясының шексіз үстемдігін көксейді. Ал Кузнецов, Булатов, Смирновтар, Досановтар заманының келешегі белгісіз. Алдымен олардың өзі мерт кетуі мүмкін.
Жазушы кейінгі сұрапылдарға бармайды. Романдағы уақыт та, суреткер уақыты да алға жүгіруге мүдделі болмаған.
Сәбит Мұқанов шығармасындағы әлеуметтік сарындардың авторлық тұғырнамасы осы ыңғайда еді. Замана өзгеруде. Керуен көшуде. Бірақ қазіргі күні қинала, ойлана бағамдайтын ауыр кезең туралы жазылған “Ботакөз” романы ескірген жоқ. Ғажап емес пе?
Біздіңше бұл құбылыстың сыры: біріншіден, қаламгердің өзі суреттеген уақыт мазмұнын жанының нұрымен адал пайымдауында, саяси дақпырт пен ойнақылыққа бой алдырмауында; екіншіден, жазушының тартыс таңдау, оқиға құру, сөз жүйесін игеру саласындағы табиғи талантында; сезім шырғалаңдарының жадағай схема емес, шынайы ұлттық дүниетаным биігінен, қазақ қауымына тән ұғым-түсінік, ой ырғағымен, зергердің қолындай шеберлікпен бейнелеуінде. Ал ұлттық менталитет тез өзгере қоятын оңғақ әшекей емес. Яғни, бұл суреткер Сәбит Мұқанов қаламының күшімен өмірдің айдынында ақжал толқындар салып жүзіп берген белгілі “Ботакөз” әлі де сол “Ботакөз” деген сөз.